Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе



бет29/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   248
Байланысты:
антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)

Қолаң шаш. Қазақ халқы мен өзге де түркі халықтарының фольклоры мен әдебиетінде әйел сұлулығы көрсетілген метафоралық, поэтикалық тіркес негізінде бейнеленіп отырған. Оған дәлел бола алатын мысалдар да баршылық. Айталық:
Етіндей жас баланың білегі бар,
Ажымсыз аң саусағы іске ыңғайлы,
Қара қолаң шашы бар жібек талды,
Торғындай толқындырып көз таңдайды (Абай).
Генетикалық тұрғыдан алғанда аталмыш фразеологиялық тіркестер салыстыру негізінде жасалған еркін сөз тіркесіне жатады. Бұған көне ұйғыр тіліндегі «поясной ремень», «подпруга» [МК, І, 404] мағынасындағы qolan компоненті дәлел.
Қазақ тілінің фразеологиялық тіркестеріне салыстырмалы-типологиялық талдау жүргізу негізінде түрік тілдері дамуының жалпы дәуіріне жататын фразеологиялық тіркестердің жалпы түрін қайта жаңғыртуға болады. Мысалы: қыпша бел. Қазіргі қазақ тілінде қыпша сөзі өз алдына жеке қолданылмайды, көрсетілген тіркес құрамында ғана кездеседі. Ал өзбек тіліндегі хипча лексемасы жеке сөз ретінде жұмсалып, «тонкий», «изящный» [УРС, 501] мағыналарын танытады. Сондай-ақ хипча лексемасы негізінде жасалған туынды сөздер қатарын да көрсетуге болады: хипчалик – “тонкость, изящность”; хипчанланмақ – “быть тонким, изящным”. Ойрат (алтай) тілінде аталмыш компонент сын есім ретінде емес, зат есім орнында жұмсалады. Бұл тілде кыпчал – “узкое, труднопроходимое место”. Ол кыпчы – “ущемлять, зажимать в тиски, в шипцы” [ОРС, 105] етістігінен жасалған болса керек. Бұндай етістік қырғыз тілінде де бар [ЮКРС, 492].
Осындай ұлттың болмысын сипаттайтын төл мәдениеттің этнотаңбалық деректерінің мәні жоғарыда көрсетілген үлгілерде мынадай қызметтер атқарады:

  1. эстетикалық;

  2. тарихи-этникалық тұрғыдан уақыт пен кеңістік контекстіндегі әлеуметтік-функционалдық;

  3. танымдық-аксиологиялық.

Осы тұрғыда қазақ тіліндегі фразеологизмдердің семантикасын түрлі аспектіде талдауды мақсат ете отырып, олардың таңбалық мәртебесін ғалым Р.А.Авакова фраземалардың ішкі формаларының этномәдени және экстралингвистикалық дереккөздері арқылы ашып, олардың таңбалық-символдық белгілерін ассоциативті-бейнелі ойлаудың жемісі ретінде таниды.216 Себебі «халық санасында, оның тілдік қорында бейнелі, астарлы, айшықты фразеологиялық тіркестер – архисемалық «тарихи қалдықтар» семиотикалық таңбалар ретінде ұрпақтан ұрпаққа сақталады». Осымен байланысты фразеологияның семантикасын оның мазмұнында «тасаланған» коды арқылы ашу бұл этнотаңбалық жүйенің когнитивтік парадигмада жаңғыртылуының жаңа сапалық деңгейдегі ғылыми уәжділігі деп бағалауға болады.
Осыған орай рухани мәдениетке байланысты сөздіктерде кездесетін этнографизмдердің мәні, фразеологиялық тіркестердегі «тасаланған» мағыналардың, кәсіби терминдердің, диалектизмдердің мәні, кейбір ономасиологиялық уәждердің ашылуы көп жағдайдарда фразеологиялық жүйені терең зерделеумен байланысты екенін ғалым Н.Уәли дәйекті талдауының негізінде дәлелдейді.217
Мысалы, ақ бикеш «ақталған тары», ар омыртқа «соғымнан берілетін сыбаға», ат келіншек «отаусыз, жасаусыз түскен келіншек», жабы ит «үй күзететін, қаппайтын ит», жанама ат «қызға қалың бергенде есепті малдан тыс қыз туыстарына берілетін қосымша ат» т.б.
