Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалар әдебиеті пәні бойынша дәріс жинағы



бет5/19
Дата21.10.2022
өлшемі174,61 Kb.
#44708
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
Бас бармақ,
Балалы үйрек (сұқ саусақ),
Ортан терек (ортан қол),
Шылдыр шүмек (аты жоқ қол),
Кішкентай бөбек (шынашақ),– деп әр саусаққа ат қойып, бүгіп шығады. Содан соң: кішкентай бөбектен бастап:
Сен тұр – қозыңа бар
Сен тұр – қойыңа бар,
Сен тұр – жылқыңа бар,
Сен тұр – түйеңе бар.
Сен – қария
Қазан түбін жалап,
Үйде жат,– деп әрқайсысына міндет жүктейді.
Сондай-ақ саусақтарды ретімен жұмып, ретімен ашу да бала ұғымын жүйелілікке тәрбиелейді. Осылайша сәби бірте-бірте санауға үйренеді. Бұл процесс те осы саусақ ойындары арқылы жүзеге асады. Қазақ баласының өміріндегі есепке үйренудің алғашқы қадамы да саусақ ойындары арқылы жүзеге асады. Оның бір үлгісі мынадай:
Бірім – бір,
Екім – екі,
Үшім – үш,– деп онға дейін баланың саусақтарын жұма келіп:
Он бірім…
Оны тапшы, ай-күнім!– деп сұрайды да:
Бір дегенім – білеу,
Екі дегенім – егеу,
Үш дегенім – үскі,
Төрт дегенім – төсек,
Бес дегенім – бесік,
Алты дегенім – асық,
Жеті дегенім – желке,
Сегіз дегенім – серке,
Тоғыз дегенім – торпақ,
Он дегенім – оймақ
Он бір – қара жұмбақ,– деп бітіреді.
Мұндағы дыбыстық үйлесімге құрылған ұйқасты сөздер баланы қызықтырып қана қоймайды, санды жаттауға да жеңілдік туғызады, және санға телінген балама сөздер де баланың күнде көріп, қолына ұстап жүрген таныс дүниелері. Бұл бір жағынан тіл дамытушылық рөлін де қоса атқарады, баланың танымдық қабілетін өсіреді. Баланы алдарқата отырып санауға үйретудің мұндай тәсілі көп халықтарда бар.

2.3 Жеткіншектер поэзиясы мен ойындық фольклор




Маусымдық жырлар. Қазақ балаларының маусымдық жырларын көктем мен жаз, күз бен қыс өлеңдері деп екіге бөлген жөн. Алғаш күн күркірегенде, алғаш жыл құсы келгенде, алғаш бие байлап, қымыз ашытқанда түрлі ырымдар жасалады. Міне, осындай көктем, жаз, күз, қыс құбылыстары балалар өлеңдерінен өз орнын тапқан. Көктем мен жазға арналған өлеңдер («Жыл құсын көргенде», «Самалық, самалық», «Жазда» т.б.)қуанышты көңіл-күй әуендерімен ерекшеленсе, күз бен қыс туралы өлеңдерде («Күзде», «Қыста» т.б.) сүреңсіз суық күндер, ауылдың сұрқай тіршілігі басым бейнеленеді.


Арнау-тілек өлеңдері (заклички, приговорки). Арнау-тілек өлеңдерінің ішкі мазмұнына үңілсек, күнге, айға, табиғат құбылыстарына арналған жырлардан («Айға», «Күн шыққанда», «Жаңбыр жауғанда» т.б.) жалбарынудың, өтіне сұранудың нышанын байқаймыз. Ал жан-жануарларға арналған жырларда («Балыққа», «Құртқа» т.б.) өтініштен гөрі бұйыра айту сарыны басымдау.


Балалар өлеңдері (тақпақ, сұрамақ). Жеткіншектердің күнделікті тіршілігінде жиі айтылып, кең таралған өлеңдер тобын шартты түрде балалар өлеңдері деп жеке топтауға болады. Тақпақ («Торғай», «Қарға», «Сауысқан» т.б) – шағын көлемді шығарма. Тақпақта дыбыстық үйлесімдер жарасымы анық байқалады. Мазмұны балалардың таным-түсінігіне, күнделікті тірлігіне етене жақын болып келеді. Сұрамақ («Қарға, қарға, қарғалар», «Ауылың қайда?», «Бақа» т.б.) диалогқа құрылып, екі баланың кезектесіп айтуына ыңғайлы болып келеді. Өлең құрылысы да ойнақы, жеңіл, шымыр ұйқасқа құрылады. Айтыс түрінде келетін өзгеше қызық формасы да («Қой мен ешкінің айтысы») бар.


Қызықтама (прибаутки). Қызықтамалардың («Түлкі, түлкі, түлкішек», «Түйе, түйе, түйелер» т.б.) ең басты ерекшелігі, өлеңдік баяндауға құрылатындығы. Олардың сюжеті үнемі тізбекті болып келеді. Бұл өлеңдерді балалар ынталана тыңдап, тамашалап қана қоймай, оның астарындағы юморды да түсіне білуі шарт.


Мазақтама (дразнилки). 6-12 жас аралығындағы балалар бір-біріне ат қойып, айдар тағуға, кез-келген жағдайда бір-бірін келемеждеуге ыңғай тұрады. Және ол келемеждерін көбінесе өлең жолдары арқылы білдіреді. Балалар мазақтамаларын мазмұны, тақырып объектісі жағынан балалар атына ұйқастырылған (рифмованные прозвища) мазақтамалар және бала бойындағы, мінезі мен әрекетіндегі түрлі кемшіліктерді күлкі етуге арналған сайқымазақ мазақтамалар деп екі жікке бөлуге болады. Мазақтаманың негізгі мақсаты – баланың мінін көрсетіп, сынау, оны тәрбиелеу. Ал балалардың бірін-бірі мазақтауы кезінде орынсыз пайдаланып, бір-бірінің арына тиіп, ызаландырып жасытуы мүмкін. Ондайда оларға үлкендік, салиқалық кеңес керек.

Ойынға байланысты жырлар.


Балалар ойынының поэзиялық өрнегіне, фольклорлық мән-мағынасына тоқталатын болсақ, екі үлкен жікке бөліп саралауға болатын тәрізді. Оның алғашқы тобына балалардың қимыл-қозғалыс ойындарына, ойынның басталуына, жүргізілуіне, аяқталуына байланысты айтылатын, яғни, ойынға байланысты өлеңдер, екінші жікке өлең-ойындар жатады. Екінші жағдайда балалар өлең сөзін ойынға айналдырады, сол арқылы тапқырлық, ұтқырлық сияқты ой жарысына түседі. Әрекетке құрылған рольді ойындардың (ролевые игры) құрылысында өлең сөз ерекше белсенді қызмет атқарады.
Ойынға байланысты келетін өлеңдердің әрқайсысының өзіне тәуелді функциясы, соған орай мазмұны мен өзіндік ерекшеліктері бар. Осы сипаттарына қарай бұл өлеңдерді фольклоршылар мынадай ішкі жанрлық түрлерге жіктеп жүр:
-Ойынға шақыру өлеңдері.
-Қаламақ.
-Санамақ.
-Драмалық ойындар.


Ойынға шақыру (голосянки). Ойынқұмар ауыл балалары өз серіктерін іздеп бірін-бірі ойынға шақырады. Балалар көп жағдайда бір-бірін өлеңмен де шақырады. Ол өлеңдерді балалар жеке-жеке де, хормен де дауыстап айта береді. Өлеңнің мазмұны көбіне баланы ызаландырып, шамына тиіп, қалайда ойынға шығаруды көздейді


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет