Түбір морфемалар этимологиясының ішінара көмескіленуі
*жырт=
жырт= сөзінің дербес жыр= етістігімен семантикалық жақындығы қазіргі қазақ тілінде күдік тудырмаса да, қазіргі қазақ тілінде жырт= сөзін бөлінбейтін түбір сөзі ретінде санауға болады. Жыр= түбірі көптеген есім тұлғаларда берілген: мысалы, жыра, жырым-жырым және т.б.
* жасқа=
жасқа= ИЕ-дің, сондай-ақ жасы= және есім жасық, жасыл негіздерінің дербес жас түбірімен семантикалық байланысы айқын болса да, етістіктің туынды екендігі түбірлік талдауда анықталады.
* жаста=
Қазақ тілінде қолданылатын жаста=, жастық туынды сөздерінен жіктелетін * жас жорамал түбірі дербес қолданылмайды.
Қарастырылып отырған түбір «жайылудың» жалпы мағынасын білдіретін жай=~жаз=~жат= түбірлік қатарымен байланысты болуы мүмкін. Қараңыз: йастық «киіз», «кілем» /РСЛ. ІІІ Т. С.223/, қара татарлар диалектісінде – дьастан= «төсек салу», «жаю», «жазу».
* кеке=
Қазақ тілінде *кек дербес түбірі кездеспейді, алайда бірқатар туынды ИЕ құрамында қолданылады: кеке=, *кекей=//кекжи//, кекши= және т.б.
* көпір=
*Көпір= ИЕ құрамынан жорамалданып бөлінетін *көп= түбірі дербес қолданылмайды және осы мағынада қандай да бір түбірмен бірікпейді. Ол тек етістік негіздердің қатарында ғана емес (көпси=, көпір=), сондай-ақ есім негіздердің құрамында кездеседі: көбік, көбек, көпір, көпшік. *Көп түбірінің сөзжасамдық қатарынан “көпіру”, “жоғарыға көтерілу” сияқты жалпы мағынаның сұлбасы байқалады.
Орта ғасырлық түркі ескерткіштерінде кöбрä= «көбіктену» тұлғасы кездеседі /Ибатов, Кутб. С.116/. кöр дербес түбірі ретінде жалпы түркілік бірбуынды сөздер тізіміне енгізілген /ШФ. С.193/, сонымен қатар хакас тілінде де кездеседі: кöп «көпіру», «ісіну» «ағу» /ХРС. С.917/.
*қына=
Қазақ тілінде дербес қолданылатын қын сөзі заттың атауын береді, ал туынды гомогендік сөздердің жалпы мағынасын «қысу», «жаншу», «тарылту» ретінде анықтауға болады, қараңыз: қын-а, *қынжыл=, қың-ба (диал.).
«Құтты білік» және басқа түркі ескерткіштерінде qїn сондай-ақ «құн» мағынасында ғана емес, қараңыз: qїn «жаза», «азаптау»; qїnа «жазалау», «қинау», qindur= «уайымға салыну», «сарыла күту», «өкіну»; qiniγ «қызғаншақтық»; qïnlïγ «түрме» /ДТС. С.444/.
*қабын
Өзіміз жорамалдап ажыратқан *қап= түбірі «жедел даму», «көтерілу», «ұлғаю» ортақ мағынасынан қабар=, қабын=, қапта= және т.б. ИЕ туындаған, дербес қолданылмайды. Барлық түркі тілдерінде дерлік омонимдік *qap түбірі кездеседі. ДТС-те біздің ойымызша, жоғарыда аталған түбірге жақын келетіні – qapa «жоғары» /ДТС. С.420/
* қопар=
Туынды ИЕ-дің құрамынан жорамал түрінде жіктелетін (қопар=, қопаңда=, қопсы=), сондай-ақ көне ежелгі және ортатүркі ескерткіштерінде қолданылатын *қоп= түбірі «көтерілу», «тұру», «ұшу», «басып озу» және т.б173. Ол сондай-ақ кейбір қазіргі тілдерде сақталды. Мысалы қырғыз тілінде: қоп= «көтерілу», «тұру» /ЮКРС. С.105/
* қайна
*qai жорамал түбірін «қандай-да бір заттың үстінде болу» деген жалпы мағынасын мынадай қайна=, қайы= (бота туралы), қай (диал.) – «күшті теңіз желі»174 қаймақ, қайық, қайызғақ, қайран, туынды сөздерін талдау негізінде шығаруға болады. Осындай мысалдарды салыстырмалы-тарихи тәртіптегі салыстырулардан келтіруге болады: ойратша қай= «ауада, судың бетінде қалқу» /ОРС. С.67/, чувашша xaj= «өңдеу», «әрлеу» /Сл. чув. яз. Чебок-сары, 1941. С.7/, қырғызша қайы – «ауада, су бетінде қалқу», қайық «тігіс», қайры= «үстіңгі бетке абайлап қол тигізу» /ЮКРС. С.320, 324/, qajin= көне түркіше «қайнау», «бұрқылдау» /ДТС. С.407/.
Достарыңызбен бөлісу: |