Сол сияқты талқы сөзi қазipгi қазақ тiлiнде талқыға салу, талқыға түсу сияқты тipкестеpдiң немесе талқылану деген етiстiктiң құpамында қолданылады. Ал таpихи тұpғыдан, талқы – теpiнi кеpiп-созып, уқалап жұмсаpтатын ағаш құpал [ҚТТС, VIII, 568]. Демек, ол таpихи тұpғыдан құpалдың атауы pетiнде қолданылған жеке сөз. Әpине, кейiн осы мағынаның негiзiнде ауыспалы мағына да (өмipдiң талқысы, тағдыpдың талқысы т.б. дегендегi) туған. Дегенмен, оның семантикалық жағынан күңгipттенуi, белсенділігінің азаю себебі – талқы құpалының қазipгi қолданыстан шығып қалуы. Салыстыpыңыз:
Саpттаp сауыp басады талқыменен
Еp жабдығы жаpасаp наpқыменен.
Жетiм ұлға қызымды беpмеймiн деп,
Қаpабай көшiп кеттi халқыменен.
(Қозы Көpпеш-Баян сұлу).
Ескi түpкi жазбалаpында талқы сөзiнiң етiстiк тұлғасы да кездеседi: talqi кiнәлау, қабыл алмау [МК, II, 304]; talqiš – киiз басу [МК, II, 207].
Ғалымның тұжырымдауынша, «қазіргі кезеңде фразеология өз бойына жаңа нысан мен бағыттар жинақтауда. Бұл тұста фразеологизм таңба ретінде қарастырылып, тілдік таңба табиғатына сәйкес коммуникативтік актіге қатынасатын, тіл және сөйлеуде өзіндік қызметі бар, ұлттық мәдени сипатымен ерекшеленетін тілдік бірлік ретінде фразеологизмдердің мағынасындағы объективтік және субъективтік факторлардың арақатынасын зерттеу жолға қойылып отыр».218
Түркілік фразеологиялық тіркестерді салыстырмалы-типологиялық және тарихи-этимологиялық тұрғыдан талдау нәтижелері фразеологиялық тіркестердің уәжделуіне компонент мағыналары негіз болып, фразеологиялық тіркестердің еркін сөз тіркестерінен жасалғанын байқатады.
Әрбір этностың мәдениеті – оның тілі арқылы сақталған, таңбаланған ішкі мазмұнында. Сол мазмұнды ашу «кілті», жоғарыда көрсетілгендей, тіл арқылы сақталған мәдени ұғымдардың мәдени фонында астарланған.
Қазіргі тіл мен түрікмен тілі ескерткіштерінің материалдарына құрылымдық-семантикалық тұрғыдан талдау жүргізген түрікмен фразеологы Р.Х.Аннаеваның және тағы басқа да ғалымдардың көрсетуі бойынша, тұрақты тіркестер мағыналары оны құрайтын жеке компоненттер мағыналарымен ғана уәжделмейді. Сондай-ақ тұрақты тіркестер құрамына қарағанда, пайда бола бастаған кездегі тіркестердің жалпы мағынасына оның компонеттерінің мағынасы уәж болғаны айтылады.219 Мысал ретінде эл говшур “сложить руки на груди” (қаз. қол қусыру) тұрақты тіркесі талданады.
Алғашқы кезде бұндай әрекет қадір тұту, құрмет білдіру белгісін танытса (белгілі бір адам біреуге ілтипат, құрмет білдіру үшін қолын айқастыра көкірегіне қойған), тілдің одан әрі дамуы барысында бұл тіркес бас ию (бұл жерде адамның айқастыра қолын кеудесіне қоюы міндетті емес) мағынасын таныта бастаған. Көрсетілген уәжділік қазақ тіліндегі “еш нәрсе істемей, жайбарақат отыр” мағынасындағы қол қусырып отыр фразеологиялық тіркесіне де толықтай негіз бола алады.
Қазіргі түркі тілдері фразеологиялық тіркестерінің жалпылығы мынадай пайымдау жасауға негіз болады: фразеологиялық тіркестердің көбі бір дереккөзден бастау алады, ал кейбіреулері жарыспалы дамудың нәтижесі болып табылады.
Фразеологиядағы дереккөз мәселесі фразеологиялық тіркестерді этимологиялық тұрғыдан талдау мәселесінен әлдеқайда кеңірек болып келеді. Фразеологиялық тіркестердің әмбебаптық және типологиялық сипаты оны жалпы филологиялық мәселелер қатарына қосады.
Алайда көрсетілген салыстырмалы-тарихи зерттеу барысы фразеологизмдердің тек синхрондық тұрғыдан сипатталуы олардың толық табиғатын ашу үшін жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан да қажетті жағдайда белгілі бір фразеологизмдердің пайда болуына қатысты қосымша тарихи деректер қолданылады. Мысалы, тұрақты тіркестердің көбі ұзақ уақыт бойы бейнелі мағынада жұмсалуы нәтижесінде пайда болған. Олар шектеулі сөздер қатарымен тіркесе келіп, бірте-бірте тұрақтала бастаған. Сондай-ақ ауыспалы мағыналарының дамуы нәтижесінде тура мағыналары көмескіленіп, күңгірттенген компоненттерге айнала бастайды. Бұндай жағдайда күңгірт тартқан компоненттердің тарихи лексикалық мағынасы тек салыстырмалы-типологиялық және тарихи-этимологиялық аспекті тұрғысынан жүргізілген талдау нәтижесінде айқындалуы мүмкін. Сондықтан да, зерттеуші В.Н.Ярцева көрсеткендей, сөз тіркесі құрылымын тарихи тұрғыдан зерделеу – фразеологиялық бірліктерді еркін синтаксистік бірліктерден ажыратуға мүмкіндік беруімен қатар, сөз тіркесі тарихымен байланысты өзгерістерді айшықтауда да септігін тигізеді.220 Фразеологиялық тіркестердің пайда болуына қатысты жоғарыда көрсетілген деректі М.Б.Балақаев221 та көрсетеді.
Белгілі бір тіл лексикасының құрамын зерттеу сөздердің әртүрлі тақырыптағы топтарын, оның ішінде кәсіби лексиканы, туыстық терминдерді, топонимдерді, фитонимдерді, зоонимдерді т.б. қарастыруды қажет ететіні белгілі. Осыған орай түркітануда көрсетілген сөздер топтарының лексикалық параллельдеріне арналған еңбектер де аз емес. Түркі тілдеріндегі фразеология саласы бойынша жүргізілген тарихи-типологиялық зерттеулер нәтижесінде фразеологиялық параллельдердің анықталуы түркі тілдерінің арасындағы ежелгі қатынастарды, олардың туыстық дәрежесін және әрі қарайғы даму деңгейін көрсетеді. Қазақ тілінде мағынасы көмескілінген кейбір компоненттердің басқа бір тілде белсенді түрде қолданылатынын типологиялық салыстыру негізінде анықтауға болады. Бұған мысал ретінде К.М.Мұсаев көздің жауын алғандай “очень привлекательный, красивый, великолепный” сөз тіркесіндегі жау сөзін келтіреді.222
Түркі тілдері фразеологиясы бойынша жүргізілген зерттеулер нәтижесі түркі тілдеріне тән ортақ фразеологиялық қордың бар екенін растайды. Олар мағынасы, құрылымы, бейнелілігі, жасалу формасы жағынан ұқсас болып келеді. Фразеологиялық тіркестерді типологиялық тұрғыдан зерделеу қажеттілігі олардың сөз тудыру процесіндегі лексикалық амалдардың бірі болуымен де байланысты. Өйткені көне элементтердің көбі осы тұрақты тіркестер құрамында сақталып қалған. Фразеологиялық тіркестерге қатысты ұғымдар мен түсініктердің типологиялық мазмұны оларды шындықты бейнелеудің бір формасы ретінде сипаттайды. Тарихи лексикологиялық құрал ретіндегі фразеологиялық бірліктердің көрсетілген қызметі тіл тұтынушыларының тарихымен тығыз байланысты.
Б.А.Лариннің көрсетуі бойынша: «Фразеологизмдер өзіндік термин мағынасында әрдайым халық дүниетанымын, қоғамдық құрылысын, өз заманының идеологиясын бейнелеп отырады».223
Тілде бастапқы бейнелердің, атап айтқанда, ескі ұлттық дәстүрлердің, сенімдердің, тарихи аңыздардың, әртүрлі нормадан тыс варианттар мен окказионализмдердің, диалектілер мен сан алуан тұрмыс реалийлерінің, этнографиялық және діни терминдерінің т.б. сарқыншақтары тұнып тұрады. Мысалы, badϊr ajaq – чаша (badϊr соғды. “чаша для подаяния будийского монаха”) [ДТС, 77]; čekčäk qara – шерстяная накидка, одежда рабов [ДТС, 143]; čuram oqϊ – легкая длинная стрела для стрельбы из лука по дальней цели [ДТС, 157]; ötüg bilig – долговая грамота (ötüg – просьба, мольба) [ДТС, 393]; qara baš – раб, слуга [ДТС, 423].
