Дін туралы арнайы ғылымды - дінтану дейміз. Дінді өзінің негізгі зерттеу нысандарының бірі ретінде қарайтын ғылым салалары көп. Десе де, дінтану ғылымы дінді теологиялық, философиялық-әлеуметтік, биологиялық, психологиялық және этнологиялық (грек тілінде ethnos-халық, logos-ілім) тұрғылардан бөліп қарастырады. Теология (көне грек тілінде teos-құдай, logos-ілім) немесе конфессионалдық ілім (көне грек тілінде konfessio – мойындау, ғибадат қылу; белгілі бір дінді мойындайтын діни бірлестік) адам мен Жаратушының, адам мен Абсолюттің, адам мен біздің түсінігімізден тыс күштердің қатынасын зерттейді, дінді оның қағидаларының өзіне сүйеніп негіздейді.
Дінді философиялық-әлеуметтік тұрғыдан түсіну дегеніміз - оны қоғамдық сана мен дүнитанымның нысаны (формасы), діни мәдениет түрінде көрінуі, белгілі әлеуметтік қызмет атқаратын құбылыс, діни идеология, діни мораль тұрғысынан қарастыру, дін және саясат мәселелерін зерттеу.
Ғылым дінді табиғи инстинкт, өмір үшін күрестің құралы деп санайды және “діндарлық геннің” болуы ықтимал деген болжам жасайды. Осы мәселелерді зерттеуден діннің биологиялық анықтамасы шығады. Қандай дінді алмасақ та оның негізінде адамның сезім дүниесі жатыр. Мұны психология ғылымы зерттейді. Осыдан діннің психологиялық айқындамасы шығады.
Дін этностардың оқшаулану факторларының бірі болып табылады және этнос мәдениетінің қалыптасуында айтулы роль атқарады. Діннің осы қырын зерттеуден, оның этнологиялық анықтамалары шығады.
Жоғарыда айтылғандар - дінді ғылыми тұрғыдан танудың тәсілдері. Бірақ, жеке-жеке алғанда дін деген не, ол қалай пайда болды, хақ дін деп қайсысын айтамыз, деген тәрізді сұрақтарға толық жауап бере алмайды. Теология мен философияның өзі көзқарастар қайшылығы болып табылады. Сондықтан дінді әлемдегі құбылыстарды қабылдау мен түсіндірудің, әлемді тану мен меңгерудің өзіндік жолы, жеке адамдардың және қоғамның маңызды құрамдас бөлігі немесе мәдени феномен тұрғысында қарстыру бізді діннің шын табиғатына бір қадам жуықтата түседі.
Діни қызмет және оның түрлері. Діни қызмет дегеніміз – діни ілімді жинақтап, саралау, түсіндіру жіне тарату, діни идеологияны жасап, орнықтыру.
Діни қызметілімдік және ғұрыптық болады.
Дінді уағыздау, діни оқу орындарында білім беру де - осы қызмет саласының міндеттері. Одан кейінгі құлшылық жасау салттары діни мейрамдарды өткеру, құлшылық жасайтын ғимараттар тұрғызу т.б. діни қимыл-әрекеттерінің бәрі ғұрыптық қызметтер деп аталады.
Дінтану ғылымы да (өзге салалары секілді) діннің негізгі ерекшеліктерін саралай келе, оның қоғамда және адам өмірінде атқаратын қызметтерін (функцияларын) анықтайды. Оларды ерекшеліктеріне қарай негізгі үш топқа бөліп қарастыруға болады:
1. әлеуметтік функциясы - дін қай заманда да қоғамдық процестерді басқару қоғамда тұрақтылық сақтау, ұлттық менталитет қалыптастыру қызметтерін атқарып отырды;
2. адамгершіліктік функциясы - дін жалпыадамзаттық моральдық қасиеттерді насихаттап, индивидтің адамгершілік келбетін өзгертуге үлесін қосады;
3. компенсаторлық - адам қиындық-дағдарысқа ұшыраған кезеңдерде дін көмекке келіп, қайырымсыз дүниені о дүниедегі мәңгілік бақытқа, үмітпен алмастырады, адамға сенім-жігер, рухани күш береді;
4. Реттеуші функция деп жеке адамның, ұжымның, қауым адамдарының белгілі бір идеясын, құндылықтарын, әдет-ғұрып, дәстүр институттар мен адамдардың арасындағы қатынастарды, мінез-құлықтарын, сана-сезімдерін реттейді. Осылай реттеушілердің ішінде ең бір елеулісі белгілі бір жүйелік нормаға (діни құқықтың, мораль және т.б.), үлгімен (көптеген үлгілі нәрселермен), бақылау (әр түрлі ұйғарымды орындау), мадақтау мен жазалаулар болып есептеледі. Бұл функцияны тікелей дінге байланыстырып қарастырсақ, қандай да бір іс-әрекеттер, қатынастар болмасын, оларды құдай атынан, құдай өсиеті мен шариғат арқылы және т.с.с. діни мораль арқылы реттейді. Қазіргі кезде діннің эволюциялық өзгерістерге ұшырауына байланысты азаматтық қоғамдағы тұлға аралық қатынастар реттеу тіршіліктеріне жаңаша әсер еткісі келеді. Діни ұйымдар бейбітшілік және адам құқықтарын қорғауға бағытталады. Мысал ретінде діни ұйымдардың әр түрлі қайырымдылық акцияларын, білім беруге арналған діни жаңа ұжымдардың қалыптасуын, адасқан жандарды құтқару арнасындағы кызметтерді, қатыгездікке қарсы әрекеттерді атап өтуге болады. Қорыта айтқанда, діннің басты «реттеуші» функциясы, адамдық қарым-қатынастарын белгілі бір тәртіпке келтіріп, оның құдіреттілігі мен қасиеттілігіне адамдарды иландыру, сендіру.
5. Діннің интеграциялық – дезинтеграциялық функциясы. Дін арқылы бір жағдайда адамдар одақ құрады, екінші бір жағдайда адамдарды, топты, институтты ыдыратады. Интеграциялық функциясы бір діни көзқарастық формадағы адамдардың бастарын қосады. Егер де діни көзқарас әр түрлі бола бастаса, онда діни қауымдар ыдырап, дезинтеграциялық функциясы орындалады. Қазіргі кездегі интеграциялық функцияны мынадан көруге болады. Миллиондаған мұсылмандар Меккеге қажылыққа барып, бастарын қосып барады, Рим папасының уағыздары жүздеген, мыңдаған топтық аудиторияны жинайды, буддалық мейрам халық ағылып әкеледі.
6. Діннің мәдениетті тарату функциясы – дінді мәдениеттің бөлігі ретінде қарастыру болып табылады. Бұл функция, әсіресе алғашқы қауымдық құрылыста және орта ғасыр заманында үлкен орын алды. Діни ілім – жазудың, кітап басудың, өнердің, қол өнерінің және тағы басқа да мәдениет түрлерінің дамуына үлкен әсер етті де, қазіргі кезде де ол функциясы жойылған жоқ.