Байланысты: Курс лекций по дисциплине Социальная педагогика
1.2 Дәріс Тақырыбы: Әлеуметтік педагогиканың әдістері мен принциптері Алдымен әлеуметтік педагогиканың зерттеу ұстанымдары туралы сөз қозғау керек. Себебі, ұстаным (принцип) дегеніміз – педагогикалық іс-әрекетті жүзеге асыруда табан тірейтін, басшылыққа алатын негіз.
Әлеуметтік педагогиканың үш негізгі ұстанымы бар:
1-жұмыс барысында адамның табиғи болмысын ескеру;
2-қоршаған ортаның мәдениеті, басқа да ерекшеліктерін есте ұстау;
3- ізеттілік қарым- қатынас орнату арқылы ықпал ету.
Адамның табиғи болмысымен байланысты ұстанымын басшылыққа алуда педагог баланың туа біткен табиғи ерекшеліктері мен жас ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс істейді. Бұл ұстаным туралы алғаш пікір айтқан белгілі чех педагогі Ян Амос Коменский (1592-1670 ж.) болатын. Ол әйгілі «Ұлы дидактика» деген еңбегінде баланы оқыту мен тәрбиелеуді, оның психикалық және жас ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асыру керектігін белгілеген.
Француз философі Жан Жак Руссо (1712-1778 жж.) өзінің әйгілі «Еркін тәрбие» теориясында «баланы еркін тәрбиелеу керек, оған қысым көрсетпей болмысындағы табиғи қабілеттерін дамытуға жағдай жасау керек» деген. Бұл қағиданы жүзеге асыру үшін тәрбиешілер мынадай ережелерді есте тұтады:
баланың жас ерекшеліктерін ескеру;
баланың дара және жыныстық ерекшеліктерін ескеру;
баланың бойында ашық байқалған қабілеттерін ескеру;
өздігімен және жетекшілік арқылы қалыптасатын тұстарын ескеру.
Баланы қоршаған орта, мәдениетпен байланыста, дамуы ұзақ жылдардан бері жинақталған білімді, қалыптасқан мәдениетті іздестіру арқылы жүзеге асатынын алғашқы болып Адольф Дистервек (1790-1866 жж.) атап көрсеткен болатын. А. Дистервек баланың дамуы туған жері, ол туған заман қоршаған орта, ол туған халықтың жинақтаған мәдениетін меңгеру арқылы іске асатынын айтқан еді.
Орыс педагогі К.Д.Ушинский (1824-1870 жж.) баланы білімді, мәдениетті адам етіп тәрбиелеу үшін оны жазуға, оқуға, есептеуге және ана тілінде оқып сөйлеуге, салт- дәстүрін бойына сіңіріп өсуіне жетелеу керек екендігін «Родное слово» деген оқу кітабында жан-жақты қарастырған. Баланы қоғамдағы - тұрмыс, зерде, саяси, діни, құлықтық т.б ұғымдармен таныстырып және бойына сіңіріп тәрбиелеу керек. Егер бала оларды меңгере алмай қалса, онда әртүрлі күтпеген ақуалдарға кездеседі. Ал ол өз кезегінде баланың бойында теріс әрекеттерді туғызуы мүмкін (мінезі, көзқарасы, ой- пікірі т.б өзгереді). Оларды жоюға арналған іс- шараларды педагог баланың отбасымен бірлесе отырып ұйымдастырады. Мысалы, кейбір құлағы естімейтін, тілі мүкіс балалар биге қабілетті, сурет салады, компьютермен жұмыс істей алады. Бұл интузиазист педагогтардың құлшынысының нәтижесі деуге болады. Мұндай көрініс көпшілік қауымға тән болмаса да, әлеуметтік педагогтар ескеретін басты мәселелердің бірі.
Бұл ұстанымдарды жүзеге асырудың ережелері мыналар:
ауытқулары бар балалардың қалыптасуына мәдениеттің әр түрлі салалары мен таныстыру арқылы ықпал ету;
дамуында ерекшелік кемшілігі бар балалардың бойындағы шығармашылық мүмкіндіктеріне ерекше мән беріп соны пайдалану;
Ізгілікті жуықтау ұстанымы кез келген адамды, соның ішінде баланы да тұлға ретінде құрметтеп, оның еркіндігін, құқығын қорғау адамгершілік тұрғысынан қарым- қатынас орнату, мейірім, қайырымдылық көрсетіп, көмектесу дегенді білдіреді. Ізгіліктілік (гумандылық) деген ұғымнан басқа ізгілікті (гуманизм), ізгілендіру (гуманитарлы) деген ұғымдар да педагогикада кездесіп жүр. Педагогикада бұл латын тілінің сөзінен аударғанда «ізгілікті» дегенді білдіреді. Оқу-тәрбие жұмысын ізгілендіру қазіргі кезде кең ендіріле бастады. Оның маңызы- адамдардың іс- әрекетіне ізгілікті бағыт беріп және оны санаға сіңіру, жеке тұлғаның өз басын сыйлау, оның құқығын еркіндігін сыйлау. Сағын сіндіру, жігерін жаншу, жанын азапқа салу, рухани басыну, кемсітіп, қорлау секілді тәлім- тәрбиеге теріс әсер ететін шаралардан аулақ болуды көздейді.
Ізгілікті педагогиканың басты талабы - баланы тұлға ретінде құрметтеу екендігін В.А. Сухомлинский өзінің «Балаға жүрек жылуы» деген еңбегінде Ш.А.Амонашвили «Гумандылық педагогикасы» деген кітабында кеңінен баяндаған. Әлеуметтік педагогиканың қызметі- баланы жақсы көрумен ғана шектелместен, оларда адамға деген «сүйіспеншілік» сезімін (ата-анасына, бауырларына, жолдастарына, құрбыларына, қоршаған ортасына) ояту, сыйластықпен қарауға, керек жерде іркелместен көмек көрсетуге үйрету.
Ізгілікті ұстанымы төмендегідей қағидаларды сақтауды талап етеді:
барлық балаларға бірдей адамгершілікті қарым-қатынас орнату (олардың материалдық, құқықтық, әлеуметтік хал жағдайына қарамастан);
әр баланың жеке басының құқығын қорғау және сыйлау;
кемістігі бар балаларды аялай қарым- қатынас жасау, олардың өзіндік «мен» деген құқығын сақтау;
проблемасы бар жеке балаларға бағытты көмектесу, олардың мүмкіндігін, қабілеттерін ескеру;
қайырымдылық – ізгіліктің алғашқы сатысы екенін түсіндіру;
Осы көрсетілген ережелер арқылы кім көмекке мұқтаж, оларға қалай және қайтіп көмектесуге болады деген сұрақтарға жауап беру үшін зерттеп, танып- білу жұмыстарын жүргізу- әлеуметтік педагогтің басты міндеттерінің бірі.