Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе


Қазақ тіліндегі этнолексиканы зерттеудің тарихи көздері мен ғылыми негіздері



бет41/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   248
1.3 Қазақ тіліндегі этнолексиканы зерттеудің тарихи көздері мен ғылыми негіздері.
Этникалық топтардың құрамына кірген тайпалар құрамының үнемі өзгеріп отыруы, сондай-ақ мейлінше әртүрлі тайпалық диалектілердің үнемі араласып, өзара ықпал етуі салдарынан ол топтардың айқындаушы тілдік белгілерінің тым араласып жатқан сипатта болғанын тіл тарихын зерттеушілер атап көрсетеді.
Дегенмен, тарихшы-ғалымдардың көрсетуінше, VIIІ-Х ғасырларда, алғашында Ертіс өңірінде көне түрік тілдес көлемді топ – қимақ-қыпшақ тобы қалыптасса, ХІ ғасырдың басынан бастап, бұрынғы қимақ-қыпшақ және куман тайпалары қоныстанған аумақта әскери-саяси үстемдік қыпшақ хандарының қолына көшкен. Яғни, қыпшақтар билігінің Арал өңірі мен Сырдария бойындағы аймақтарына таралуына байланысты этникалық саяси жағдайдың өзгеруіне қарай ХІ ғасырдың ІІ ширегінің басында «Оғыздар даласы» деген атаудың орнына «Қыпшақтар даласы» (Дешт Қыпшақ) деген атау пайда болған.
Тарихи зерттеулер қыпшақтар конфедерациясы тайпалық құрамының ХІ-ХІІ ғасырларға қатысты құрылымы өте күрделі және әртекті болғанын барынша айқын көрсетеді. Онда қыпшақ тайпаларымен қоса, түркі тілдес қимақ, куман, печенег, ертедегі башқұрт, оғыз тайпалары, сондай-ақ иран тілдес этникалық жіктердің түркі тілдес элементтері жинақталған.
Осымен байланысты «Қазақстан тарихында»: «Тегінде топтасу мен бірігу негізінде туыстас қыпшақ тайпалары одағынан халық болып ұйысу үрдісі жүріп жатқан болса керек. Қыпшақ мемлекетіне ұйымдасқан қыпшақтар халықтың қалыптасу сатысында бірқатар жағдайларда өздерінің қол астындағы халықты сіңістіре отырып, кең байтақ аймаққа таралуға қабілетті болып шықты», – деп тұжырымдалады [21, 427].
Сонымен, Қазақстан аумағында қыпшақ халқының қалыптасуын этникалық аумақ, шаруашылықты жүргізу түрлерінің біртектестігі, қоғамдық қатынастар жүйесі мен тіл бірлігі жәрдемдескен этникалық-мәдени белгілердің жымдасу үрдісі жеделдете түсті. Қыпшақтардың әртүрлі этникалық топтармен өзара тығыз іс-қимылы этникалық қауымдастыққа әсер етті.
Осыған орай «қыпшақтардың саяси салмағының барған сайын өсе түсуіне байланысты көптеген тайпалар мен этникалық топтар өздерінің біртұтас этносқа жататындығын ұғынып, қыпшақ этнонимін қабылдады және өзін-өзі қыпшақтар деп атай бастады» [21, 428].
Бұл пікірді «Қазақ тілі қашан пайда болды?» деген мәселеге қатысты тілші-ғалым А.Ибатов былай деп сабақтайды: «Моңғол шапқыншылығына дейін (ІХ-ХІІ ғғ) бұл конфедерация қыпшақтардың мемлекетінің құрамына кірді де, онда жалпы ортақ тіл ретінде қыпшақ тілі қызмет етті. Қыпшақтардың тілі ХІІ-ХІV ғғ Алтын Ордада ресми және әдеби тіл ретінде қолданылды. Кейінірек Астрахань, Қазан, Ноғай хандықтарының, сонымен бірге Өзбек, Қазақ одағының тууына байланысты қыпшақ бірлестігі жеке халықтар тілдеріне ыдырап кетті» [22].
Түркітануда қазіргі мына тілдер түркі тілдерінің қыпшақ тобын құрайды деп көрсетіледі: қарайым, құмық, қарашай-балқар, қырым татары, татар, башқұрт, қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдері. Түркітануда қыпшақ тілдері үш топқа жіктеліп қарастырылады:
1) Половецтік: қарайым, құмық, қарашай-балқар, қырым татарларының тілі.
2) Бұлғар: татар, башқұрт.
3) Ноғай: ноғай, қазақ, қарақалпақ.
Қазақ тілін диахрондық тұрғыдан зерттеуші ғалымдар атап өткендей, қазақ тілі лексикасының қалыптасу, жіктелу барысын түсіну үшін қыпшақ тілі мен текстерін көрсететін еңбектерді аттап өту мүмкін емес. Қазақ тілі тарихи грамматикасының негізін салушы зерттеушілердің бірі профессор М.Томанов солардың ішінен ең негізгілері деп мына шығармаларды атап көрсетеді:

  1. Диван-луғат ат-түрік – Махмұт Қашқари

  2. Құдатқу білік – Юсуф Баласұғын

  3. Терджуман туркий уа гараби

  4. Китаб әл-идрак лилисан әл-атрак – Абу Хайиан

  5. Китаб ад-дурра ал-мудия филлуғат ат-туркия

  6. Китабу ат тухфати аз-закийя фи-л-луғати ат-туркия

  7. Джамал-ад-Дин Абу Мухаммед Абдуллах ат-турки. Китаб-булгату алмуштак фил луғати ат-турки ва-л кыфчак

8. Ибн Муханна сөздігі. Китабу Хулийат уль-инсан ва хулват ул-лисан т.б. [23, 8-11].
Сонымен бірге осы еңбектерді зерттеушілердің бәрі де олардың таза қыпшақ тілінде жазылмағандығын атап өтеді. Атап айтқанда, қыпшақ тілдері ежелгі түркі тілінің қойнауында дамығандықтан, ол еңбектер негізінен аралас оғыз-қыпшақ тілінде жазылған деп есептеледі. Оған, мысалы, 1069 ж. Жүсіп Баласағұн жазып бітірген түркі тіліндегі ең ескі әдеби ескерткіш «Құдатқу білік» дәлел бола алады. Осындай ескерткіштерді зерттеуші белгілі маман Э.Наджиптің пікірінше, «Құдатқу біліктің» пайда болуының алдында ұзаққа созылған дайындық кезеңі болған. Сол кезеңде ұйғыр, қарлұқ және басқа тайпалар мен ұлыстардың (олардың ішінде оғыздар маңызды орын алған) тілдерінің негізінде жазба түркі тілі қалыптасқан [24, 6].
Бұл поэманың пайда болуы және қараханидтердің мемлекетінен де тыс кең таралуы жазба түркі тілінің қалыптасуына жағдай жасады. Сондықтан да 1074 ж. түркі тілдерінің атақты сөздігі М.Қашқаридың «Дивану луғат ит-түрктің» жазылып бітуі әбден заңды. Егер «Құдатқу біліктің» тілі түркі тілдерінің d~z тобына жатса, «Диванда» d~j тобына да қатысты лексикалық материалдар келтірілген.
Сондықтан да аталмыш сөздіктің баға жетпес деректері түркітануда түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи лексикологиясының негізін салды деп бағаланса, «Этнолингвистиканың негіздерін» түсіндіруге арналған еңбегінде профессор М.М.Копыленко: «Өзінің айқын этнолингвистикалық бағыты тұрғысынан М.Қашқаридың сөздігін Шығыс пен Батыстың еш лингвистикалық еңбегі қайталай алмайды», – деп атап көрсеткен [18, 5].
Қазіргі күнге жеткен келесі еңбек – түркі әдебиетінің белгілі түркі дәруіші Ахмед Яссауидің өлеңдері. А.К.Боровковтың пікірінше, «қарлұқ-ұйғыр тобына (d~z) жататын «Құдатқу біліктен» «Хикметтің» айырмашылығы: оның тілінің негізі – қыпшақ тілі (-j). Бірақ ол оған оғыз тайпалары мен «Құдатқу білік» заманының әдеби дәстүрлерінің әсері тиген жоқ деген сөз емес. Бірақ бұл қарлұқ-ұйғыр тіліне қарама-қарсы басқа оғыз-қыпшақ тілінің құралуына кедергі келтіре алмады» [25, 247-250].
Осы дәуір ескерткіштерін зерттеген арнаулы зерттеулер, жоғарыда көрсетілгендей, шолу түркі әдеби ескерткіштері тілі қалыптасуының алғашқы кезеңінің әртүрлі тайпалар тілінің араласып жатуымен сипатталатынын көрсетеді. ХІV ғасырдан бастап жазба түркі тілдерінің даму тарихында жаңа кезең басталып, ол алтынорда-мысыр және алтынорда-хорезм екі бұтағына бөлінеді.
Мысыр жері мен Алтын Орда территориясында, атап айтқанда, Сырдарияның төменгі ағысында қыпшақ-оғыз тілінде туған ескерткіштерді салыстыра келіп, Э.Н.Наджип: «Бұл ескерткіштердің тілінің негізі – оғыз тобына кірген бір тілдің, анығырақ айтқанда, диалектілердің әсеріне ұшыраған қыпшақ тілі. Осылайша, ХІV ғасырда Алтын Орда мен Мысырға ортақ «j» тобындағы қыпшақ-оғыз тілі қалыптасқан», – деген тұжырым жасайды [26, 81].
Бұл уақыттың ескерткіштері – Хорезмидің «Мухаббат намесі», Құтыптың «Хұсрау мен Шырыны», Сараидің «Гулистаны» және т.б.
Көрсетілген шығармалардың тілдік деректерін тәптіштеп зерттеу әдеби тілдердің қалыптасу тарихын, олардың бір-біріне ұқсастығы мен айырмашылығын түсінуге, түркі тілдерінің тарихи және ғылыми грамматикасын жазуға, тарихи және түсіндірме сөздіктерін құрауға, тарихи лексикология мен этнолингвистиканың негізін жасауға көмектеседі.
Осы саладағы А.Зайончковскийдің, А.К.Боровковтың, А.Н.Кононовтың, А.М.Щербактың, Э.Н.Наджиптің, Э.И.Фазыловтың, Ә.Құрышжановтың, М.Томановтың, Ә.Ибатовтың, Б.Сағындықұлының, Ә.Керімовтің, М.Сабыровтың, А.Салқынбайдың, Ж.Тектіғұлдың т.б. еңбектері түркітануда лайықты орындарын алды. Қыпшақ тобының лексикасын салыстыра қарастырған академик К.М.Мусаевтың, түркі тілдерінің тарихи фонетикасын, грамматикасын салыстыра шолып зерттеген профессор М.Томановтың зерттеулерінде түркі тілдерін салыстыра зерттеудің негізі жасалды деуге болады. Осымен байланыстыц қазақ тілі лексикасының қыпшақтық қабатын ажырату және анықтау, тектес материалдарды теңестіру, инварианттарды салыстыру т.с.с. әртүрлі мәселеге қатысты ғалымдардың істеп жатқан жұмыстары қазақ тілі лексикасын және оның қалпына келтіріліп отырған ежелгі мәдени атауларын даму үстіндегі өлшем ретінде қарастыруға болады деп топшылауға мүмкіндік береді. Себебі, жалпы қыпшақтық тілдік модельдердің сипаты тілдің барлық деңгейлерінде де көріне береді. Бірақ тілдің дамуының сенімді теориясын жасау үшін нақты тілдік деректер белгілі бір жүйеге негізделген кең түрдегі зерттеулерді талап етеді. Тек соның негізінде ғана қыпшақ лексикасының жалпы түркілік қордан бөлініп шығып қалыптасуы және одан әрі қарай жеке тілдерге ыдырауын айқындай аламыз.
Осы тұрғыдан алғанда қазақ жұртының этногенездік тарихи көздері мен түркі тілдері жүйесіндегі орнын айқындауға байланысты қыпшақтық негізін тарихшылар белгілеп бергенін жоғарыда атап көрсеттік. Дегенмен, қазіргі тіл білімінде тілді зерттеудің кешенді, біртұтастық (концептуалдық) үрдісі ерекше қарқын алып жатқан кезеңде тарихи деректер мен тіл арқылы сақталған этномәдениет атаулары дәйекті қызмет атқарып, зерттеу нәтижелерін жаңа деңгейге көтермек.
Атап айтқанда, қазіргі таңдағы зерттеу үрдісі осы уақыттың ескерткіштері – Хорезмидің «Мухаббат намесі», Құтыптың «Хұсрау мен Шырыны», Сараидің «Гулистаны», Махмуд бин Әлидің «Нахдж әл-Фарадисі» жазба жәдігерліктерін тұтас бір жүйе ретінде қазақ тілімен сабақтастыра зерттеуімен ерекшеленеді. Мысалы, зерттеуші М.Сабыров «қыпшақ тілінің мұрагері, жалғасы» деген ұғымдарды, идеяны дәлелдеу үшін Алтын Орда дәуірі жәдігерліктерінің қазіргі қазақ тіліне қатысы қаншалықты дәрежеде екенін, орта ғасыр жазба ескерткіштерінің лексикасының тұтас жүйесін қазіргі қазақ тілі лексикасымен салыстыра зерттеп, ұқсастықтар мен айырмашылықтар шегін, ортақтастығының ара салмағын, инновациялық сипатын кең көлемде анықтау арқылы байыпты, ғылыми тұрғыдан анықтауды мақсат еткен. Бұл жолда автордың сүйенгені – терең де жан-жақты теориялық-әдістанымдық негіздер және тұтас жүйе ретінде қарастырылған, салыстырылған бай көлемді нақты тілдік деректер [27].
Қазақ тілінің тарихи дамуы мен қалыптасуын, сонымен сабақтас мәдениетін анықтау барысында қыпшақтық және ежелгі элементтердің көздері ретінде қыпшақ ескерткіштерін қазақ тілімен сабақтастыра зерттеудің мәні ерекше. Осыған байланысты ғалымның мына тұжырымы осы тектес зерттеулердің мәнін ашып береді деп ойлаймыз: «Қазіргі қазақ тілі бастауын сонау ежелгі түркі заманынан алатын, тарихи сан-салалы қат-қабаттардан тұратын байырғы түркі тілдерінің бірі екені даусыз. Оның әр дәуіріндегі сөз қабаттары халықтың өмір тіршілігін (ерекшелеген біз – Ж.М.) көрсететін тілдік айшықтар болғандықтан, олардың даму кезеңдерін анықтау, қалыптасу, өзгеру, даму үрдістерін зерттеу тілдің қазіргі сипатын анықтай түсуге сара жол ашады. Қазақ тілінің сондай бір қабаты – орта түркі тілі, яғни ХІV ғасыр жазба ескерткіштері. Сондықтан қазақ тілі лексикасының даму жолдарын мұрағаттар тілінен оқшау қарастыруға болмайды» [27, 54].
Қазақ тілінің тарихи мәні мен қалыптасу арналарын айқындауға жол ашатын бұл тектес зерттеулер Қазақстан Республикасының мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламаларымен тығыз байланысты нақты нәтижелер деп бағалануы тиіс. Сонымен бірге зерттеушінің: «Бұл кезеңдегі мұралардың тілінде оғыз, қыпшақ, ұйғыр элементтері мидай араласып жатыр және олар диалектілік белгілер ғана. Олардың лексикасындағы ортақтықтар мен ұқсастықтар деңгейі 60-70 пайыз болса, айырмашылықтар көлемі 20-30 пайыздан аспайды. Осындай сәл-пәл ерекшеліктерге бола тұтас тілді жоғарыдағыдай бірнеше тілге жіктеген Э.Н.Наджиптің тұжырымы, біздің ойымызша, құптарлық іс емес. Белгілі ғалымның осындай пікірі кейінгі зерттеулерге әсер еткені соншалық, түркітануда жазба жәдігерліктерді жеке өз ұлтына телу, иемдену әрекеті өршіді. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметін» бір ғалымдар түркімен тілінде жазылған десе, енді біреулері өзбек тілі тарихымен тікелей байланыстыра қарайды» [27, 10] деген және ХІV ғасырда жазылған жазба ескерткіштердің қазақ тіліне нақты қатысын тарихи сабақтастық негізінде айқындауға қатысты: «Бұған дейін қазақ тілінің жазба мұрағаттар тіліне қатысы туралы жалпылама, сипаттама пікірлер айтылған, ендігі кезекте жазба ескерткіштер тілін тұтас алып, қазақ тілімен салыстыру, нақты тілдік материалдарды сөйлету, сөздердің қолдану өрісіне, мағынасына, дыбыстық ерекшелігіне баса көңіл аудара отырып зерттеу қажет», – деген [27, 13] тұжырымдарын тіл тарихы, мәдени қазына ретіндегі мұраларымызға қатысты жаңаша сипаттағы көзқарас деп бағалауға болады. Бұл мәселеге қатысты жоғарыда аталған тұжырымдарын зерттеуші Ә.Құрышжанов, Ә.Қайдар, Б.Сағындықұлы, Б.Әбілқасымов, Ә.Керімов т.б. ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып негіздейді де, орта ғасыр ескерткіштерінің дерек көздерінен жинақталған нақты да мол тілдік деректерді қазақ тілімен сабақтастыра салыстырумен дәйектейді.
Осыған байланысты М.Б.Сабырдың еңбегінде тұжырымдалған «орта түркі тілі» терминін ХІV ғасыр жазба мұраларының тілін тұтас тілдік жүйе ретінде қазақ тілі лексикасымен сабақтастыра зерттеудің нәтижесі дейміз. Себебі ғалым академик Н.Т.Сауранбаевтың: «Қазіргі қазақ тілі көне қыпшақ тілінің жаңа (соңғы) заман кезіндегі жаңа жағдайға байланысты өсіп, өркендеген түрі», – деген жалпы жорамал сипатта айтылған пікірін М.Сабыр өзінің зерттеу нысанына сәйкес нақты тарқатып, мынадай қорғау тұжырымын ұсынады: «ХІV ғасыр жазба ескерткіштерінің (НФ, ХШ, Мн, Г) жазылу уақыты қазақ тілінің ұлт тілі ретінде қалыптасу кезеңімен сай келеді. Ал аталмыш ескерткіштер лексикасының өзара айырмашылықтарынан гөрі ұқсастықтары мол, бір жазба дәстүрге негізделген, сондықтан біртұтас (монолитті) жүйе ретінде қазақ тілімен салыстыра зерттеу көптеген тың тұжырымдарға жетелейді» [27, 19].
Бұл тектес жұмысты әрі қарай дамыту мәселесі қазақ тіл білімінде күн тәртібінен алынған жоқ.
Қазақ сөздеріндегі (соның ішінде мәдени лексиканың) қыпшақтық және ежелгі элементтерді зерттеудің қазақ тілінің тарихи лексикологиясын дамыту үшін қажеттілігі дау тудырмайды. Оны қазақ тілінің тарихи дамуы мен қалыптасуындағы аса құнды материал және көздерінің бірі ретінде қарап, қазақ тіл білімінің ғалымдары бұл бағытта елеулі істер атқаруда. Бұл еңбектердің ғылыми тұжырымдары мен талданып келтірілген тілдік деректері қазақтың мәдениетін бейнелейтін лексиканың да ұлттық болмысын тануға, этнолингвистикалық табиғатын анықтауға қызмет ететіні сөзсіз.
Олардың тұжырымдары мен нәтижелерін пайдалана отырып, жоғарыда көрсетілген мақсат жолындағы қазақ лексикасының тақырыптық топтары мен тілдің шегіндегі лексиканы (периферийная лексика) салыстырмалы-тарихи жолмен талдап, олардың жалпытүркілік және қыпшақтық қабаттарын анықтауға, этномәдени мазмұнын сипаттауға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет