Байланысты: антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)
Сүрен салды – қуу, артына түсу, қуғындау және т.б. Көнетүркі ескерткіштерінде осы мағынадағы sur етістігін кездестіреміз. Ол алтай тілінде сақталып қалған +сүр – қуу, қуып шығару (ООС, 134). Көптеген тілдерде туынды тұлғалары жасалған: өзб. сургун – айдау, жер аудару, қуғындау, айдалған, жер аударылған (ӨОС, 387), әзірб. сүркүн – қуғындалушы, сүрмәк - қуғындау (ОӘС, 135). Қазақ тілінде қуғын-сүргін қос сөзінің құрамындағы сүргін сөзін оған туыстас ретінде қарастыруға болады. Яғни, sur мағынасы қазақ тілінде тек фразеологиялық тіркестер тұлғасында және қос сөздер арқылы беріледі.
Фразеологиялық тіркестердің тағы бір бөлігі құрылымдық өзгерістерге ұшыраған, мұнда компоненттерінің біреуі алмастырылған. Мысалы, ic ton – «іш киім, дамбал» (КТС, 201) – қазіргі қазақ тілінде (өзге тілдерде де) іш киім.
qulaq japrat – «құлағын түру» (КТС, 465), қаз. құлақ түру. tus tusa – «түс көру» - қаз. түс көру; uminc kes - «үмітін үзу» - қаз. үміт үзу; topata tut – «құрмет тұту, құрметтеу, ардақтау» - қаз. төбесіне көтеру.
5) Көнетүркі ескерткіштеріндегі фразеологиялық тіркестердің бірқатары қазіргі түркі тілдерінде кездеспейді. Оның мағынасы басқа фразеологиялық тіркестермен берілуі ықтимал. Мысалы, qadas jaq jajuq – «алыс және жақын туысқандар» (КТС, 402), jas bol – «қайтыс болу, қаза табу» (КТС, 244), arquq qilinc – «бірбеткейлік» (КТС, 55), acijlis tut – «молшылықта ұстау, өмір сүргізу» (КТС, 5).
Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ қоғамындағы ерекше сипатқа ие ұлттық мүдделі мақсаттың бірі – халық рухын, оның өзегі мәдениетті жаңғырту. Ал, мәдениетті, рухани әлемді миф, өнер, дін әдет-ғұрыптар, материалдық өндіріс туындылары және т.б. осы тектес негізде құрылатын этнотаңбалық (семиотикалық) жүйені бейнелейді. Бірақ көшпенділер мәдениетінде, соның ішінде қазақ мәдениетінде ұлттық мәдениеттің таңбалық негізі, рәміздік жүйедегі ұлттың психологиясы, сакрализациясы негізінен тіл арқылы сипатталады. Сондықтан мәдениеттің коммуникативтік, мұрагерлік табиғатына сәйкес оның ашық жүйе ретінде сақталуы, кейінгі ұрпаққа жетуі, жаңғыруы, танымда игерілуі, жаңа заманға сай тіл арқылы іске асатынын қазіргі тіл білімінің антропоөзектік бағыты дәлелдеп отыр. Демек, белгілі бір этностық (ұлттық) ұжымда мәдение коммуникацияның іске асырылу құралдарының дені тіл арқылы қызмет етеді де, мәдениетті тарихи-әлеуметтік процесс ретінде сипаттайды. Олай болса, тіл тек коммуникативтік құралы емес, сонымен бірге адам болмысының, әрекетінің, соның нәтижесінде туған мәдениетінің көрінісі. Осылайша қалыптасқан мәдениеттің этнотаңбалық белгісі тілден тыс көріне алмайды. Осыған орай тіл тек денотативті коммуникация құралы ғана емес, сонымен бірге, коннотативті (белгілі бір әлеуметтік, мәдени, танымдық мәні бар) құрал.
Осы арада этномәдени кеңістікті бағалауыштық коннотациялар арқылы экспрессивті бейнелеп, тілдің жанама номинациялық құрылымына енетін фразеологиялық тіркестердің орны ерекше. Себебі фразеологиялық тіркестердің құрамындағы мәдени мәнді компоненттер мазмұнындағы ұлттық ерекшелік олардың ішкі тілдік құрлысымен ғана емес, сол ФТ-де бейнеленген ұлттық мәдениет деректерінің бірегейлігімен де сипатталады.