Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты



бет1/7
Дата09.02.2023
өлшемі202,63 Kb.
#66549
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
kz 54178 273843 1572337261


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫ


ӘОЖ индексі: 81ˈ373.43
Мемтіркеу № 0118РК01330
Инв. № 0219РК00394
ИРН проекта: AP05132445

«БЕКІТЕМІН»
ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы,
профессор____________Е.З. Қажыбек
«_____»__________________2019 ж.

«ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ НЕОЛОГИЗМДЕНУІ ЖӘНЕ ОНЫҢ НЕОГРАФИЯЛЫҚ БАЗАСЫ»


АТТЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫ БОЙЫНША ЕСЕП


(аралық)
Тақырыптың ғылыми жетекшісі:
филол. ғ. к. ____________________ А.Фазылжанова
Алматы 2019
ОРЫНДАУШЫЛАР ТІЗІМІ

Тақырып жетекшісі,
филол.ғ.канд.






Фазылжанова А. (кіріспе, 3.2 тараушасы, қорытынды)



Бас ғылыми қызметкер,
филол.ғ.д., профессор






Уәли Н. (1-тарау;
1.1 тараушасы)

Жетекші ғылыми қызметкер, филол.ғ.канд.






Әмірбекова А.
(1.2-3 тараушалары)



Аға ғылыми қызметкер,
филол.ғ.канд.




Исаева Г.
(1.3 тараушасы)



Кіші ғылыми қызметкер






Пиязбаева А. (2-3.1 тараушалары)



Кіші ғылыми қызметкер






Қазақбаева Ш. (2.2 тараушасы)

РЕФЕРАТ

Есеп 46 беттен, 1 кестеден, 23 әдебиеттен және 2 қосымшадан тұрады.
НЕОГРАФИЯ, ДИСКУРС, ҚОҒАМДЫҚ САНА, ЭЛЕКТРОНДЫ КОММУНИКАЦИЯ, ХАЙП, ФИДБЭК, ФАНДОМ, ЖАҢА СӨЗДЕР, ТІЛ, ЖАҢА ҚОЛДАНЫСТАР т.б.
Түйін сөздер: модернизация, неология, неологизация, неография, тілдік сана, қоғамдық сана.
Зерттеу нысаны: ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ тілінің лексикалық жаңартпалары болып табылады.
Зерттеу жұмысының есепті кезеңдегі мақсаты – «тілдік сана» «тіл мен сананың өзара байланысы», «сана түрі (типі), «сананың барлық түрлерінің (типтері, формаларының) қалыптасуы мен дамуындағы тілдің рөлі», «тіл сананы жаңғыртушы» сияқты тілтанымдық-философиялық категориялар мен ережелердің ғылыми-теориялық негіздерімен қатар, тіл қоғамдық сананың қалыптасуы мен жаңғыруының негізгі әрі әмбебап факторы ретінде анықтау. Қазақ тілінің лексикасы мен семантикасында қазіргі тілдік жаңартпалардың классификация мәселесін шешу. Неологизмдерді тілде жасалу шарты мен міндеті бойынша классификациялау, лексикалық жаңартпалардың экстралингвистикалық және лингвистикалық әсерін талдау.
Зерттеу әдістері: тілтанымдық, әлеуметтік тілтанымдық контент-талдау әдістерімен қатар, статистикалық талдау, кешенді зерттеу және т.б. әмбебап ғылыми әдістер де қолданылды.
Алынған нәтижелерде Қазақстанның тәуелсіздік алуымен байланысты мәдени-әлеуметтік және саяси өзгерістердің әсерінен туындаған ХХ ғ. аяғы мен ХХІ ғ. басындағы неологизмдену үдерісі зерттеледі. Атап айтқанда:
– заманауи, жаһандану үдерістері тұрғысынан қоғамдық сананың түрлерін және тілдік байланысы анықталады;
– қоғамдық сананың күрделі түрлерінің бірі ретінде тілдік сана анықталады;
– тіл қоғамдық сананың қалыптасуы мен жаңғыруының негізгі әрі әмбебап факторы ретінде анықталады;
– лексикалық жаңартпалардың экстралингвистикалық және лингвистикалық әсері талданады;
– неологизмдену тетігі ретіндегі сөздің семантикалық құрылымының динамикасы анықталады;


  • неологизмденудегі жаңа сөзжасамдық үрдістер талданады.

РЕФЕРАТ

Отчет из 46 стр., 1 таб., 23 источников, 2 приложений.
НЕОГРАФИЯ, ДИСКУРС, ОБЩЕСТВЕННОЕ СОЗНАНИЕ, ЭЛЕКТРОННАЯ КОММУНИКАЦИЯ, ХАЙП, ФИДБЭК, ФАНДОМ, НОВЫЕ СЛОВА, ЯЗЫК, НОВЫЕ УПОТРЕБЛЕНИЯ и т.д.
Ключевые слова: модернизация, неология, неологизация, неография, языковое сознание, общественное сознание.
Объект исследования: изучение процессов неологизации конца ХХ и начала ХХІ вв., обусловленными социокультурными и политическими изменениями, связанных с обретением независимости Казахстана.
Цель исследования за отчетный период – выявление научно-теоретических основ лингвофилософских категорий и положений как «языковое сознание», «взаимодействие языка и сознания», «виды (типы) сознания», «роль языка в формировании и развитии всех видов (типов, форм) сознания», «язык – модернизатор сознания» а также язык будет рассмотрен как основной, универсальный фактор формирования и модернизации общественного сознания. Изучение вопросов классификации современных языковых инноваций в лексике и семантике казахского языка. Будут классифицированы неологизмы по условиям создания и назначению в речи; будут анализированы экстралингвистические и лингвистические условия лексических инноваций.
Методы исследования: методы лингвистического, социолингвистического анализа, метод контент-анализа, а также универсальные методы как синергетический подход, статистический анализ и др.
Достигнуты следующие результаты: изучены процессы неологизации конца ХХ и начала ХХІ вв., обусловленные социокультурными и политическими изменениями, связанных с обретением независимости Казахстана. А именно:
– выявление связи языка и видов общественного сознания в контексте современных, глобализационных процессов;
– определение языкового сознания как одного из сложных видов общественного сознания;
– определение языка как основного, универсального фактора формирования и модернизации общественного сознания.
определение социолингвистических факторов возникновения лексических и семантических инноваций в системе современного казахского языка;
анализ экстралингвистической и лингвистической обусловленности лексических инноваций;
– выявление динамики семантической структуры слова как механизма неологизации;
– анализ новых словообразовательных тенденций в неологизации.
МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ.....................................................................................................



6


НЕГІЗГІ БӨЛІМ.........................................................................................


1 Тіл сананы жаңғыртушы .......................................................................

7
7


1.2 Тілдік жүйедегі неология құбылысы және жаңа қолданыстардың қалыптасуы ................................................................................................

8


1.3 Тіл қоғамдық сананың негізгі және әмбебап факторы ....................

18



2 Экономикалық дискурстағы кейбір лексика-семантикалық жаңартпалар ..............................................................................................

19

2.2 Әлеуметтік желідегі ағылшын тілінен енген жаңа сөздер ..............

25

3 Неография және неологиялық сөздік мәселелері ................................

30

3.1 Электронды коммуникация немесе ғаламторлық коммуникация ..

32

3.2 Хайп, фидбэк, фандом. Жаңа сөздер енген сөздік қашан шығады

37

ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................



39


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.........................................



41


ҚОСЫМША А...........................................................................................



43


ҚОСЫМША Ә...........................................................................................



44

КІРІСПЕ

Тіл — өмірмен өзектес жанды құбылыс. Сондықтан оның сөздік құрамы әрдайым өзгеріп, толығып, дамып отырады. Әр дәуір, әр қоғам, әр халық өзіне қажет жаңалықтарды туғызса, сол жаңа зат, құбылыс, ұғым, іс-әрекеттердің өз атаулары пайда болады. Қазіргі кезеңде саяси, әлеуметтік, мәдеии өміріміз бен ғылыми-техникалық дүниемізге каншама жаңалықтар еніп отыр. Осыған орай қаншама соны атаулар — жеке сөздер мен сөз тіркестері пай­да болып жатыр.


Тілде жаңа сөздер мен терминдердің пайда болуының себебі нақты өмір жағдайларына сай, қоғамның қарым-қатынастағы нақты сұраныстарға жауап беруі. Ал тілде жаңа сөздер мен терминдердің пайда болуы және оның қолданысқа енуі тілтанушылар назарынан тыс қалған емес. Осы бағытта қазіргі таңда қазақ тілінде пайда болған жаңа қолданыстарды зерттеу тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі кезеңдегі саяси және экономикалық қайта құрулар сипаты тілге де өз өрнегін салуда. Әсіресе, бұл тілдің лексикалық және сөзжасамдық жүйесінен көрінеді. Жаңа сөздердің тілде пайда болуы мен қолданылуы тілтанушыларды бұрыннан-ақ толғандырған. Бірақ оның өзектілігі бүгінгі таңда айқынырақ саралануда. Көптеген зерттеушілердің айтуынша, бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарында «неологиялық жарылыс» (неологический взрыв) орын алуда.
Соңғы ширек ғасыр ішінде әлеуметтік, шаруашылық, мәдени өмірімізде, халықаралық жағдайда пайда болып жатқан жаңа ұғымдар да көптеген неоло- гизмдерді талап етіп отыр. Жаңа қолданыстар тек жаңа ұғымдарды білдіру үшін ғана емес, бұрыннан келе жатқан зат, бұйым, құбылыстарды дәлірек, дұрысырақ етіп қайта атау ушін де туып жатады. Бұрын провод­ник, пляж, дача, призер, овощ, установка деп орысша атап жүрген сөздерге қазақша балама тауып, бұл күнде жолсерік, жағажай, саяжай, жүлдегер, көкөніс, қондырғы деп атап, бұлар да лексикамыздағы жаңа қолданыстар ретінде танылған сөздер қатарына жатады. Қысқасы, бүгінгі тандағы оқырманға күнделікті баспасөз беттерінен, радио мен телехабарлардан, ғылыми әдебиеттен, тіпті көркем әдебиет кітаптарынан жүздеген соны сөздер, тосын тіркестер немесе байырғы сөздердің жаңа мағынада жұмсалып отырғаны жақсы сезіледі.
Орыс тіліндегі жаңа ұғым атауларын жеке сөздік етіп көпшілікке таныту 1971 жылы басталды. Мұнда орыс әдеби тіліне тек қана 60-ыншы жылдары енген неологизмдер түсіндіріліп берілді. Бұдан кейінгі кезеңдерде «Орыс лексикасындағы жаңалықтар» деген айдармен «Сөздік материалдары» бүгінгі күнге дейін жарияланып келеді. Қазіргі қазақ тілі тәжірибесінде, әсіресе күнделікті баспасөзде, радио мен телевизия тілінде, көркем әдебиетте жаңа сөздер мен тіркестер едәуір кездеседі. Сондай-ақ бұрынғы сөздердің жаңа ұғымда қолданылуы да аз емес.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ


1 Тіл – сананы жаңғыртушы


Тіл мен ойлау, тіл мен сана арасын ажырататын көзқарастар ғылымда аз айтылмаған. «Тілдік сана» ұғымын орыстың психолог, әрі педагог ғалымы П.Я.Гальперин енгізген. Психологиялық тұрғыдан тіл –сананың феномені. Шыққан тегі психология мен лингвистиканың ұштасуынан болып, психолингвистиканың негізгі зерттеу нысанының біріне айналды. Әлеуметтік лингвистика тұрғысынан тілдік сана ұлттың санасының құрамдас бөлігі болып, этностың қоршаған ортаға бейімделуі, қостілді тұлғаның тілдік санасының өзгеріске ұшыраусипаты ретінде қарастырылады. Этнолингвистика тілдік сананы ұлттық сана ұғымына байланыстырды.


Тіл мен сананы зерттеу мәселесі төмендегідей жағдайлардан туындады:
- тіл мен ойлауды зерттеуге деген қызығушылықтан басталды;
- психолингвистиканың сана мен тілдік сананы ажырату мәселесін қарастыруы;
- кәсіби тілдік сана мен жалпы тілдік сана туралы мәселелер;
- қостілді адамның тілдік санасын анықтау маңыздылығынан. Тілдік санадан басқа сананы қатысымдық (коммуникативтік) және когнитивтік сана деп бөледі.
Тілдік сана когнитивтік санамен бірдей емес. Когнитивтік сана ой елегінен өткізілмеген деңгейдегі, имплицитті түрде когнитивтік бірліктер мен құрылымдармен жұмыс жасайды. Когнитивтік сана эксплицитті формаға когнитивтік құрылымдар сананың айқынды жеріне шыққан кезде ғана ие болып, тілдік деңгейде кодталады. Эксплициттенген сана әлеуметтік тәжірибе, адамзат мәдениетінің айтылу формасы ретінде болады. Бірақ бұл мағына тілдік мағынамен сәйкес келмейді.
И.С. Стернин тілдік сананы «сөздің туындауы мен оны қабылдау, тілдің санада сақталуы сияқты психикалық механизмдердің жиынтығын, яғни адамның сөйлеу әрекеті үдерісін қамтамасыз етіп отыратын психикалық механизмдер» ретінде түсіну керек дейді. Сонымен қатар ол тілдік сананы қатысымдық сананың бір бөлшегі ретінде қарайды. «Қатысымдық (коммуникативтік) сана – бұл адамның бүкіл қатысымдық әрекеттерін қамтамасыз ететін қатысымдық білім мен қатысымдық тетіктердің жиынтығы. Бұл сананың қатысымдық мақсаттары, қатысымдық, ділдік категориялардың жиынтығы, сонымен қатар қоғамда қалыптасқан қатысымның нормалары мен ережелері». Осы тұста ол тілдік сана мен қатысымдық сананың аражігін ашуда, мысалы, «таңертең, түсте, кешке амандасу тілдік сананікі болса, ал кіммен қалай, қандай интонацияда амандасуды қатысымдық сананікі» дейді. Қатысымдық сананың аясы өте тар. Өйткені бұған мысал тек амандасу-қоштасу формасында ғана болып тұр. Адам өмірі қатысымнан (коммуникациядан) ғана тұрмайды. Жазу, оқу, көру сияқты ақпарат қабылдау көздері арқылы сананың жұмысын жүргізе алады. Жазу, оқу, көру, тыңдаудан қатысым болатыны рас. Бірақ әркез кері байланыс орнамайды. Қатысым орнау үшін кері байланыс болуы шарт.
И.С.Стернин бөліп көрсеткен сананың түрлері мыналар:
-ойлау әрекетінің нысаны бойынша: саяси, ғылыми, діни, экологиялық, тұрмыстық, топтық, эстетикалық, экономикалық т.б.;
-субъектіге қатысына қарай: гендерлік, жас ерекшелігі, әлеуметтік (кәсіби, гуманитарлық, техникалық), жеке, қоғамдық, топтық, т.б.;
-сананың қалыптасу деңгейіне қарай: дамыған, дамымаған;-сананың негізіне жататын принциптер бойынша: ғаламдық, демократиялық, консервативтік, прогрессивтік, кертартпа сана;
-санамен қамтамасыз етілетін білім-дағдысы бойынша: креативті, техникалық, эвристикалық т.б.
Сананы осылай топтастыру да, біздіңше, біржақты емес. Сананың қалыптасу деңгейі мен субъектіге қатысына қарай түрлеріне келісеміз. Ал қалған түрлері адам санасында алғашқылары білім түрінде болса, соңғы екеуі санаға әсер ететін сыртқы факторлар болуы мүмкін.

1.2 Тілдік жүйедегі неология құбылысы және жаңа қолданыстардың қалыптасуы

Әрқашан даму үстіндегі тілдік жүйенің ең қозғалмалы, өзгермелі бөлігі – лексика. Соның ішінде қазіргі жаһандану және ғылыми-техникалық даму дәуірінде неологизмдер қарқынды дамуда. Лексикалық инновация үдерісінің бастамасы – тәжірибе және қоғамдағы тілдік жағдаят. Өйткені лексиканың номинативті қызметі мәдени-тарихи, саяси-әлеуметтік т.б. экстралингвистикалық жағдайлардың тілдік қоғамдық қызметіне әсер етеді.


Қазіргі қоғамдағы номинативтік белсенділіктің басым көпшілігі адам қызметінің әлеуметтік, интеграциялық, ғылыми-техникалық және мәдени салаларымен тығыз байланысты. Осыны ескере отырып, тіл ғылымы дамуының қазіргі жаңа кезеңінде олардың функционалдық мәнін ашу мен интралингвистикалық және әлеуметтік-мәдени мазмұнын жан-жақты зерделеу қажеттілігі барған сайын айқын көрініп отыр.
Бұл тәсілдің өзектілігі әлемдік қоғамдастықтағы жаһандық ақпараттандыру жүйесіндегі интеграциялану үдерісі мен жеделдету сипатын түсіндіретін мәдениеттің жаһандануына байланысты айқынырақ көрінуде.
Ғылым мен техника дамуының заманауи бағыттары және оның саяси, әлеуметтік-экономикалық және т.б. қоғам өміріндегі өзгерістерімен байланысы сөздік қорын жаңарту арқылы көрініс табады. Сөздік қорды толтыру мен жаңартудың негізгі көзі ретінде неологизмдер шындықты, құбылысты немесе жаңа ұғымдарды атау мақсатында сөзжасамның әртүрлі әдістерін қолдана отырып, ана тіліне негізделген жаңа лексикалық бірліктерді қалыптастыра алады. Сондықтан мұндай лексемалар «неологизм» деп аталады және тіл тұтынушылары жаңалықты сезінгенше, бұл сөз неологизм болып қала береді.
Жаһандану заманының компьютерлендіру, ақпараттандыру секілді маңызды факторлары әсерінен жаңа сөздердің саны көбейіп, олар тілдің белсенді сөздік қорына кіреді және жалпы пайдаланылатын сөздердің қорын толықтырады.
Неологизм – (гр. неос – жаңа, логос – сөз) – қоғамдағы саяси, мәдени, экономикалық қатынастардың, ғылым мен техниканың дамуына байланысты тілге енген жаңа сөздер мен сөз тіркестері, фразеологиялық оралымдар.
«Неология» ұғымы (француз тілінде – «neologie») Францияда 1758 ж. пайда болды. Лингвистикада неологизмдерді зерттеу XX ғасырдың 60-шы жылдарында басталып, лексикологияның неология саласы қалыптаса бастады.
Ресей ғалымдары неологиялық лексика және терминологиялық лексика деп жіктейді. Осыған орай, неологиялық бірліктердің, неологизмдердің арқауы - сөздің жаңа денотатты не ұғымды белгілеуде формалды не семантикалық жаңаруы. Орыс тілі лексикологиясы мен лексикографиясы теориясын зерттеу барысында неологизм құбылысының тілдік мәнін ашатын көптеген еңбектер мен ғылыми тұжырымдар жасалды. Неология саласының теориялық негіздері мынадай Ресей ғалымдарының еңбектерінде тұжырымдалған: А.А.Брагина, Р.А.Будагов, Е.В.Розен, Н.И.Фельдман, Г.О.Винокур, В.Г.Гак, Ю.С.Сорокин, Н.З.Котелова т.б. «Словарь лингвистических терминов» атты еңбегінде зерттеуші О.С.Ахманова «неологизм» туралы: «1. Слово или оборот, созданные (возникшие) для обозначения нового (прежде неизвестного) предмета или для выражения нового понятия. 2. Новое слово или выражение, не получившее прав гражданства в общенародном языке и потому воспринимающееся как принадлежащее к особому, нередко сниженному стилю речи. Слово, включение которого в данный жанр литературного произведения является новшеством; слово, общепринятое в повседневном языке, но не употреблявшееся прежде в художественной литературе. Неологизм, созданный данным автором данного литературного произведения и обычно не имеющий широкого распространения» деп, оған жан-жақты анықтама берді.
Орыс ғалымы М.А.Рященко «неологизм» терминінің мынадай анықтамаларын келтіреді:
1) «жаңалық» басты мән болып саналатын стилистік категория;
2) жаңа реалийді бейнелеу;
3) сөздіктерде көрсетілмеген сөздер.
Ал XXI ғасырда жарық көрген «Қазіргі орыс тілінің лексикологиясында» Н.М.Шанский неологизмдерді: «Жаңа зат пен құбылысты таңбалау үшін қоғамдық қажеттіліктің ықпалымен пайда болған, тіл тұтынушылардың санасында «жаңа» деп қабылданған, бірақ әдеби тілге ене қоймаған жаңа лексикалық туындылар» деп анықтайды.
«Неологизм» ұғымын анықтауға және жалпы тіл біліміндегі лексикологияға қатысты, өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы еңбектерде, екі түрлі пікір байқалады: біріншісі – тілде бұрыннан қалыптасқан сөзжасамдық модельдерге сәйкес жасалған, бірақ жаңа ұғым, зат, құбылыс, ғылым саласын т.б. бейнелейтін жаңа қолданыстар. Мысалы: реактор, биологиялық соғыс т.б.
Екіншісі – белгілі ұғымды білдіру үшін тілде бар сөздерге синоним болатын, бірақ мағынасына коннотаттық сипатты семантикалық, стилистикалық реңктер қосылған сөздер.
Байқап отырғанымыздай, тілде пайда болған кез келген жаңа сөз неологизм деп саналады.
Бірақ ғалымдар «жаңа сөз» деген ұғымға мән беріп, оған қатысты окказионал сөздер, жаңа сөз қолданыстар, семантикалық инновациялар (лексикадағы жаңарулар), әлеуетті сөздер т.б. терминдерді қолданады.
Жоғарыда көрсетілген О.С.Ахманованың сөздігіндегі неологизмге берілген екінші анықтама, біздің ойымызша, осы окказионализмдерге қатысты. Осы арада аралық ұғым ретінде «окказионализм» термині назар аударады. Бұл тақырыпта көптеген ғылыми еңбектер жазылғанына қарамастан (А.Г. Лыков, В.В. Лопатин, Р.Ю. Намитокова, Э. Ханпира, Н.И. Фельдман т.б.) окказионализмдерге қатысты бірыңғай, көпшілік қабылдаған теория әлі де жоқ. Көптеген ғалымдар неологизмдерді тілдік факт мәртебесінде қарайды да, ал окказионализмдерді сөйлеу фактілеріне жатқызады және оның неологизмдер қатарына өту үдерісі оңай емес екенін айтады. «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» оның өнімсіз модель негізінде жасалып, белгілі бір мәнмәтінде қолданылатыны» атап көрсетілген. Р.Ю.Намитокова окказионализмдерді «неологизм» ұғымымен теңестірмейді, оны авторлық сөзжасаммен байланыстырады. Ал А.В.Калинин, керісінше, орыс тілінің лексикасын зерттеу барысында окказионал (тосын) сөздерді неологизмдер қатарына қосады. В.В.Лопатин [10] мен А.Г.Лыков [11] та осы пікірді қолдап, неологизмдерді окказионалдық құбылыс деп көрсетеді. Ал Д.Э.Розенталь мен М.А.Теленкова өз еңбектерінде оларды әлеуетті (потенциальные) және тосын (окказионал) сөздер деп көрсетеді.
Біріншісі – тілде қалыптасқан сөзжасамдық модельдердің үлгісімен жасалған, бірақ сөзқолданыстық нормаларға сай бекімеген тілдік бірліктер. Ал, окказионал (тосын) сөздер – нақты мәнмәтіндік жағдайда деривацияның өнімсіз модельдері арқылы жасалған.
Неология саласындағы ғалымдардың дені өз тұжырымдарында П.Жильбердің: «Жаңарудың сапасына қарай функционалды критерийлерді ескере отырып, морфологиялық тәсілмен жасалған жаңа сөздердің бәрін бірдей неологизмдер қатарына жатқызуға болмайды. Себебі неология теориясына сай оның перифериялық (шеткері) аймағы болады. Олар авторлық қолданысқа қатысты окказионализмдер. Ал қолданыс аясына сәйкес кеңейген, ия көнерген сөздер сөздіктерде неологизмдер деп белгіленуі тиіс» деген пікірін келтіреді.
Сонымен, окказионализмдерден басқа әлеуетті сөздер де бар. Г.О.Винокур, А.И.Смирницкий, Е.А.Земская т.б. ғалымдар әлеуетті сөздер (потенциальные слова) деп тілде бұрыннан бар өнімді сөзжасамдық модельдерге ұқсастырылып жасалған, бірақ сөз қолданыстық нормаларға сай бекімеген тілдік бірліктерді атайды.
Дегенмен, ғылыми қолданыста кең таралғаны – «неологизм» термині. Ал, «неологизм» терминінің пайда болуы ертеден басталғанын жоғарыда атап көрсеттік.
Орыс тіл біліміндегі лексикология және лексикография теориясына қатысты көптеген маңызды еңбектердің авторы Н.З.Котелова «неология» құбылысының мәнін ашуға байланысты бірнеше лингвистикалық, теориялық тұжырымдар ұсынады. Бұл мәселені одан әрі кеңітіп, жалғастырған Т.В.Попова «Русская неология и неография» (2005 ж.) атты еңбегінде Н.З.Котелованың неологизмдерге қатысты ғылыми тұжырымдарын мынадай жүйеде анықтайды: стилистикалық, психолингвистикалық, лексикографиялық, денотаттық, құрылымдық, нақты, тарихи-деректік.
Қазіргі заманғы лингвистикада неологизмдерді ажыратудың табиғаты мен критерийлері туралы біржақты пікір жоқ. Әдетте, жаңа сөздердің пайда болуының экстралингвистикалық және тілдік жүйедегі интралингвистикалық себептері айқындалады. Көптеген ғалымдар неологизмнің негізгі белгісі ретінде «жаңаша таңбалауды» (E.Knowles, J.Elliott, J. Ayto, Н.З.Котелова, Н.С.Никитченко, В.И.Заботкина, А.А.Брагина, Н.М.Шанский т.б.) атайды. А.А.Уфимцева жаңа сөздердің пайда болуын тіл тұтынушының танымымен байланыстырады: «Часто появление новых слов связано с возникновением новых ассоциаций, хотя понятие остается тем же самым, так как язык вообще, лексика в особенности, выполняя свою основную функцию как средство общения, перестраивается, дифференциируется и уточняется с тем, чтобы более адекватно отразить, воспроизвести и закрепить новые понятия в соответствующих словах и выражениях». И.С.Торопцев неологизмнің мәнді белгісі ретінде олардың тілдің белсенді сөздік қорына кірмейтіндігіне назар аударады. Ю.Н. Караулов сөздерді неологизмдер қатарына жатқызудың шартты және тарихи сипатын көрсетеді.
Жоғарыда келтірілген неологизмдердің, яғни «жаңа қолданыстардың» анықтамасына қатысты көрсетілген белгілердің ешқайсысын да жоққа шығаруға болмайды. Соның ішінде Ю.Н.Карауловтың пікірі ерекше назар аударады. Расында да, неологизмдерді «тілдегі белгілі бір кезеңде пайда болған, оларды қолданатын ұрпақтың есінде бар» сөздер ретінде түсіну қалыптасқан. Яғни, неологизмдердің салыстырмалы және тарихи сипаты бар. Ал, дискурста туындаған неологизмдер лингвистикалық бірліктерге айналуы немесе жеке тілдік тұлғалар болып қалуы мүмкін.
Еуропалық, әсіресе ағылшын ғалымдарының неологиялық тұжырымдамаларында да жоғарыда атап көрсетілгендей, «сөздіктерде көрсетілмеген» деген белгіге қатысты пікір кең тараған. Дегенмен, француз лексикографтары неологизм қатарына сөздіктерде бар, бірақ мағыналары өзгерген, немесе мағыналары кеңейген сөздерді де жатқызып, оларды семантикалық неологизмдер деп атайды. Демек, лексикография теориясына сәйкес неологизмдер сөздікте белгіленеді. Бірақ бұл арада мына жағдай ескерілуі тиіс: біріншіден, уақыт аспектісіне қатысты – объективті себеп, екіншіден, белгілі бір елдегі лексикографиялық қызмет деңгейіне қатысты – субъективті себеп. Осыған байланысты жаңа сөздік (лексемалық) әлеуетті сөздердің бәрі бірдей сөздікке кірмейді. Мысалы, қазақ қоғамында күнделікті қолданыста белсенді сипаттағы жаңа сөздердің көбі лексикографиялық тұрғыдан таңбаланбаған. Ал денотаттық теорияға сәйкес, көпшілік ғалымдардың пікірінше, неологизм – жаңа құбылысты (денотатты) немесе ұғымды белгілейтін сөз. Олай болса, бұл теорияның кемшілігі – оның неологизмдердің пайда болуының ішкі заңдылықтарын ескермеуінде.
Ресейлік зерттеуші Н.А.Лаврованың пікірінше, ол заңдылықтардың, неологиялық контаминанттардың стилистикалық және семантикалық ерекшеліктері мынада: тіл тұтынушылардың экспрессияға, атаудың үнемділігіне, ұқсастыруға ұмтылысы т.б. Демек, Ресей ғалымдарының пікірінше, жоғарыда көрсетілген тұжырымдардың ішінде тиімдісі – шартты түрде «неологизмнің нақты-тарихи теориясы» деп аталатын Н.З.Котелованың тұжырымы. Ол, сайып келгенде, «неологизм» анықтамасының негізін құрайтын «жаңалық» ұғымы «уақыт» пен «тілдік кеңістік» тұрғысынан қарастырылғанда ғана неологизмнің дәл мәні ашылатынын көрсетеді.
Ресейлік неолог-ғалымның бұл тұжырымы осы саладағы шетел мамандарының пікірімен үндеседі. Өзінің «Fifty Years Among the New Words: A Dictionary of Neologisms, 1941-1991» атты еңбегінің алғысөзінде ағылшын лингвисі, профессор Джон Алджео былай дейді: «Кез-келген қоғам өзі сөйлейтін тіл арқылы танылады. Ал сөздер уақытты белгілейді. Адам өзі туралы, немесе өзін қоршаған әлем туралы әңгіме айтқан кезде өмірінің бар қыр-сыры оның тілінен көрінеді. Өмір үнемі құбылып, өзгеріп тұрады – жаңа ашылымдар, жаңалықтар, түрлі төңкерістер, эволюция немесе адамның жеке басындағы өзгерістер. Тіл де дәл солай толассыз өзгеріс үстінде. Біздің сөздік қорымыз ағаштың жыл сайын көбейетін жылдық сақиналарындай, өткенімізді айғақтайды».
Көптеген орыс және шетел ғалымдарының тұжырымдарында жаңа қолданыстардың спонтандық, контекстік, «жаңалық» сипатына мән берілген (Е.В.Сенько [20], А.Рей [21] т.б.). Е.В.Розен неміс тіліндегі неологизмдерді тілде қалыптасушы жаңа лексика қатарында қарастырады: «Неологизмами называются всякие вновь организованные в языке слова в течение всего времени пока они отмечаются как новые в языковом сознании носителей языка. Неологизмами, следовательно, называются все слова на начальном этапе их существования в языке, т.е. на том этапе, когда недавнее время появления слова, его новизна и отражение этих моментов в сознании носителей языка являются релевантными».
Қазіргі уақытта неологизмдердің дені – форма мен мағына жағынан жаңа және жаңа әлеуметтік-мәдени маңызы бар жаңа сөздер.
Л.Гилбер жаңа тіл бірліктерін құруға әсер ететін мынадай факторларды көрсетеді:

  1. деноминативтік (жаңа нысанды тағайындау қажеттілігі);

  2. стилистикалық (экспрессивті сөйлеу қажеттілігі);

  1. тілдік жүйенің қысымы, яғни бұрыннан қолданыста бар модельдер негізінде ықтимал сөздерді қалыптастыру қажеттілігі.

Семантикалық салада олар жалпыланған бес тақырыптық топқа бөлінеді:

  1. әлеуметтік және күнделікті өмірге қатысты;

  2. компьютерлік технологиялар және әлеуметтік желілердегі;

  3. әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты;

  4. әлеуметтік-саяси лексикаға қатысты;

  1. адамдарды және олардың қажеттіліктерін, психикалық қасиеттерін, көзқарастары мен нанымдарын, стилін және т.б. сипаттайтын антропоөзектік сипаттаманың номинациясына қатысты.

Көріп отырғанымыздай, ғалымдардың көпшілігі «неологизм» түсінігінің басты белгісі ретінде «жаңалықты» көрсетеді. Басқаша айтқанда, неологизмдер – бұл тілдің дамуында белгілі бір дәуірде қолданатын ұрпақ үшін жаңа сөздер. Осыған орай, М.Тереза Кабре «Terminology: Theory, Methods and Applications» атты еңбегінде неологизмдер зерттеуінде қолданылатын төрт критерийді келтіреді:

  1. диахрондық өлшем неологизмді қазіргі заманғы тілдік мәтіндерде кездесетін, бірақ бұған дейін сол тілдің бірлігі болмаған сөздер деп сипаттайды;

  2. лексикографиялық критерий – белгілі тілдің нормативті сөздіктерінде жоқ сөз неологизм болып табылады;

  3. жүйелі ресми немесе семантикалық тұрақсыздық критериі, семантикалық, морфологиялық, фонетикалық немесе графикалық тұрақсыздықпен сипатталатын сөздер неологизмдерге жатады;

  4. психологиялық: жаңалығын тіл тұтынушылары сезінетін сөз неологизм болып табылады.

Сонымен қатар неологизмдердің мынадай түрлерін көрсетеді:
1) неологизмдер – кірме сөздер (кірме сөздер, варваризмдер, ксенизмдер мен калька сөздер);
2) морфологиялық (аффикстік) неологизмдер;
3) сөз біріктіру арқылы құрылған неологизмдер;
4) конверсияланған неологизмдер, қысқартулар.
Мысалы, неологизмдерде бейнеленген американдық өмір үлгісіне концептуалды талдау жүргізген Ресей ғалымы Т.А.Гуральниктің пікірінше, неологизмдерді жіктеудің әртүрлі параметрлері тілдік жүйеде жаңа лексикалық бірліктердің перифериялық мәртебесін анықтайды.
Жаңа сөздердің пайда болу себептеріне, сондай-ақ сөйлеу жоспары мен мазмұн жоспарының өзара әрекеттесу сипатына қарай, яғни кейбір неологизм топтары тілде сақталып қалудың жоғары деңгейіне ие болады. Себебі, семантикалық неологизмдер мен трансонимдер тілдің лексикалық жүйесінің шеткі жағында пайда болған сәттен бастап, лингвистикалық жүйенің орталығымен лексика-парадигматикалық қарым-қатынаста болады. Тверь университетінің профессоры С.И.Тогоеваның психолингвистикалық теориясына сәйкес, неологизм тілді тұтынушының жеке сөйлеу тәжірибесінде бұрын кездеспеген тілдік бірлік ретінде анықталады. Бұл жерде неологизм жаңалығының субъективті, индивидтік (жеке) сипатына мән беріледі. Бұл теорияны ұстанушы ғалымдар неологизмдер қазіргі сөздіктерде көрсетілмеген сөздер деп санайды. Осыған байланысты жаңа лексикалық бірліктерді сипаттауда қазіргі лингвистика мен қазақ тіл білімінде де, мазмұны жағынан бір-біріне жақын бірнеше термин қатар қолданылады: неологизмдер, инновациялар (жаңартпалар), жаңа қолданыстар т.б. Ал, орыс тіл білімінде бұл терминдер барынша жіктеліп қарастырылады. Мысалы инновациялар (жаңартпалар) тіл жүйесінің барлық деңгейлеріндегі жаңа құбылыстарды анықтауда қолданылады. Ал, жаңа қолданыстар әртүрлі деңгейлердегі кез келген жаңартпаларды ғана емес, сонымен бірге тілде қалыптасқан сөзжасамдық модельдер бойынша жасалған жаңа номинативтік бірліктерді (неологизмдерді) де қамтиды. В.И.Куликова өзінің зерттеулерінде трансформация деген терминді тілде бұрыннан бар мағынаны жаңа формада беретін жаңа атауларға қатысты қолданады. Ал, әдеби тілде бұрыннан бар, бірақ жаңа мағынаға ие болған неологизмдерге қатысты семантикалық жаңартпалар деген терминді қолданады.
Сонымен, неологизмдерді психолингвистика тұрғысынан зерттеген ресейлік ғалым – С.И.Тогоева [29]; лингвомәдениеттану тұрғысынан – С.Г.Тер-Минасова [30]; әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жоғарыда аталған Т.А.Гуральниктің т.б. еңбектерін атап көрсетуге болады. Дегенмен «тіл мен таным» сабақтастығы тұрғысынан әлі де неологизмдерді кешенді түрде зерттеу өзектілігі сақталуда. Бұл арада мына жағдайды атап көрсету маңызды: ХХI ғасырдың басында лингвистиканың жаңа саласы қалыптасты. Ол – неологияның бір бөлімі ретінде қарастырылып, неологизмдердің лексикографиялық сипаттамасын дамытуға бағытталған неография.
Қазіргі тілдік қолданыстағы жаңа сөздердің стильдік қабаттарын, замандастарымыздың тілдік санасын қалыптастырудағы жаңа лексиканың ықпалын пайымдау үшін Ресей оқымыстылары «Толковый словарь русского языка начала XXI века. Актуальная лексика» деген сөздікті құрастырған (2008 ж.). Оның тілдік деректері қазіргі қоғамдық-әлеуметтік өзекті ұғымдарды атайды. Мысалы:
Агроөнеркәсіптік кешен – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын күрделі өнеркәсіптік құрылым;
Жаһандық дағдарыс – дүние жүзін қамтитын экономикалық қиыншылық;
Азық-түлік қауіпсіздігі – азық-түліктің жеткілікті болуын қамтамасыз ету;
Экономиканы индустрияландыру – экономиканы техника жетістіктерімен жарақтандыру;
Экономиканы әртараптандыру – экономиканы түрлі бағыттарда дамыту;
Модернизациялау – жаңарту, қазіргі заманға сай жабдықтау;
Бюджет қаржысы – мемлекет пен әр түрлі мекемелердің белгілі бір мерзімге бөлінген қаржысы;
Жобалық-сметалық құжаттар – белгілі бір жобаның нобайы мен қаржылық мөлшері қарастырылатын құжаттар;
Ұжымдық шарт – ұжым мүшелері мен жұмыс берушілер арасында жасалатын еңбек шарты;
Меморандум – белгілі бір мәселе бойынша баяндау жазбасы, қызмет анықтамасы;
Технология – белгілі бір нәтижеге жету жолындағы мақсатты әрекеттер жүйесі;
Формация – қоғам дамуындағы белгілі бір кезең;
Инжиниринг – маман-кеңесшілердің кәсіпорындар құру, өнімдер шығару, жобалар жазу мәселелерін талдап, әзірлеу жөніндегі қызметінің аясы;
IT-технология – ақпараттық (компьютерлік) технология;
Нанотехнология – заттарға атомдық және молекулалық деңгейде күрделі амалдар жасау технологиясы;
Логистика – тауардың өндірушіден бөлшек саудаға өту процесіндегі материалдық және ақпараттық ағынды басқарудың теориясы мен практикасы;
Инновациялық кластер – өзара байланысты және белгілі бір уақыт аралығы мен экономикалық кеңістіктегі жаңа өнімдер мен технологиялардың тұтас жүйесі;
Технопарк – жоғары технологиялар саласындағы қызметтерді жүзеге асыруға арналған кешен.
Көріп отырғанымыздай, орыс тіл білімінде лексикологияның бір саласы ретінде неологизмдер туралы ғылым – неология ілімі мен неография сабақтас даму үстінде.
Неография жаңа сөздерді тіркеуге алуды ғана мақсат етпейді, олардың пайда болуы мен қалыптасуын, тілдің қызметтік аспектісі тұрғысынан жүйеленуін де толық зерттеуді талап етеді: А.А. Брагина [31], Н.З. Котелова [32], В.В. Лопатин [33], Т.В. Попова [7], С.И. Тогоева [34] т.б.
Неологтанушы ресейлік ғалым А.А.Брагина неологияның негізгі проблемаларын былайша анықтайды:

  • жаңа сөздерді және олардың мағыналарын тану жолдарын анықтау;

  • қоғамның прагматикалық қажеттілігіне сай олардың пайда болуына әсер еткен факторларға талдау жасау;

  • жаңа сөздердің қолданылу шегі мен құрылу модельдерін зерттеу;

  • олардың әлеуметтік-кәсіби, жас ерекшелігіне сай не т.б. топтарда қабылдануы не қабылданбауына қатысты ұстанымдарды саралау.

Неология ілімінің ғылыми-әдістемелік базасын анықтаған Н.З.Котелова А.А.Брагина, Л.Б.Гацалова, Е.А.Жданов, В.И.Заботкина, Т.В.Попова т.б. ғалымдардың еңбектерінде жасалған тұжырымдарға сәйкес неологизмдердің мынадай тілдік бірліктер түрлері көрсетіледі:
1. Неолексемалар. Өзге тілден енген жаңа сөздер не жаңа құрылымдар: имидж, киллер, рейв, рэп, чизбургер, бомж, тамагочи, сингл т.б.
2. Неофраземалар. Идиомалық семантикаға ие жаңа тұрақты сөз тіркестері мен фразеологизмдер: сенім несиесі, құқықтық мемлекет, табыс туралы декларация, жарнамалық үзіліс, кедендік одақ, сауда желісі, салауатты өмір салты т.б.
3. Неосемемалар. Көнерген сөздер мен фразеологизмдердің жаңа мағыналары. Мысалы: экология терминінің «тірі организмдердің тіршілік ортасымен арақатынасын зерттейтін биологияның саласы» деген тура мағынасына қосымша «тазалық», «дұрыстық» «үндестік», «тазалыққа қамқорлық» деген ұғым өзектеліп, таным өрісіміздің кеңеюін бейнелейтін рух экологиясы, тіл экологиясы, мәдениет экологиясы т.б. жаңа тіркестер туды. Тілдік бірліктердің осындай жаңалану дәрежесіне байланысты неологизмдер екі түрге ажыратылады:
1) абсолютті неологизмдер. Бұл түріне ғалымдар нақты сипаттамалы анықтама бере алмай, оның тілде бұрыннан бар // жоқтығымен шектеледі: массмедиа, диджей, маклер, импичмент т.б.
2) қатыстық неологизмдер. Бұрыннан бар тіл бірліктерінің қызметіне қатысты өзектеліп, жаңаланған түрлері. Кейде олар ауызекі тілден, диалектілік не кәсіби лексикадан да ауысып жатады: кеден, билік, әкім, тұғыр, айтыс, шабарман т.б.
Сол сияқты неологизмдер сөзжасамдық және лексикалық неологизмдер деп те ажыратылады. Сөзжасамдық неологияда белгілі формалар мен жаңа мазмұнды «қаптама» үлгісін беретін тілде бар модельдер арқылы жасалған жаңа сөздер қарастырылады. Олар жаңа түсініктерді белгілеуге қызмет етеді, көбінесе олар – ғылыми және техникалық терминдер. Ал лексикалық неологияда неологизмдер денотативтік (басқаша айтқанда деноминативтік, когнитивтік) және стилистикалық болып бөлінеді. Олар көбіне тілде поэтикалық функция атқарады, оқушының назарын аударады, қосымша реңк береді. Сондықтан олар әдебиетшілер тарапынан белсенді түрде қолданылады.
Қазіргі заманда неологизмдердің пайда болуының негізгі себептері ғылым мен техниканың қарқынды дамып, бұқаралық ақпарат құралдары, ғаламтор және адам қызметінің басқа да салаларын қамтитыны белгілі. Ал, лингвистикалық талап тұрғысынан неологизмдерді жаңадан пайда болған лексикалық бірлік деп түсінуге болады, сонымен қатар бұл сөздерді мүлдем жаңа мән беретін синонимдер деп те қарауға болады. Осыған байланысты неологияда неологизмдердің жасалуының мынадай тәсілдері анықталған: сөзжасамдық, конверсия, қысқарту, бірігу т.б.
Солардың ішінде, неологиялық үдерісте ең өнімдісі – сөзжасамдық тәсіл болып табылады. Осыған байланысты қарастырылатын лексикалық неологияда ғалымдар неологизмдердің: денотаттық (когнитивтік), стилистикалық, тілдік, тұрақты, уәжді, дискурстық. т.б. түрлерін көрсетеді.
Неология теориясы бойынша неологизмдердің пайда болуының екі түрі бар. Оның нақты мысалдарын қазіргі қазақ тіліндегі жаңа қолданыстардан көруге болады:
1) бұрын болып көрмеген жаңа ұғымдарға байланысты пайда болған сөздер: компьютер, мультимедия, нанотехнология, ұялы байланыс, ноутбук, электромобиль т.б.;
2) тілде бұрыннан бар ұғымдардың жаңа мағына алып, жаңаша аталуы: кеден, сынып, пайыз, теңге, құн, құжат, хаттама, серіктестік, шаруа қожалығы т.б. [38, 509].
Қазақ тіл біліміндегі (Ш.Сарыбаев, А.Алдашева т.б.) жаңа сөздер сөздігі мен анықтамалықтарында қазіргі қазақ тілінің жаңа лексикасын тіркеу қағидаттары мен әдістері қазіргі қазақ тілінің сөздік қорын дамыту динамикасын ашып қана қоймай, сонымен қатар жаңа номинацияның лингвистикалық және мәдени аспектілерін зерттеуге мүмкіндік береді, жаңа сөздердің ғылыми әлеуетін де көрсетеді.
Бұл болашақта жаңа лексиканың этимологиялық, парадигматикалық, синтагматикалық және эпидигматикалық байланыстарын ғана емес, сондай-ақ заманауи қазақ қоғамы тұжырымдамасының бөлігі болып табылатын негізгі түсініктердің мазмұнын ашуға мүмкіндік береді.
Демек, неологизмдердің лингвистикалық мәртебесін айқындауға бағытталған ішкі және сыртқы неология мен қолданбалы зерттеулер саласындағы теориялық зерттеулер негізінде неологизмді әлеуметтік-тарихи санатқа жатқызуға болады. Ол уақыт, кеңістік, қозғалыс (әрекет) сияқты үш негізгі санаттың негізінде «жаңару» тұжырымдамасының көп жақты салыстырмалық ұғымын қалыптастырады.
Неологизмдердің әлеуметтік-мәдени мәні уақытша өзекті, психолингвистикалық және әлеуметтік маңыздылығының өлшемі т.б. критерийлері арқылы анықталып, лексикографиялық дәйектермен бекітіледі. Шынында да, қоғамның ғылыми-техникалық, экономикалық өміріндегі өзгерістер мен жаңалықтар, мәдени-әлеуметтік өміріндегі жылдам өзгеретін басымдықтар – тілдегі жаңа атаулардың пайда болуының индикаторлары, номенклатурасы.
Демек, жаңа сөзбен айтылған коммуникативтік қызметі, оның тілдік көрінісінің лексикалық жүйе орталығымен байланыс сипаты тілді тұтынушы танымымен сабақтасады. Жаңа лексикалық бірліктерді зерттеудің танымдық аспектілері әлемнің лингвистикалық және мәдени бейнесінің өзара әрекеттесу жолдарын анықтау және лингвомәдениаралық коммуникацияны жүзеге асыру үшін неологизмдерді тұжырымдамалық талдауына көмектеседі.
Ресейлік ғалымдар әлеуметтік және лингвомәдени кеңістіктегі жаңа лексиканың тұжырымдамалық талдауына қатысты өндіріс тиімділігін арттыруға деген ұмтылыс компьютерлік және ақпараттандыру үдерістерін үнемі ынталандыратынын атап көрсетеді.
Осы жағдай экономикалық салада қазақ тілінде де жаңа номинативті парадигмалардың пайда болуына әкелді. Олар жаңа ақпараттық технологиялар саласына қызмет ететін ағылшын терминологиялық корпусының форманттары бар бөлімшелерден көрінеді: вебсайт, драйвер, сканер, ноутбук, смартфон, форум, блог, чат, портал, факс, ксерокс, принтер, картридж, адаптер, процессор, монитор, диск, файл т.б.
Сонымен бірге соңғы онжылдықта қоғамдық-саяси шындықтарды нақтылау қажеттігіне байланысты да қазақ баспасөзінде лексика жаңаруының белсенділігі байқалады: егемендік, алаш, дағдарыс, тәуелсіздік, тәуелсіздік ұраны, тәуелсіз орта, шағын бизнес, Ата Заң, ұлттық ой-сана, сыбайлас жемқорлық, лаңкестік, арабилік, бопса, әлеует, науқан, құрылтай, сайлау, нарық, кеден, бәсеке, бәсекелестік, жекешелендіру, оңтайландыру, сырқат кәсіпорындар, кешенді сауықтыру, қазыналық кәсіпорын, ірі кәсіпкер, ырықсыздандыру механизмі т.б.

1.3 Тіл қоғамдық сананың негізгі әрі әмбебап факторы



Жаратылысында тіл мен сана бірінсіз бірі болмайды. Тіл ойды тікелей жарыққа шығарудың құралы болғандықтан, сана тіл арқылы көрініс табады. Сондықтан тілдік сананың шет-шегі қабылдау, сөйлеу актілерімен тығыз байланысты. Тіл мен сана статикалық сипатымен ұқсайды. И.А.Стернин ғылымда ойлау мен сананың нақты аражігі ашылмағандығын тілге тиек етіп, олардың кейде синоним ретінде қолданылатынын, кейде қарама-қайшы қойылатынын айтады. Осы тұста «сана құбылыстың статикалық, ойлау динамикалық аспектісін ерекшелеп көрсетеді. Сана – мидың өзіндік қасиеті, ойлау – сана арқылы берілген мидың әрекеті (яғни ойлау әрекеті)». Бірақ Т.Н.Ушакова сияқты ғалымдар оның динамикалық сипатының да болатынын айтады. Ол тілдік сананың екі түрін ажыратып, бірін динамикалық, екіншісін құрылымдық деп атайды. «Динамикалық –сананың жай-күйін вербалды түрде білдіру, санаға сөйлеу арқылы әсер ету, құрылымдық –субъектінің менталдық тәжірибесінің, сана әрекетінің нәтижесінде қалыптасатынтілдік құрылымдармен жасалады». Тұрмыстық және ауызекі тілде «санасыз екен», «санасыздық биледі» сияқты жағымсыз мәндегі сөз, сөз тіркестер жиі кездеседі. Соған сәйкес, керісінше, «саналы ұрпақ», «саналы адам» сияқты жағымды қолданысы да бар. Бұлар қазақтың «айналайыны» сияқты аударуға келмейтін лакуна болып табылады. Осында сана «ар жағында түгі жоқ» (білімсіз, надан), «ақылсыз» немесе керісінше «ақылды» деген сияқты т.б. мәнде жұмсалған. Демек ауызекі қолданыста сана ақылмен теңестіріледі. Ал ақыл –түрлі білім ақпараттарының жиынтығынан тұрады. Тіл арқылы санадағы ойдың немесе білімнің жарыққа шығатындығын лингвистер, психологтар, тарихшы ғалымдар т.т. дәлелдеп тастаған. Лингвистикалық тұрғыдан А.Н. Леонтьев сананы «қоғамдық тұрғыдан қалыптасқан тілдік мағына, ұғымдар арқылы санада түсінілетін ақиқаттың көрінісі» деп анықтайды. Е.Ф. Тарасов сана тікелей бақыланбайтындығын атап көрсетеді, ал сананы білдіру құралдары, ең алдымен, вербалдық құралдар болып табылады.
Тілдік сана –сөйлесім әрекетін басқарудың тетігі болып саналады және тіл бірліктерін сақтайды, қайтадан жаңғыртады, қалыптандырады. Тілдік таңбалардың үйлесімді, бірқалыпқа түсіріліп қолданылуын қамтамасыз етеді. Тілдік санаға, сөйлесім әрекеті мен сөйлесім актісіне, сөйлесімнің қарым-қатынас үдерісінің ұйымдасуына ұлттық-мәдени ықпал әсер етіп отырады. Тілдік санадағы бар хабарларды мүмкіншілігімен қалай жұмсалымға түсіру қажеттілігі мәселесі туғанда, аялық білім, оның пайда болуы сияқты күрделі құбылыстың мәнін ашу керек болады. Тіл, тілдік сана, аялық білім, сол сияқты жалпы тілдік құрылымдардың сипатын т.б. анықтау үшін, сол тілде сөйлейтін ұлттың ұлттық ерекшелігін танудың мәні зор. Тілдік сана ұлттық тілдің сөздік қорымен (сөз байлығымен) қалыптасады. Тілдік сана мен тіл байлығы халықтың дүние туралы танымы мен білімінің көрсеткіші.
Тілдік сана этнолингвистика, этнопсихолингвистика, лингвомәдениеттану мен әлеуметтіклингвистиканың негізгі зерттеу нысаны болмақ. Нақты айтқанда, В. Гумбольдттың ізімен, сананың басқа түрлеріне қарағанда тілдік сана ұлт тілімен тікелей байланысты болып табылады. Осы жерде ұлттың тілдік санасы мен жеке адамның тілдік санасының аражігін ашып алған дұрыс. Жеке адамның тілдік санасы ұлттың тілдік санасына тәуелді. Алайда белгілі бір уақытта өзгеріске түсіп, жеке сипаттарымен (кәсібі, білімі, рухани ой-пікірі т.т.) ерекшеленуі мүмкін. Сананың қай түрі болсын, көрсеткіші – тіл. Жүзеге асатын жері – сөйлесім әрекеті. Сондықтан сананы тіл мен сөйлеуден тыс қарастыру мүмкін емес. Жеке адамда энциклопедиялық білім, аялық білім, жаңа білім, қорытынды білімнің негізінде тілдік сана бекиді.

2 Экономикалық дискурстағы кейбір лексика-семантикалық жаңартпалар


Тәуелсіздік кезеңіндегі экономика саласындағы нарықтық қатынастардың қарыштап дамуына, осыған байланысты тілдегі лексикалық қабаттағы да жаңалықтардың туындауына әкелді. Мемлекеттік емес ұйымдар мен қоғамдар, түрлі коммерциялық құрылымдар жаңа әлеуметтік орта қалыптастырды. Олар өз саласында тілдің жазбаша және ауызша түрлерін негізгі құрал ретінде пайдаланып, жаңа әлеуметтік тілдік орта қалыптастырып отыр. Экономикалық салада табысқа жетудің бірден-бір жолы әріптестермен, тұтынушылармен, әкімшілікпен тілдік қарым-қатынастың дұрыс құрылуымен тығыз байланысты. Сондықтан аталған саладағы сөздің коммуникативтік сапасы өзі туындап отырған экономикалық дискурстың мазмұнына сай мағыналарды дәл беруі арқылы анықталады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет