Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалар әдебиеті пәні бойынша дәріс жинағы



бет15/19
Дата21.10.2022
өлшемі174,61 Kb.
#44708
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19
Байланысты:
Балалар әдебиеті - 1-7 лекция

Атының басын бұрысты…


Алпамыстың әруағы,
Тайшықтың үстін басады.
Мұны біліп Тайшық хан
Қалаға қарай қашады.
Қақпаның жетіп аузында,
Тайшық ханды шаншады… («Алпамыс батыр», «Қазақ әдебиеті», (хрестоматия), құрастырғандар: Т. Ақшолақов, Ә.Қанафин, М. Хасенов, Алматы, «Мектеп» баспасы, 2001- жыл, 89 - бет).
Қазақ халқының ауыз әдебиетінің «Алпамыс батыр» жыры жастардың рухани байлығын арттыруда үлкен рөл ойнайтыны белгілі. Алпамыс—батыр. Ол өз халқының жоғалып кеткен бір бөлігін іздеп тауып, өз еліне қосу үшін шыбын жанын шүберекке түйіп аттанады. Жырдың көтерген бір идеясы—елдік пен бірлік. Бұл жөнінде М. Ғабдулин былай деп жазады: «… Алпамыстың батырлық іске бел байлаған сапары Гүлбаршынды іздеп шығуынан басталады. Өзіне- жар- жолдас- қалыңдық іздеп шығу, бұл жолда әр түрлі ерлік істер жасап, батырлық сыннан өту- дүние жүзіндегі эпостық шығармалардың көбінде кездесетін жай. Ондағы батырлардың Алпамыстан үлкен бір айырмашылығы бар: Алпамыс батырдың іске тек Гүлбаршын үшін ғана аттанбайды. Ол бір кезде Байбөріге өкпелеп бөліне көшкен, қалмақ еліне кеткен қоңырат руының бір бөлігін іздеп те шығады. Өзіне туыс болған рудың бір бөлігі жат жұртқа көшіп кетуі, қалмақ ханына қоңсы болуы, оның зорлық- зомбылығын көруі, Алпамысқа қатты бататын сияқты…» ( М. Ғабдулин, «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974-жыл, 172-173-беттер).
Жырда Алпамыс өз халқының жанашыры, қамқтршысы. Ел бірлігін сақтаушы батыр. Оның ойы мен мақсаты бөлінген елді біріктіру. «Бөлінгенді бөрі жер» деген ұлағатты сөзден қорытынды шығару. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген аталы сөздің қадір – қасиетін ұғыну. Осы тұрғыдан қарағанда Алпамыс батыр ғана емес, ірі қайраткер, көсем. Сондықтан М. Ғабдулин: «…ол өкпелеп көшіп кеткен ел-жұртының бір бөлегін қайтару, оны қоңыраттарға қайта табыстыру, татуластыру мақсатын көздейді, ру бірлігін қарастырады. Жыр ру арасында бірлік болса, елдік бар екендігін аңғартады. Байсарының қалмақ ханына көшіп кетуін, ол жерде жат жұрттан қорлық көруін суреттеу арқылы жыр бірсыпыра жайды елестеткендей болады. Ру бірлігін бұзып бөліне көшкен адамдар осындай өкінішті күйге ұшырайды, сондықтан бірлік сақтау керек деген қорытынды жасайды. Осы ретте ру бірліген қорғаушы батыр болуы керек деп таниды. Батыр ру бірлігін қорғаушы ғана емес, ол сонымен қатар, батыры болмаған ру бытырап, тозып кетеді деп көрсетеді…--деп жазды. ( М. Ғабдулин, «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974-жыл 173 бет).
Ата-бабаларымыздың қанына сіңген дәстүр – жерді шет ел басқыншыларынан қорғау болса, сол жерді қорғаушы халықтың басын біріктіріп ұстау идеясын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Осы елді біріктіру идеясы «Алпамыс батыр» жырын биікке көтеріп тұр. Қазақ халқының ұлттық идеясы да осы елді біріктіру, қасиетті жерді қорғау. Ел қорғау дегеніміз- ұлт бірлігін сақтау.
«Алпамыс батыр» жыры елдігіміз бен ерлігімізді бүкіл әлемге білдіретін аса көрнекі, халқымыздың салт –дәстүрі сақтаған жыр. Жырды оқыту арқылы мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеу- қазіргі таңдағы кезек күттірмейтін мәселе.
«Қобыланды батыр» жырында қызылбастардың(тек бір вариантында қалмақтардың) басқыншылық, жаулық шабуылдарына қарсы қыпшақ батырларының жүргізген ерлік істері сипатталады. Қазақтағы батырлар жырының ішінде варианты көбі – «Қобыланды батыр». Қобыландының батырлығы жөнінде жыршы ақындардың бәрі де (Марабайдан басқасы) әңгімені әріден, баланың тумай тұрған кезінен, Тоқтарбай мен Аналықтың бір перзентке зар болуынн бастайды.
Дүние жүзілік эпостың көбінде батыр образы батырдың есейген кезінен басталса, Қобыландының болашақта асқан батыр болатындығы оның ана құрсағында жатқан уағында-ақ білінеді. Мәселен, Қобыландының шешесі Қобыландыға екіқабат кезінде жерік асына не арыстанның жүрегін, не айдаһардың өтін жейді, немесе қара тасты шайнайды. Жыршылар Қобыландының образын оның ана құрсағында жатқан кезінен бастаса, Тайбурылдың болашақта батырға жолдас болатын тұлпар екендігі кер биенің ішінде жатқан кезінде-ақ белгілі болады. Қобыланды батыр» жырындағы Қобыландыны ерлік іске бастаған да, оны рухтандырған да - халық, халықтың намысы. Қобыландының батыр атануы – оның ел-жұртын адал ниет, шын көңілмен сүйгендігінен. Кейпкерлері - Қобыланды, Құртқа, Қарлыға, Қараман, Қазан, Көбікті, Алшағыр, т.б.
«Қобыланды» жырындағы оқиғалар бір адамның айналасына құрылады. Жырдың негізгі тірегі - Қобыланды. Жыр ерекшелігі – бір оқиғадан екіншісін тудыра, өрістете жырлау, шегініс жасамай жырлау болып табылады. Жырдағы тіл балығын есепке аламыз. Жыр тілінің байлығы теңеу, метафоралар жасауымен, дыбыс қайталауларымен көрінеді.
Жырда Тайбурылдың шабысы өте әсерлі суреттелген. Тайбурылдың шабысы арқылы халқы үшін кек алуға аттанған батырдың тасқындаған күші, ыза-намысы берілгендігі байқалады. Мұнымен қатар Тайбурылдың шабысында халықтың ой-арманы, қиялы жатқаны да байқалады. Одан сеңгір-сеңгір таулардан бір-ақ қарғып өтетін, алысты жақын ететін, қырық күншілік жерге бір күнде жететін көлік болуды аңсаған халық қиялы көрінеді. Жырда ерте кездегі талай-талай географиялық атаулар да кездеседі. Сонымен қатар қазірде сирек аталатын өсімдіктердің аттарымен де балаларды таныстырып қалуға зор мүмкіндік береді.
«Ер Тарғын» жырын фольклортанушылар ноғайлы дәуірінде туды, ол белгілі мөлшере сол дәуірді және оның қарым-қатынастарын елестетеді дейді. Басқа жырларға қарағанда «Ер Тарғын» жырының варианттары көп емес. Көп уақытқа дейін ғалымдар «Ер Тарғын» жырын қазақ ауыз әдебиетіндегі халықтық сипаты бар көркем шығарманың бірі деп бағалап келді. 1951 жылғы қаулы әсерінен «Ер Тарғын» жырына қарсы пікірлер айтыла бастады. Осындай себептерден «Ер Тарғын» жыры біраз уақыт қатардан шығып қалды. Кейіпкерлері - Ер Тарғын, Ақжүніс, Қарт Қожақ, Ханзада, Тарлан ат т.б. Жырдағы Тарғын қалың қол бастаған батыр болып көрінбейді. Ол – жеке ұрыстарда ерекше ерлік жасаған, сонысы үшін ер атанған адам.
«Ер Тарғын» жырындағы Тарғын - бір рудың ғана емес, бүкіл ноғайлы жұртының батыры. Оған ноғайлы атанған елдің алыстығы жоқ, бәрі де жақын, тума-туыс болып көрінеді. Сондықтан ол ноғайлының бір елінен шығып, екіншісіне келеді. Тарғын басқыншы жаулардан өзінің ел-жұртының елдігін қорғауды және сол елдің бірлігін сақтауды, оған қызмет етуді мақсат етеді. Тарғынның Ақшахан әскерлеріне еріп, торғауыттарды жеңуде ерлік көрсетуі осы мақсаттан туады. Басқа ырларда басты кейіпкерлер жайы бірден айтылатын болса, бұл жағай «Ер Тарғын» жырында жоқ. Жырдың сюжет құру, образ жасауындағы негізгі ерекшеліктің бірі де осында. Жыршы әңгімені Тарғынға байланысы жоқ жайды суреттеуден бастайды. Жырда Тарғынның бейнесі тек ел қорғау жолында жасаған ерлік істерін суреттеу арқылы ғана жасалып қоймайды. Оның батырлық тұлғасы, ерлік ісі, алып күші Тарғынның өз сөзімен де, басқа адамдардың (мәселен, Сыпыра жыраудың) сипаттауымен де беріліп отырады.
Жырдың оқиғасы Тарғынның ерлік істерін суреттеу арқылы дамиды. «Басқа жырлармен салыстырғанда, айтайын деген ойды, суреттейін деген құбылысты асқан шеберлікпен беруде «Ер Тарғын» жыры, біріншіден, дамыту әдісін, екіншіден, шендестірді мол қолданады және шендестірудің жай түрін емес, ұлғайған, күрделі түрн жасайды»(Қ.Жұмалиев). Жырдың бұл ерекшелігі адам образын жасаудан айқын байқалады. Ақжүністіңкелбеті төмендегіше суреттеледі:
...Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр,
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де бетім көр.
Ақжүністің Қарт Қожақты сипаттауында да шендестір әдісі қолданылған.
«Қамбар батыр» жыры – қазақ еліне ерте кездің өзінде-ақ тараған жыр. Кейіпкерлері - Қамбар батыр, Назым, Алшыораз, Әзімбай, Қараман, Келмембет т.б. «Қамбар батыр» жырының басты идеясы халыққа қызмет еткен батырды, оның ерлік істерін ардақтаудан туған. Егер басқа жырларда батыр образы көбінесе бірден оның күреске, аттанысқа қатысуын суреттеу арқылы жасалса, олардан Қамбар образының елеулі бір айырмашылығы бар. Халық жыры оны еңбекші халыққа қызмет еткен еңбек ері деп көрсетеді. Бұдан халықтың ел қорғаған батырды ғана емес, еңбек адамдарын да ардақтайтындығы байқалады. Екіншіден, халық неше түрлі жыртқыш аңдарды, соның ішінде жолбарысты жеңуін Қамбардың күшті батырлығы деп бейнелейді. Жырда Қамбар образы жау адамдарының іс-әрекеті, сөзі арқылы да толықтырылып отырады. Қараман мен Келмембеттің Қамбардан сескенуі, қорқуы, одан қауіптенуі батыр образын ұлғайта түскен. Халық бейбітшілік кезінде де, басқыншы жау шабуылдаған кезде де жұрт үшін аянбай күресетін ер-азаматы Қамбардай болуын арман еткендігін білдіреді.
«Қамбар батыр жырының ерекшелігі – оқиғаны әр түрлі шегініс жасау арқылы жырлауында. Жырдың тілі көркем. Аз сөзбен көп мағына беріліп отырады. Мысалы, Қамбардың аң аулауға шыққаны была суреттеледі:
Күмістен тағып қарғысын,
Соңына ертіп тазысын,
Ау қылып Қамбар шығады.
Қасындағы құмайы
Таңынан тартып талайын
Тау текені жығады.
Таңы арылып жыртылып,
Киік пен жатқан құланы,
Ат бетіне қаратпай,
Ақбөкендей жосытып,
Айқайын салып қуады.
Бұл суреттен қазақ халқының ерте кездегі тұрмыс-тіршілігі, күн-көрісі бір көзі аңшылық болғандығы байқалады.
Қандай шығарма болса да, оның негізгі мақсаты – тәрбие. Ауыз әдебиеті – халықтың ой-санасы мен мінез-құлқын қалыптастыратын тарихи мектебі. Батырлық жырлар – сол мектептің маңызды құралы. Қаршадайынан халықтың ауыз әдебиетін сүйе тыңдап өскен әрбір қоғам мүшесі еліне пайда тигізетін ер болуды армандады.
Жеке адамдардың жетесіне жеткен қара бастың қамын ойлайтын психологияға эпостық жырлардағы халықтық ойлар қарсы қойылып отырды. Халық ер мен езді, ақылды мен ақымақты, еңбекшіл мен тірліксізді айқын бағалап, ұрпақтарына жақсыны үйретті, жаманнан жирентті. Тәрбие мүддесіне сай, халық эпостық шығармаларға сюжеттер ендірді, мінездеу мен кульминация неғұрлым әсерлі болуын қарастырды, жеке образдар көркем де шебер жасалынып, есте мәңгі қалатындай әсерлі болды, ой түйіндері өнегелі өрнекпен құрылды. Бағдарлай зерттеп байқасақ, эпостық шығармаларда тәрбиенің алуан түрі бар. Дене шынықтыру тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, адамгершілік тәрбиесі, эстетикалық тәрбие, отансүйгіштік тәрбие, еңбексүйгіштік тәрбие, еңбек тәрбиесі,батырлық жырлардың табиғатындағы мақсатты мұрат – міне осылар.
Эпостық шығармалардың негізгі оқиғалар арқаулары да – осы тәрбиелік мақсаттар. 1. Дене шынықтыру тәрбиесі эпостық шығармаларда бірінші кезекке қойылады. Эпостық шығармаларда атқа шабу, мергеншілік, найзагершілік, қылыш шабу шеберлігі дәріптеліп жырланады. Халықтық шығармаларда бұл өнерлер оңайлықпен келмейтіндігі суреттелінеді. Батыр мерген болу үшін әуелі мергеншілікке үйреніп, мергеншілік мектебінен өтеді де үлкен айқаста сынаққа түседі. 2.Халық Отан қорғау адамгершіліктің асқар шыңы деп тұжырымдайды. Ел үшін ерлік жасаудан артық адамгершілік болмасқа керек. Сондықтан халықтың арман-мүддесін айқындайтын батырлардың ауыздан-ауызға мәңгі жатталған бейнелері өздерінің үлгі-өнегелік құнын еш уақытта бәсеңдетпейді. Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар бейнелері қазіргі жастарға да үлгі. 3.Батырлық жырларда халықты қорғаушы ерлер мен азаттық үшін күресуші ғашықтардың ерліктерімен қатар, сол халық үшін жан аямай еңбек еткен еңбексүйгіш, кішіпейілді, саналы жандар да тәрбиелік үлгі ретінде баяндалады. Мысалы, Қамбар батыр ең әуелі аң аулап, “алпыс үйлі арғын мен тоқсан үйлі тобырды” асыраған; Қобыланды батыр мал бағып, аң аулаған; Құртқа Тайбурылды алты жыл күні-түні бағып-баптаған.
Сонымен батырлық эпостың көпшілігі халықтың Отанды сүю, басқыншы жаудан ел қорғау, халық үшін ерлік жасау, еңбек ету идеясынан туған. Біріншіден, батырлық эпостардағы батырлар образы – патриоттық идеяның образы. Батырлар бейнесінің балаларға игі ықпалы мол. Олар жас жеткіншектерді батыл, табанды, парасатты және әділетті болуға үйретеді. Екіншіден, эпостық жырлардың тілі көркем. Ондағы теңеулер мен тұрақты эпитеттердің мол болуы да балаларды әсерлендіреді. Эпостық жырларда оқиғаны еселеп, қайталап айту жағы да көп кездеседі. Мұндай ерекшелік оқиға желісін ұмытпауға мүмкіндік береді.


Негізгі әдебиеттер.
Ш.Ахметов. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А. 1965.
Қазақ әдебиеті тарихы Іт. Ікіт.-Алматы,1960.
Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті.-1974.
Бердібаев Р. Қазақ эпосы. Алматы,1982.
Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. –Алматы, 1993.
Батырлар жыры 1-6т. –Алматы, 1986-1990.
Тарихи жыр. Іт. Алматы 1995.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет