Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе



бет246/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   240   241   242   243   244   245   246   247   248
К.Қ.Садирова,
филология ғылымдарының докторы,
Қ.Жұбанов атындағы
Ақтөбе мемлекеттік университеті
қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі


ПРОФЕССОР Ж.МАНКЕЕВАНЫҢ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ
АНТРОПОӨЗЕКТІК БАҒЫТ

Қазақ тіл білімінің қалыптасуына әр тілші-ғалымның өзіндік үлесі мен қосқан өзіндік салмағы болатыны сөзсіз. Тамырын А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов зерттеулерінен алатын қазақ тіл білімі мәселелерін сан қырынан саралап, оның әр саласына теориялық негіз қалаған қазақ ғалымдары бар. Олардың дәстүрлі әдістермен, құрылымдық тұрғыдан жүргізген зерттеу нәтижелері бүгінгі күнгі ғылыми еңбектерге тірек болып жүргендігіне куәміз. Бұл қатар ХХІ ғасыр лингвистикасындағы жаңа парадигмаға сай жүргізілген зерттеу авторларымен толыға түседі.


Қазақ тіл білімі проблемаларын зерттеушілердің көшін бастап, жүгін арқалаған ғалымдар легі белгілі бір ғылыми мектептердің қалыптасып, қазіргі уақытта өркен жайғанын аңғартады. Осындай ғылыми мектептің бірі – этнолингвистика мектебі. Этнолингвистика мектебінің қазақ тіл білімінде қалыптасуына негіз болған академик Ә.Қайдар зерттеулері мен оның шәкірттерінің еңбектері екендігі жазылып жүр. Аталған мектептің белгілі өкілі, өзінің ғылыми мектебін де қалыптастырған профессор Ж.Манкееваның қазақ тілі лексикасын, нақты атасақ, заттық мәдени атауларды, этномәдени атауларды зерттеген еңбектері этнолингвистикалық тұрғыдан ғана жүргізілмеген, сонымен қатар зерттеу нысанын қазіргі танымдық лингвистика мәселелерімен сабақтастыра қарастырған.
Қазіргі тіл білімінде (жалпы өзге де ғылымдарда) өзара кірігу үрдісі жүріп жатқаны байқалады. Бұл когнитивтік лингвистикада орын алған. Бұған қатысты ғалым мынадай тұжырым жасаған: «... когнитивтік парадигма жалпы және жеке бірнеше ғылыми зерттеулердің тоғысуына әкеледі. Атап айтқанда, адам әншейінде мән бере бермейтін, терең тілдік санада қалыптасатын сөйленіс құрылымдарын логикалық, философиялық, психологиялық, әлеуметтік т.б. негіздерге иек артып, санада абстракцияланған когнитивтік модель түріндегі тілдік көріністер зерделенеді» [1, 90]. Оның негізгі себебі де аталып жүр: ол – тіл арқылы және оның қозғалыстағы, қолданыстағы сипаты арқылы адамды тану, соған сай сол адамның қай ұлт өкілі екендігіне сәйкес оның ұлттық дүниетанымы мен мәдениетін тануға ұмтылу. Сондықтан да когнитивтік лингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным өзара ортақ сипатқа ие. Ол ортақтық – үшеуінің де өз зерттеу нысанын тануда тіл деректерін талдайтындығы, түпкі нысаны әртүрлі (таным, этнос, мәдениет) болғанымен, сол нысанға барар жолы, түйісетін орны бір (тіл, оның ішінде қолданыстық сипатын қоса алғандағы тіл), сол жолдағы түйісетін мәселелер (таным + тіл, этнос + тіл, мәдениет + тіл) мен олардың үшеуінде де тілдің қабаттасып жүруі. Ойымызды кеңірек сабақтау үшін Ж.А.Манкееваның «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» [1] зерттеуіндегі этномәдени атаулардың семантикасын когнитивтік, антропоөзектілік және системология теориясы тұрғысынан талдауындағы тұжырымдарына тоқталайық. Ең алдымен, ғалым тілді зерттеудің қазіргі күйінің қандай сипатта болуы қажеттігі мен қазақ тілін зерделеуде басты назарға ілінуге тиісті өзектерді атап көрсетеді. Өз сөзімен келтіретін болсақ, ғалым мынадай тұжырым жасайды: «... тілді тек коммуникативтік шегінде ғана зерттемей, оны таным тұрғысынан да зерделеу, когнитивті лингвистика шеңберінде қарастыру, тілдің кумулятивтік (мұрагерлік) қызметіне ерекше мән беру (айырықшалаған біз – С.К.) бүгінгі қазақ тіл біліміндегі негізгі, жаңа бағыттардың бірі болып табылады. ... шашыраңқы тарап жатқан білім деректерін (мейлі, ол қаншалықты маржан болсын) тұтастырып, таным процесімен ұштастырып, танымдық құралға айналдырмайынша (айырықшалаған біз – С.К.), қазақ тіл білімі де қазіргі антропоөзектік бағытқа сай тілтану саласы ретінде кең өрісін жая алмауы мүмкін. Осымен байланысты сөздік қоры да, мазмұны да бай қазақ тілін зерттеу нысаны ретінде әлемдік шынайы ғылым дәрежесіне көтеру үшін оның ең алғашқы өзектерін зерделеу қажет екені (айырықшалаған біз – С.К.) анықталады» [1, 89]. Ғалымның бұл тұжырымына сай тілдің кумулятивтік қызметіне ерекше мән берудің маңыздылығы, әсіресе, тіл тұтынушылардың тілдегі бірліктердің ұлттық мәдени мазмұнын игеруіне ықпал ететін қызметінен көрінеді. Егер этномәдени бірліктердің тілде қолданысы шектеліп, қазіргі уақытта тіл тұтынушылары үшін беретін ақпараты көмескі не ұлттық мазмұнынан ажыраған сипатта болса, тілдің кумулятивтік қызметі орындалмайды, ол бірлік тілде сақталады, бірақ ол өзінің тілді және тіл тұтынушысын рухтандыратын ішкі қуатынан ажырайды. Оның себебі ұлттық мәдени мазмұндық компоненттің түзілуіне негіз болған жағдаят модельдерінің тілдік санада сақталуының тіл тұтынушыларында бірдей деңгейде түзілмеуінде. Ал тілдік бірліктердің ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық мәдени мазмұндық ақпарат жеткізу қызметі солғындамас үшін, ішкі қуаты әлсіремес үшін негіз болатын салт-дәстүр екенін көрсете отырып, ғалым оған тән үш белгіні атап көрсетеді: жалпыхалықтық сипат, тұрақтылық, ұрпақ сабақтастығы. Осы үш белгі тек салт-дәстүрге ғана тән белгі емес, ол сол салт-дәстүрді орындау барысында қолданылатын тілдік бірліктер үшін де тән болуы керек деп ойлаймыз. Өйткені тілдік бірліктердің мағынасын игерту оның заттық бейнесін ғана санада бекітпейді, ол мағына игерілген жағдаятты да санада сақтап, жадта соған сай «тұрақ» береді не модель түзеді. Мысалы, бидайдан тартылған талқанды айранға былғап жегізбек болған әжесіне қаладан қонаққа барған немересінің «Әже, мынау не? Балшық па, мен оны жемеймін» деуі баланың осыған дейін талқан туралы ұғымының болмауына қатысты. Дегенмен, осы жағдаяттан соң оның «талқан» деген не, оның дәмі қандай болатыны, қалай дайындалатыны, қол диірмен, оның түрі, пайдаланылуы т.с.с. ақпараттар игеріледі. Сондықтан да балаға бейтаныс болған астың белгілі болуы, оның атауының меңгерілуі, сол ұғымның айналасындағы соған қатысты бар мәліметтердің белгісіздігін жойып, бір ұрпақ тәжірибесінің келесі ұрпаққа тіл арқылы игерілуі дискурс шексіздігінде орындалады. Қарапайым мысал болғанымен, біздіңше, бұл тіл бірліктерінің таным процесімен ұштасып сол тілдің танымдық құралға айналуының көрінісін сипаттауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Зерттеуде бұл мәселеге қатысты пікір былайша көрініс тапқан, әрі бұл ойлар ғалымның азаматтық берік ұстанымдарынан да хабар береді: «Жаңа заманға сай дамып келе жатқан мәдениетімізге негіз болуға тиіс ұлттық арналардың бітелуі (қазақ мектептерінің азаюы, жойылып кете жаздағаны, қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметінің әлсіреуі, ұлттық сана мен ой-өрісті менсінбейтін нигилистік топтың бой алуы т.б.) – ұлттың мәдениетінің болашағы үшін күн тәртібіндегі мәселелер» [1, 95] «... ғылыми-техникалық даму нәтижелерінің кең қолданыс тауып, ұлттың келбеті көзге ұрып тұратын мүліктер көзден таса болып бара жатқан жаһандану заманында күнделікті тұрмысымыздан халқымыздың рухани және материалдық мәдениетінің бейнесі іспетті дүниелердің біразы бірте-бірте кетіп жатыр. Сонымен бірге ол дүниелердің атаулары – лексикалық материал да тілімізден жоғалуда. Шын мәнінде, бұл атаулар тек тілдік материал ғана емес, олар халықтың ұлттық, психологиялық көңіл-күйінің, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің, солардың бойындағы ұлттық бояу сіңген талғамдарының т.б. бейнесі, ұлттық рухы» [1, 97]. «Сондықтан олардың бәрін сала-сала бойынша жинап, арнайы зерттеу – ... төл мәдениетімізді түсініп білудің, игерудің басты кілті болмақ» [1, 98].
Ғалымның жоғарыда атап көрсеткен қазақ ұлтының мәдениетінің болашағы үшін қажетті ұлттық арналардың бітелмеуі үшін олардың тілдегі бейнесі мен тілде сақталған мәні мен мағынасының дискурстық сипатқа көшуі шарт. Басқаша айтқанда, кейінгі жас буындардың ұлттық мәдениетке деген құрметі сол мәдениеттің тілдегі сақталған мазмұндық ақпаратын қабылдағанда, түсінгенде және оны тұрақты түрде қолданғанда ғана мүмкін болады. Әрине, әр заман мәдениетке өзінің өзгерісін енгізеді, бірақ қаншалықты өзгеріс енсе де, ұлттың мәдениеті тілі арқылы өзінің тамырынан үзілмеуі қажетті, ол сол ұлт өкілінің «өзінікі» мен «өзгенікін» қажетіне сай шығармашылықпен сабақтастыруына әкеледі. Бұл сабақтастыру нәтижесінде түзілген мәдениет «біздікі» деп бір ел үшін сол елдегі барлық ұлтқа ортақ деп танылғанымен, олардың осының құрамындағы мына сипат «менікі, менің ұлтымдікі» деген рухта тұруы қажет.
Ғалым зерттеуінде мынадай ой берілген: «Мәдени туынды егер мәдени коммуникация негізінде рухани мұраға айналмаса, ол мәдени айналымнан шығып қалады. Демек, мәдени болмыстың тірегі – қарым-қатынаста, ақпараттылығында. Бұл тек тіл, мәтінде көрінеді. Ал, тіл – тек денотативті коммуникация құралы ғана емес, сонымен бірге халықтың тарихы, әлеуметтік, мәдени мазмұнын ашатын коннотативтік те құрал» [1, 139]. Бұл пікір қазіргі кезеңдегі өте өзекті мәселеге қатысты айтылған деп ойлаймыз. Себебі бүгінгі қазақ жастары не қазақ тілін тұтынушылар тек қазақ тілін ғана терең білуге ұмтылмайды, бүгінгі заман талабына сай өзге тілдерді де (орыс, ағылшын, қытай т.с.с.) меңгеруге күш салады, оған әрі қажеттілік, әрі мүмкіншілік туып отыр. Сонымен бірге олардың өздері меңгерген тілдерде қарым-қатынас жасап жүргендері де бар (шетелде білім алушылар мен шетелдік фирмаларда жұмыс жасаушылардың үлес салмағының артуы байқалады). Америкада білім алып жүрген жастар қазақ тілін пайдалану мүмкіндігі болмағанымен, оның қарым-қатынасында өзінің кім екендігін, өзіндік келбетін таныту, өз «менін» байқату қажеттігі болады. Сондықтан да ол өзге тілде өз мәдениеті туралы да ақпарат тарата алады. Қалай болғанда да, сол ақпараттылық адамдар арасында, олардың мақсатты қарым-қатынасында орындалатындықтан, тіл бірлігінің мағынасы ұлттық мәдениетті тасымалдайды. Сондықтан да, біздіңше, Ж.А.Манкееваның мәдениетті тіл арқылы тануда мәдени әрекет, мәдени орта, уақыт пен кеңістік контексіне сәйкес рухани және материалдық игіліктерге берілетін баға, мәдени трансляция, мәдениеттің метатілі, мәдени сұхбат тәрізді ұғымдарға ерекше назар аудару қажет деуінің кейінгі буын зерттеушілерге бағдарлық мәні бар деп түсінеміз. Мәдени сұхбаттағы тілдік толеранттылық мәселелері де, уақыт пен кеңістік контексіне сәйкес рухани және материалдық игіліктерге берілетін баға сипатының қандай көрініс табатындығы да тілдік тұлғаның не тіл тұтынушысының өз мәдениеті мен адамзаттық құндылықтарға деген көзқарасынан, әлем туралы өзі үшін құрған моделімен байланысты болады. Сондықтан да тілді тіл үшін емес, тілді адамды тану үшін, адам үшін зерттеу маңызды. Бұл лингвистикада ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында тілдегі адам факторына баса назар аударумен, тілді сан қилы сөйлеу жағдаяттарында пайдалану ерекшеліктеріне көңіл бөлумен байланысты пайда болып, жетілдіріле түсті. Сондықтан да соңғы кездегі зерттеулерде сөз семантикасын антропоөзектілік тұрғыдан талдау жүзеге асырылып жүр. Біз сөз етіп отырған еңбекте ғалымның тілдік бірліктерді талдауы да осы сипатта жүргізілген, жұмыстан тілдік жүйелілік қағидасына сай не системология саласының талабына сай зерттеу үлгісін байқауға болады. Өзі талдаған тілдік бірліктердің тілдегі барлық қолданыс шеніндегі мәні мен қасиетіне сай сипаттарын толық қамтыған. Бір бірлік оған қарағанда күрделі болып табылатын композициялық құрылымда алынып, ондағы мағынасы мен мәні, қасиеті өзгелерімен салыстырылған. Бұған мысал ретінде фразеологиялық тіркестер құрамындағы этномәдени ақпаратты сөз еткен тұстағы өзі илейтін терінің пұшпағы деген тіркестегі «пұшпақ» сөзіне қатысты талдауын келтіруге болады. Автор бұл сөздің қазақ, қырғыз, алтай тіліндегі және ескі түркі сөздігіндегі мағыналарын өзара байланыста талдай отырып, оның қазақ тіліндегі сақталған фразеологиялық тіркестердегі мағынасын ашады, яғни сол сөзді күрделі бірлік құрамындағы мағыналарымен сабақтастырып, барлық мүмкін қолданысын қамтиды. Атап айтқанда, пұшпағынан сабылды – «болдырды, шаршады», пұшпағына түсті (соқты) – «өте ұзын болып сүйретіліп жатты (киім)», пұшпағын ұстады – «бір билікке ие болды» (бұл бірақ тұтас билік емес, биліктің бір шеті ғана), пұшпақ алдырмады – «малдан шығын шығармады, мал басы аман болды», пұшпағы қанамаған – «бала көтермеген, бала таппаған», пұшпағына да татымайды – «ширегіне де келмейді, маңына да бармайды» т.с.с. [1, 219].
Осылайша бір сөздің тілде сақталып тұрақталған мүмкін тіркесімділігі мен қолданысының барлығын тіркеуге алып отыру, олардың тілдік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететіндігін де дәлелдейді және зерттеліп отырған бір сөздің лексикалық мағыналары туралы толық түсінік алуға, басқаша айтқанда, сол сөз мазмұнындағы этномәдени ақпаратты игеруге де мүмкіндік береді. Осы тұста ғалымның семантикалық қағиданың табан тірейтін тұғыры ретінде көрсеткен семантиканың даму тарихы, қолданыс өрісінің өзгеруі, кеңеюі, тарылуы, ауыспалы мағынасы, бастапқы атауға семантикалық уәж ретінде қызмет еткен белгілердің анықталуы да, оның түрлі дискурста қолданылуы да белгілі бір халықтың тұрмыс-тіршілігіне, мәдениетіне, этнографиялық ерекшелігіне сай болатындығы айқын көрінеді. Тағы бір көңілімізді аударған нәрсе – бұл фразеологиялық тіркестердің түсіндірмелерінің жекелеген ұғым атауымен емес, қабылдаушыға тұтас жағдаяттың бейнесімен ұштасып берілетіндігі. Зерттеу бұл бағыттағы құнды материалдарға бай. Сондықтан да, біздіңше, «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» зерттеуінің талдау нысанына айналған тіл бірліктері мен қосымша ретінде берілген Ә.Марғұлан, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Х.Арғынбаев, С.Қасиманов, Ө.Жәнібеков, Ж.Кейкін, Р.Шойбеков т.б. еңбектерінен жинақталған этномәдени сөздіктің электронды сөздік түрін дайындау қажет. Ол тілде сақталып, бүгінгі ұрпаққа жеткен мұраның мәдени айналымға түсуін, солардың мазмұнында бекітілген ақпараттың игерілуін жеделдетеді, әрі белсенділендіреді деп ойлаймыз. Себебі қазіргі білім алушылар ең алдымен қажетті ақпаратты интернет желілерінен, электронды кітапханалардан іздейтіндігі шындық.
Жоғарыда айтылғандар негізінде қорытынды жасасақ, зерттеудің мынадай ерекшеліктерін атауға болады:
1) зерттеуде тіл бірліктерінің семантикасын тілдің жүйелілік қағидасына сай және танымдық тұрғыдан талдауының жүзеге асырылуы мен соған сай оқырманға молынан ұсынылған ақпараттың әрі ғылыми, әрі танымдық сипатта болуы;
2) тілдің коммуникативтік, кумулятивтік қызметтерін атқаруындағы этномәдени лексиканың маңыздылығын дәлелдеуі;
3) зерттеу авторының «халықтың этномәдени тарихы және тілдік процестері мен тілдік шығармашылығы туралы баға жетпес «ақпарат көзін» талдауынан азаматтық ұстанымдарының айқын көрініс табуы.
Бір сөзбен айтқанда, проф. Ж.А.Манкееваның «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» зерттеуі – кейінгі буын тілші-ғалымдардың сөз семантикасын антропоөзектілік тұрғыдан талдау жасауларына бағыт-бағдар беретін ғылыми еңбек.
1 Манкеева Ж.А. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. – Алматы: Жібек жолы, 2008. – 356 бет.
МАЗМҰНЫ

Оқырмандар есіне .............................................................................................






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   240   241   242   243   244   245   246   247   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет