Буыршын мұзға тайған күн, Бура атанға шөккен күн...».
Біріншіден, буыршын (аруана мен үлектен туған төрт жасар жас бура), жалпы жас түйе мұзға таймайды. Себебі, оның қара құсы (тырнағы) өткір, табанының мөрі бұдыршақ келеді. Ал, мұзға таймайтын буыршынның мұзға таюы – халық түсінігінде жақсыға баламайтын «сұмдық күн». Екіншіден, ақын буыршын (жас бура) бейнесі негізінде «жас ұрпақ қыршынынан қиылып жатыр» деген ойды да білдіргендей.
Сол сияқты ақынның: бура атанға шөккен күн деген келесі жолы да жайсыз хабарды меңзеп тұр. Себебі, бура (қасына жақындағанды шайнап, кез-келген нәрсеге шөгіп, аузынан ақ көбігі бұрқырап тұратын) да, атан (қос өркештінің жұмысқа пайдаланып, көлік етіп міну үшін қолға үйретілген, кестірілген көнбіс, күші орасан зор, адамға үйірсек, жуас) да түйенің аталығы. Сондықтан бура қаншама ессіз жануар болса да, заты бір атанға еш уақытта шөкпейді.
МӘДЕНИЕТ МЕТАТІЛІНІҢ КОММУНИКАЦИЯСЫН ЛИНГВОПОЭТИКА НЕГІЗІНДЕ АНЫҚТАУ
Тілдік жүйенің сан қырлы қоғамдық-әлеуметтік қызметі арқылы дамуы, қалыптасуы, жалпы сөз динамикасы белгілі тілші-ғалым, акад. Р.Ғ.Сыздықтың ғылыми-шығармашылық жұмысының негізгі арқауы екені белгілі.
Соның ішінде сөздің семантикалық трансформациясы, қолданыстық, контекстік мәні ғалымның ең алғашқы зерттеулерінің бірі Жамбыл өлеңдерінің тілін зерттеулерінен бастап, кейін негізгі зерттеу нысанына айналған Махамбет, Абай, Дулат, жақында ғана жарияланған Фариза өлеңдерінің тілін, поэтикасын талдаған еңбектерінде жан-жақты қарастырылған.
Бірақ акад. Р.Сыздық зерттеулерінде поэтика көркем әдебиеттің құрылымындағы көркемдік құралдар жүйесінің статикалық күйі ретінде емес, суреткер шығармасын ерекшелейтін, көркем тілдің коммуникативтік қызметін айшықтайтын динамикалық қалпы ретінде қарастырылады.
Ғалымның осы мәселеге әдейі арналған еңбегі – М.Әуезов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, О.Бөкеев, С.Бердіқұлов, А.Сүлейменов сынды көркемсөз шеберлері прозасы тілінің көркемдік-эстетикалық белгі-сипаттарын зерттеуге арналған «Сөз құдіреті» атты кітабы. Біз бұл мақаламызда ғалымның «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінің мәдени-танымдық мазмұны мен зерттеушілік бағытына назар аударуға тырыстық. Бір қарағанда, зерттеудегі лексикографиялық негізде дәйектелген тілдік деректердің тарихи салыстырылуына сәйкес оның сипатын тарихи лексикологиялық, кей тұстарда этимологиялық талдау деп те анықтауға болатын сияқты. Бірақ зерттеудің мазмұнын көрсететін талдауға таңдалып алынған деректердің болмысы зерттеу нысанының басқаша бағытын белгілейді т.б. Атап айтқанда, олардың дені – көркем мәтінде (батырлар жыры, Дулат, Махамбет, тарихи жырлар т.б.) көрініс тапқан, қазірде қолданылмайтын, сондықтан да көбінің мағынасы түсініксіз мәдени атаулар. Бірақ олардың аталмыш зерттеуде таза тарихи лексикологиялық ия этимологиялық сипатта талданбаған себебі – олардың көрініс тапқан мәтін авторының «көркемдік әлемімен» және ол өмір сүрген тарихи кезеңдегі тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметімен контексте қарастырылуында. Демек, мәдениеттің өзін метатілі ретіңде анықтап, оның бойыңдағы коммуникативтік мүмкіншіліктерді М.Бахтин, А.Ф.Лосев, Ю.Н.Караулов т.б. ғалымдардың теориялық тұжырымдарына сәйкес анықтап, «Сөздер сөйлейді» атты зерттеу циклының теориялық-әдістанымдық негізін лингвопоэтика бағыты деп анықтаймыз.
Мәселені нақты түрде жіктеп түсіндірер болсақ, кез келген ұлттық мәдениеттің негізі – ортақ тілде сөйлеп, өмір сүріп әрекет ететін ұжымда қалыптасқан шындық дүниенің тұтастығы, этностың материалдық және рухани кеңістігі. Нақты түрдегі оның көріністері: материалдық мәдениет және ұлттық тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа сақталып, жеткізілетін рухани мәдениет (салт-дәстүр, миф, өнер, дін, тәлім-тәрбие, көркем мәтін т.б.), ұлттық психология, таным тұрғысынан жасалатын рәміздік жүйе, сакрализация тәсілімен сақталған өнер, археология туындылары т.б. Ал олардың атаулары ретіндегі тілдік көрінісін мәдениеттің метатілі деп қарауға болатынын жоғарыда атап көрсеттік. Бұл ыңғайда мәдени лексика Ю.Лотман, Е.Верещагин, В.Костомаров, Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов т.б. еңбектеріне арқау болған. Сайып келгенде, бұл қоғамның да интеграциялық негізін құрайды. Ал осы мәдени мұраның немесе мәдениеттің метатілінің танылуы, халық игілігіне асуының негізгі тірегі оның коммуникативтік қызметімен тікелей байланысты. Оның мәнісі мынада: жоғарыда көрсетілген формалар арқылы немесе жеке тілдік тұлғаның шығармашылығы арқылы мәдени ақпараттарды қабылдап, мәдени мұраны игеру ұрпақтар жалғастығын іске асырады. Міне, осы арада мәдениет игіліктерін өндіруші мен тұтынушы арасындағы мәдениаралық, танытушылық қызметті ғылым, атап айтқанда, біздің жағдайымызда тіл ғылымы атқарады. Мысалы, аталмыш кітаптың мақсаты ретінде белгіленіп, көркем мәтінде суреттелген тарихи кезеңдегі қолданысы арқылы бүгінгі оқушыға бейтаныс сөздерді түсіндіру. Сөйтіп, бұл арада тарихи-мәдени феномен оқушы танымынан орын алып, мәдени-тілдік коммуникация іске асады.
Бұл орайда аталмыш зерттеудің осы бағыттары Қ.Өмірәлиевтің, Е.Жұбановтың, Б.Шалабаевтың т.б. осы тектес зерттеулеріңде сабақтасып, жалғастық табады. Мысалы, Қ.Өмірәлиев еңбегін зерделесек, Бұқар тіліндегі «Сен бұзау терісі шөніксің,Мен өгіз терісі талыспын»дегендегі шөнік, талыс сөздері мәдени атаулар деңгейінен жыраудың көркемдік-эстетикалық құрылымына еніп, поэтикалық құрал ретінде жай тілдік таңбадан мазмұнды таңбаға айналған. Сөйтіп, «үлкендік» және «кішілік» мағынасын айшықтап берген.
Себебі ұлттың тарихи даму барысындағы тарихи-мәдени қозғалысты тілші-ғалымдар тарихшы-ғалымдар сияқты тарихи деректердің тізбесі немесе тарихи оқиғалардың тікелей байланысында қарастырмайды. Олар тілдегі және мәтіндерде берілген мәдени құндылықтарды сол тарихи кезеңдегі ұлттық немесе шығарма авторының рухани-танымдық және көркемдік-эстетикалық әлемімен байланыста анықтайды.
Міне, осы тұрғыдан қазір жаңғырып жатқан қоғамдық санамызға сәйкес тіл мен мәдениет сабақтастығында жаңаша сапада танылып жатқан төл мәдениетімізді тілдік санада анықтауда көрнекті тіл білімпазы академик Р.Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» атты зерттеу циклының мәні ерекше.
Бұл мәселе көркем мәтінді мәдени мұра ретінде, яғни мәдениетті де метамәтін деп қараумен тығыз байланысты.
Өйткені тіл тек коммуникативтік құрал емес, сонымен бірге адам болмысының, оның мәдениетінің де көрінісі. Сондықтан мәдениет таңба, белгіден тысқары, яғни тілден тысқары өмір сүре алмайды. Адамды түгелдей дерлік таңбалық әлем қоршаған, сондықтан адам болмысының өзі таңбалық, тілдік болмыс. Осымен байланысты лингвомәдениеттану тұрғысынан тілші-ғалым Р.Сыздықтың зерттеуінің нәтижесінде тілдің тек денотаттық коммуникация құрал ретіндегі қызметін ғана емес, сонымен бірге коннотаттық мәнін де анықтайды. Бұл арада сөз көркем мәтіндегі сөздердің өзіндік қолданысы хақында екені түсінікті болар. Ал мәтіннің әрқашан біреулерге (оқушыға) бағытталатыны белгілі. Және ол сонысымен де ерекше.
Мәтін авторының ішкі дүниесімен қатар өзіндік көзқарасы, дүниетаным кеңістігі жеке сөз ия сөйлем аясында емес, мәтіндік талдау арқылы ғана ашылады. Осымен байланысты мәтінді жете түсіну үшін мәтін авторының тілдік тұлғасына, дүниетанымына, оны қоршаған әлеуметтік орта көзқарасына назар аударып, осы мәтін соған жолданған-ау дейтіндей мүмкін адресатты да білу қажет. Осы үрдістегі зерттеу талабынан шығатын ғалым өз еңбегінде мәтіндегі автор айтам дегеннен де кең мағынаны тауып көрсетеді. Мысалы, ала сөзінің көпке белгілі, қалыптасқан түске қатысты мағынасына қоса «ұрыс», «соғыс», «қырып жою», «бүліншілік» және «бейберекет», «тәртіпсіз», «ретсіз», «анық емес» деген мағыналары анықталған. Осымен байланысты зерттеушінің: «ала балта – жай балта емес, соғыс құралы, «ұрыс балтасы» немесе ала ту деген тіркес о баста тудың түсіне қатысты емес, ұрыста ұстайтын ту деген ұғымда туған тәрізді. Ол ала тудың түсі жасыл, ақ, көк т.б. болуы мүмкін» – деген тұжырымдары тіл мен мәдениет сабақтастығын зерттейтін лингвомәдениеттану деңгейінде бағаланса, ала сөзінің морфо-семантикалық жүйеде жасалған лингвистикалық реконструкциясы (ала алапат, аламан, алай-түлей, ала сапыран, ала топалаң, ала қырғын) мәдени реконструкциямен де сабақтасады деп санаймыз. Ал сөздік қолданыстың коннотаттық сипаттағы көрінісі «көркемдік әлем» деп аталып жүрген лингвопоэтика деңгейінде анықталған.
Яғни тілдік таңба – қарым-қатынас барысы, қолданыс өрісі, шығармашылық аясындағы өзгермелі жүйе. Айталық, адамдар қарым-қатынасының әмбебап құралы ретінде тілдік белгі түгелдей дерлік қоғаммен, әлеуметпен қатынасты қоғамдық-әлеуметтік сипатқа ие. Тілдегі оның ортақ белгісінің уақыттың, әр тарихи кезеңнің мәдени-тілдік контексіне сәйкес түрлі социолекттерге бөлініп кететіндігін мәтін негізінде талданған тілдік деректер дәйектейді. Мысалы: аға, азамат, аламан, алаш, алғаным, алдияр, жігіт, кішілік, қарашы, қарындас, сұрқылтай, төбе би т.б.
Көріп отырғанымыздай, бұл мәдени атаулардың қолданысы белгілі бір тарихи кезеңнің қоғамдық өмірінде қалыптасқан нормаларға сай құндылықтар ретіңдегі тілдік коммуникация түрі – дискурста қарастырылады. Зерттеуші өзінің өмір сүріп отырған уақытынан, оның негізгі әлеуметтік-мәдени контексінен ешқашан асып кете алмайды. Өйткені адамдардың белгілі бір мәдени-әлеуметтік кезеңге сай өзіндік психологиялық, танымдық стандарттары болады. Мысалы, Р.Сыздық азамат сөзінің «Айман-Шолпан» жыры мен Махамбет өлеңдеріндегі т.б. қолданыстарға байланысты «жасақшы», «жауынгер» мағынасын көрсетеді. Немесе жігіт сөзінің орта ғасыр ескерткіштері кезеңінде термиңдік сипатқа ие болғанын (жігіт (йігіт) – феодалдық жалдамалы атты әскерінің жауынгері немесе олжа табу үшін феодалға жақындасқан жауынгер, «кезбе рыцарь») айтады.
Осы арада зерттеудегі сөздердің қолданыс тарихын дискурстық сипатта анықтаудың бір қызықты үлгісі ретіңде «Алпамыс» жырында, Асанқайғы толғауы мен Махамбет өлеңдеріндегі «әйелім», «жарым», «қосағым» мағынасындағы қолданылған «алғаным» сөзінің қолданысы арқылы дәйектелген анықтамасы.
Осы сияқты амандасу, астана, жетім, кішілік, қарындас, майдан т.б. қазіргі тілдегіден ерекше қолданыстардың талдануын осы қатарға кіргізуге болады.
Нақты айтқанда, жоғарыда көрсетілген теориялық мазмұнына сай жасалған аталмыш зерттеу еңбегі лингвопоэтика деңгейіңде тіл мен мәдениет сабақтастығын, мәдени метатілдің коммуникативтік қызметін кешенді түрде қараудың болашағы зор екенін дәлелдейді.