-Ыр/-р грамматикалық формантын бөліп алу арқылы мынаны байқауға болады, ас-, қаш-, біт-, кеш- тәрізді толыққанды түбірлермен қатар сөзжасамда *ай=, *ес=, *жас=, *кід=, *құт=, *ау= тәрізді түбірлер де кездеседі, олардың мағыналары қазіргі кезде түсініксіз. Бірінші топтағы түбірлердің басты ерекшелігі – дербес қолданылу мүмкіндігі болса, ал екінші топтағы түбірлердің дербестігі жоғалған, қазіргі тілде олардың мағыналары көмескіленген.
Егер көптеген моносиллаб негіздер өзінің диахрондық жіктелуінде көп жағдайда фономорфологиялық факторларға тәуелді болса, онда кейбір екібуынды түбірлердің этимологиясының көмескіленуі жалғамалылықтың дамуымен байланысты. Жалғамалылық – түркі тілдеріндегі сөзжасамның ең басты тәсілі, оның мәні мынада: тілдің ары қарай дамуында бірбуынды түбірлер аффикстер арқылы күрделене түсіп, сөйтіп бірте-бірте түбір морфемамен тұтасып кеткен. V-VІІІ ғғ. ескерткіштердің материалдары бойынша бірбуынды түбірлермен қатар екібуынды түбірлердің де белсенді қолданылғанын аңғаруға болады. Енисей ескерткіштерінің өзінде көлемі жағынан бірбуынды түбірлерден аз болса да, екібуынды түбірлерді кездестіруге болады67. Ғ.Айдаров Орхон ескерткіштерінде де бірбуынды және екібуынды түбірлердің қолданылғандығын атап көрсетеді68. Мысалы, итер=етістігінің жалаң тұлғасы Махмұд Қашғаридың «Диуанында», сол сияқты қазіргі хакас, алтай және якут тілдерінде сақталған. Тұрфан өңірінен табылып, хронологиялық жағынан едәуір көне болып саналатын Манихейлік мазмұндағы ұйғыр ескерткіштерінде: konul qacy ermaksiz nomuj torug itarur / «сана тіршілік етуге негізделмеген нұсқауларды итереді (жоққа шығарады)»/ /ДТС. 215 б./. Бұл деректер екібуынды түбірлердің пайда болуы, бірбуынды түбірдің күрделенуі Енисей-Орхон ескерткіштері табылғанға дейін аяқталғандығын көрсетеді. Дегенмен Г.И.Рамстедттің және басқа да ғалымдардың көптеген етістік негіздерінің екібуындылығы түркі тілдерінде байырғы болып табылады деген тұжырымдарына толық дәлел бола алмайды.
Бұл негіздерді туынды емес түбірлер қатарына жатқызудың шартты сипаты бар. Сондықтан дербес мағынаны білдіретін және ары қарай жіктеуге келмейтін сөздің бастапқы маңызды бөлігі әдетте «түбір» деп аталатын анықтама да қазақ тіліндегі барлық түбірлерді қамти қоймайтын шартты анықтама болып табылады. Соңғы кездері ғалымдар жоғарыда аталып өткен критерийге түбірдің семантикалық маңыздылығын да қосады. Мысалы: жақ=; жан=; жалын= және т.б. туынды түбірлер емес, түбір сөздер. Өйткені қазіргі қазақтар жа сөзін білмейді әрі оны сөз деп қабылдамайды да»69.
Мұндай критерийдің негізінде айт=; қайт=; итер=; бөге=; оят= және т.б. императивтер тіпті академиялық грамматиканың өзінде түбірді тарихи қалыптасқан категория деп түсінілудің нәтижесінде түбірлер болып саналып отыр.
Мысалы, күзет= ИЕ-ін қарастырайық. Тарихи тұрғыдан алғанда ол бірнеше морфемадан тұрады. Көнетүркі ескерткіштерінде ки және оның варианты ко осы аталған мағынада қолданылады. А.Н.Кононов –з аффиксін әрекет атауларының ретінде қарастырады да, негізінде ко варианты бар көз сөзінен шыққан деп есептейді, бірақ Батыс Сібір татарларының тілінде ku:kus «көз»; kus qolaq pulu «қарау» варианты да кездеседі70. Kus атау негізіне = е= аффиксі жалғануы арқылы күзе = етістігі жасалады. Бірақ қазіргі қазақ тілінде күзе = тұлғасы «күзету» мағынасында қолданылмайды, себебі оның орнын күзет = жаңа тұлғасы алмастырған. Мұндағы =т = - императив тұлға71.
Сонымен, түркі түбірінің байырғы құрылымын анықтау мәселесін зерттеу барысында көрсетілген, түркітануда қалыптасқан осы бағыттағы белгілі ғылыми тұжырымдар негізінде (түбір морфеманың үшдыбыстылығы туралы (Н.А.Баскаков), CVC типімен салыстырғанда V және CV құрылымдарының алғашқы екендігі туралы (А.Зайончковский, Г.Рамстедт, А.Н.Кононов, В.Котвич), V, CV, VC және CVC типті түбір құрылымдарының қатар қолданылуы туралы (Б.М.Юнусалиев) және т.б. пікірлер) түпкілікті шешімін тапты деп айта қою қиын. CV72 типін түбірдің негізгі құрылымы ретінде бөле отырып, мына жағдайды атап көрсетуге болады: түбір – тарихи категория, сондықтан тілдің әр даму кезеңінде түбірдің бірнеше моделі қатар қолданылуы мүмкін. Түбірді тарихи категория ретінде түсіну CVC құрылымымен салыстырғанда CV және VC түбір құрылымдарының алғашқы екендігі туралы тұжырым жасауға негіз болады.
Бұл мәселе қазіргі тілді зерттеу деңгейінің антропоөзектік, функционалдық, кешенді сипатына сай жаңа сапада өзектеле түсіп отыр. Біздің ойымызша, түбір проблемасының күн тәртібінен түспей отыруы алғашқы дыбыстық тілдің сұлбасы байқала бастаған көзден бастау алатын түркі түбірінің бірнеше сатылы даму жолы мен оның қайшылыққа толы күрделі құрылымдық табиғатына байланысты.
Басқасын айтпағанда, агглютинативті табиғатына сай түбір тұлғасының қарапайымнан күрделіге қарай дамуы басты ерекшелік болғанымен, тарихи даму барысындағы фонетикалық заңдылықтарға орай қай кезеңде кері процестерді де (ықшамдану, редукция, элизия, т.б.) басынан өткізуі, одан қайта күрделенуі, гаплалогия мен редукция, үнемдеу принципі бойынша жаңа тіркесім мен жаңа фонологиялық жағдайды туғызады. Бұл дыбыстардың позициялық ауысуына, дыбыстардың түсіп қалуына, екі дыбыстың орнына жаңа бір дыбыстың пайда болуына алып келеді. Ал дыбыс өзгерістерінің қордалануы коммуникативтік сипатта дыбыстық жүйенің жаңаша қалыптасуына арқау болады. Дыбыстық жүйедегі өзгерістер бір буынды түбірлердің құрылымына әсер етіп, семантикалық даму барысында қарапайым фонетикалық өзгерістер фонологиялық құрылымға да ықпал етуі мүмкін. Осы үдерістің нәтижесінде дыбыс сәйкестіктерінің екінші дәрежелі фоно-морфо-семантикалық қырлары қалыптасады. Демек, тіл білімінің қазіргі кезеңдегі бағытының кеңістігінен қарасақ, тілдің (түбірдің) шынайы болмысын танып, білу әрдайым тұлға мен мазмұнды бірлікте қарап, жалпытүркілік лексика қорының негізін құрайтын бірбуынды түбірлердің құрылымының күрделенуінің де, семантикалық дамуы да адам санасымен, дүниетанымымен тікелей байланысты құбылыс ретінде танылады.
Осы тұрғыдан бағамдап қарасақ, қазақ тіл біліміндегі түбір құрылымына қатысты ғылыми болжамдардың жаңаша сипатын Б.Сағындықұлының еңбектерінен көруге болады73.
Атап айтқанда, қазақ тіліндегі түбірлердің ғасырлар бойы өзгеру, бір қалыптан екінші қалыпқа көшу эволюциясын өзге жүйедегі тілдердің деректерімен салыстырып, соның нәтижесінде дыбыстық сәйкестіктердің этимологиясын, үнемдеу заңдылығының тілдегі көрінісін, флексия құбылысының қалдықтарын анықтайды. Зерттеу барысында “силлабофонема” ұғымын енгізіп, оны түбір және аффикстік морфемалардың рексонструкциясын анықтауда тиімді тәсіл ретінде ұсынады74.
Мысалы, шығу төркіні бір дыбыстық сәйкестіктер негізінде қалыптасқан: жайпақ-тайпақ, жалпақ-талпақ, саяз-таяз, сірес-тірес, сетіне-шетіне; дыбыстардың түсіп қалуы: балбыра-албыра, бадырай-адырай, бақыр-ақыр, сарқыра-арқыра, т.б. Түбірлердің құрылымындағы бірде тіл алды, бірде тіл арты, бірде ашық, бірде қысаң дауыстылар: балбыра-былбыра, тарби-тырби, арси-ырси, баттый-быттый, аңыра-еңіре т.б. осы сияқты тек қазақ тілінің өз ішіндегі деректері түбір негіздерінің құрылымының даму динамикасының фоно-морфо-семантикалық әлеуетін көрсетеді.
Мәселенің бұлайша қойылуының сөздердің түбірлік құрылымына қатысты мәні тіптен ерекше. Оның ішінде реликтілі түбір морфемалар – осыдан жүздеген, мыңдаған жылдар жемісі, бұрын тарихта болған тілдік құрылымдардың, кей жағдайда танымастай боп өзгерген, өшкен, иә ұмытылған элементтердің көрінісі. Сондықтан да бұл бағытта іздену аса жауапты, әрі өте қиын. Дегенмен ғылымның кең мүмкіндіктері мен әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, табиғатындағы талай жұмбақ құбылыстардың қыр-сырын айқындауға болатыны дәлелденіп отыр. Осы тұрғыдан, мысалы, көне түбірлерді барлық тілге де тән ортақ тілдік құбылыс ретінде қарау, орыс, неміс, қазақ, т.б. тілдік деректерінің негізінде типологиялық зерттеу жасауға да тиімді болып, соның нәтижесінде тың қорытындылар жасауға негіз болып отыр.
Түбір құрылымын жаңа деңгейде анықтауға негіз болатын ғылыми нәтиженің бірі – қазақ тіл білімінде сөзжасам саласының дербестелуі таным нәтижесінде тілде атау жасау мәселесінде түбіржасам мен сөзжасам сабақтасады. Бірақ сөзжасамды анықтаудың негізінен синхрондық аспектіде жүргізілуі тілдің тарихи даму қалыптасу жолын, сөзжасамдық тәсілдерін толық көрсетуге мүмкіншілік бермейді. Осымен байланысты А.Салқынбайдың сөзжасамдық процесті ойлаудың тілдегі сипатын танытатын күрделі құрылым ретінде онтогенездік аспектіде, диахрондық сипатта бағалап, тарихи сөзжасам процесін семантикалық тұрғыдан қарастырған еңбегі түбіртанудың көкжиегін кеңіте түсті75.
Зерттеу барысында туынды сөзді негіздеуші түбір сөздің мағынасы – макросема, этимон түбірлердікі – архисема деп, сонымен бірге өзек сема, арнаулы сема, ортақ сема, негізгі семалар анықталып, олардың туынды сөз мағынасындағы деңгейі көрсетіледі. Демек, морфологияда түбірлес сөздер аясында түбірдің семантикалық табиғаты толық айқындалмайды. Сөзжасамда түбірлес сөздердің құрамындағы архисеманың сақталуы арқылы түбірдің тарихи даму барысы байқалады.
А.Салқынбай көрсеткендей, «тарихи сөзжасам процесін диахронды аспектіде зерттелудің негізгі мәселелерінің бірі сөзжасамға негіз болып табылатын түбірлермен, олардың архисемаларының жіктелу жолдарымен, мағыналық ауқымдылығымен байланысты»76.
Ғалымның пікірі бойынша, кез келген туынды сөздің түбірінде сақталып, мағыналық және тұлғалық жіктеліске түсіп, өзгерген дамыған түбірлер – этимон түбірлер. Оларды табу, архисемасын анықтау тарихи сөзжасамның негізгі мәселелерінің бірі (Сонда). Мысалы, ар этимонының мағыналық дамуы: 1.қозғалыс семасы (арлан, аруана, арғымақ) қасиетті сема (аруақ, ар, арша) тазалық семасы (ару, аршын, төс, аруана, т.б.) арықтың семасы, арылу семасы т.б.77.
Осымен байланысты қазақ тілі лексикасының өзегін құрайтын тарихи туынды түбірлерді тіл дамуының фоно-морфо-семантикалық құрылым және сөзжасам сабақтастығында диахрондық тұрғыдан сипаттап, уәждік жүйесін анықтау – қазақ тіл біліміндегі түбіртануға жүктелген аманат іспетті. Ұлттық тіліміздің құрылымын, семантикалық ортақ өріс пен сөзжсамдық түпкі негіз арқылы қалыптастырған ортақ желісін түбір іздеу – заңды құбылыс.
Тілдің дамуы дегенде, әдетте, оның жаңа сөздер мен сөз тіркестері арқылы толығуы, баюы туралы сөз болады. Алайда, ана тіліміздің басып өткен ұзын сонар жолының тарихи сілемдері мен қат-қабаттарындағы сырының көбі – сол жаңа сөздердің жасалуына негіз болып келе жатқан көне де байырғы түбір сөздердің бойында. Сондықтан да базистік лексиканың құнарын құрайтын байырғы түбір сөздер табиғатын тану, соның ішінде түбір сөздердің құрылымын, қызметін, дамуын, өзгерістерін зерттеп айқындау - өте күрделі жұмыс. Бұл мәселенің әлі күнге шейін шешілмей келе жатуының бір сыры, біздің ойымызша, байырғы сөздік қордың негізгі ұйытқысы, қайнар көзі болып саналатын, ал қазірде сөзжасам жүйесінің көбіне шетіне шығып қалған түбір сөздерді сөзжасам теориясынан тыс қарау. Сөзжасамға қатысты, әдетте тек сөз тудырушы морфемалар жеке қарастырылады да, түбір морфемаға дұрыс көңіл бөлінбейді, екі морфеманың бірлігі жете сабақтастырылмайды.
Шын мәнінде, “түбір ұғымына статикалық сипат тән болғанымен, түбірдің одан арғы даму барысын көрсететін сөзжасамның негізгі арқауы ретінде ол динамикалық категорияға айналады.
Сондықтан да оны тек диахрондық тұрғыдан ғана қарастыру жеткіліксіз. Қазіргі тілде де сөзжасамдық құрылымда өмір сүріп, қызмет етіп жатқан этимологиялық түбір-синхрондық зерттеудің де объектісі. Тілдік құбылыстарды, соның ішінде түбірді синхрондық және диахрондық бірлік тұрғысынан қарау қажеттілігін Бодуэн де Куртэне, В.А.Богородицкий, А.А.Потебня, Қ.Жұбанов т.б. атап өткен. Түбірлердің синхрондық тұрғыдан семантикасының сақталып қалуы көп жағдайда сөзжасамдық модельдер арқылы туған деривациялық мағынамен тығыз байланысты. Сондықтан түбірдің табиғатын тануды одан әрі жетілдіру жұмысы морфемалық талдау негізінде және сөзжасамдық модельдер жүйесінің қызметімен сәйкес қарастырылуы тиіс.
Түбірдің бірбуындылығына қатысты ғалымдардың сүйенер тірегі – түркі тілдеріндегі түбірдің құрылымдық тұрақсыздық сипаты. Моносиллабтардың құрылымы фоно-морфо-семантикалық корреляция негізінде қатар зерттеліп, соның нәтижесінде түркі түбірінің ең кең тараған түрі – үш дыбысты түбірдің басындағы (анлауты) да, (ауслауты) соңғы дыбысының да өзгермелі екендігі оның тұрақсыздығын тудыратыны Э.Севортян, А.Н.Кононов, Ә.Қайдаров, Е.Қажыбеков т.б. ғалымдардың еңбектерінде дәлелденгені белгілі.
Сонымен қатар, байырғы түбір бірбуынды емес, көпбуынды түбірлердің даму бағыты оның қарапайым моносилабтық түрінен күрделі полисиллабтық түрлеріне қарай ма (Дж. Клоссон т.б.), әлде керісінше ме (Г.Рамстедт т.б.) деген мәселе әлі де талас күйінде қалып отыр. Мысалы, түркі тілдеріндегі түбірдің құрылымы туралы Г.Рамстедтің көзқарасы басқаша.
Осымен байланысты профессор М.Томановтың түркітанудағы жылысу, кірігу, фузия т.б. құрылымдық өзгерістер мен модификацияға қатысты қазақ тілінің нақты тілдік деректерін талдаулары, қазақ тілінің тарихи-фонетикалық жүйесінің қалыптасуы туралы пікірлерінің құндылығын атап өту орынды 78.
Жоғарыда көрсеткеніміздей, өзінің зерттеуінде Г.Рамстедт түркі тілдерін моңғал және маньчжур тілдерімен салыстырғанда тіл дамуының кейінгі сатысына жатқызады да, түркі тілдерінде байырғы түбір екібуынды деп қорытады: «В общетюркском языке первоначальным глаголом для значения “связывать” был – ва, но в якукском от ваyи и подобных форм всеобщей глагольной основой (корнем) стал baj – и первоначальный корень расширился (за счет – j). В других случаях, более многочисленных, последний звук основы либо был отнесен к окончанию, либо выпал, и основа таким образом сократилась»79.
Түркі тілдерінің жалғамалылық қасиеті арқылы буын санының ұзарып ұзарып, күрделенуін П.М.Мелиоранский, Б.Я.Владимирцов та көрсетіп, ондай түбірлерді «жайылыңқы түбірлер» деп атағаны белгілі. Яғни бір түбір әр түрлі тілде екі түрлі тұлғада кездеседі. Біреуінде бірбуынды болса, екінші тілде қосымша дауыстының қосылуының нәтижесінде түбір жайылып, екібуындыға айналады.
Дегенмен түркітанушылардың дені “түбір” ұғымын беретін бір, екі, кейде үшбуынды этимологиялық түбірлерді әр түрлі дыбыстық (сіңісу, фузия, дыбыс алмасу, ауысу, редукция, т.б.), морфологиялық (кірігу, өнімсіз аффикстер жалғануы, т.б.), семантикалық (десемантизация) т.б. құбылыстардың негізіндегі құрылымдық және модификациялық өзгерістердің нәтижесі деп санайды. Яғни қарапайым түрінен күрделіге қарай дамып, соған сай буын саны да өседі.
Диахрондық тұрғыдан туынды бола тұра, олардың синхрондық тұрғыдан түбір болып саналуы түбір морфемасы тетігінің үнемі өзгерісте болуымен, оған әсер етуші аффикстік морфемалардың динамикалық табиғатымен тығыз байланысты80 .
Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі түбір болып саналатын үйрет =деген етістіктің тарихи тұрғыдан туынды екендігін былайша көрсетуге болады:
Үйрен//оgren>о“ойлау”, о+g “ой”, оg+re
(етістік тудырушы аффикс) + n (етіс тұлғасы), яғни түбірдің құрылымының өзгеруі оның құрамындағы сөз тудырушылық қабілетінің сақталуы мен қатынасуына байланысты81.
Сайып келгенде, түбір шегінің өзгеруі – “түбір” ұғымының тарихилығында, жалғамалы табиғатында.
Бұл түркі тілдерінде тілдің даму барысында морфологиялық элементтердің әбден жымдасып, кірігіп кетуі туралы теориямен ұштасып жатады. Ол теорияның алғаш негізін қалаушы ғалымдардың бірі – В.В.Радлов. Ол басқаны былай қойғанда, кез келген моносиллабтардың өзінің де этимологиялық түбір бола алмайтынын, олардың көбін тарихи тұрғыдан морфемалық жікке бөлуге болатынын көрсетті.
Осы бағыттағы тарихи грамматика ілімінің қол жеткен табыстары негізінде - жақ, - жан, - тоқ, - той, - тектес қазіргі тіліміздегі түбір сөздердің де құрамын жіктеуге болатынын Б.М.Юнусалиев те атап көрсеткені белгілі.
Бірақ ғалымдардың бәрі бірдей соңғы дауыссыз дыбысты аффиксктік элемент деп есептемейді. Мысалы, олар - кел, - кет; - жаз, - жай, - жой, - жоқ т.б. осы сияқты түбірлердегі соңғы дыбысты жалпы мағынаны жіктей түсетін «ішкі флексияның көрсеткіші» (Батманов И.А.), грамматикалық емес, «лексикаландырушы» қызмет атқарады (Е.Қажыбеков), «модификациялық көрсеткіш» (Кононов А.Н.) деп сипаттайды.
С.Аманжоловтың “Қазақ тіліндегі флективтілік элементтері” деген мақаласына орай профессор Қ.Жұбанов ұят және ұял = сөздеріндегі – л және – т формаларының флективті формаларға тек сырттай ғаа ұқсас, ал табиғаты агглютинативті деп дәлелдейді: «Агглютинативная их природа затемнена лишь тем, что здесь корень, более того производная глагольная основа – неживой. Но ведь мертвые основы глаголов күре-с – “бороться” и живой по сей день суффикс взаимного залога - с остаются не употребляющимися самостоятельно частями: *күрес=и*жар. Но не объявляем же после этого глаголы күрес и жарыс образованиями флективного порядка»82.
А.Н.Кононов, Х.Нигматов, А.А.Юлдашев, Б.Сағындықов т.б ғалымдар СVС тектес түбірлердің қалыптасуы көп жағдайда аффикстік морфемамен фузиялық бірігуінің нәтижесі деп, осыған орай Г.И.Рамстед, В.Л.Котвич, А.Зайончковский, Б.М.Юнусалиев, А. Т.Қайдаров т.б. Н.А.Баскаковтың түркі тілдеріндегі байырғы түбірдің негізгі түрі деп санайтын CVC түрін тарихи туынды тұлға деп қарайды. Осылайша CVC-тың құрамынан ажыратылатын түбір морфема құрылымы қарапайым болғанмен, дыбыстардың жай тіркесі емес, олар – ерте кезеңде белгілі бір лексикалық мағынаға ие болған, бірақ семантикалық, дыбыстық морфологиялық өзгерістер нәтижесінде түрленіп, этимологиясы көмексіленген, көне де тарихи категория.
Осыған байланысты диахрондық және синхрондық тұрғыдан қарастырылатын «түбір» ұғымы «этимологиялық түбір» және «сөзжасамдық түбір» деп ажыратуды қажет етеді.
Себебі этимологиялық түбірдің бойында әр түрлі өзгерістерге ұшырап түрленген, құрылымдық, семантикалық, деривациялық валенттілікті көрсететін “ген” сақталады. Бұл арада біз тудырушы сөз бен туынды сөздің семантикалық сәйкестігін зерттеп, осыған қатысты сөздің түбірін “ген” деп атаған А.Н.Тихоновтың еңбегін көрсетіп, пікірін келтіруді жөн көрдік: “Носитель наследственности, обеспечивающий преемственность в семантике, материальный выразитель семантической общности однокоренных слов, и он, сочетаясь с различными аффисксами, нередко сам семантически преобразуется”83. Бұл анықтама түркітанудағы Б.М.Юнусалиевтің т.б. түбіртанушылардың пікірінен алшақ кетпейді. Бірақ тілдің одан әрі даму барысында морфологиялық құрылыстың жетілуі, лексикалық баюы (сөздердің әр түрлі топтары мен жаңа ұғымдарды беретін лексикалық құралдарының көбеюі), соған сай түбір морфемасының құрылымының дамуына әкелді. Өзі беретін ұғымның ерекшелгі ашыла түскен сайын түбір сөздер “өлі” түбірлер түрінде “сүрленіп”, жаңа ұғымға негіз болып қала береді. Оны түбірлес сөздер ұясындағы ең кіші, ортақ бөлшекті ажырату арқылы жорамал түрінде қалпына келтіруге болады. Оған мүмкіншілік беретін – “өлі” түбірлердің көп жағдайда бір туынды сөзбен шектелмей екі, я одан да көп сөз тудырышуы модельдердің құрамында кездесетін сөзжасамдық қызметі. Бұл – түбірлес сөздердің, жоғарыда көрсетілгендей, ортақ “генін” немесе ортақ түбірлерін (“өлі” түбірлерін) анықтауға көмектесетін жайт.
Сонымен, түбірді тарихи категория ретінде синхрондық пен диахрондық тұрғыдан сабақтастыра зерттеу негізінде ғана тиімді нәтижеге жетуге болатыны соңғы зерттеулер негізінде анықталып отыр. Ал, оның нақты көрінісі - сөзжасамдық жүйе. Ф.де Соссюрдің көзқарасына сай тіл білімінде синхрондық тұрғыдан болмаса, диахрондық тұрғыдан сөзжасамдық жүйе жоқ деген пікір бар. Бірақ тілді одан әрі зерттеу диахрондық тұрғыдан да сөзжасамдық өзіндік жүйенің бар екенін дәлелдеп отыр.
Себебі, кез келген тілдік құбылысты бір тілдің өзіндік ішкі заңдылықтары негізінде ғана немесе туыстас, иә жақын тілдер шеңберінде ғана қарастырып зерттеу тіл табиғатын, оның даму, өзгеру, қалыптасу заңдылықтарын аша алмайды, жүйе-құрылымын, бай мазмұнын өз дәрежесінде таныта алмайды.
Осы тұрғыдан алғанда, біздің зерттеу барысында көбіне шартты түрде “өлі түбір” деп қарастырып отырған зерттеу нысанмызды “реликт түбір морфема” (РТМ) деп атап, және оны бірінші рет тілдік универсалий ретінде арнайы зерттеген Н.И.Букетованың еңбегі назар аударарлық84. Осыған орай, Н.И.Букетованың еңбегінде туынды сөз бен күрделі сөздің реликт (жұрнақ) түбірімен ішкі қатынасы қарастырылып, соның негізінде синхрондық жен диахрондық тұрғыдағы семантикасы айқындалады. Соның нәтижесінде оларды морфемалар деңгейіндегі семантикалық универсалии деп қарауға болады. Осымен байланысты Н.И.Букетованың зерттеулері реликт (жұрнақ) түбірлерді салыстырмалы-типологиялық ыңғайда қарастырып, сөзжасам өрісіндегі оның орнын анықтап, универсалиидің сипатын көрсетуді мақсат етеді. Демек, кез келген тілдік құбылысты бір тлдің өзіндік ішкі заңдылықтары негізінде ғана немесе туыстас, иә жақын тілдер шеңберінде ғана қарастырып зерттеу тіл табиғатын, оның даму, өзгеру, қалыптасу заңдылықтарын аша алмайды, жүйе-құрылымын, бай мазмұнын өз дәрежесінде таныта алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, біздің зерттеу барысында көбіне шартты түрде “өлі түбір” деп, қарастырып отырған зерттеу нысанымызды “реликт түбір морфема” (РТМ) деп атап және оны бірінші рет тілдік универсалии ретінде арнайы зерттеген Н.И.Букетованың еңбегі назар аударарлық85.
Ғалым РТМ-ны сөзжасам өрісінің өзегі мен перифериясының арасында тұрған тілдік бірлік ретінде санайды. Мәселенің бұлай қойылуының сөздердің түбірлік құрылымына қатысты мәні тіптен ерекше. Оның ішінде реликтілі түбір морфемалар – осыдан жүздеген, мыңдаған жылдар жемісі, бұрын тарихта болған тілдік құрылымдардың, кей жағдайда танымастай боп өзгерген, өшкен, иә ұмытылған элементтердің көрінісі. Сондықтан да бұл бағытта іздену аса жауапты, әрі өте қиын. Дегенмен қазіргі тіл ғылымының кең мүмкіндіктері мен әртүрлі әдіс-тәсілдерін пайдаланып, тіл табиғатындағы талай жұмбақ құбылыстардың қыр-сырын айқындауға болатыны дәлелденіп отыр. Осы тұрғыдан, мысалы, көне «жұрнақ» (реликт) түбірлерді барлық тілге де тән ортақ тілдік құбылыс ретінде қарау, орыс, неміс, қазақ, т.б. тілдік деректерінің негізінде типологиялық зерттеу барысында тиімді болып, соның нәтижесінде тың қорытындылар жасауға негіз болып отыр. Осыған орай, Н.И.Букетованың еңбегінде туынды сөз бен күрделі сөздің реликт (жұрнақ) түбірімен ішкі қатынасы қарастырылып, соның негізінде синхрондық және диахрондық тұрғыдағы семантикасы айқындалады. Соның нәтижесінде оларды морфемалар деңгейіндегі семантикалық универсалий деп қарауға болады. Осымен байланысты Н.И.Букетованың зерттеулері реликт (жұрнақ) түбірлерді салыстырмалы-типологиялық ыңғайда қарастырып, сөзжасам өрісіндегі оның орнын анықтап, әмбебап сипатын көрсетуді мақсат етеді.
Соның нәтижесінде “реликт түбір морфема” (РТМ) термині универсалий ретінде негізделеді. Атап айтқанда, “өріс” теориясын диахрондық та, синхрондық та деңгейдегі сөзжасам өрісін сипаттауға қатысты қолдану семантикалық арқауды айқындауға мүмкіндік береді. Сол арқылы тарихи туынды түбірлердің тілде сақталуы мен олардың жүйесі әртүрлі неміс, орыс, қазақ тілдерінде қызмет етуінің ортақ жақтары және айырмашылықтары көрсетіледі.
Біздің ойымызша, түбір проблемасына қатысты Н.И. Букетованың зерттеуінің жаңалығы мынада: реликт түбірлердің семантикалық және өзгермелі универсалий ретінде тілдік дамуға тән құбылыс санатында қарастырылып, синхрониядағы (“синхрондық тегістік”) олардың мәні және диахрониядағы (“диахрондық тереңдік”) көптеген арқаулары анықталған. Соның негізінде «диахрондық тереңдігі бар көне түбірлер ғана реликтіге айналған” деген тұжырым жасайды.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Н.И. Букетова реликт түбірлердің сөзжасам теориясына сай дәрежесін көрсету үшін сөзжасамдағы синхрония және диахрония мәселелерін қарастырып, синхрондық тегістік пен диахрондық тереңдік ұғымдарын ұсынады. Сөзжасам мәселесінен туындайтын тілдік таңба мәселесіне тоқталып, туынды сөз семантикасына байланысты уәжділік пен уәжсіздікті түсіндіруі де түбірді танудағы диахрония мен синхрония сабақтастығының маңыздылығын дәйектейді.
Сонымен, Н.И.Букетова неміс, орыс, қазақ тілдеріндегі реликт түбір морфемаларды түбірдің даму процесінің көрсеткіші ретінде анықтайды. Ғалымның нақты тілдік деректер мен ізденістерге негіздеп айтқан бұл тұжырымын біздің зерттеуіміз де дәлелдеп отыр. Қазақ тіл білімінде түбірге қатысты тарихи, салыстырмалы-тарихи, тарихи-этимологиялық сипаттағы жалпы мәселелер көтеріліп, зерттеу нысаны ретінде біршама қарастырылып жатқаны белгілі. Соңғы кезде нақты ауқымды тілдік деректерге негізделген тілдік құбылыстар шеңберіндегі кешенді ізденістер өрісі кеңеюде. Осы орайда Н.И.Букетованың қазақ тілі деректерін, әсіресе типологиялық жүйедегі зерттеу айналымына енгізуін тіл зерттеуінің жаңа деңгейі деп қараған жөн.
Түркі тілдері түбіртану мәселесін зерттеуде дәстүрлі әдіс-тәсілдермен қатар, тың теориялық танымдық бағдар ұстанудың жаңа үлгісін көрсеткен башқұрт ғалымы А.Шайхулов: “Еділ-Жайық аумағын мекендеуші түркі халықтары тіліндегі моносиллабтардың құрылымы мен идеографиялық парадигмасын түркіаралық және жалпытүркілік лексиканың ареалдық континуумында зерттеген еңбегі барысында аталған аймақтағы қазақ тілімен туыстас қыпшақ тобына енетін тілдерде қолданылатын 4000-нан аса түбір негіздердің жартысына жуығы этимологиясы күңгірт, дербестігінен айырылған бірліктер” деген қорытындыға келеді86.
Ғалым түркі түбірлерінің құрылымдық сипаттамасын жасау үш деңгейлі (фонологиялық, морфологиялық, семантикалық) зерттеу аясында жүргізілгенде ғана нәтижелі болатынын атап көрсетеді. Ғалымның өзіндік тұжырымдарында түбір табиғатын зерттеуде теориялық-танымдық бағытты да ұстанып, иманенттік талдау мен когнитологиялық талдауды ұштастыра қарастыруды дәйектеуге тырысады. Ол қыпшақ тобына жататын – татар, башқұрт, қазақ, қарақалпақ тілдері мен туыстас чуваш, монғол, тұңғыс-маньчжур тілдері деректері негізінде алтай семьясына енетін тілдердегі ғалам бейнесінің ортақ құрылымдық-семантикалық өзегін түбірлік деңгейде ажыратуға болатынын идеографиялық парадигма негізінде дәлелдейді. Негізгі тұжырымы “дербес және реконсртукцияланған моносиллабтардан тұратын тіларалық лексикалық параллелдердің (жалпыалтайлық) семантикалық даму ерекшеліктері олардың жалпы мазмұндық, ономасиологиялық қасиеттерін қамтитын идеографиялық сипатына сәйкес келеді” дегенге саяды.
Ал қазіргі түркі тілдеріндегі түбір дегеніміз синхрондық тұрғыдан әрі қарай жіктеуге келмейтін, сол сөздің нақты мағынасын беретін бөлігі деп саналады. Қазақ тіліндегі әрбір түбір сөз - өз алдына толық мағыналы жеке сөз, лексикалық бірлік. Түбір сөздер сол күйінде түсіндірмелі, екі тілді т.б. сөздіктерге енеді. Олар ешқандай қосымшасыз тіркесе алады. Мысалы: көк сия, темір пеш т.б. Алайда, түркі тілдеріндегі түбірлердің негізгі ерекшелігінің бірі ретінде көрсетілетін бұл белгілер түбірлерге емес, түбірсөзге (корнеслово) тән касиет. Ал, қазіргі тіліміздегі түбір сөз деп ұғынылатын көптеген сөздерді жоғарыда айтылғандай тарихи тұрғыдан түбір мен өнімсіз қосымшаларға жікгеуге болады. Қосымша морфемасыз ол түбірлер орыс тіліндегі сияқты толық мағына бере алмайды. Мұндай түбірсөздер тек қазақ тілінде ғана емес басқа да түркі тілдерінде көптеп кездеседі. Олардың құрамындағы түбір мен қосымшаның соншама кірігіп, қазір де бөлуге келмейтін түбір сөз деп ұғатындай дәрежеге жеткізген қандай себеп деген сұраққа жауап беру оңай емес.
Біріншіден, бұл жайды түбір ұғымының тарихи сипатымен түсіндіруге болатын сияқты. Мысалы, ерте кезде -са ("санау"), -ба ("бай-лау"), -қыд ("қыдыру") т.б. түбір саналу себебі, көптеген түркітанушы ғалымдардың пікірінше, олардың сол кез үшін толық мәнді сөз болғанында. Олар тіл тарихының ерте кезеңінде кұрылымы қарапайым, сан жағынан шектеулі, еш-қандай қосымшасыз жеке дыбыстардың дыбысталуынан тұрған (С.Е.Малов, В.М.Насилов, Б.М.Юнусалиев, Х.Т.Нигматов, АТ.Кайдаров, В.ИАсланов т.б.). Қазіргі тілімізде бұл қасиеттер түбірлерде жоқ. Бүгінде олардың көбі (түбірлер) жалаң түбір ретінде жұмсалмайды, тек белгілі бір тұлғада ғана қолданылып, өздерімен түбірлес сөздермен салыстыру арқылы анықталады. Осылайша, көптеген түбірлес сөздердің бөлшектеуге келмейтін, мағыналық жағынан бәріне ұйытқы болған ең түпкі бөлшегін теориялық тұрғыдан табуға болады. Бірақ олар осы қалпында (қосымша морфемасыз) қазіргі тілімізде жеке сөз ретінде қолданылмайды.
Мысалы:
*ан<аң-ғар=, аң-да=, аң-ды=, аң-ыр=, аң-қау т.б.
*ел<ел-ті=, ел-ік=, ел-ір=, елгезек, ел-жіре=, елп ету т.б.
*қор<қор-ға=, қор-ы=, қор-ша=, құр-са=, құрсау, т.б.
'"қай<қай-т=, қай-ыр=, қай-ра=, қай=қы, қайсар т.б.
Бұл - түбір морфемасын түбірлес сөздер па-радигмасы бойынша талдау әдісі. Осылайша анықталған түбірлер көбінесе қосымшалардың пассивтенуінен "сүрленіп", қазірде тек салыстырмалы-тарихи әдіс негізінде қалпына келтірілетін, не теориялық жорамал ретінде белгіленетін тарихи түбірлерге айналған.
Демек, екіншіден, тарихи түбірлердің пайда болуы сөз жасаудың морфологиялық тәсілінің тууымен, яғни, түркі тілдерінің жалғамалық (агглютинациялық) табиғатымен байланысты. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бұл тәсіл тіл дамуының ішкі заңдылығынан келіп туған. Егер ең алғашқы түбірлер лексика-грамматикалық категория ретінде дамымай, сол күйінде қалған болса, тілдің одан әрі баюы мен жетілуі, сөздердің әр алуан топтары, ұғымды білдірудің лексикалық құралдарының қазіргідей байлығы болмаған болар еді. Соның нәтижесінде түркі тілдерінің негізгі сөздік қорының семантикалық көлемі мен сөз топтарын көбейтуде және жаңа сөздер жасауға негіз болған семантикалық тәсіл арқылы түбір сөздердің сөз тудыру мүмкіндігі кеңейе түсті. Тіл дамуының келесі кезеңінде түркі тілдерінің тарихында маңызды роль атқарған синкретгі түбірлер мен лексика-грамматикалық омонимдерді жасау үшін бірбуынды түбірлерге жалғанатын омоморфты қосымшалардың орнына оған қарағанда, күрделірек тұлғалар жалғану үрдісі қалыптаса бастады. Себебі тіл дамуының лексика-грамматикалық мазмұнының күрделенуі, кеңеюі деривациялық жүйе арқылы түрдің де күрделенуін қажет етті. Түбір сөздер өздері беретін ұғымның ерекшелігі ашылған сайын жаңа мағыналы сөздерге негіз болып, өлі түбірлер ретінде тарихи туынды түбір құрамында қалып қоя берген. Бұл – түбір сөздер дамуының қажетті шарты. Сондықтан қазіргі тілімізде жаңа сөздер жасауға ұйтқы болатын көбінесе "өлі" түбірлер.
Үшіншіден, түбір сөздердін дамуын тіліміздің дыбыстық жүйесінің тарихи өзгерістерінен тыс қарауға болмайды. Үндіевропа тілдерінде түркі тілдерімен салыстырғанда, фузия құбылысының жиі ұшырауын олардың жалғамалы емес табиғатымен түсіндіруге болса, бірақ түркі тілдерінде де флективтіліктің элементтері кездеседі. Кейбір ғалымдар "өлі" (көбіне бірбуынды) түбірлердің құрамындағы түбір мен қосымшаның әбден кірігіп, қазір бөлуге келмейтін түбір сөз деп ұғыуы соның нәтижесі деп қарайды. Э.В.Севортян жалғамалылық кезеңіне дейінгі (доагглютинативный период) құрылым, ия, "сөзтудырушыжүйе" деп жалпы атап өтеді. Қазақ тілінің сөз құрамындағы тарихи фонетикалық өзгерістерді зерттеу барысында Б.Сағындықұлы түркі тілдері флексиялық құрылым дәуірін басынан өткізген деп тұжырым жасайды. Оның дәлелі ретінде келтірілген тілдік деректерді ішкі флексия қалдықтары деп қарайды. Қазақ тіл білімінде бұл мәселенің проф. Қ.Жұбановтан басталатыны белгілі. Ғалым түркітанудағы бұл проблеманы агглютинациямен сабақтас карайды.
Қалай болғанда да, түбір құрылымының сапалық өзгеруіне, қалыптасуына әсер ететін фонетикалық құбылыстар ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Атап айтқанда, метатеза құбылысы, белгілі бір позицияда дауыссыз дыбыстардың түсіп қалуы т.б. фонетикалық құбылыстар, түбір құрамын белгілі дәрежеде деформацияға ұшыратты. Мы-салы: сөз~сөйле, бағ~байла, сау~сақай, сойым~со-ғым, аудар~ақтарт, т.б.Мұндай даму ерекшеліктері қазақ тілінің өзімен ұялас-тектес жеке тілдерден, тілдер тобынан ерекшелену, соның нәтижесінде дербестену жолдары. Оны былай қойғанда, қазақ тілінің фактілерін өзара салыстыру арқылы қазақ тілінің өзінде мынадай дыбыс сәйкестіктерін айқындауға болады: жаз~жай, бақ~бау, көр~көз, сый~сық, қызыл~қырмызы, қыз~қырқын т.б. Түбірдің морфонологиялық құрылымын тарихи фонетикамен сабақтас зерттеген проф. М.Томанов бұл процесті былайша түсіндіреді: "Түбірлердің бірсыпырасы өздерінің бұрынғы дыбыстық құрамын сақтап қалды да, жаңа дыбыстар негізінде жаңа варианттар қалыптасты. Бірақ тіл элементтерінің даму процесінің нәтижесінде "ескі" мен "жаңа" варианттар дербес мәнге ие болды да, орнығып қалды".
Сонымен, қазіргі тілімізде көптеген сөздерді біз шартты түрде түбір сөз деп қараймыз. Шын мәнінде, олар - өлі түбір мен қосымшадан тұратын тарихи туынды түбірлер. Ол диахрондық зерттеудің нәтижесінде анықталады.
Осы орайда негізінен бөлінбейтін етістік түбірлер боп саналатын бұйрық рай тұлғасындағы етістіктер ерекше назар аударады. Ал, бұл түбірлерді диахрондық тұрғыдан қарау олардың көбінің құрамынан сөз тудырушы косымшаларды ажыратады. Бұл қосымшаларсыз ол түбірлер жаңа сөз жасауға негіз бола алмайды. Демек, түркі сөздерінің байырғы түбір морфемасы бір буынды болғанмен, жалғамалылықтың нәтижесінде оның, көбінесе, екібуындыға айналуы тұрақты құбылысқа айналған. Бірақ екі буынды түбірлердің қалыптасуын беріде болған құбылыс деп карауға болмайды. Түркі жазу ескерткіштерінің ішіндегі ең ежелгісі болып есептелетін Енисей жазбаларын зерттеушілердің пікірі бойынша, осы жазбаларда екі буынды түбірлер де белсенді колданылған. Сондықтан тілдің тарихи даму барысындағы көне құбылыс ретінде көптеген тарихи туынды түбірлердің табиғатын айқындауға көмектесетін екібуынды түбірлердің құрылымын синхрондық та, диахрондық тұрғыдан да зерттеудің мәні зор.
Ал, осындай деэтимологизацияға ұшыраған екі буынды түбір сөздерді талдаудың, олардың құрамындағы "өлі" түбірлерді "тірілтудің" (ре-конструкция) жолдары мен тәсіддері қандай?
Біріншіден, түбірдің ұзарып, ия морфологиялық элементтерінің кіріккенін анықтау үшін, оның жалаң, ежелгі вариантын табу қажет. Оны ескі-түркі ескерткіштерінің материалдарынан, ескі-түркілік қасиетін көбірек сақтаған алтай, чуваш тілдерінен кездестіреміз. Мысалы, ескітүркі сөздігінде -са- (санау), -кыд (қыдыр), -мақ (мақ-та) т.б. деп қолданылған. Сол сияқты қазіргі ал-тай тілінде -ит (итер), -тоз (тозан), -так, (тақыр) т.б. Чуваш тілінде -қай (қайт), -жал (жалын) т.б. фактілер сақталған. Бұл тәсіл тіл білімінде сыртқы қалпына келтіру (реконструкция) тәсілі деп аталады.
Осы сияқты ешқандай қосымшасыз жеке сөз ретінде қолданылатын жалаң түбірлердің саны ескерткіштерде де, реликтілік құбылыс ретінде кейбір қазіргі тілдерде де көп емес. Оған себеп – бұл жазбалардың өзі ежелгі уақытты бейнелеген ескерткіштер емес екендігі. Бұл ескерткіштердің зерттелуіне үлкен үлес қосқан ғалым С.Е.Малов ең ежелгі деп саналатын Енисей жазбаларының өзін V ғасырға жатқызады. Мазмұны жағынан басқалармен салыстырғанда, ең байырғы болып саналатын Орхон ескерткіштерінін өзі VIII ғасырға жатады. Қазіргі тіліміздегі бір буынды түбірлер сәл фонетикалык айырмашылығы болмаса, ескерткіштерде сол күйінде кездеседі. Мұның өзі түбір сөздердің морфологиялық, фонетикалық, семантикалық ыңғайдағы өзгерістері негізінен Енисей, Орхон, ұйғыр ескерткіштерінің жазылу кезеңіне дейін болғанын көрсетеді. Көбінесе, ес-керткіштер тілінде түбір екі тұлғасында да (еш қосымшасыз, қарапайым ежелгі түрі, косымша жалғанған жаңа түрі) берілген: са- сан -"сан", сана, ба-бан - ө - "ойлау", өг -"ой" т.б. Бұл екі форманың біразға шейін қатар қолданылғанын көрсетеді.
Екіншіден, осы орайда "өлі" түбірлерді анықтаудан да оған жалғанған қосымшаларды айыру әлдеқайда жеңілірек. Яғни, мұндай түбірлерді тек өздеріне ұқсас сөздердің құрылысы бойынша ортақ сөз тудырушы модельдерін салыстырып, теориялык жолмен ғана қалпына келтіруге болады. Ол үшін кез келген үлгідегі, сол арқылы жасалған екі буынды түбір құрамынан өзара ұқсас, тектес әрі мағыналас грамматикалық тұлғалар түбір мен тұлға жалғасқан жігінен бөліп алынады. Бұл әдіс тіл білімінде морфемасы бойынша талдау (по-морфемный анализ) әдісі деп аталады. Мәселен, -ыр/-ір - моделі бойынша жасалған айыр-, ауыр-,сір-, жасыр-, кідір-, құтыр-, асыр-, кашыр-, бітір-, көшір-деген екі буынды етістіктердің құрамынан осы грамматикалык көрсеткіштің өзін бөліп алсақ, ас-, қаш-, біт-, кеш- деген дербес түбірлер-мен бір қатарда *ай-, *-ау-, *ес-, *жас, *кід, *құттүбірлерінің де сөз тудыруға қатысып отырғанын кіріспе бөлімде атап көрсетеміз. Айырмашылығы – бірінші топтағы түбірлер жеке-дара қолданылады да, екінші топтағылар ондай дербестігінен айрылған, мағынасы біз үшін бүгінде түсініксіз. Бұдан шығатын қорытынды: бір модель бойынша жасалатын туынды түбірлердің құрамындағы дербес түбірлер секілді "өлі" түбірлер де бір кезде дербес сөз болғандығынан дерек береді. Осылайша тілдік деректерді тәптіштеп тексере келіп, оларды туыстас тілдердің және жазба ескерткіштерінің материалдарымен салғастырып, саралау барысын да жоғарыдағы екі әдіспен сабақтас үшінші тәсіл пайдаланылады. Ол түбір морфемасы бойынша немесе бір түбірлес сөздерді топтап талдау әдісі. Осылай зерттеудін нәтижесінде біз "өлі" түбір деп санайтын элементтер туыстас тілдер мен жазба ескерткіштерді былай қойғанда, ана тіліміздің өзінде, түбірлес сөздердің құрамында өмір сүретіндігін аңғарамыз. Бұл тіл білімінде ішкі қалпына келтіру (внутренняя реконструкция) тәсілі деп аталады. Бұл тәсілдің тамаша үлгісін академик Ә.Т.Қайдаровтың қазақ тіліндегі бір буынды түбірлерді зерттеуге арналған еңбегінен көруге болады. Мысалы: құрға, құрғақ, құрлық, құрма, құрт т.б. туынды түбірлері "құр" байырғы түбірінен тарағандығын олардың арасындағы мағыналық байланыс дәлелдейді. Бұл пікірімізді салыстырмалы-тарихи зерттеу күшейте түседі. М.Қашқари сөздігінде: кұрыды тон (киім кепті) ескі өзбек тілінде: кұры - "кебу"; татар тілінде: қору - "кебу"; азербайжан тілінде: гуру -"құрғақ" т.с.с. Немесе, қарғы-, қарма-, қарпы-, қарғын, қарқын түбір сөздерінің мағыналық ортақтықтары дау туғызбайды. Осы қатар арқылы теориялық тұрғыдан ажыратылып отырған қар түбірі қазіргі тілімізде дербес қолданылмағанмен, яғни түбір болмағанмен, орта ғасырда ол қасиетінің болғанын М.Қашқари сөздігінің материалы дәлелдейді: Су арықтан қар-ды. Тілімізде мұндай мысалдарды тізіп айта беруге болады. Бірақ осы келтірілген дәлелдердің өзі тіл деректерін осылайша салыстыра-салғастыра қараудың нәтижесінде қазірде түбір деп танылып жүрген түбірлердің құрамынан "өлі" түбірлерді табуға болатынын көрсетеді. Олай болса, әрі қарай бөлшектеуге келмейтін, туынды сөз жасауға мағыналық жағынан ұйытқы болған осындай түбірлерді тарихи туынды сөз ретінде ана түбір деп тану тіл заңдылығына сай келе ме? Тіліміздің даму заңдылығын үйрету процесінің практикалык. мәніне нұқсан келтірмей ме?
Синхрондық тұрғыдан жеке тұрғанда, сөздік қабілетке ие бола алмайтын, тек түбірлес сөздердің құрамында ғана кездесетін, қосымшасыз мағына бере алмайтын түбірлерді тарихи категория ретінде қарау тілдің табиғатына қайшы келмейді. Ал, осындай түбірлердің статусын тарихи тұрғыдан жеке сөз, туынды сөз жасауға негіз болған дербес түбір, морфологиялық құрамы айқын тілдік бірлік деп анықтауға болады. Олай болса, қазақ тілінде түбір атаулының бәрін ілкі түбір және негізгі түбір деп екі топқа бөліп қарағаған жөн секілді. Қазақ тіл біліміндегі аға ғалымдарымыздың пікірлері де осыған саяды.
Яғни, "өлі түбір" деген ұғым, "тарихи туынды" деген атауларда салыстырмалы түрде шарттылық бар. Осыған орай жалпы түркі тілдері бойынша бұл тәрізді тарихи туынды түбірлердің құрамындағы "өлі" түбірлердің саны мен сапасы біркелкі болмауы заңды.
Өлі түбір мәселесінің мәнін осыдан жарты ғасыр бұрын (1936ж.) қазақ тілі тарихи грамматикасының негізін салушы проф. Қ.Жұбанов мектеп мұғалімі Жанғазы Жолаевқа жазған хатында нақты түсіндіріп берген. Ол 1958 ж. "Қазақ тілі мен әдебиеті" журналының 2-ші нөмірінде жарияланған: "...Өлі қосымша, өлі түбір V класқа ауыр соғатын сияқты", - депсіз. Сенбеймін. Меніңше, V класқа түбір мен қосымшаны оқытпасаң бала тұрып, ұят, оян деген сөздердің түбірі қайсысы деп сұраса, не дейсің? Ұят тұтас түбір десең, ұял болғанда, т-ның орнын л-, оян болғанда -т келіп н-ның орнын қалай алды демей ме? Сонда, ұят-тың түбірі өлі ұя; т- есім жасаушы (киіт, құры-т сияқты) өлі қосымша; оят-тың түбірі - өлі оя; мұндағы -т қара-т дегендегі сияқты өзгелік етістің тірі қосымшасы деп шыныңды айтқан оңай емес пе?". Бұл пікірдің түркітану саласының кейінгі жетістіктеріне бастау болған Ж.Дени, В.В.Радловтардың түбір құрылымына қатысты пікірлерімен ұштасып жатқанын байқау қиын емес.