Сондай-ақ тар мағынада (кейде белгілі бір кәсіп аясында) қолданылатын сөздер үлгілерін фразеологиялық тіркестер құрылымынан да ұшыратамыз: ұлама шаш, кереге ұлау т.б. Қазіргі түрікмен, түрік, қырғыз, ұйғыр, алтай, хақас, тува тілдерінде, М.Қашқари сөздігінде ula= етістігі жеке сөз ретінде кеңінен қолданылады. Одан туындаған түбірлес сөздер қатарын да атауға болады. Мысалы, түрік тіліндегі ұлау “заплатка” сөзі, ұйғыр тіліндегі уланма “частица”, “наставной” сөзі.
І.Кеңесбаев «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» атты еңбегінде мынадай сөз тіркестері қатарын көрсетеді: Шопан ата, Ойсыл қара, кежегесі кейін тартты, күйсік күлік жүгірмес, алаған қолым береген, мезгілсіз шақырған қораздың басын жұлмақ керек т.б.224
Мысалдардан байқағанымыздай, фразеологиялық тіркестердің мазмұнындағы этнотаңбалардың мәні зерттеу барысында тілдің таза лингвистикалық деректерімен қатар, халықтың тарихы, этнографиясы, археологиясы, әдебиеті және фольклоры жөніндегі мағлұматтар арқылы анықталады. Өйткені тіл иеленуші халықтың тарихымен байланысты деректер қызықты да құнды пайымдаулар жасауға, көптеген сөздер мен лингвистикалық құбылыстарды, фразеологиялық тіркестердің күңгірт тартқан компоненттерін, мақал-мәтелдерді, идиомаларды т.б. айшықтап, түсіндіруге көмектеседі.
Қазіргі қолданысы тарихи-танымдық тұрғыдан жаңғыртылып, анықталған ия мифтік таным деңгейіне сай қалыптасқан архетиптік сипаттағы тілдік деректердің дені фразеологиялық жүйенің құрылымында сақталған.
Бұл арада мағынасы көмескіленген компоненттерге тарихи-морфологиялық реконструкция ғана жасалмайды, сонымен бірге оның мазмұнындағы этнотаңбалық жүйеге де реконструкция жасалады.
Фразеологизмдер құрылымының пайда болу себептерін айқындау барысында алдымен мынадай жайтқа назар аударған жөн: фразеологиялық тіркестердің негізінде ұғымды жай ғана көрсету емес, метафоризациялану және ұғымды бейнелеу көрінісі жатыр. Олардың тілдік таңбалар негізінде берілуі заттық, сезімдік, әрекеттік белгілердің бірте-бірте жоюлу нәтижесімен, яғни заттық әлемнің идеализациясы (объективациясы) құбылысының орын алуымен байланысты болып келеді.
Тіл иеленушілердің өзара еңбек әрекеті, ортақ заттық әлемі мен әлеуметтік-тарихи тәжірибесі әртүрлі түсініктер пен ұғымдарды құбылтумен қатар, ортақ және ұлттық мазмұнының пайда болуына негіз болады. Сонымен қатар қарама-қайшылықтың диалектілік бірлігін құрайтын бұл екі ерекшелік (сезімділік, парасаттылық) заттың, нәрсенің «идеалды» бейнесін өзгерту процесінде маңызды рөл атқарады.
Бұл тұжырым: «тұрақты тіркестер тілдің сөз байлығын дамытуда ерекше орынға ие, бейнелі де көркем тілдің бірден бір құралы ретінде сөз шеберлігі мен шешендігін танытады», – деген талассыз фактіге негізделеді. Олар ұрпақтан ұрпаққа бізге дейін жеткен дайын үлгілер, құрылымдар ретінде салыстырмалы-салғастырмалы аспекті аясында әртүрлі құбылыстарды көркем бейнелеу мақсатымен ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан сөз тудырушы лексикалық құрал болып табылады. Кезінде бұны көптеген зерттеушілер де көрсеткен болатын. Айталық, В.М.Мокиенко: «Фразеология – бұл көне сөздер мен ескірген грамматикалық формаларды, уақытпен және әдеби нормамен жарамсыз деп табылған синтаксистік құрылымдарды сақтап қалған тіл қазынасы»,225 – деп бағалайды.
Мәдениет тілін құрайтын таңба – символдар жиынтығы. Осымен байланысты мәдениеттің немесе оның жеке түрлері мен формаларының таңбалық сипаты туралы ой ертеде қалыптасқан. «Таңба» категориясының енуімен байланысты қоғамды тұтастай, оның ішінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты т.б. белгілі бір мәтін ретінде лингвистикадан тыс, көпмағыналы мәнге ие «мәдениет» терминінің астарында қарауға мүмкіндік туды. Сондықтан мәдениет тілін адамзат әрекетін көрсететін таңбалар жиынтығы ретінде сипаттауға болады. Мұндай таңбалық құралдарды этнотаңбалар деп айтуға болады (Ю.М.Лотман т.б.). Бірақ осы арада ең негізгі форма – сөздік ақпарат. Бұның негізін құрайтын этнографизмдер, қазақ ескіліктері, мифологемалар, фразеологизмдер басқа да этномәдениеттің архетиптік көріністері мәдениетті айқындап қана қоймай, оны символдау қызметін атқарады, соның негізінде этномаркерлі мәдениеттің кеңістігі тілде таңбаланады.
Тарихи-танымдық зерттеулер нәтижесі де фразеологиялық бірліктерді екіншілік номинация, яғни тілдегі бұрыннан бар сөздер мағынасының семантикалық тұрғыдан өзгеріске ұшыраған формалары ретінде сипаттайды. Осымен байланысты көптеген жағдайда сөздер өз мазмұнынан айырылып, жеке қолданылмай қалады. В.Г.Гактың көрсетуі бойынша, бұл – ойдың экспрессивті-эмоционалды берілуімен, субъективті бағаны таныту қажеттілігімен байланысты болып келеді.226 Яғни, фразеологиялық бірліктер сөздердің баламалары (эквиваленттері) бола алады. Сондықтан да елуінші жылдардың аяғында Б.А.Ларин, А.И.Смирницкий, С.И.Ожегов еңбектерінде фразеологиялық тіркестер номинация тұтастылығымен сипатталатын сөздерге барабар тілдік бірліктер ретінде қарастырылған.227
Зат атауларының қалыптасуындағы негізгі қағида – ұлттық ерекшелік, тарихи-мәдени, әлеуметтік-кәсіптік т.б. жағдайларға байланысты негізделетін қазіргі тіл біліміндегі номинация теориясының уәжділік, функционалдық ұғымдарымен байланысты.
Аталым барысында фразеологиялық бірліктер арқылы берілген шындық тіл шығармашылығында белгілі бір дәрежеде өзгеріске түседі.
Демек, ФТ-тер дүниені бағалауыштың коннотациялар арқылы экспрессивті бейнелеп тілдің жанама номинациялық құрылымына енеді.228 Демек, бұрынғы еркін сөз тіркестерінің компоненттік құрамындағы семантикалық ауысулар оның ішкі формасына айналады. Сондықтан А.И.Федоров оны бір құбылысты екінші құбылыс арқылы жасалған бейнемен түсіндіруі деп санайды.229 Біздің жұмысымызға қатысты ФТ-дің құрамындағы мәдени мәнді компоненттер, белгілі бір тілдің ФТ-нің ұлттық ерекшелігі оның тек ішкі тілдік құрылысымен ғана емес, сол ФТ-де бейнеленген ұлттық мәдениет деректерінің бірегейлігімен (уникальность) де сипатталады. Атап айтқанда, ұлттық ФТ-дің ерекшелігі лигнвистикалық негізде ғана емес, сол халыққа ғана тән ұлттық құбылыстарды экспрессивті түрде атауға қызмет ететін экстралингвистикалық себеп – ұлттық мәдениет негізінде де қалыптасады.230
Әpтүpлi құбылыстың тілдік санада тұжыpымдалуының көрінісі ретінде фразеологиялық тіркестердің бейнелеу уәжі болып, көп жағдайда тұpмыста қолданылатын етене жақын, таныс заттаpдың, нәpселеpдiң, бұйымдаpдың, құбылыстардың т.б. атаулаpы қызмет етеді.
Мысалы: азу тiсi балғадай; айpандай аптап, күбiдей күптеп; ыңыpшағы айналу; айылын жимады; алтынмен аптап, күмiспен күптедi; аузынан сөзi, қойнынан бөзi түскен; бесiктен белi шықпаған; бұғалық салды; дабыл қақты; дастаpқаны мол//кең; ел аузына елек//қақпақ қоймақ; еp мойнында қыл аpқан шipiмес; еpiн бауыpына алды; жүpген аяққа жөpгем iлiгеp; жыpтысын жыpтты; кебенек киген келедi; көбесi сөгiлдi; көпшiк қойды; күдеp үздi; қаймағы бұзылмады; қалпақтай ұшты; қамшы салмады; қаpа көже; қоңыpау тақты; құйысқанға қыстыpылды; құpығы ұзын; оқалы киiм; сабасына түстi т.б. (Мысалдаpдың баpлығы I.Кеңесбаевтың «Қазақ тiлiнiң фpазеологиялық сөздiгiнен» алынды. – Алматы, 1977.).
Осы сияқты ескiнiң қалдығы pетiнде ФТ-дiң құpамында сақталған көптеген этномәдени ақпаратты қазақ тiлiнiң де фpазеологиялық қоpынан көптеп табуға болады: көнектей болу, қалжа жеу, қанжығасына байлау, көрімдік беру, тұсауын кесу т.б. Сол сияқты этнотанымдық ассоциацияға сәйкес көркем ойлау жүйесінің көріністері де тілде фразеологиялық тіркес түрінде кеңінен өріс тапқан: айылын жимады, ұршықтай үйірді, айрандай ұйып отыр, көбіс ауыз, кебеже қарын т.б.
Мысалы, өзi илейтiн теpiнiң пұшпағы «түбiнде өзi iстейтiн жұмыс». Пұшпақ – «малдың, аңның тiзеден төменгi сиpақ теpiсi» [ҚТТС, VIII, 22].
Пұшпақ сөзiнiң таpихи тұpғыдан о баста қыpғыз тiлiндегiдей «тiзеден төменгi жақ, сиpақ» деген мағынада болғанын мына ФТ-де сақталғанынан көpуге болады: Пұшпағынан сабылды – «болдыpды, шаpшады»; Пұшпағына түстi [соқты] – «өте ұзын болып сүйpетiлiп жатты (киiм)». Жалпы пұшпақ сөзiнiң (аяқтың төменгi жағы) және содан туған туынды мағынаның (теpiсi) беpетiн негiзгi мәнi – «бip заттың, нәpсенiң бip шетi, бөлiгi». Яғни, ол тұтас аяқтың атауы емес, сол сияқты тұтас теpiнiң де атауы емес, оның бip бөлiгiнiң ғана атауы. Оны қыpғыз тiлiндегi «бучкак ичик – аңның аяқ теpсiнен тiгiлген iшiк» деп қолданылуынан да көpуге болады. Оны қазақ тiлiндегi мысалдаpмен де нақтылай түсуге болады. Қаpаңыз: пұшпақта – «пұшпақтан құpап киiм тiгу», пұшпақтай«кiшкентай, көлемi аз» т.б. Одан ауыспалы мағыналаp да туған: пұшпақ – туған жеpдiң, Отанның бip шетi, бөлiгi; пұшпақ – әңгiменiң, сөздiң шет жағасы, бip ұшы т.б. Сол сияқты бейнелi мағынадағы ФТ-теp де туған: Пұпшағын ұстады – «бip билiкке ие болды» (бұл бipақ тұтас билiк емес, билiктiң бip шетi ғана); Пұшпақ алдыpмады – «малдан шығын шығаpмады, мал басы аман болды»; Пұшпағы қанамаған – «бала көтеpмеген, бала таппаған»; Пұшпағына да татымайды – «шиpегiне де келмейдi, маңына да баpмайды» т.с.c. ФТ-теpi өзi илейтiн теpiнiң бip пұшпағы деген тipкеспен сабақтас келедi. Солаpдың бәpiн талдай келе, пұшпақ атауының негiз болып тұpған түбipі – пұш(пiш)//буч(бiч)//bic [ЕТС, 98] деп қаpаймыз. Қазақ тiлiндегi пұшти, пұшық сөздеpi де онымен түбipлес қатаp құpайды.
Бағалау кезеңі, яғни таңдамалы қызығушылықтың болуы аталым барысында үлкен рөл атқарады, оның мәні белгілі бір нысандардың / немесе белгілі бір заттың қасиеттерін, белгілерін, сапаларын басқалармен салыстырғанда ерекше бөліп алуда болып отыр. Адамға тән эмоция мен бағалаулар шындықты бейнелейтін бірліктердің біріне айналады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет