Неке түрлері
Біздің түсінігімізде, "неке түрі" дегенде неке қандай негізде құрылатыны туралы ой қалыптапсуы керек. Белгілі этнограф Н.А. Кисилев Орта Азия халықтарында отбасын құру немесе некелесудің төменгідей түрлерін атап көрсетеді:
1.ХІХ ғасырдың аяғы - ХХ ғасырдың басында Орта Азия халықтарында некелесудің ең негізгі түрі қалыңдықты қалың мал төлеп алу арқылы жүзеге некелесу болды.
2.Патриархалды - рулық құрылыс жүйесінің әлсіреуіне байланысты моногамды неке.
3.Әмеңгерлік салт (левират)
4.Сорорат (балдыз алу)
5.Бесіктен атастыру(ақлай құда)
Ең бірінші қалың малға тоқталайық. Қалың мал қызды тәрбиелеп, өсірген әкесіне және шешесіне "сүт ақы" ретінде төленген.
Айталық, қалың мал төленіп болғаннан кейін жас жұбайлардың біреуі қайтыс болса қалың мал қайтарылған. Алайда басқаша жағдайлар да кезедскен: егер күйеу жігіт қайтыс болса, ал қалыңдығы қаза болса, қалыңдықты оның ағасына немесе туысына әйелдікке әперіп, ал қалыңдығы қаза болса, күйеу жігіт қалыңдықтың сіңілісін немесе туысқан қызын ала алған. Некелескен кезде қалың малдың мөлшеріне де ерекше мән берілген. Қарақалпақтарда қызды күйеуге қалың малсыз беру оның отбасы мен туысқандары үшін ұят саналған. Қалың малды төлеу қиынға соққандықтан, күйеуі әйелінен 20-25 жас, кейде одан да үлкен болуы жиі кездесті. Қалың малды алу үшін ата - анасы қызн жек көретін адамына тиюге де мәжбүрлеген.
Қарақалпақтар арасында қалыңмал басының мөлшері көп болған. Мәселен, қалың ірі қара мал мөлшерімен белгіленген. Құдалардың байлығына қарай ол 40, 60, 80 не 100 бас ірі қараға (тууар) есептелген.
Т.А. Жданконың еңбегінде [59, 497 б]: «тууар құрамына алты жақсы: мылтық, бас ат ер-тұрманымен, шет (жас) ат, бас өгіз, шет (жас) өгіз және сегіз жел баспақ (қысыр құнажын) кіретін. Осылардың бәрі 28 сиырға теңелетін. Ал қалыңға 60 тууар болған жағдайда 6 жақсыға 12 сиыр қосатын. Жасау құрамына бір ат жегулі арбасымен, киім-кешек, әр түрлі ұсақ-түйек»,–деп көрсетіледі. Бірақ тууардың мөлшері заманның өзгеруіне байланысты шартты болып, оның саны әрбір аймақтарда өзгеріп отырды. Қалыңмалдың орта мөлшері 8 ірі қара малға, 8 ұсақ малға, 4 атқа, 5 пұт тұқымға, 10 пұт ұнға, 8-25 матаға (5 аршын бойынша), әр түрлі азық-түлікке (қант, темекі, құрғақ жемістер) теңестірілді А.Т. Бекмұратова өзінің еңбегінде [60, 13 б]. «Кейбір жағдайларда қалыңмал алдау мен алыпсатарлыққа айналатын, содан кейін қызды басқа біреуге куйеуге беру жөнінде әр түрлі себептерді ойлап табатын. Қалың біртіндеп ақша түріне айналады.
Л.С. Толстованың мәлімдеуінше зеравшандық қарақалпақ-тарда қалың мал мөлшері 20-дан 200 қойға дейін жеткен. Ал Ферғаналық қарақалпақтарда тұрмысы орташа отбасыларда ол 7-9 ірі қара малды құраған. Ауқатты адамдарда қалың мал мөлшері 30-35 ірі қараға, кейде тіпті 40-80 бас малға жеткен [61, 96 б].
Бұл орайда қазақтардың қалың малы жөнінде этнограф Арғынбаев былай көрсетеді: "Қазақтарда қалың мал мөлшерібес түрлі". Олар:
1.Жүз қырықтың қалыңы (бұл 100 қой, 40 ірі қара деген келісім). Бұл байлар, билердің қалың малы.
2.Жүз жиырманың қалыңы (бұл 100 қой, 40 ірі қара деген келісім). Орташа байлардың қызының қалың малы.
3.Қырық жетінің қалыңы (бұл 40 қой, 7 қара) - бұл байлардың қатын үстіне кедейлердің қызын алғанда төлейтін қалың малы.
4.Он екі қара (дөңгелек қалың) орташаның қалың малы.
5.Сегіз қара-кедейлердің қара малы [53, 112 б].
Әйел алу үшін міне осындай мөлшерде қалың мал төлеу орташалардың жағдайын нашарлатты., ал кедейлер болса қалың малға ақша жинау үшін жылдар бойы жалшы (издолыцыки) болып жұмыс істеп, тіпті қырық жасқа дейін үйлене алмай жүрді. Үленген күннің өзінде жиналған дүниесін қалың малға беріп, мұқтаждықтан арыла алмай жүрді.
Қыздың ата-анасы өз тарапынан жасау берді (бау-шуу). Кедей адамдардың байлармен салыстырғанда жасауы да қарапайым еді. Жасаудың құрамына киіз үй, оның жабдықтары, көрпе-жастық, қалыңдықтың киімдері кірді.
Қалың малсыз үйлену мүмкін емес болғанмен жасаусыз күйеуге тие берген; Тек енесі кейде бетіне басатын. Жасау-келінінің жеке мүлігі деп саналады. Бірақ отбасы кедей болса, келннің жасауын қайынсіңлісі күйеуге шыққанда бере-берген, келін оған қарсылық білдіре алмады.
Қарақалпақтардың үйлену тойы төрт негізге кезеңнен тұрады:
1.Құдаласу.
2.Екі жасты атастыру (помолвка) тойы (қалыңдықтың үйінде өтетін пата той)
3.Некелесу тойы (қалыңдықтың үйінде өтетін негізгі той).
4.Күйеу жігіттің үйінде өтетін той (уллы той).
Бала жолдасының кісі баспайтын жерге адамша жерленуі, бөтен адамнан оны бірнеше күнге дейін қорып жүруі, баладан үзіліп түскен кіндікті көп уақытқа дейін сақтау әдеті әсіресе Хорезм өлкесінде (қарақалпақтар мен өзбектерде) кең тараған. Салыстырмалы түрде, мысалы, Хорезмдік өзбектер мен қырғыздарға бала жолдасы мен бірге асық көмген [62, 77 б].
Бұл біріншіден, жолдасты жаны бар нәрсе деп есептесе, екіншіден, болашақта сәбидің ата-анасы ұлды болу үшін де осылай жасады Бұл туралы Г. П. Снесарев магиялық, не ислам дініне дейінгі сенімдер бойынша көмілетін жолдас та, сақталатын кіндік те бала жанының бір бөлшегі деп сенуден шыққан дейді [62, 91 б].
Әсіресе оған әйел мен оның баласына баласы жоқ әйел жолатылмаған. Оның чиллясы жас босанған әйелге өтіп кетеді деп қорыққан. Егер мұндай әйел кіріп кетсе, бөлме адыраспанмен аласталған.
Жоғарыда атап өтілгендей қарақалпақтарда баласы жоқ әйелдерді организмінің кемістігі емес, құдайдың қаһарына немесе қарғысқа ұшырағандар деп есептеді. Егер ұзақ уақыт бойы бала көтере алмаса, әйелдер “қасиетті мазарлар” басына түнеп құрбандыққа мал шалған. Егер «әулиелі» баба бедеу әйелдің түсіне еніп аян берсе, әйел тілегі қабыл болады деп түсінген. Бірақ, әйел оны 3,7 немесе 40 күн бойы құпия қылып сақтаған. Қасиетті адамның түске енбеуі, оның әйелге наразы болуымен түсіндіріледі. Мысалы, тауап етушінің «қасиетті» бабалар күшіне іштей толық сенбеуі; күнәсінің көп болуы т. б. Бұл рәсімде сиқырдың, анимистік наным – сенімдердің қарақалпақтардың отбасылық ырым – жораларында ата – баба аруағына табыну әлі де басым орын алғандығын дәлелдей түседі. Мысалы, мазарда ас қалдыру, суды мазар маңындағы бұлақтан ішу т. б.
Сірә, осылай ғана, тауап етуші әйел ата-баба аруағының қолдауына ие болған. Белгілі түркітанушы Д. Банзаров өзінің «Черная вера, или шаманство, у монголов» атты зерттеу жұмысында түркі-моңғол халықтарында ата-баба аруағына табыну дәстүрінің тамырын ежелгі көшпелілер (ғұн) заманына апарып тірейді және оның шығу тегін ғұндардың дүниетанымымен байланыстырады [63, 81 б].
Белгілі этнограф-зерттеуші Ш. Уалиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары» деген еңбегінде ата-баба аруағына табынуды былай деп көрсетті: “Дамыған рулық құрылысқа тән құбылыстың бірі ата-бабаларға (аруаққа) табыну, өлген ата-бабалардың рухын құрметтеу. Бұл нанымның тамыры тарихи деректе жатыр. Аруаққа табыну белгілі қоғамдық өндірістің даму сатысына сәйкес келіп, оның негізгі идеологиялық қондырмасына айналады. Әйелдің бедеулікке ұшырау себептерінің бірі –жын –перілердің арбауына ілінуі болатын.”[64, 101 б].
Бедеулікті бақсылар (табибтер) да емдеп жазған.
Бедеулікті емдеудің келесі түрі қой терісіне орап жазу.
Бұған арнайы саулық қой сойылып, жылы теріге түрлі дәрілік шөптердің қайнатпаларын шашып, қойдың шарбы майын әйелдің ішіне қойып, басы мен аяқтарын көрпемен қалыңдап орап, үш-төрт сағат бойы осы қойдың ет сорпасын беріп терлеткен. Емдеу аяқталған соң тері мен майды ауылдың сыртына көміп тастаған. Бұндағы ұғым – ауру осымен кетеді.
Сондай-ақ, құрсақ көтере алмай жүрген әйелдерге биенің шуын түсісімен ыстықтай құрсақ маңына орап тастап, жазатын әдеті болған.
Табибтер бұл әйелдердің бала көтере алмауын көз тиюмен байланастырып, оларды аң – құспен ұшықтаған (“қақтыру” мыcалы, тауықпен, қарғамен, балықпен). Ұшықтағанан кейін әйел бойындағы жын – пері аң – құсқа көшеді деп есептеген. Ал осы аң – құстардын етін тек шамандарға жеуге рұқсат етілген.
Қарақалпақтардың келесі тотемі жолбарыс болатын. Жолбарыстың терісіне орануды бедеулікке ем санаған әйелдер өзінің “чилләсін” жолбарыс терісіне ауады деп сенген. Кейде әйел екі қабат болуын 12 жыл бойы күткен, себебі жолбарыс 12 жылда бір күшіктеген екен.
Сондай-ақ, құрсақ көтере алмай жүрген әйелдерге биенің шуын түсісімен ыстықтай құрсақ маңына орап тастап, жазатын әдеті болған.
Бұлардың астарында біздіңше Дж. Фрезердің енбегінде келтіргендей, жұғысу, жанасу (контагиозная) магияларының практикалық позитивті әдісімен туындаған емдеу тәсілдерінің түрі байқалады [65, 112 б].
Нәрестенің кіндігі түскен кезде 3-5 күн өткенде оны тұзды суға шомылдырып киімі алғашқы “ит көйлегін” кигізген. Мысалы, қырғыздар ит-көйлекті бірінші итке, сосын сәбиге кигізген, сондықтан да сәбидің слғашқы киімінің аты да соған байланысты аталған [41;101]. «Ит қырық жанды» болғандықтан, оның осындай қасиеті балаға дариды деп ырымдады е Бұл уақытта “бала қарын ұйқысынан оянады” деп есептеді. Осы кезден бастап анасына үй шаруашылығымен айналасуға рұқсат етіледі. Егер алғашқы үш күнді аман – есен өткізсе, бөгде адамдарға сәбиді көрсетіп, жарысқазын жасаған.
Жеті немесе тоғыз күн өткенде “баланың еті торыққан кезде” сәбиге азан шақырып, ат қойып, бесікке бөлеген.
Бесікті қыздың шешесі әкелген. Баланы бесікке бөлер алдында жастығының астына пияз, бұрыш, пышақ, қайрақ және нан, аяғының астына айна салған. Ол мынадай діни сенімдермен байланысты болатын: бала пышақ сияқты өткір, нан сияқты ұлы азамат болсын, ал өмірі айна тәрізді жарқын болсын деген түсінік
Бұл міндет негізнен “жасы уллы” қарияларға, молдаларға жүктелген. Баланың есіміне де аса қатты мән берілді. Көбінесе Мұхаммед пайғамбардың, ұлы адамдардың, тарихи тұлғалардың аттары қойылған. Есім таңдағанда күнге (Нұратдин, Нұрсылу, Нұрлан), алтын – күміске (Алтынай, Күміс), қасиетті күндерге (Жұмабай, Жұмагүл) табыну байқалады.
Баланы қырқынан шығару
Баланың туылғанына 40 күн толғанда, оның мойны қатайып, ол дыбысты, жарықты айыра бастайды. Бұл кезде сәбидің ит көйлегін шешіп, (ит – көйлекті иттің мойнына байлап жіберген) оны тұз, тиындар салынған 40 қасық суға шомылдырған.
Бұл күні баланың қарын шашы мен тырнағы алынған. Қарын шашты алған кезде оның болашағымен, ұзатылуымен немесе үйленуімен, дәлірек айтқанда қалың малмен байланыстырды. Ұл баланың шашын, болашақта қалың малды аз төлесін деп ертерек алған. Қыздардың шашын, керісінше қалың малы көп болсын деп жайырақ алады.
Шаш туралы көптеген халықтарда сияқты қарақалпақтарда да қарама – қайшы түсінік қалыптасқан. Бұл жөнінде Л.Я. Штернберг былай деп тұжырымдайды: “Бір жағынан, шаш адам өмірінің ұзақтығымен, оның жанымен байланысты, сондықтан оны кесуге болмайды, негұрлым ол ұзын болса, соғұрлым адам өміріде ұзақ болады, алайда шашта адамның жаны өмір сүретіндіктен, онда қауіп бар, жын – перілер шашқа зиян келтіруі мүмкін, демек, шашты қию керек”[66, 112 б].
100 күн өтіп, сәби күле бастаған кезде, көрші- қоланға шай берілген.
Жаңа туылған сәбидің бөлмесі, Орта Азияда емдік қасиеттілігімен аса танымал болған шөп адыраспанмен аласталған. Тұмар ретінде қасқырдың тісін пайдалану жиі кездесті, оны нәрестенің бесігіне іліп немесе киіміне таққан. Сәбидің дені сау болып өсу үшін оны қасқырдың терісіне ораған. Қасқырдың танымал болуы кездейсоқ емес, өйткені қасқыр түрік тілдес халықтардың (қарақалпақ, қазақ, өзбек т.б) тотемі болып табылған. Қарақалпақтарда қасқырмен қатар итке де табынған. Айталық, сәбидің “алғашқы” киімі “ит көйлек” деп аталған.
“Тұсау кесу” рәсімі
Бала алғаш рет тәй – тәй басқан кезде “Тұсау кесу” рәсімі жасалған. Сәбидің аяғын жіппен байлап, ақылды, көп балалы, жеңілаяқ әйелге тұсауын кестірген. Бұл әйелдің ақылдылығы, бақытты өмірі балаға дариды деп сенген.
“Сүндетке отырғызу”
Орта Азия халықтарында, басқа мұсылмандарда сияқты, ұл баланы сүндетке отырғызу рәсімі – оны мұсылмандар қатарына қосудың белгісі ретінде саналды. Христиан дінінде бұған шоқындыру рәсімі сәйкес келеді. Сүндетке отырғызу – барлық мұсылмандарға міндетті болатын. Әдетте, баланы 5, 7 немесе 9 жасқа келгенде молда сүндетке отырғызған [67, 186 б]. Бұл рәсім орындалған кезде баланың шешесі көрші бөлмеде бір саусағын – ұнға, екінші саусағын – майға малып отырған. Осылай жасаса баласына жеңілірек болады деп есептеген.
Баланың дүниеге келуі мен тәрбиесіне байланысты рәсімдерде магиялық мазмұндағы (фетишизм, тотемизм, анимизм) ырым – жоралар басым екендігін аңғаруға болады. Егер бұл ырымдардың сәбидің өміріндегі алатын ролі бойынша топтастырсақ, 3 негізгі топты атап көрсетуге болады: залалдан қорғау, сақтандырғыш, жасыру.
Аталған шаралардың көпшілігі қазақтардың, өзбектердің, түркімендердің тәжіктердің ырым-жораларымен үндес келеді.
Сонымен, қарақалпақтарда, бала дүниеге келуіне және оның тәрбиесіне байланысты рәсімдері – сиқырға, анимистік, тотемистік сенімдерге толы болды. Бұл наным – сенімдер жиынтығы – Орта Азия халықтарының арасындығы этногенетикалық және этномәдени байланыстардың тығыз болғандығын тағы да дәлелдей түседі.
Өлікті жөнелтуге байланысты ырым жоралғылар
Жоғарыда атап өтілгендей, Орта Азияның басқа халықтары сияқты, қарақалпақтарда да XIX ғасырдың аяғында – XX ғасырдың басында патриархалдық – рулық қалдықтар әлі де болса сақталды.
Адам өмірінің негізгі кезеңдерімен байланысты жасалатын отбасылық тұрмыстық рәсімдердің (үйлену той, баланың дүниеге келуі, тәрбиесі) барлығында сияқты қарақалпақтар өлімді де туған – туыс, құда – жекжат, ел – жұрт болып аса құрметпен аттандырған.
Марқұмды аза тұту – дүние жүзі халықтарының барлығының дерлік жерлеу ғұрпының маңызды бөлшегі. Бұл туралы Л. Я. Штернберг «географиялық жағынан бір-бірінен шалғай орналасқан, мәдени даму деңгейі бір-біріне ұқсамайтын, әр түрлі нәсілге жататын халықтар дәстүрлерінің кейде өте ұқсас келуі таң қаларлық жайт» [68, 204 б] деп түсіндіреді.
Адам өлісімен көзін жауып, иегін таңып, бетін жауып, босағаның сол жағына басын құбылаға қаратып жатқызған. Қарақалпақтарда босағаның сол жағы - отбасылық, ал оң жағы қонақтарға арналды. Марқұмды босағаның оң жағына жатқызу, оны «қонақ» қатарына қосумен тең болды .Мысалы , айттырылылған қызды да «оң жақтағы қыз» деп атаған[69, 51 б].
Халі келгендер өлікке жеке үй тіккен өлікті жерлегенше жеке қалдырмай, күзеткен, жарықты да өшірмеген.
Қарақалпақтарда марқұмды тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да «ой, бауырымдап» жоқтау айтып, аза тұтқан
Қайтыс болған адамды еске алу – оның туыстары мен ауылдастарының оған деген сый – құрмет білдіретін ең ежелгі салттардың бірі саналады.
Қарақалпақтарда қайтыс болған адамның туған – туыстары дәстүрлі ас берген.
Қайтыс болған адамды жерлегенге дейін берілетін ас.(“қара асы”)
Жетісі. (жерлеген соң 7 күнен кейін)
Қырқы. (37 немесе 40 күнен кейін)
Жүзі. (97 немесе 100 күнен кейін)
5.Жылы. (Жерленген соң 1 жылдан кейін) Салыстырмалы түрде қазақтардың ас беру рәсімі туралы А.И. Левшинбылай деп көрсетеді:
«Бұлар асты адам қайтыс болғаннан кейін 40 күн, 100 күн және бір жыл өткенде; кейбіреулерінде 9 жыл өткенде береді. Аса маңыздысы жылы. Бұл жиынға марқұмның ағайын-туысы қаржылай көмектеседі. Ас, беру рәсімінің марқұмның ел арасындағы беделіне салт өтуі оның отбасы мен руластары үшін намыс саналған» [70, 122 б].
Осы ас берудің әсіресе шығынды көп шығаратыны қара асы мен жылы еді. Әсіресе ауылдық жерлерде қара асын берушілер қайтыс болған туысына ас беретіндігін ағайындарына, руластарына және де ауыл қарияларына ертерек мәлімдеген. Қайтыс болған адамның үйіне “кенгес садақа” яғни ақылдасу жиыны өткізілген. Кенгестің құрамына ауылдың барлық “отағалары”, марқұмның отбасы мүшелері, оның достары және де жасы үлкен қариялар кірген. Бұл кеңеске қатысу маңызды іс саналды. Кеңіс жыртылатын жыртыс, сойылатын мал, азық – түлік (май, ұн, қант, чай т.б) мәселесін алдын – ала шешті. Кенгес, сондай – ақ күтуші адамдарды: нан пісірушілерді, хабаршыларды сайлады.
Өлген адамның туыстары мен жора – жолдастары көмек ретінде мал, ақша немесе азық – түлік әкеледі (“аза малы”).
Өлікті жерлеген кезде оның туыстары, құдалары, құрдастары міндетті түрде келуі керек еді. Келмеген адамдарға реніш білдірген. Бұған байланысты ел ауызында мынадай сөздер айтылған:
Туылған күні кел қуанғаныңда билейін,
Өлген күні кел қайғырғаныңды білейік.
Қайтыс болған адамның асына тек шақырылғандар ғана емес, сонымен қатар бұл хабарды естіген кездейсоқ жолаушылар, басқа үйлердің қонақтары да көңіл айтуға келген.
Ырымшыл адамдар “ас тамағы ” қасиетті, сондықтан одан ауыз тиген адам “сауабын” алады деп есептейді (ауырынан арылады немесе бақытты болады деген түсінік). Ас берушілер келген кісілерді риза қылып қайтарған. Ал келушілердің шамадан тыс көп болуы, әрине, көп шығын шығуын алып келеді.
Асқа келген ауыл ақсақалдары, құдалар, жастар, әйелдер мен балалар, молдалар жеке – жеке бөлемелерде күтілді. Әдетте, асқа келген қонақтарды күткенде олардың қай руға жататындығы да ескелеріледі. Мысалы, қоңырат руының өкілдерін құрметтеп, төрге шығарады, себебі хиуалық хандарға қарсы халық көтерілістерін басқарған Ерназар батыр, шешен Тұрымбет би, танымал халық ақындары Жиен – жырау, Күн – қожа, Ажинияз, Бердақ сынды танымал қайраткерлер қоңырат руынын шыққан еді.
Табақ әкелген кезде мал етін арнайы топтарға мүшелеп тартқан. Айталық, өлген адамның құдалары мен молдаларға бас пен тоқ жілікті; ауыл ақсақалдарына жамбас сүйегін, қабырғаны тартқан, бүкіл ет 12 бөлікке бөлінген (әрбір сирақ 3-ке бөлінген) сөйтіп жиылған қауымға таратылған. Асқа келген қонақтар “бесбармақтан” ауыз тиген. Ыдыс үй иелеріне бос қайтпау үшін қалған ет ұсақтап туралып, оның біраз бөлігі сарқытқа қалдырылған. Олардың ойынша өлген адам қара асына келетін болғандықтан, сарқыт соған арналған. Қарақалпақтардың дәстүрлі түсініктері бойынша сарқыттың емдік, сиқырлы қасиеті болған және одан ауыз тиген адам жазылып кетеді деп кәміл сенген. Асқа келген қонақтарды шығарып салмаған. Қонақтарға әкелген затының құндылығына және туыстығына қарай абысындары жыртыс таратқан. Ер адамдарға марқұмның киімдері, ақша түйілген түйіншектер, мата, ал әйелдерге нан, қант, май, ет және басқа да азық – түліктер үлестірілген. Кісілер тарқағанда, бірінеше молда қалып құран оқыған (“қоран шықпа”). Кешкісін бұл молдаларға арнайы қой сойылып, жеке күткен. Құран оқығаны үшін молдалар көп мөлшерде ақшалай, малдай ақы алған. Молдалардың ашкөздігі туралы халық арасында тіпті мынадай сөз де тараған:
Отлы жерде өгіз семіреді.
Өлімлі жерде молла семіреді.
Міне, осымен алғашқы ас, қара асы бітеді.\
Жерлеу ғұрпы
Өлікті жерлейтін кезде оны мұсылмандық рәсім бойынша жуындырған. Әдетте сүйекке түсушілердің санына аса мән берген. Олардың саны тақ (5 ,7) болуы тиіс еді, әйтпесе өлім артыннан тағы да өлім болады деп жорамалдады. Отырықшы аудандардың тәжіктерімен және өзбектерімен салыстырғанда қарақалпақтарда мәйітті жуатын кәсіби «мамандар» (мурдашуй) болмаған. Өзбектерде, мысалы сүйекке түсетін (марқұмды жуындыратын) адамдар елді мекенің шетінде, өзге халықтан оқшау тұрған. Сондай-ақ өзге адамдар бұлармен қыз алысып, құдаласпаған [62, 126 б].
Сонымен, қарақалпақтарда марқұмды жуындыруға ауылдық үлкен кісілері шақырылды. Бұл адамдарға мәйітті жуындырғаны үшін, әдетте, марқұмның киімдері үлестірілетін. Сонымен, қарақалпақтарда марқұмды жуындыруға ауылдық үлкен кісілері шақырылды. Бұл адамдарға мәйітті жуындырғаны үшін, әдетте, марқұмның киімдері үлестірілетін Жуындырып болғаннан мұсылмандық салт бойынша өлікті кебіндеп, киіз немесе алашаға ораған [71, 6 б].
Бөлмеден марқұмды аяғын алға қаратып шығарған.
Кейбіреулері мұны марқұмның үйімен қоштасу деп пайымдаса, келесі біреулер адам бұл дүниеге бас жағымен келіп, аяғымен кетеді деп түсінген .Өлген адамды бейітке дейін табытқа салып апарған. Эпостық жырларда табыттарды «ағаш ат» деп көрсетеді.
Сірә, бұл ортағасырдағы түркі көшпелілерінің жерлеу ғұрпына тән сарқыншақ болуы мүмкін, себебі түркілер қайтыс болған адамды атымен бірге жерлеген [72, 34 б].
Қабірге түсіргенен соң, лақат жабылмай тұрып, жиналғандар бір-бір уыс топырақ тастайын қайтыс болған адам. Қарапайым адам болса басына құлпы тас қойылған, атақты рубасы немесе беделді би болса марқұмның басына күмбез немесе кесене тұрғызған. Жас нәресте қайтыс болса, басына бесікқойған. Ата-баба аруағының алдыңда бас июдің тағы бір белгісі марқұмды міндетті түрде рулық зиратқа жерлеу болатын; кейбір жағдайларда марқұмның мәйітін түйемен, атпен немесе қайықпен өте алыс жерлерге де апаруға тура келді, бірақ бұл рәсім мүлтіксіз орындалған ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басындағы қарақалпақтар мен қазақтардың қайтыс болған адамның жақындарының ас беру рәсімі.
Орта Азияда өлген адамды материалдық дене ретінде есептеп, аруақтың тиісінше үйі болуы керек деп түсінді. Сондықтан өлген адамға зират тұрғызды. Зиратқа ауа кіріп тұруы үшін, салған кезде төртбұрышты кішкене терезелер қалдырған (соғана). Өлген адамның о дүниеде өмір сүргендігіне сенгендіктен, қарақалпақтар оны жерлеген кезде зират басына ас, тамақ қалдырған [73, 236 б]. Бұдан біз қарақалпақтардың жерлеу рәсімінде әлі де болса исламға дейінгі анимистік наным – сенімдердің басым екендігін байқаймыз.
Келесі ас жетісінде, яғни жерлегеннен кейін жеті күн өткенде берілетін. Жетісінде мал сойылып, қайтадан құран оқылып, сүйекке түскен (“сүйекке енгенлер”). Яғни өлікті жуған адамдарға киім үлестірледі. Дегенмен, жетісіне қара асына сияқты аса көп адам жиналмады. Бұған тек жақын туыстары шақырлады.
Әсіресе, көп адам жиналатын, әрі маңызды ол өлікті жерлегеннен кейінгі 37-нші немесе 40-шы күні өткізілетін қырқы және 97-нші немесе 100-нші күні өткізілетін жүзі болып табылады.
“Ас беру” рәсімі (жылы)
Марқұмның отбасы үшін ең көп шығын келтіретін жерлегеннен соң 1 жыл уақыт өткенде болатын жылы еді.
Түркістан археология және этнографиялық әуесқойлар ұйымының мүшесі И. Кастанье ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басындағы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ас беру дәстүрінің қоғамдық – саяси рөлін былай деп тұжырымдаған: «марқұмның жылында берілетін аста – араздасып қалған рулар татуласып, ескі дау-жанжалдар шешілді».
Кәрі адам қайтыс болса, оның жылы той сияқты өткізіледі. Ат шаптырылып, көкпар тартысты. Қарияларға ақилалары бар түйін, марқұмның киімдері таратылды. Ауыл ақсақалы (“жасы уллы”) немесе отағаларының бірі жарыс жеңімпаздарына “байрақ” тапсырылған. Байрақ негізнен малдай немесе киім ретінде берілді.
Марқұмды жоқтау немесе аза тұту, бір жыл өткен соң тоқтатылған. Марқұмның туыстары қаралы киімдерді бейіт басына апарып, өртеген. Адам қайтыс болған кезде оның отбасының мүшелері қара немесе көк түсті киім киген. Мысалы, қарақалпақ халық әнінде, ұрыс алаңынан қаралы болып көк ту көтеріп қайтып келе жатқан жауынгерлер туралы былай айтылады:
Көк жалаулы көрінсе –
.......................................
Жалғызынан айырылған
Сордың үйі деседі [74, 152 б].
Көк киімнің қаралы киім ретінде таралуы қарақалпақтарда мынадай аңызбен байланыстырылады: Мұхаммед пайғамбар дін үшін соғыс (дінді тарату мақсатындағы) жүргізген кезде қаза болғанда, оның жауынгерлік ақ жалауы көк түске боялған және бірнеше бөлікке бөлініп қалған, қаралы киімнің белгісі ретінде осы бөліктерден әйелдер киім тігіп киіп жүрген. Осы кезден бастап көк түсті қаралы күндері киген деседі [75, 218 б].
Егер марқұмның бой жетіп отырған қызы болса, жылы өткен соң ұзатыла берген.
Ас беру - өліктің аруағы риза болсын деген ниетпен жасалған. Бұл орайда қазақтың “өлі риза болмай, тірі байымайды” деген мақалын айта кеткен жөн.
Қарақалпақтардың түсінігінше қайтыс болған адамның жаны белгілі бір уақытқа дейін, тірілердің арасына жүріп, оны елеп-ескеріп отыруды талап ететін тылсым күш сияқты болып саналады. Сондықтан өлі аруағын риза қылып, оны бұл дүниедегі сияқты, о дүниедегі өмірде қажетті заттармен қамтамасыз етуді парыз санады [76, 269 б].
Қарақалпақтарда марқұмның түске кіруі үлкен қорқыныш тудырған. Мұндай жағдайда оның отбасы тез арада ас беруі тиіс болатын, әйтпесе отбасы мүшелерінің бірі ауруға шалдығуы мүмкін немесе әйел адамдар бедеу болып қалады деген үрей болады. Сондай–ақ, қарақалпақтардың көне наным– сенімдері бойынша, марқұмның аруағы жылын бергенше әр жұма сайын, құрбан – айт, ораза – айт кезінде өз босағасына келіп құран дәметеді деп сенеді. Сондықтан бұл күндері күндіз бауырсақ қуырып, иіс шығарады [77, 173 б].
Асты белгілі бір күндерде беруді этнограф Есбергенов адам өмірінің алғашқы кезеңдерімен байланыстырды:
Алғашқы ас беруді – адамның дүниеге келуімен;
Жеті күн өткенде – нәрестенің айналасындағыларды тани бастауы;
Құдай Мұхаммед пайғамбарды 40 күнде жаратқан;
100 күнде күле бастайды;
Бір жылда баланың жүріп, сөйлей бастауымен;
. .
Қайтыс болған адамды белгілі бір күндерде еске алу Орта Азия мен Қазақстан халықтарының барлығында, Сібірдің, Кавказдың көптеген халықтарында да кездеседі.
Орта Азия мен Қазақстан халықтарына ортақ болып табылатын: марқұмды жерлегеннен кейінгі 7-інші, 40-ншы күндер жылы. Қарақалпақтардың жерлеу рәсімін зерттеуші Х. Есбергенов мұндай белгілі бір күндерде еске алудын мәнін былай деп түсіндіреді: «адам жаны денеден шыққанда, қайта дүниеге келген сияқты. Сондықтан марқұмның жаны, нәрестенің өсу процессі мен байланысы жасалатын барлық кезеңнен өтуі керек».
Адамның қалыптасуы да біртіндеп болатыны сөзсіз: алғашқы 7 күнде «әкесімен шешесіне өткенде» ұрық көбік ретінде болады, қырқыншы күні ұрық қанға айналады, 40-ншы күннен нәресте болып дүниеге келгенше қалған дене мүшелері қалыптасады.
Демек, көріп отырғанымыздай адамның ана құрсағында қалыптасу кезеңдері (7,4 және 280 күн) қайтыс болған адамға ас беру күндерімен (қайтыс болған күннен бастап 7-нші, 40-ншы күндер және жылы) болуы кездейсоқ емес. Мұның түп-тамыры ертедегі анимистік наным-сенімдермен байланыстырылады.
Халық арасында марқұмды жерлегенен кейін астың жетінші күні берілуі – оның шашының түсетіндігі, қырқынша күні – еті сүйегінен бөлінетіндігі туралы, ал бір жылда адам сүйегінің құрғайтыны түсінік болған [78, 133 б].
Міне, сондықтан қарақалпақтар Орта Азияның Басқа халықтары сияқты қайтыс болған адамды жылы өткенше өлілер қатарына қоспаған.
Марқұмның туыстарының ас беруі тек қарақалпақтарда ғана емес, Орта Азия халықтарының барлығында кездеседі.
Қайтыс болған адамды жерлеген күні, 40 күн және бір жыл өткенде ас беру, Геродоттың мәлімдеуінше, тіпті Арал маңының көне тұрғындары скифтерде де болған. Марқұмды еске алу ретінде 5 рет ас беру оның отбасының материалдық жағдайын әлсіретті. Мысалы: жарлы – жақыбайларға жетісіне немесе қырқына бір қой сойса оны күлкіге, өсекке қалдырды. Кедейлердің наразылығы мынадай мақал сөзде де білдірілді:
“Өлім байдың малын шашады
Жоқтың етегін ашады ”
немесе
“Өлген жерде мал семизин сойдырып,
“Садақа”депбес мәртебе той құрып.
Біреулер еңіресе бұлар қарғадай,
Қарқылдасар құрсақларын тойдырып”.
Орта Азияда өлген адамды материалдық дене ретінде есептеп, аруақтың тиісінше үйі болуы керек деп түсінді. Сондықтан өлген адамға зират тұрғызды. Зиратқа ауа кіріп тұруы үшін, салған кезде төртбұрышты кішкене терезелер қалдырған (соғана).
Өлген адамның о дүниеде өмір сүргендігіне сенгендіктен, қарақалпақтар оны жерлеген кезде зират басына ас, тамақ қалдырған.
Бұдан біз қарақалпақтардың жерлеу рәсімінде әлі де болса исламға дейінгі анимистік наным – сенімдердің басым екендігін
Демек, көріп отырғанымыздай адамның ана құрсағында қалыптасу кезеңдері (7,4 және 280 күн) қайтыс болған адамға ас беру күндерімен (қайтыс болған күннен бастап 7-нші, 40-ншы күндер және жылы) болуы кездейсоқ емес. Мұның түп-тамыры ертедегі анимистік наным-сенімдермен байланыстырылады. Халық арасында марқұмды жерлегенен кейін астың жетінші күні берілуі – оның шашының түсетіндігі, қырқынша күні – еті сүйегінен бөлінетіндігі туралы, ал бір жылда адам сүйегінің құрғайтыны түсінік болған.
Белгілі этнограф Есбергенов: «жан денеден шыққан кезде өмірге қайта келеді. Сондықтан , ол дүниеге келген сәби сияқты, адамның өсу, даму процестерінің барлық кезеңдерінен өтуі керек дейді.
Міне, сондықтан қарақалпақтар Орта Азияның басқа халықтары сияқты қайтыс болған адамды жылы өткенше өлілер қатарына қоспаған.
Исламға дейінгі наным-сенімдер мен ырым-жоралардың сарқыншақтары, «отбасы» атты этнографиялық ұғыммен тікелей байланысты циклдарды қамтиды. Дегенмен бұл салт-дәстүрлер кешені қатысында «отбасылық салт-дәстүрлер» терминін белгілі бір жағдайларды ескере отырып түсіну қажет. Әсіресе ол, адамның неке құруымен, оның өлімімен, оны жерлеу ғұрпымен байланысты рәсімдерге қатысты. Бұл рәсімдерге тек отбасы ғана емес, оны ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларды ескерсек, тіпті бүкіл руды, ал «ас» беруде кейде тайпа да қатыстырылады. Мұнымен қатар бұл наным – сенімдер мен ырым – жоралар кешені адам өміріндегі үш негізгі оқиғамен: баланың дүниеге келуі, некеге тұру және өліммен байланыстырылады. Бұл рәсімдердің барлығында басты рөлді отбасы атқарған.
Сондықтан бұл рәсімдер мен ырым – жораларды «отбасылық» деп атауды жөн көрдік.
Қарақалпақтардың үйлену тойындағы ырым – жоралардың басым көпшілігі исламға дейінгі анимистік наным – сенімдермен байланысты. Бұл рәсімдерде магиялық сипаттағы наным – сенімдер, ата – баба аруағына табыну, культ плодородия басты орын алған. Әсіресе, мұнда жоғарыда аталған наным – сенімдермен байланысты діни – магиялық тәжірбиенің рөлі маңызды болды. Бұл діни – магиялық тәжірбиенің негізгі қызметі – ұрпақ жалғастыру еді және ол мақсат – табысты түрде орындалған.
Қарақалпақтардың үйлену тойында ата-баба аруағының алдында бас ию – қарастырып отырған Орта Азия халықтарының ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басындағы діни наным – сенімдерін Г.П. Снесарев былай деп жазды: «Бұл кезеңде қоғамның түрлі сипаттағы табиғаттың тылсым күштеріне сенімі және соған байланысты жасалатын ырым – жоралар әлі де болса орын алды».
Егер некелесіп, отау құрғаннан соң әйелі өліп, ері тұл қалса, онда қайын жұртына әйелінің сәукелесі мен кейбір бағалы заттары қайтарылған. Жесір қалған әйел секілді ер адам аза тұтып, жылын (асын) күтіп отырмаған. Ал, жесір әйелдің жөні басқа. Күйеуі өлген қара жамылып, оның орнын бір жыл күткен. Азалау мерзімі бітіп, асы берілерде әйел ең соңғы рет жоқтау айтып қоштасқан.
Күйеуінің туған туыстарының арасында жесір әйелге сай келетін еркек кіндік табылмаса немесе әйел қандай жағдайда болмасын күеуге шыққанға қарсы болса онда өлген жұбайының дүние – мүмкін «тереке»» яғни «иесіз, қожасыз қалған дүние – мүлік», деп жариялаған. Бұл мүліктің қажетті бөлігі өлікті жерлеуге жұмсалған, 1/8 – бөлігін жесір әйелдің тұрмысқа шығатын қызы болса, соған жасау ретінде беріліп, ал одан артылса, яғни қалған дүниені, жесір әйел өзі иемденетін болған екен.
Ресей зерттеушілерінің ішіне А.И. Левишеннің еңбегі көлемі жағынан да, тарихи – этнографиялық құндылығы жағынан да өзіне дейінгі және кейінгі шыққан зерттеу жұмыстарының ішінде ең бір көлемді еңбек болып саналады. Оның 1832 жылы жарық көрген «Описание киргиз – казачьих орд и степей» қазақ этнографиясы туралы еңбегін энцклопедиялық дәрежеге көтерілген деуге боларлықтай. Әрине, оның кейбір ұлы державалық шовинистік көзқарастарымен келісу қиын. А.И. Левшин де қазақтардың өлімге байланысты ырым-жоралық дәстүрлерінің атқарылу түсініктері туралы құнды деректер келтіріп, өз пікірін білдіреді. Ас берудің әлеуметтік статустық меженін белгілеудегі рөлі туралы А.И. Левшин: атап көрсетеді.
Х.А. Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты монографиясында қазан төңкерісіне дейінгі отбасылық қарым-қатынастар жүйесін нақты деректер арқылы жан-жақты қарастырады. Адамның өлген күнінен бастап орындалатын дәстүрлердің ерекшелігіне тоқтай келе ас беру дәстүрінің шығу тегі туралы «ас беру өлген адамның ана дүниеге жүрген жанынының, яғни аруағының құрметіне құрмалдықтар жасау арқылы өлілердің тірілерді жебеп-желеуін, қысылғанда сүйеп қолдауын керек еткен қараңғы халық сенімінен туған ғұрып. Мұның өзі ислам дінінен әлдеқайда бұрын қалыптасқан көне діни сенім ата-бабалар» аруағының кереметіне «сенуге байланысты пайда болған» дейді ол.
ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында аймақта шаманистік діни көзқарастар мен нығайып келе жатқан, ислам идеологиясының синкретизмі (араласу) орын алған болатын. Қарастырып отырған кезеңде исламға дейінгі наным-сенімдер мен исламның діни догматтарының қоғамдағы рөлі де біркелкі емес еді. Ислам, негізінен ауқатты ақсүйектер орын алып, ал қарапайым бұқара халық әлі де түрлі сипаттағы табиғаттың тылсым күштеріне, аруақтарға, шамандарға, түрлі фетиштерге (адам қолынан шыққан материалдық заттардың құдіреттілігіне сену) табыну, сену әлі де жалғаса береді.
Достарыңызбен бөлісу: |