Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе


АФФИКСТІК МОРФЕМАНЫҢ МОДЕЛЬДЕРІ АРҚЫЛЫ



бет4/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   248
АФФИКСТІК МОРФЕМАНЫҢ МОДЕЛЬДЕРІ АРҚЫЛЫ
ТҮБІР МОРФЕМАНЫ РЕКОНСТРУКЦИЯЛАУ

Түркі тілдерінде сөз құрылымдық тұрғыдан екі морфемадан тұратыны белгілі. Түбір морфемаға түбірлес және тарамдық (парадигмалық) қатардағы сөздерді салыстыру нәтижесінде анықталатын, бірақ синхрондық тұрғыдан көбіне жіктеуге келмейтін түбірлер жатады. Ал, екінші аффикстік морфемаға соларға жалғанатын тұлғалық бірліктер жатады да, деривациялық қатар құрайды.


Шын мәнінде, "түбір" ұғымына статикалық сипат тән болғанымен, түбірдің одан арғы даму барысын көрсететін аясы - сөзжасамның негізгі арқауы ретінде ол динамикалық категорияға айналады.
Түбірлердің синхрондық тұрғыдан семантикасының сақталып қалуы көп жағдайда сөзжасамдық модельдер арқылы туған деривациялық мағынамен тығыз байланысты. Сондықтан түбірдің табиғатын тануды одан әрі жетілдіру жұмысы морфемалык талдау негізінде және сөзжасамдық модельдер жүйесінің қызметімен сәйкес қарастырылады. Себебі, тілімізде синхрондық тұрғыдан түбірлік қызметтегі сөздердің диахрондык тұрғыдан сөзжасаммен тығыз байланысты екенін дәлелдейтін тілдік деректер жетерлік. Мысалы, қазақ тілінде өзінің көнелігімен көзге түсетін -т- моделі бойынша көптеген екі буынды етістік жасалған. Басқа модельдерге қарағанда мұны көне деуге себеп - оның етістік жасауға негіз болған түбірлердің көпшілігіне әбден "байланып", оны "өлі" түбірге айналдырып жіберуінде. Мысалы: *ай<айт, *ар<арт-, *бөр < бөрт-, *жор<жорт-, *кай<кайт-, *кер<керт~ т.б. Осындағы түбірлердің бәрі де қазақ тілі үшін өлі элементке айналған. Және барлық грамматикада да солай деп есептелінеді. Бірақ жоғарыда келтірілген мысалдардағыдай бұлардың өлі түбірге айналуы тек қазақ тілінің ғана немесе сол сияқты кейбір түркі тілдерінің ғана басындағы жағдай болуы ықтимал. Олай дейтін себебіміз: осы түбірлердің көпшілігі-ақ, атап айтқанда, *ай-, *жор-, қай-, *кер- т.б. жазба ескерткіштері мен кейбір жеке түркі тілдерінде жеке-дара қолданылып келе жатқандығы. Мәселен, қазақ тілшілерінің жіктеуге келмейтін, біртұтас түбір деп жүрген айт-сөзі жоғарыдағы модель бойынша диахрондық тұрғыдан ай- және -т- тұлғасынан тұратын туынды түбір екендігі түркітанушылар тарапынан әлдеқашан дәледенген. Атап айтқанда, ол түбір XI ғасырдың белгілі ескерткіші "Құдатғу-білікте": "говорить, рассказывать, разъяснять, толковать" мағынасыңда жиі қолданылғаны мәлім.
Осы сияқты құрамынан "өлі" түбірлерді аршып алуға болатын тарихи туынды түбірлердің табиғатын, немесе орыс тіл біліміндегі "байлаулы" түбірлердің ("связанные корни", яғни жалғанған қосымшалардан тыс қолданылмайтын, сонымен әбден "байланған") құрылымын анықтауда түбір морфемадан гөрі қосымша морфеманың көмегі ерекше екендігі байқалады. Оны орыс тіл білімінде Винокур Г.О. байлаулы түбірлер (негіздер) деп, НАБаскаков сөзжасамның "тұрып қалған тұлғалары" ("застывшие формы словообразования") деп атағаны белгілі.
Зерттеу барысында талданған қазақ тілінде бұйрық рай категориясын тудыратын модельдер сонымен қатар мынадай да мағыналар береді: әрекет-қимылдың қарқындылығы, жиілігі, ұзақтығы, қайталануы, үздіксіздігі, ортақтығы, көптігі, өзара қарым-қатынасы, үлкейту-кішірейткіш мағыналары т.б. Мұның барлығы етістікке ғана тән мағыналар. Сондықтан бұл етістіктердің құрамындағы жұрнақтар көп жағдайда тарихи тұрғыдан сөз тудырушы қызмет атқарады. Сөзжасамдық тұлғалар ретінде оны тек қана морфемалық талдау арқылы диахрондық тұрғыдан ғана анықтауға болады. Оны нақты түрде қазақ тіліндегі етістіктердің императив тұлғасындағы сөзжасамдық модельдер бойынша көрсетуге болады.
Атап көрсетілгендей, бірбуынды негіздерге қарағанда екібуынды негіздердің ыдыраушылығы басы ашық нәрсе сияқты көрінгенімен, бірақ оларды да әрдайым морфемалық жікке бөлу оңай емес (*ай-ыр=, *ес-ір= «масаю», *жас-ыр= және т.б.). Олардың ортақ сөзжасамдық модельдері анықталғанмен, түбір морфеманың дербессіздігі оларды толыққанды морфологиялық бірліктер ретінде қабылдауға мүмкіндік бермейді. Өйткені түбір морфемаға қосымшаны бөліп алғаннан кейін талдау жасалады, яғни өлі түбірлерді реконструкциялау кезіндегі модельдік талдау жасаудың мүмкіндіктері тек ИЕ-дің түбірлік бөлігін қамтумен ғана шектелмейді. Түркі тілдерінің жалғамалы сипаты ИЕ-дің аффикстік бөлігіне де морфемалық талдау жасауға мүмкіндік береді. Екібуынды ИЕ-ге морфемалық талдау жасаған кезде алдымен аффикстік морфеманы бөліп алу қажет, себебі одан кейін қалған бөлігі нақты түбір немесе жорамал этимологиялық түбір болып саналады. Туынды ИЕ-дің құрамынан үнемі қолданыста болатын грамматикалық форманттарды бөліп алғаннан кейін қалған түбір морфемалар дербес немесе дербес емес, өлі түбірлер қатарына жатқызады. Талданып отырған ИЕ-дің соңғы бөлігін аффикстік морфемалар ретінде қарап, бірден алып тастау дұрыс болмас еді. Модельдік талдау жасау арқылы белгілі бір түбірге қандай да бір аффикстік морфемаларды жалғаудың нақты функционалдық-семантикалық себеп-салдарын айқындау қажет.
Осы тарауда сөз болып отырған императив тұлғадағы екібуынды туынды етістіктерге сөзжасамдық модельдер бойынша морфемалық талдау жалпы аффикстік морфемаларды сипаттауды, олардың шығу тегіне түсініктемелер беруді және т.б. мақсат етпейді, түркітануда бұл мәселелерге арналған еңбектер жеткілікті87. (Э.В.Севортянның және т.б. еңбектері).
Мысалы, императив тұлғадағы аффикстердің шығу тегін П.И.Кузнецов агглютинация теориясы арқылы түсіндіреді. Бұл теория бойынша, агглютинативтік қосымшалар (жұрнақтар) бір кездері мәнді маңызды буындар (сөздер) болған. Осылайша, әрбір тіл бастапқыда түбір тіл болған, оның грамматикалық тұлғалары болмаған, яғни морфологияға дейінгі сатыда өмір сүрген88.
Қазақ тіл білімінде аффикстік етістік жасау мәселесі бойынша зерттеулердің ішінде проф. А.К.Хасенованың еңбегі айрықша орын алады89. Ғалымның сондай-ақ етістік жасаудағы етіс тұлғасының рөлі, -ла, -ле жұрнақтары жалғанған туынды етістіктер, етістіктің лексика-грамматикалық сипаты туралы және т.б. еңбектерінде де бұл үдерісті зерттеу ары қарай жан-жақты дамытыла түседі90.
Аффикстік морфемалардың шығу тегі туралы мұндай пайымдаулар түркітанудағы белгілі көзқарасқа негізделіп отыр. Ол – «барлық» аффикстер белгілі бір дербес сөздерден шыққан деген пікір, мұнда грамматикалық мағына «анықтауыш-анықталушы» ара-қатынасындағы сөз тіркесі арқылы беріледі» деген көзқарас. Дегенмен бұл мәселе бойынша пікірлер ең алғаш рет сонау Махмұд Қашғаридың сөздігінде орын алып, қазіргі кезде оны жақтаушылар әрі жалғастырушылар болса-дағы, әлі де даулы тұстары баршылық екендігін ескерген жөн91. Бұлайша жасауға барлық аффикстердің этимологиясы ыңғай бере бермейді. Г.И.Рамстедт барлық қосымшаларды суффикстер және аффикстер деп бөледі. Оның пікірінше, аффикстердің бастапқы мағынасын жоғалтып, қолданыс белсенділігінен айрылуының нәтижесінде олар түбір морфемамен кірігіп, өлі түбірге айналады да, сосын барып оларға жаңа аффикстер жалғанады92.
Қандай да бір аффикстің шығу тегі туралы мәселелерді шешудің ең бір сенімді жолы деп, А.М.Щербак төмендегі жайларды атайды: «біздің ойымызша, ол аффикстік морфемалардың барлық жасалу тәсілдері, оның ішінде агглютинация, бейімделу, секреция, фонемалық алмасым, дауыстылар үндестігі және «фузия» тәрізді тәсілдерге сүйенген көзқарастан туындайды» 93. Морфологиялық жүйе дамуындағы сан түрлі тұлғаларды қолданыстағы бір тұлғаға ғана теңестіруге келмейді.
Өлі түбірлердің этимологиялық зерттеулерінде сөзжасамдық модельдерге жасалған талдау танымдық рөл атқарады. Аффикстік морфемаларға оларды бөліп алу арқылы жасалған талдау морфемаларға жасалған талдаумен тығыз байланыста болады. Атап көрсетілгендей, сөзжасамдық модельдердің нәтижесінде түбірдің лексикалық мазмұны басқа сөздермен нақтылана, толыға түседі және т.б., түбірдің аффикстермен күрделене түсуі оның дамуы болып саналады.
Тіл дамуының барысында бірбуынды түбірлерге түбір морфемамен бірте-бірте тұтасып кеткен аффикстер жалғанды. Көптеген екібуынды етістік түбірлері түркі тілдеріндегі ең өнімді сөзжасамдық тәсіл – агглютинацияның нәтижесінде пайда болған тарихи категория болып табылады.
Бастапқы түбірлерге жалғанатын негіздің екінші бөлігі фонетикалық жағынан да және қызметі жағынан да сөзжасамдық аффикске ұқсас. «Тарихи өлі түбірлерді немесе қарапайымданған негіздерді анықтаудың өзіндік тәсілі бірнеше туынды негіздерді бірдей аффикстермен салыстыру болып табылады»94. Бірнеше лексикалық бірліктердің мағынасы ретінде түсінілетін жалпы грамматикалық мағына сөзжасамдық модельдер ортақтығының алғышарты болып саналады.
Біз қарастырып отырған морфологиялық жағынан күңгірттенген негіздер көне өнімсіз сөзжасамдық модельдер бойынша жасалған алуан түрлі қатарға жатады. Этимологиясы анықталып отырған негіздегі жорамалданып отырған аффикстік морфемаға ғылымда белгілі сөзжасамдық модельдердің арасынан сәйкес көрсеткіш табуға болады. «Қазіргі тілде айтушы әдетте жеке өзінің қабылдауы бойынша әрқашан дыбысқа еліктей бермейді, тілдегі бар дайын сөздерді еліктеу модельдері ретінде қолданады»95. Көп жағдайларда түбірлер оларға өлі немесе өнімсіз аффикстер жалғаудың нәтижесінде өлі түбірге айналады, осы мәселеге деген мұндай көзқарас қазақ тіліндегі екібуынды императив тұлғаларды бөлудің басты принциптерінің бірі болып табылады.
Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі сөзжасам жүйесінде –ра, -ре, -а//е, -на//-не, -қа//-ке және т.б. аффикстері өнімсіз болып табылады. Соған сәйкес мұндай аффикстер жалғанған негіздер туынды емес немесе тарихи жағынан туынды болып табылады. Бұл негіздер шығу тегі жағынан алғашқы түбір мен сөзжасамдық қосымшаның бірігуінен жасалса да, қазіргі тілде олар түбір мен қосымшадан тұратын туынды негіздер ретінде емес, бөлінбейтін, ыдырамайтын, тұтас бір түбір ретінде қабылданады. Бұл түркілік түбірдің өзіндік айырмашылықтарына сәйкес келеді, өйткені үндіеуропа тілдерімен салыстырғанда көп жағдайда сөздіктегі басқа бірліктермен қатар сөз ретінде қарастырылады. Түркілік түбірдің тарихи нақтылығы, оның сөздік бірлігі ретіндегі лексикалық қызметі жөніндегі мәселе әлі де болса түпкілікті шешілген жоқ. Түркі тілдерінің қазіргі даму кезеңінде *са-, *ба-, *о-, *-қа және тағы басқалар тәрізді элементтер түбір бола алмайды, өйткені олардың морфологиялық көрсеткіштері болмағандықтан толық мәнді сөз бола алмайды, сол тілде сөйлеушілерге түсініксіз болып қалады.
Көптеген этимологиясы көмескіленген сөздерге жасалған талдаудан мынаны аңғаруға болады. Бұрын белсенді түрде қолданылған түбір морфемалар қосымша морфемалардың жалғануы нәтижесінде өлі түбірге айналған. Тілдің келесі даму кезеңдерінде бірқатар өнімді қосымшалар бірте-бірте өнімсіз қосымшаға айнала бастайды немесе өнімділігін тіптен жоғалтты деуге болады. Кейбір түбір морфемалардың пассив болуы тілдің ары қарай даму барысында оларды жаңа тұлғалардың ығыстыруына да байланысты болды. «Келесі туынды, яғни кейінгі қосымшалардың жалғануына негіз болатын қосымша ғана көне болып табылатындығы» белгілі96. Дәл осы дерек өлі түбірлердің пайда болуына, қосымшалардың түбірді өнімсіз түбірге айналдыра отырып, олардың құрамында тұрақтануына ықпал етті. Соңғылары, өз кезегінде өздері жалғанған түбірлердің өлі түбірлерге айналуына әсер етті. Г.И.Рамстедт бастапқы сөзжасамдық элементтерді анықтаудың қиындығын былайша түсіндіреді: «Қосымша өте қысқа және әсіресе, өзінің дамуында қатаң фонетикалық өзгерістерге ұшыраған, ары қарай дамуының нәтижесінде ол белгілі бір дәрежеде қайта жөнделді немесе жаңа қосымша жалғау арқылы нақтыланды»97.
Мысалы, етістіктердің сөзжасамдық модельдерінің арасында –т қосымшасы жалғанған модель өзінің көнелігімен ерекшеленеді. Бұл модель бойынша көптеген екібуынды етістіктер жасалды. Бұл форманттың көне болуының мәні мынада, ол бірқатар түбірлерді өлі түбірлерге айналдыра отырып, сақтап, тұрақтандырып қалды. Мысалы: *ай-т=, *ар-т=, *бар-т=, *жор-т=, *қай-т=, *кер-т= және тағы басқалар.
Мұнда «өлі» атауының шартты сипаты бар, себебі олардың бірқатары жазба ескерткіштерінде және қазіргі түркі тілдерінің кейбіреуінде дербес сөз ретінде қолданылатындығын дәлелдеудің қажеті жоқ. Біздің жұмысымызда аффикстік морфемалар етістік негіздің құрамынан түбір морфеманы анықтау үшін бөліп алынады /көп жағдайда бұл морфема этимологиялық түбір болып табылады/.
Қазақ тілінде бұйрық рай категориясын тудыратын модельдер, сонымен қатар, мынадай да мағыналар береді: әрекет-қимылдың қарқындылығы, жиілігі, ұзақтығы, қайталануы, үздіксіздігі, ортақтығы, көптігі, өзара қарым-қатынасы, үлкейту-кішірейткіш мағыналары т.б. Мұның барлығы етістікке ғана тән мағыналар. Сондықтан бұл етістіктердің құрамындағы жұрнақтар көбіне тарихи тұрғыдан сөз тудырушы қызме атқарады. Сөзжасамдық тұлғалар ретінде оны тек қана морфемалық талдау арқылы диахрондық тұрғыдан анықтауға болады. Оны нақты түрде қазақ тіліндегі етістіктердің императив тұлғасындағы 35 модель бойынша көрсетуге болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет