Байланысты: антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)
ә) Қыпшақтық қабат Бұрынғы кеңестік түркітануда қыпшақ тілдерінің лексикасы, оның лексико-семантикалық топтары жөнінде еңбек аз жазылған жоқ. Соның бірі лексикалық құрамы қазіргі қыпшақ тобындағы (әсіресе Орта Азия аймағындағы) тілдердің лексикасымен толық ия ішінара ортақтығымен ерекшеленетін қазақ тілінің де лексикалық құрамын зерттеуге қазақ тіл білімі дамуының барлық кезеңінде назар аударылып отырды. Лексикологияның жекелеген мәселелерін қарастырған ғылыми еңбектер, әртүрлі сөздіктер жарық көрді. Түсіндірме сөздік пен диалектілік және ономастикалық, терминологиялық лексиканың қорын жасау мақсатындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында миллиондаған карточка тізілді. Сонымен бірге сөздердің семантикалық және тақырыптық топтары бойынша да зерттеулер жүргізілуде. Сондықтан қазақ тілі лексикасы тарихи тұрғыдан туыстас түркі тілдерімен, ескі жазба ескерткіштерімен, тіл дамуындағы әртүрлі тілдік деңгейлердегі тарихи сілемдермен салыстырылып, диахронды түрде талдауды қажет етеді.
Енді олар жалпытүркілік тұрғыдан типологиялық жалпылау, зерттеу жұмыстарын күтуде. Оның басталуын түркі тілдерінің лексикасын зерттеуші К.М.Мұсаевтың «Лексикология тюркских языков» атты монографиясымен байланыстыра қараған жөн секілді. Аталған еңбекте қыпшақ тілдерін, оның ішінде батыс қыпшақ тобының лексикасын салыстыра қараған осы бағыттағы зерттеулердің негізі жасалды деп қарауға болады [32].
Осы орайда қазақ тілінің лексикалық құрылысының дамуын жеке бөліп қарастыру мүмкін емес. Себебі жалпы қыпшақтық тілдік модельдердің сипаты тілдің барлық деңгейлерінде де көрініс береді. Бірақ тілдік дамудың сенімді теориясын жасау үшін нақты тілдердің зерттелуінің мәні ерекше. Бұл қазіргі лингвистика ғылымы деңгейінің осы ия басқа тілдік мәселелердің теориялық шешімдерін ғана емес, сонымен бірге нақты тілдік деректерге негізделген кең түрдегі зерттеулерді талап етеді. Бұл тұрғыдан тілдің лексикалық деңгейі жай тілдік деректердің жиынтығы емес, ұлттың мәдени болмысын айғақтайтын таусылмас көз. Олар этнолексиканы жаңғыртатын теориялық және практикалық міндеттерге сәйкес тілдің дамуын және қалыптасу процесін бақылауға көмектеседі. Бұл арада өткенді шолу жасайтын кең түрдегі талдау амалын қолданған орынды. Атап айтқанда, әңгіме қыпшақ лексикасының жалпытүркілік қордан бөлініп шығып қалыптасуы және одан әрі қарай нақты тілдерге ыдырауы туралы болып отыр.
Қазақ тілі лексикасының да негізгі өзегі басқа түркі тілдерінікі сияқты мынадай маңызды қолданыс аяларымен байланысты сөздерде көрінеді: рухани байлық, материалдық болмыс, табиғат құбылыстары, фауна және флора, еңбек құралдары, ағза атаулары т.б.
Соның ішінде қыпшақ тілдеріндегі лексикалық тұлғалардың байырғылығын және біркелкілігін жан-жақты көрсететін бірден бір сала – күнделікті тұрмысқа қажетті, материалдық мәдениетке қатысты зат атаулары.
Материалдық мәдениеттің сан қырлы салаларына қатысты қыпшақ тобына жататын тілдерде қалыптасқан атауларға тарихи-этнолингвистикалық зерттеу жасау өте күрделі еңбекті талап етеді.
Диахрондық деңгейде істелген жұмыстардың барысында оның ежелгі негізі қазіргі түркі тілдерінің бәріне ортақ ата түркі тілімен сабақтасып жатқанын көреміз. Сонымен бірге бұл сала Алтын Орда мен Қазан кезеңінде бірқатар инновациялық әсерлерді басынан кешірді. Жеке тілдерге ыдыраған келесі кезеңдерде ол прцесс күшейіп, кейін кірме сөздермен де толықты.
Түркітанудағы қазіргі компаративистика деңгейі ата түркі, жалпытүркі, тіларалық салыстыру жұмыстарын жүргізіп, әртүрлі атаулардың тарихи дамуына барлау жасауға көмектеседі. Бұл бағыттағы тарихи-салыстырмалы зерттеулер қазақ тілінің басқа түркі тілдерімен тарихи қарым-қатынас негізіндегі ішкі және сыртқы даму тарихын аша түседі.
Мәдениетке қатысты қазақ тілінің лексикасында сол тілде сөйлеуші халықтың қоғамдық қатынастарындағы болып жатқан өзгерістер көрініс беріп отырады. Туыс тілдер арасындағы белгілі бір атауға байланысты айырмашылықтардың кездесуі мәдениетке қатысты атаулардың өзгермелі лексико-семантикалық жүйе екендігін дәлелдейді. Дегенмен, түркі тілдерінің қыпшақ бұтағы ата түркі тілдің көптеген көне негіздерін өз бойында сақтап қалғаны байқалады.
Орта түркі кезеңінің тілдік деректерінен орасан зор мәлімет беретін ең құнды еңбек – М.Қашқари сөздігінің материалы негізінде жинақталған, материалдық болмысты бейнелейтін мына атаулардан олардың тарихи-мәдени және этнолингвистикалық құрылымын көруге болады: