«Қоржын» сөзі өзінің бұрынғы өрмек құрып тоқылатын бұйым деген мағынасынан ажырап, қазіргі экономикалық дискурста жаңа қолданыста пайдаланылып жүр. Ертеректе, салт-дәстүрімізде, қазақы санамызда «қоржынның» алатын орны ерекше болған. Түйенің өркешіне, аттың екі қапталына асып алуға ыңғайлы болғандықтан қоржынды ата-бабаларымыз өз қажеттеріне қарай пайдаланған. Оның кілем түрінде түкті етіп тоқылған түрі, алаша түрінде тақыр етіп тоқылған түрі, мал баққанда жолға алып шығатын, жазда суды ысытпайтын, қыста тамақты суытпайтын қалың киізден тігілген бірнеше түрлері болған. Ал қазіргі кезде қоржынның матадан тігілген түрлері көп кездеседі. Аудан, облыстарына қарай түрлері де өзгереді. Олар: той қоржын, қыз қоржын, бесік қоржын, сүндет қоржын тағы басқа түрлері жалғасып кете береді. Ал енді осы сөздің 15-томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»: 1. э т н. Әртүрлі нәрсе салуға арналып, иірілген жүннен, мақтадан тоқылған екі басты қапшық, теңдеме. 2. э к о н. Жекелеген фирма, сала және микроэкономика деңгейіндегі белгілі бір күнгі тауарлар тапсырысының жиынтығы; 3. э к о н. Сұранымды және дайындаушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып жасалатын, өнімді жеткізу шарттарын жасасу үшін негіз болып табылатын тауарлардың түр-түрі бойынша сұрыпталымдық жоспар; 4. Заңды не жеке тұлға иеленетін түрлі бағалы қағаздар; пакеттерінің жиынтығы. 5. Субъектінің байлығын құрайтын активтер жиынтығы. 6. ж е р г. Аудың бір бөлігі. 7. и н ф. Windows ортасының жүйеге қызмет ету программасы немесе жүйелік бумасы деген мағыналары берілген. 1999 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің сөздігінде»: Жолаушы жүргенде әртүрлі нәрсе салу үшін иірген жүннен тоқылған екі басты қап делінген. Қазіргі экономикалық дискурста да оның: 1. жекелеген фирма, сала және макроэкономика деңгейінде белгілі бір күнгі тауарлар тапсырысының жиынтығы; 2. сұранымды және дайындаушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып жасалатын, өнімді жеткізу шарттарын жасасу үшін негіз болып табылатын тауарлардың түр-түрі бойынша сұрыпталымдық жоспар; 3. заңды не жеке тұлға иеленетін түрлі бағалы қағаздар; 4. экономикалық субъектінің байлығын құрайтын активтер жиынтығы. Қоржын экономиканың барлық аяларында қолданылады және фирма, ұйым, кәсіпорын қызметінің ауқымы, экономикалық келешегі, рыноктағы орны т.б. сияқты дефинициясы қолданылады. «Қоржын» сөзінің жаңа мағынасынан «инвестициялық қоржын», «қоржынды әртараптандыру», «қоржындық инвестиция» секілді мағыналас тіркестер/ұғымдар пайда болып, экономикалық дискурсқа сіңіп, үйреншікті терминге айналып кетті.
«Сауда» сөзі қазіргі таңда қазақ тілінде затты сату, не сатып алу мағынасында жұмсалады. 15-томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» бұл сөздің бірнеше мағынасы ажыратылып беріледі: з а т. 1. Затты сату мен сатып алу әрекеті. 2. э к о н. Тауарларды сатып алу-сату арқылы өткізетін ұлттық шаруашылық саласы. С а у д а ішкі (көтерме сауда және бөлшек сауда) және сыртқы саудаға бөлінеді; жеке адамның пайда алу мақсатымен тауарларды айналысқа түсіру, оларды сатып алу және сату жөніндегі шаруашылық қызметі (Қаз. тілі термин. Экономика). 3. э к о н. Қандай да бір тауарды өткізуге бағытталған немесе өткізу жолына қарай ерекшеленетін бір арнасы. 4. а у ы с. Базар, базарда сауда қызатын демалыс күн. 5. а у ы с. Өзара айтыс, тартыс, бәсекелескен жайт. 1999 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің сөздігінде»: 1. Затты сату мен сатып алу айналымы жөніндегі шаруашылық әрекеті. 2. Ауыс. Бәсеке, талас-тартыс деген ұғымдары көрсетілген. Ал, Р.Сыздықованың «Сөздер сөйлейді (сөздердің қолданылу тарихынан)» атты көмекші құралында сауда сөзінің негізгі мағынасынан өзге де мағынада келіп, жалғыздықтың саудасы, ғашықтықтың саудасы сияқты тіркестер құрап жұмсалатын сәттері бар екендігі, мұндағы ғашықтықтың саудасы деген тіркес «ғашықтық оты, өлердей ғашықтық» деген мағынаны білдірсе, жалғыздықтың саудасы немесе басына сауда салу дегендердегі сауда сөзі «қиындық, ауыртпалық» деген мәнде жұмсалып тұрғандығы анықталады. Сонымен қатар, аталмыш еңбекте Р. Сыздықова: «Сауда сөзінің араб тіліндегі мағынасы «ыза, меланхолия», парсы тіліндегі мағыналарының бірі – «қатты құмарту, махаббат және ызаланушылық, ыза», ал орта ғасырлардағы түркі ескерткіштеріндегі мағынасы – «қатты құмарту, сүю, махаббат және құмарлық, әуейілік» (Фазылов, II. 238). Сауда сөзінің қазақ топырағында пайда болған мағынасы одан әрі құбылып, жалпы «ауыртпалық, қиындық» дегенге көшкені байқалады, өйткені жалғыздықтың саудасы дегенде сөз ұғымы махаббатқа, әуейілікке жуыспайды, бұл жердегі сауда – «ауыртпалық, шарасыздық». Сауда сөзін дәл осы мағынада қазақтың өткендегі ақын-жыраулары да пайдаланған»-дейді. Сөйтіп, тілімізге араб тілінен енген сауда сөзі тек қана «сатып алу-сату» мағынасында ғана емес, араб-парсы тілдеріндегідей сезімге, адам мінезінің сипатына қатысты ұғымда да жұмсалған екен. Дегенмен, сауда сөзінің бұл көрсетілген мағыналары қазіргі тілімізде көмескіленген, актив қолданылмайды.
Сол сияқты көпшілікке танымал жаһандық, инвесторлар, қаржыгер, сарапшы, қаржылық жүйе, экономикалық өсім, алыпсатар, кірістер, өндірістер, инфроқұрылым, есепшот, активтер, пайыз, дамушы ел, пәрменді, копирайтер, сапа ілмегі, абонементтік төлем, абонент, баланстағы есеп т.б. семантикалық жаңартпалар заман талабына сай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық құрылымының өзгеруі нәтижесінде тілімізде жаңа мағынаға ие болған сөздер. Тіліміздегі мұндай жаңартпаларды қазақтілді иелмендер әртүрлі қабылдайды. Олардың жаңа мағыналарының, тілдік ұғымымызға сіңісіп кеткені соншалық, кейде қазақ тілінде сөйлеушілердің өздері оларды жаңартпалар ретінде қабылдамайды. Мұндай семантикалық жаңартпалардың қатарына кесте (таблица) деген сөзді де жатқызуға болады. Қазіргі жаңа мағынасы – мәліметтерді жолдар мен бағаналар қиылысында орналастыру арқылы ұсыну тәсілі. Бұрынғы мағынасы – тоқу түрі (кесте тоқу, кесте тігу). Сонымен қатар салық сөзі. Экономикадағы қазіргі жаңа мағынасы – жеке адамдар мен кәсіпорындардан міндетті түрде алынатын мемлекеттік алым. Бұл сөз ертеректе түрік қағанатының үстемдік етіп тұрған кезінде, орыс мемлекетінің салық төлеп тұрған кезінде қолданылған, одан соң патша үкіметіне старшындар қазақ даласынан салық жинаған, бұл туралы, әсіресе, Исатай Махамбет көтерілісінен білеміз, ал кейін Кеңес өкіметі тұсында салық сөзін налог термині тілден ығыстырып шықты да, салық көнерген сөздердің қатарынан орын алды, тек кейінгі жылдары ғана қазақ тіліне, оның ішінде ұлттық терминологияны қалыптастыру талабының негізінде салық сөзі тілімізге оралып, экономикалық термин ретінде қалыптасты. Сондай-ақ салым, салымшы, шенеунік, тұсаукесер, құрылтай, өсім, мүдде, міндеттеме, нарық, сақтандыру, сақтандырушы, өтімділік т.б сөздер экономикалық дискурста жиі қолданылатын семантикалық жаңартпаларға жатады.
2.2 Әлеуметтік желідегі ағылшын тілінен енген жаңа сөздер
Тілдің өміршеңдігі тілдің динамикалық қозғалысы арқылы байқалады. Тіл әрдайым сыртқы және ішкі түрткіжайттар, қоғамдағы жайттар, өзгерістер, тілішілік даму, кері кету және т.б. есебінен дамып не өзгеріске ұшырап отырады. Тіл білімінің ең ең көп өзгеріске ұшырайтын, өзгермелі саласы лексика болып табылады. Адам өмірінде пайда болған кез келген жаңа зат не құбылыс, ұғым тілде көрініс тауып, лексикалық қорға барып жинақталады. Кейбір сөздер қолданысқа еніп жатса, кейбір сөздер қолданыстан шығып қалып жатады. Ал кейбір қолданыстан шығып қалған сөздер, қайта «тіріліп» өзінің бастапқы семантикасы айналасында не алшақтап кетіп, қайта қолданысқа енеді.
Жаһандану үдерісі кезінде технологияның қарыштап дамуына байланысты қоғамның түрлі салаларында алуан түрлі жаңалықтар, жаңартпалар, жаңа дүниелер, құбылыстар пайда болып жатыр. Қоғамда пайда болып жатқан құбылыстардың барлығы тілде көрініс тауып, тілде тіркеліп отырады. Интернетте, әлеуметтік желілер арқылы уақыт өткен сайын жаңа ұғым, жаңа тілдік бірліктер әлем тілдерінің барлығында пайда болып отыр. Мұндай құбылыс қазақ тіліне де әсерін тигізіп жатыр. Қазақтілді әлеуметтік желілерде ағылшын тілі арқылы енген жаңа сөздер қалыптасып келеді. Мұндай сөздерді интернет қолданушысы күнделікті өмірінде белсенді қолданып, виртуалды коммуникацияның негізгі сөздеріне айналып отыр.
IT технологияның дамуы қоғамда виртуалды коммуникацияның күшеюіне жол ашты. Виртуалды коммуникация кеңістігі күннен күнге реалды коммуникацияның орнын басып келе жатыр. Виртуалды коммуникация реалды коммуникацияның тілдік нормаларын өзгерте алатындай әлеуетке иеленіп келеді. Виртуалды коммуникацияның тілдік бірліктері реалды коммуникацияда нормаға айналған тілдік бірліктерді ығыстырып, нормадан ауытқыған қолданыстар виртуалды коммуникация үшін «қалыпты» жайтқа айналып барады. Сонымен қатар виртуалды коммуникацияның қарқынды дамуы нәтижесінде интернет, әлеуметтік желілер арқылы уақыт өткен сайын әлем тілдерінің барлығында жаңа ұғым, жаңа атау, жаңа сөздер пайда болып жатыр. Мұндай құбылыс қазақ тіліне де әсерін тигізіп отыр. Қазақтілді виртуалды ортада ағылшын тілі арқылы енген жаңа сөздер легі күннен күнге артып барады, яғни қазіргі таңда неологизмдену үдерісі тілдің қолданысының дәл осы тұсында қарқынды жүріп жатыр. Мұның нәтижесінде қазақ тілінің лексикалық қоры түрлі тілдік жаңартпалар <лат. innovation>, жаңа сөздермен толығып келеді.
Жалпы жаңа сөздерді тіл білімінде неология саласы қарастырады. Неология сөзін ғылыми айналымға термин ретінде алғаш рет француз лексикографы Л.С. Мерсье 1801 жылы енгізгенімен, бірақ қазіргі таңда неология тіл білімінде жас сала деп қарастырылады. Неология қоғамның белгілі бір даму кезеңінде тілде пайда болған жаңа лексикалық бірліктерді, яғни неологизмдерді зерттейді. Неолгизм жиынтығы неология немесе неологиялық лексика деп аталады. Неология тіл білімінің саласы ретінде ғылыми терминологиясы мен ұғымдық аппараты қалыптасып келеді.
Неология саласында дау тудыратын мәселе – неологизмдердің түрлері.
Неологизмдерді мына белгісі: сөз формасы, номинация тәсілі, жаңашылдық дәрежесі және сөйленімге қатынасы бойынша бөлінеді. Сөз формасы бойынша неологизмдердің үш түрі кездеседі: лексикалық (жаңа ұғымдар мен заттарды анықтауға арналған жаңа сөздер), семантикалық (бұрыннан бар сөздердің жаңа мәнге ие болуы), фразеологиялық (жаңа сөздер бір-бірімен байланысты тіркестер) неологизмдер. Соның ішінде семантикалық неологизмдердің синонимдік қатары мынадай: неосемантизмдер, семантикалық инновациялар, семантикалық окказионализмдер, лексикосемантикалық неологизмдер, семантикалық жаңалық, неологизмдер мәні, неологизмдер мәндер. Номинация тәсілі бойынша неологизмдерді: 1) жаңа сөздер, ұғымдар, тіркестер және 2) әдеби тілге енген дайын тілдік бірліктер деп бөледі. Жаңашылдық дәрежесі бойынша 1) күшті неологизмдер (нақты неологизмдер, абсолюттік неологизмдер) және 2) бұрыннан белгілі сөздер, ұғымдар және қолданысқа ие болған, актуалданған немесе жаңа салада таралған салыстырмалы немесе функционалдық неологизмдер.
Э.А. Тугуз сөйленімге қатысты неологизмдерді узуалды және узуалды емес (окказионалды) деп екіге бөледі.
Қазақ тіл білімінде Р. Сыздық окказионалды сөздерді жаңа сөздер, ұғым атауына жатқызбайды. Себебі окказионалды сөздер ол автордың жеке қолданысы, жеке шығармашылық нәтижесінде пайда болады. Осы тұста біз Р.Сыздықтың ұстанымымен келісеміз.
Неологизмдердің пайда болуын дәстүрлі түрде үш негізгі тәсілге бөледі:
1) шет тілінен енген сөздер, сондай ақ әдеби тілге енбейтін ауызекі сөйлеу тілі элементтері, аумақтық диалектілер, кәсіби және әлеуметтік жаргондар және т.б.; 2) қосымша жалғау арқылы жасалған тілдік бірліктер 3) тілде бар атаудың (ұғымның) семантикалық мағынаға ауысуы.
Мақаламызда виртуалды коммуникацияда жиі қолданылатын ағылшын тілінен енген жаңа сөздерді қарастырамыз. Ағылшын тілінен енген сөздердің мағынасы Oxford Dictionaries сөздігінен алынды.
Достарыңызбен бөлісу: |