Күн жылынып, қар да еріпдірілдеп,
Сай-сайлардан сулар ағып, күрілдеп...
Осылайша балаларға тікелей өлең арнай бастаған Бейімбет 1922 жылы «Өтірікке бәйге» атты ертегі-дастанын жазды. Бұл енді қазақ балалар әдебиетінің асыл қорына қосылатын шығарма. Дастанды ұстап тұрған арқау – асып-тасқан ханның ерігіп, өтірікке бәйге жариялауы. Сонымен хан «Уәзірлерін жиып алып, жұртқа бұйрық таратқан...». Мұны естіп білген жұрт қарап қала ма, істеп жатқан кәсіптерін жиып қойып, хан ауылына жиналады. Алтын алмақ, оп-оңай байып қалмақ. Содан олар хан алдында өтірік айтып жарысады. Таласқа түседі. Бірінен бірі асады. Бірақ хан «Бәрі рас, нанамын» деп, таудай талаптарын тұжыра береді. Сөйтіп барша өтірікшінің беті қайтып қалады. Сонда халық жеңіліп. Хан жеңіп кетпек пе? Жоқ. Үсті дал-дұл бір таз бала ханның алдына келеді. «Өтірігі өте жойқын, жас бала да нанғысыз. Алтын қимай «Рас», - дейді, Ұяты жоқ хан арсыз». Содан бала тағы бір өтірігін – соңғы өтірігін айтады. Ерні жалақ, жалаң аяқ, Қисық таяқ қолында. Ақсай басып, асып-сасып, Бұқаның жүр соңында... Тақсыр ханым! Білесіз бе, Сол жаман шал кім еді? «Жоқ, білмеймін, ал айта ғой!» Басқа ешнәрсе демеді». Таз бала «Бұл шал сіздің әкеңіз еді, рас па осыным?»– дейді. Хан шошынып, жеркенгендіктен еріксіз «өтірік» деп салады. Сөйтіп бала ханды жеңіп, бәйгені алады.
Бейімбеттің балаларға арналған екінші бір дастаны «Кемпірдің ертегісі» аталғанмен, ертегі емес. 1916 жылдың азаттық оқиғасынан бір көріністі алға тартады. Бірақ бұл оқиғаны тартымды жеткізу үшін Бейімбет бала Асылбекке әжесінің аузынан ертегі етіп айтқызады. Бала кейіпкер Асылбектің сөздері дастанға енгізер есік, кіріспе тәрізді. Содан әжесі Асылбекке әкесі, өзінің ұлы Қайранбайдың июнь жарлығына байланысты ел наразылығы қау еткен көтеріліс кезінде халықтың жауы, өзін он жыл қанаған болыстың басын алған батырлығын ертегі етіп шертеді. Шынында да Қайранбайлардың ерлігі ертегідей емес пе. Бейімбеттің поэзиядан басқа жанрларда тікелей балаларға, балдырғандарға арналған шығармалары көп емес. Бірақ, қаламгердің осы азғана асыл мұрасының өзінде кейінгі қазақ жазушыларынан үлкен үлгі, тартылған жол бар еді. Алыптар тобының атсалысуымен қаз тұрып, бой тіктеп алған қазақ кеңес әдебиеті содан кейін-ақ кең өріске шыққан болатын».
Сонымен, көркем сөздің шебері Б.Майлин балалар әдебиетіне мол үлес қосты. Жазушының «Байшұбар» (1923), «Тәй, тәй, қаз, қаз» (1923), «Әлди – ана жыры» (1923), «Қағынғыр – ананың ашуы» (1926), «Қос жетім» (1933), «Кемпірдің ертегісі» (1927), «Өтірікке бәйге» (1922) деген өлеңдері мен әңгімелері балалар әдебиетінен елеулі орын алады. Бейімбет ең алдымен балаларға 1916 жылғы ұлт бостандық қозғалысы жөнінде әңгіме айтуды өзіне міндет етіп қояды. Поэма балалардың ерлік істерге деген құлшынысын оятады, отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық рухын шыңдай түседі. Балалар үшін саяси тақырыпта жазылған шығармалардың тәрбиелік күші осында.
Бейімбеттің «Тәй, тәй, қаз, қаз» (1923), «Әлди – ана жыры» (1923) деген өлеңдерінде ана қамқорлығы мен бала тәрбиесі арасындағы типтік жайттар суреттеледі. Балалардың ой-қиялын шарықтатып, эстетикалық сезімдерін ұштай түсетін шығармалардың бірі – ауыз әдебиеті үлгілері болса, Б.Майлин де сол бай үлгі дәстүрін батыл жалғастырады. Тәй, тәй, тәй!.. Қаз, қаз, қаз!..Қарағым, апыл-тапыл басқанға мәз,Қосылып балалармен ойнауына, Жарқырап көкорайлы келді ғой жаз,– дейді және келесі шумағында оның болашағынан үлкен үміт күтеді. Ана тілегі баланы алға қарай талпынтады. Өлеңі арқылы жөргектегі балаға жылы сөздің мейлінше қажет екендігін құптайды, балаларға арналған халық өлеңіндегі ойды дәлелдей түседі.
«Байшұбар» (1923), «Өтірікке бәйге» (1922) шығармаларында адамның ақыл-парасаты, тапқырлығы, ерлік мәселелері әңгіме болады. Байшұбар» өлеңінде ат екен деп жолбарыс үстіне мінген ұры өзінің амал-айласымен жолбарыстан да, маймылдан да оп-оңай құтылып кетеді. Балалар ықыласын өзіне баурап алатын өлең сюжетіндегі осындай драмалық тартыстар жасөспірімдерді үлкен ойға қалдырады, өздерінің көзқарасын, пікірін білдіруге және белгілі бір қорытындыға келуге үйретеді. Оқиға желісі шапшаң өріс алады. Тыңдаушысын бірден еліктіріп әкетеді. Өлең мазмұны әрі күлкілі. Екі қарақшы бірінен-бірі шошынады. Құдай-ау, атсыз жаяу өтсем дағы, Өмірге қайыр сұрап кетсем дағы, Не қылажолбарысқа кездестірдің, Мал бер деп аз-кем тілек етсем дағы,– деп зар илейді ұры. Адал еңбекпен күн көрмеудің арты неге соқтырғанын түсінеді. Жолбарыс та ұрыдан қалай құтыларын білмей арпалысады. Мал үшін керуенге бардым қайдан, Шықпастан жатсам еді терең сайдан. Түспейді туласам да, талды белім,Тілеп пе ем бұл пәлені мен құдайдан?– деп жолбарыс жанұшырады. Жазушы осы оқиғаға шешім шығаруды балалардың үлесіне қалдырады.
І.Жансүгіровтың балалар әдебиетінің дамуына қосқан үлесі
І.Жансүгіров Қапал уезі Ақсу болысының Қарағаш ауданында (қазіргі Талдықорған облысы Ақсу ауданы Қызыл таң кеңшары) өмірге келген. І.Жансүгіров күш-жігерін балалар фольклорын жинауға да жұмсады. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, оларды салыстыра сұрыптап, таңдаулыларын сала-салаға бөлді. «Балалар әдебиеті – әлі де жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бар ойым осы әдебиеттің жасалуына көмектесу еді. Бұл туралы «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Жұмбақтар» деген біраз еңбектер жаздым» деп жазды ақын. «Өтірік» жинағы негізінен балаларға ыңғайланып дайындалды. «Ел өтірігі – үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады. Себебі, бізде балалар әдебиеті әлі жасалмай, жадағай жатыр, балалар жанына жағымды жаңа кітаптар жоққа тән. Жасалғанда да табан тасы, табалдырығы ауыз әдебиетінің үлгісінен өсуі тиіс. Осы оймен бұл кітапша балаларға бейім жазылды»,– дейді автор.
І.Жансүгіровтің «Жұмбақтар» деп аталатын келесі еңбегі 1930 жылы Қызылорда қаласында «Балалар кітабы» сериясымен жарияланды. Ақын жұмбақтардың бала ойын дамытудағы қызметін жақсы түсінген. Жинаққа 67 жұмбақ енген. «Үй саймандары», «Жаратылыс құбылыстары», «Құрал-сайман» деген үш бөлімнен тұрады.
І.Жансүгіровтің жас жеткіншектерге, бөбектерге арналған өлеңдері де бар. Ақын өлеңдері ойнақылығымен, көркемдігімен бала жүрегіне жақын. «Бөбек бөлеу» өлеңінің ойы терең, өрнегі өзгеше. Анасы өз бөбегін халық ұғымындағы ең жақсы нәрселердің бәріне теңейді. Ананың сәбиіне деген ыстық сезімі, елжіреген жүрегі, шексіз махаббаты байқалады. Ақын ауыз әдебиетіндегі классикалық дәстүрді ары қарай дамытады. «Бөгелмей білім біл, бөбек, елге есті ер керек» деп өз заманының бөбектеріне тіл қатады.
Ақын «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз», «Қыс» өлеңдерінде жылдың төрт мезгілін өзінше жырлайды. «Ой, балалар, балалар!» деп тікелей арнауға құрылып, ойнақы айтылады. Бала көңілін жылдың әр мезгілінің өзіндік сипаттарына аударады.
Достарыңызбен бөлісу: |