Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе


Қазақ тіліндегі МЛ-ның тарихи қабаттары



бет42/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   248
1.4 Қазақ тіліндегі МЛ-ның тарихи қабаттары.
а) Жалпытүркілік қабат
Қазақ тілі лексикасының қалыптасуын тарихи тұрғыдан қарастырсақ, қазақ халқы жеке ел болып, халық ретінде қалыптасқанға дейін-ақ халықтың тілдің қалыптасу нышандары, оның тарихи негіздері мен арналары өз бастауларын көне дәуірден, атап айтқанда, жалпы түркілік кезеңнен алатынын байқаймыз.
Салыстыра зерттеп барласақ, көне түркі жазба нұсқаларында байқалатын басты-басты тілдік нормалар мен заңдылықтар қазақ тілінің де негізі болған. Атап айтқанда, сөздік құрам, грамматикалық құрылыс, фонетикалық жүйе, негізінен, көне түркі тілінде қалыптасқан.
Бұл жағдайдың ана тіліміздің лексикасының басты саласы – мәдени лексиканың қалыптасуына да тікелей қатысы бар.
Оның әртүрлі салаларына қатысты қазіргі түркі тілдерінің бәрінде дерлік кездесетін (дыбыстық, морфологиялық өзгерістерді есептемегенде) ортақ лексика өз бастауын ата түркі тілінен алады да, жалпытүркілік қабат құрайды.
Қазіргі қазақ тіліндегі жалпытүркілік қабат түбір және тарихи туынды сөздерден тұрады. Олардың ата түркі дәуіріндегі жалпытүркілік ежелгі түрін салыстырмалы-тарихи негізде жаңғырту арқылы байырғы қалпына келтіруге болатыны түркітануда анықталып отыр.
Жалпытүркілік лексиканың айырмашылығы, негізінен, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, дыбыстық және морфологиялық (құрылымдық өзгерістер) деңгейлерді қамтиды да, семантикалық тұрғыдан жалпытүркілік біркелкілік сақталған. Қазіргі түркі тілдерінің көптеген грамматикаларының лексика бөлімінде, басқа да әртүрлі зерттеулерде мәдениетке қатысты жалпытүркілік атаулардың сан түрлі саласы көрсетілген. Қазақ тіліндегі олардың жалпытүркілік қабатын айқындау байырғы (базистік) лексиканың мағынасы мен құрылымын фоно-морфо-семантикалық корреляция негізінде қатар зерттеу арқылы анықтаудан басталады [28].
Ал, байырғы сөздік қордың фоно-морфо-семантикалық құрылымы бірдей емес екендігі белгілі. Сондықтан да академик Ә.Т.Қайдаровтың үлкен монографиясының көздеген мақсаты – түбір моносиллабтардың фоно-морфо-семантикалық табиғатын ашу. Онда қазақ тілінің байырғы лексикалық байлығының негізін құрайтын бір буынды түбірлер-негіздер талданып, сипатталады. Осы кітаптың қосымша сөздігінде жеке қолданылатын моносиллабтар ғана емес, тарихи туынды түбірлерде «сүрленіп» қалған, мағынасы күңгірттенген «өлі» түбірлер де берілген. Мәселенің бұлайша қойылуының маңыздылығы әрбір түркі тіліндегі «бір буынды түбір-негіздер бүкіл базистік лексиканың өзегін құрайтындығымен» түсіндіріледі [29, 11].
Сол сияқты лексиканың номинативтік және этимологиялық қырларының тарихи қалыптасуында дыбысбейнелеуіш сөздердің де рөлі үлкен екені белгілі. Осы орайда бұл құбылысты арнайы зерттеген проф. К.Ш.Хұсайынның еңбегі оның салыстырмалы талдау көлемін кеңейтіп, дыбысбейнелеуіш бірліктерді функционалдық та, тарихи да тұрғыдан қарастырады [30]. Соның нәтижесінде тілдік фактілердің дыбысбейнелеуіштік тегі анықталып, қазіргі қазақ тілінің лексикасының дыбыстық, морфологиялық және семантикалық ерекшеліктеріне дыбысбейнелеуіштік құбылыстың тигізер әсері айқындалған. Осы мақсатта ғалым алғаш рет қазақ тілі материалы негізінде бір және екі буынды түбір-негіздер деңгейінде дыбыс бейнелеу мәселесін зерттейді.
Сондықтан біз осы жұмыстың мақсаты мен тақырыбына байланысты мәдениетке қатысы бар лексиканың жалпытүркілік қабатын анықтауда атап көрсетілген еңбектерді ғылыми-әдістемелік негізі ретінде пайдаланып, тарихи негізін көрсететін «Ескі түркі сөздігінің» деректеріне жүгінуді жөн көрдік. Соның барысында, біріншіден, атап көрсеткеніміздей, көне жазба нұсқаларындағы атаулардың қазіргі тілде өзгеріссіз сақталуы көрінеді: altun: altun kümüš kerjäksiz kelürti «олар алтын мен күмісті көп мөлшерде жеткізді» [ЕТС, 40]; belbay: altunluy belbayi birlä jiyačqa bayladi «алтынмен әшекейленген белбеумен ағашқа байлады» [ЕТС, 93]; eb // ev // üy // üv: bašmil jayidip ebimru bardi «бізге жау болған басмылдар менің үйімді (тұрағымды) шапты» [ЕТС, 162]; jalma: jaraqinta jalmasinta jüz artuq odun urti «оның сауыты мен желбегейіне жүзден аса жебе тиді» [ЕТС, 229]; jejim: ešäkni berginča bu jejimni jesün «есекті бермес бұрын ол жемін жеп алсын» [ЕТС, 253]; kidiz: ki[d]izig subda soqmiš «киізді суға салып қойды» [ЕТС, 306]; ujuq: bir qai bir ujuq čaruq «бір пар шарыққа бір ұйық» (шұлық) [ЕТС, 608]; sünüg: sünü qilič taz … bogda temir berka ort jalin bilan belgurtup «жалынмен бірге сүңгісін (найзасын), қылышын, тәжін, қанжарын көрсетіп ...» [ЕТС, 517]; oq: bir erig oqun urti «бір кісіге ол оқ тигізіп құлатты» [ЕТС, 368].
Міне, бұл тізбекті әрі қарай жалғастыра беруге болады. Бірақ осы мысалдардың өзінен-ақ мағынасы қазіргі тілде де түсінікті, көбіне қолданыста жүрген материалдық мәдениетті бейнелейтін көптеген атаулардың ежелгі түркілік дәуірде-ақ қалыптасқаны көрінеді. Оны жете түсіну үшін біз келтірілген мысалдарды әдейі контексте алып көрсеттік.
Дегенмен, көне түркілік жазбаларда қазірде қолданылмайтын кейбір зат атаулары да кездесіп, зерттеушіні тарихи-лингвистикалық қызықты ойларға жетелейді. Мысалы: ayi: bir tümän ayi altun kümüš kergäksiz kelurti «он мың (шексіз) мөлшерде қымбат заттар, қазына алтын, күміс жеткізді» [ЕТС, 17] немесе gazina uzasa kümüš ham ayi «қазынада күміс пен қымбат тас көбейсін».
Осы қолданыстардың мағынасынан ayi < ақша немесе ayi < ақық жақындығын жорамалдауға болатын секілді. Isigti: altun kümüš isigti qutaj bunsiz anča berur tabyar bodun «қайғырмай-ақ соншама алтын, күміс, масайтатын сусындар берген табғач елі ...» [ЕТС, 213] (яғни isigti ~ ішімдік); sürmä: jig et as sürmä tilädi «ол шикі ет, ас жеп, шарап ішкісі келді» [ЕТС, 518] немесе türlüg ašlar, türlüg sürmälär čubujanlar qimizlar ač[a]dilar ičtilär «олар түрлі тағам, түрлі шарап ішті, ет жеп, қымыз ішті» [ЕТС, 518]. Sürmä aтауының қалыптасуы, біздің ойымызша, sür деген «қуу, тарту, сүйреу, шығару» түбірімен байланысты. Ton: бұл атаудың көне жазба нұсқаларындағы қолданысы мен қазіргі тілдердегі қолданысында айырмашылық бар екені байқалады. Атап айтқанда, қазір нақты бір киім атауы ретіндегі «тон» сөзі ескі түркі тілінің деректеріне сәйкес «киім» мағынасында кеңінен қолданылған: jani ariy ton kedip «жаңа таза киім киіп» немесе opraq ton «ескі киім» [ЕТС, 574]. Одан туынды сөздер де жасалған: tonan «киіну», tonat «киіндіру», tonandur «кигізу», сол қатарға мәндес келетін қос сөздерді де жатқызуға болады: ton kedim, ton opraq, ton tolum – «киім», tonči – «тігінші», tonluy – «киімді, киімдік», tonsiz – «киімсіз, шешінген» [ЕТС, 574].
Сонымен қатар тон сөзінің тіркесуі арқылы киімнің жіктеу атауларына да негіз болуы өте қызықты. Мысалы: іč ton «іш киім» (штан), kedim ton «бір киер қонақ киім», qulaq ton «қысқа жеңді киім», tul ton «жесірдің киетін қаралы киімі» т.б.
Осы келтірілген ескітүркілік деректердегі «тон» сөзін қазіргі тілімізде кеңінен қолданылатын ки, киім тұлғаларымен салыстыруға болады: ton – киім, tonan – киін, tonat – киіндір, tonandur – кигіз, ton kedim, ton opraq, ton tolum – киім-кешек, tonluj – киімді, tonsiz – киімсіз.
«Тон» сөзінің көне жазбалардағы кең мағынасы қазақтың ауыз әдебиеті мен жырауларының туындыларында да сақталған:
Жағаласса жыртылмас
Ерлердің жеңсізден игі тоны болар ма?
(Шалкиіз // Бес ғасыр жырлайды, 41).
Мұнда жеңсіз дегені – бір киімнің (тонның) түрі.

Жиған малың тәрік етер


Атың, тоның (киімің – Ж.М.) бұлды етер.
(Бұл да сонда, 42).

Қыздарына қызық ала тон (киім – Ж.М.) кигізіп,


Қырмызыға малдырып ...
(Сонда, 97).
Мына бір жай көңіл аударарлық: Ескі түркі сөздігінде ton kedip, ton kedim деген плеонастық тіркес те қолданылады. Яғни бұл деректер бойынша көне түркі тілінде тон киетін заттың атауы да, киім соны киюдің немесе қимылдың атауы. Демек, тіл дамуы барысында қимыл атауы заттық атауға ауысқан да, тон сөзінің бірте-бірте кең мағынасы тарылып, нақты киімнің бір түрінің атауында ғана сақталып қалған. Бұл қазақ тілінің қорындағы байырғы сөздердің адам қоғамының тарихындағы, мәдени, шаруашылық өмірге тікелей қатысты болуымен байланысты. Нақты айтқанда, кейіннен тон киімге қатысты бірден-бір материал болудан қалды.
Сонымен, «Ескі түркі сөздігінде» ортақ арнаны – ата түркілік негізді айғақтайтын руникалық ескі-орта түркі ескерткіштерінің тілдік деректері жинақталған. Көптеген түркітанушы ғалымдар руникалық ескерткіштердің құрылымдық-генетикалық табиғатын қазіргі тілдермен жақындастырады (оның ішінде қазақ тілімен де). Олардың ішінен С.Е.Малов пен Э.Р.Тенишевтің пікірлері ерекше. Оның негізі – «руникалық жазуларды қолданғанға дейін де түркі тілдес тайпалардың диалектілерден жоғары тұратын ортақ сөйлеу тілінің түрі болған» дегенге саяды. Э.Р.Тенишев: «VІІ-VІІІ ғғ. әртүрлі түркі тайпалар одағы (оғыздар, ұйғырлар, қырғыздар, қыпшақтар және т.б.) руника жазуын бірегей әдеби үлгі ретінде қолданды. Әрине, әрбір тіл күнделікті қарым-қатынаста өзінің халықтық ауызекі тілін пайдаланды: оғыздар мен қыпшақтарда ол – j-тілдер, ұйғырларда d-тіл, қырғыздарда – z-тіл болды», – деп жазды [31].
Осы пікірлерге сүйене отырып, қазақ тілінің мәдениетіне қатысты оның лексикасындағы қыпшақтық қабатты анықтау жұмысын да осындай көне түркі жазба нұсқаларына, атап айтқанда, қыпшақ тілдер тобына тікелей қатысы бар орта ғасыр ескерткіштерінің деректерін салыстыра барлау арқылы жүргізуге болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет