ЖАЗУШЫНЫҢ «КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІН» БЕЙНЕЛЕЙТІН
СӨЗ ҚҰДІРЕТІНІҢ ПСИХОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ
Жеке тілдік тұлғалардың «көркемдік әлемін» айшықты бейнелеген көркем мәтіндердің тілін кең арнада, тұтастықта зерттеу қазіргі тіл білімінің кешенді де, функционалды бағытының негізгі ұстанымын белгілейді. Себебі жазушының «көркемдік әлемі» дегеніміз – ол сонымен бірге, жазушының көркемдік әлемінің архетиптік ойлау жүйесіне негізделген «ұлттық әлем».
Демек, автордың танымы арқылы көркемделген шындықтың тілдік бейнесін зерттеу – тілді зерттеудің антропоөзектік бағытына сай өзекті мәселелердің бірі (қараңыз: Р.Сыздық. Сөз құдіреті. – Алматы, 2005 ж.).
Шын мәнінде, лингвостилистика функционалды стиль шеңберінде қарастырылса да, бірақ көркем мәтін тілінің өзіндік табиғаты мен күрделілігіне В.Виноградов, Р.Сыздық, Б.Шалабев т.б. зерттеулерінде ерекше назар аударылып, «автор бейнесі» мәселесі көтерілгені белгілі. Академик Р.Сыздық «Сөз құдіреті» (Алматы, 2005) еңбегінде «көркем әдебиет тілінің негізгі мұраты – тілдің өзін емес, оның мүмкіншілігін көрсету», – деп атап көрсетеді (5-б). Ал, мұндай мүмкіншіліктің айшықты да ауқымды кеңістігі – көркем мәтін, оның тұтастық сипаты.
Бұлайша зерттеудің ғылыми негізін дәйектейтін – көркем мәтіннің тілдік деректері арқылы сипатталатын ұлттық-мәдени ассоциация парадигмасы, архетиптік уәждер мен коннотациялар жүйесі.
Көркем мәтінді танымдық тұрғыдан зерттеу барысы жеке тілдік тұлғаның ойы, қиялы, болжамы, ғалам жөніндегі өзінің біртұтас тұжырымы мен білімін дәйектеп, автордың жеке тәжірибесі мен таным үрдісі негізінде қалыптасатын өзіндік тілі мен даралығын идиостиь ұғымы ретінде анықтайды. Соған сәйкес жеке тілдік тұлғаның көркем мәтіндік тілі ұлттық болмыс пен автордың тарихи-мәдени тәжірибесімен толықтырылған шығармашылық нәтижесі.
Сондықтан да көркем мәтіндегі ғалам бейнесі оны жасаушыға ұқсас болып құрылуы – заңды құбылыс. Себебі әрбір суреткер шығармашылық кеңістігін өз танымына сәйкес құрып, өзіндік көркемдік антропологиясын жасайды. Адам туғаннан бастап, айналасындағы көптеген шындыққа бейімделуі үшін өзін қоршаған әлемді, яғни өзінің жеке шындығын құра бастайды. Бұл – ерекше әлем ғана емес, тұрмыс-тіршілік, сонымен бірге, адам психикасының белсенділігін туғызушы адамның ішкі әлемін құруға әрі сыртқы әлемге бейімделуіне ықпал етуші құрылым.
Шындықтан алынатын ақпараттарды қайта өңдеу барысындағы өзара әрекеттесуі нәтижесінде қалыптасатын шығармашылық кеңістік автордың рухани-танымдық кодында, тілдік санасында жинақталып, К.Юнг атаған «психикалық шындық» құрылады. Оның мазмұны әрбір адамда өзінше және қайталанбайды.
Қоршаған ортаны адам санасында бейнелеудің көптеген тәсілдері белгілі (еңбек, өнер, т.б. шығармашылық түрлері). Алайда осылардың ішінде көркем әдебиеттің орны ерекше. Көркем шығармалардағы әлемді бейнелеуде дербес болмысты, шындықты құрастыруды соңғы кезде ғалымдар «көркемдік әлем» деп атап жүр. Бұл әлем – автор психикасының белсенділігінің нәтижесі, сонымен бірге, ол оқырманмен өзара ықпалдасуға әрекет.
Осы арада әлемді бейнелеудегі өнердің басқа тәсілдерінен көркем тілдің айырмшалығын атап көрсеткен жөн: автор тіл құдіреті арқылы мәтін мазмұнын елестете алады, образдарды жүйелейді, оқырманды еліктіріп, өз әлеміне (автордың) енгізеді. Басқаша айтқанда, автор тілі арқылы оқырманға көркемдік шындық әлемін жасауына мүмкіндік береді.
Нақты айтқанда, оқырман тақырыпқа, суреттелген оқиғаға қызығып, шындықта болмаған, автордың санасында туындаған дүниелерден әсерленеді, түрлі күйге түседі. Көркем мәтін әрбір оқырманды өзінің ішкі дүниесіне «үңіліп», «терең бойлауына» және өзінің де ішкі мүмкіндіктерін ашуға, санасына түюіне, уәждік жүйесін вербалдық сипатта жаңғыртуға, түптеп келгенде, автордың «менін» тануға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, көркем әдебиеттің өзіне тән көркем тілі арқылы адамды түрлі сезімге бөлеп, рухтандыратын күшке ие құдіреті белгілі. Оны іске асыратын тетік автордың таным мен тілі арқылы қалыптасқан «көркемдік әлемі» мен оқырманның психикасындағы рухани-танымдық мүддесінің тоғысуы, қабылдануы. Осымен байланысты көркем мәтіннің эстетикалық, тәрбиелік, аксиологиялық, коммуникативті-мәденитанымдық т.б. мәндері анықталады.
Тіл табиғатының кешенді сипаты, рухани-әлеуметтік мәнін анықтаудың күрделі де өзекті мәселелері оның тек таза лингвистикалық емес, психологиялық қырларымен де терең ассоциациялық құрылымдар негізінде астасып жатқанын көрсетеді. Осы тұрғыдан қарағанда, жеке лексикалық бірліктер толық психолингвистикалық талдауға дәйек болуға дәрменсіз. Сондықтан бұл салада ерекше мәнге ие болатын жеке тұлға байлығы ретінде эмоциялық-бағалауыштық қабылдауға сәйкес келетін сөз (тіл) арқылы объективті әлемнің субъективті бейнесін жасайтын тілдің қызметі – тілдің көркем мәтіндегі қолданыс аясы, оның ассоциативті-вербалды құрылымы.
Лингвистикалық тұрғыдан сөзді түсіну, қабылдау тілді жетік білу принципімен анықталады. Соның негізінде сөйлеуші мен тыңдаушы арасында нақты да өзара түсіністік орнайды, яғни тілдің коммуникативтік мәні іске асады. Ал психолингвистикалық тұрғыдан тіл әрекет, қолданыс үстінде және оны адамдар қалай пайдаланып, қалай қабылдайтыны қарастырылады. Яғни, тіл қызметін мәтіннің беретін мәні мен ойын қабылдаумен сабақтас қарастыру – психолингвистиканың нысаны. Осыған сай психолингвистиканың негізгі назар аударатыны: мәтіннің мазмұнындағы продуциенттің (автор) ойы мен оны қабылдаушы реципиенттің (оқушы) ойының мәтінді түсіндірудегі сәйкестігі.
Осы арада: «Неге бір мәтіннің мазмұнын әр оқушы түрліше қабылдап, түрліше бағалайды?», – деген сұрақ туындайды. Оны ғалымдар мәтіннің ар жағында жатқан экстралингвистикалық жағдаятпен, прессупозициялық түсінікпен сабақтастырып, оқушының жеке танымдық ассоциацияларымен байланыстырады.
Мәтінді оқығаннан кейін адам санасында бұрыннан таныс бейнелер қайта жаңғырады да көптеген адамдарда бірдей ассоциациялар пайда болады. Олар ортақ танымдық-әлеуметтік орта, этностық ұжымда қалыптасатын жалпы тілге тән айшықтар (метафора, теңеу т.б.). Сондықтан да оқырман автор қолданған сөздердің қолданысын, мағынасын түсініп отырады.
Бұл деңгей жазушы («тілдік тұлға») мен оқырманның тілдік білім аясына сай («фоновое знание языка») тілге тән айшықтарды меңгергенін көрсетеді. Бірақ Ю.Н.Карауловтың анықтауында «тілдік тұлға» деп танылу үшін, бұл деңгей де жеткіліксіз. Ол сонымен бірге, белігі бір сөздердің негізінде жатқан құндылықтарды танып білуі керек. Ал бұл әрекет тілді қолданушының (автордың) ішкі дүниесінің дәрежесіне байланысты болады да, келесі тілдік-когнитивтік сатыны сипаттайды. Белгіл бір тұлғаның тілін (Абай тілін, М.Әуезов тілін, Ш.Мұртаза тілін т.б.), мәтін түзуге себеп болатын уәждер, мүдделер, көркемдік мәндер мен құндылықтар т.б. бәрі тұтасып келіп, автордың «көркемдік әлемін» бейнелейтін тілдік құралдардың жүйесін белгілейді.
Осы кезге дейін қалыптасқан лингвостилистикалық, лингвопоэтикалық талдаулар жазушы мен оқырманның психологиялық жақындығына қарамастан, жазушының шығармашылық тұлғасының эстетикалық жағына көбірек көңіл бөлді. Бірақ сөз көркемдік құрылымға ене отырып, қандай да бір қозғалысқа, әртекті трансформацияға ұшырауы мүмкін. Ал лингвист көркем сөздің осы қызметінің ерекшеліктерін автордың өзіндік танымы (тілдік санасы) негізінде түсіндіруге міндетті. Сондықтан психолингвистикалық зерттеулер, біріншіден, көркем мәтінді түсіну жазушы мен оқырманның когнитивтік әлемінің өзара әрекеттерінің нәтижесі, сондықтан да әрбір индивидтің көркем мәтінді қабылдауы бірдей адекватты болуы мүмкін емес екендігін дәлелдейді. Екіншіден, мысалы, жазушының көркем мәтінде қолданған стилистикалық жүйесін (окказионализмдер, неологизмдер, жеке авторлық қолданыстар, қайталамалар, архаизмдер т.б.) психолингвистер суреткердің өзіндік стилі, тілі деп емес, тек өзіне ғана тән поэтикалық тұжырымдамасы деп талдайды да, автор-оқырман қатынасына ерекше назар аударады. Осыған орай, мысалы, көркем мәтінде ерекше коммуникативтік сапа мен стильдік мәні бар көркем құралдардың бірі – қайталама.
Академик Р.Сыздық зерттеуінде Ә.Кекілбаевтың «Үркеріндегі» қайталаманың не бір түрлерін көрсетеді («Сөз құдіреті», 2005 ж., 93-б). Бұл ерекше сезімдік тебіреніспен баяндалатын тұстарда, кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін ашуда айырықша тиімді көріктеу құралдарының бірі ретіндегі көркем тілдің бір сипаты.
Қорыта айтқанда, көркем шығармада ерекше сөздік формаға сай көркем ой туатыны, сонымен байланысты көркем мәтін элементтерінің өзара әрекеті нәтижесінде жазушының жеке тілдік және танымдық психологиялық тұлғасына сай көркемдік әлемнің қалыптасуы, жазушының «Сөз құдіретіне» (Р.Сыздық) тікелей байланысты. Оның мәнін ғалым аталмыш еңбегінің алғы сөзінде «қолданыстағы тілдің көркемдік қуаты, күші» деп анықтайды.
Сонымен, автордың таным ерекшелігі мен болмысын, суреткер ретіндегі ішкі «көркем әлемін» бейнелейтін тілінің қолданысын түсіндіруді лингвостилистика-лингвопоэтика-психолингвистика т.с.с. контексте қарастыруды қажет етеді. Академик Р.Сыздықтың «Сөз құдіреті» еңбегін осы бағыттағы зерттеудің жарқын үлгісі деп бағалауға болады. Осымен байланысты тіл болмысын зерттеудің антропоөзектік бағытына сәйкес идиостиль, когнитивтік стиль ұғымдарының зор екені байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |