42-тапсырма. Нақ осы шақтың астын сызып, олардың түрлерін (дара, күрделі) ажыратыңыздар. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту – Қазақстан Республикасы халықтарының көкейкесті проблемаларының бірі болып отыр. Болашақ мамандар үшін қазақ тілін білу міндетті болып отыр. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу қолға алынып, іске асырылып жатыр. Мейман сол баяғы сұлқ қалпы үнсіз жатыр. Шеке тамыры әдеттегідей білемденіп тұр. Құрт қайнап, буы бұрқырап, ірімшік пісіп жатыр (Ә. Кекілбаев).
Адамдар мен түйелер міз бақпай, сап түзеп тізіліп тұр. Ертең күзде Хиуаға жылқы сатуға жүргелі отырмын. Орнынан ыршып атып тұрды. Бүгінгі сөзіңізге таң қалып отырмын. Екі шатқалдың арасында тұрмыз. (Ғ.М.). Біз оны халықтар арасындағы достықтың бастауы, олардың ынтымақтастығы мен береке бірлігінің тірегі ретінде қастер тұтып отырмыз. Бірақ сол заманның шырмауынан шыға алмаған ол ілім – бізге жетпіс жылдан соң ғана оралып отыр.
43-тапсырма. Көп нүктенің орнына нақ осы шақ (дара, күрделі) жасап тұрған сөздерді тиісті орындарына қойып, сөйлемдерді толықтырыңыздар. Қазақ тілі – дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында .......... . Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе ......... .......... . Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, отанымызды танып білеміз, халық рухының сарқылмас бастауы да сонда .................... . Тіл құрыса, оның халқы да жер бетінен жоғалып кететіндігі туралы ............. .............. . Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толық іске асыру үшін көптеген шаралар жүргізіліп, іске .............. ............... .
Сөйлемдерді толықтыруға керекті сөз және сөз тіркестері: тұр, беріліп отыр, жатыр, айтылып жүр, асырылып отыр.
44-тапсырма. Төмендегі сұрақтарға жауап беріңіздер. 1. Қазақстан Республикасында тіл туралы Заң қашан қабылданды? 2. Қазақстан азаматы неге құқылы? 3. Қазақстанның болашағы – жастар қандай болулары керек? 4. Қазақстан Республикасында қанша ұлттың өкілдері тұрады? 5. Қазақстан қандай елдермен дипломатиялық қарым-қатынас жасайды? 6. А. Байтұрсынов кейінгі ұрпаққа қандай мұра қалдырған? 7. А. Байтұрсыновтың тіл біліміне арналған қандай еңбектерін білесіздер?