ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНДЕГІ ӘДЕБИЕТТІ ТАНЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тәуелсіздік кезеңі деп қазақ әдебиеттану ғылымының 1991 жылдан бергі кезеңін атаймыз.
1980 жылдар соңындағы совет әдебиеттануындағы еркіндік серпілісі қазақ әдебиеттануында да орын алды. 1988 жылы кеңестік репрессияға ұшыраған Алаш ғалымдары мен ақын, жазушылардың шығармашылық мұрасы ғылыми ортаға қайта оралды. 1931-1937 жылдар аралығындағы репрессияға ұшыраған ұлттық ғылыми мұра мен әдеби жәдігерлер халыққа қайтарылды. Тек орыс әдебиетімен салыстырмалы түрде зерттелініп келген қазақ әдебиеті өз төл тарихи контексіне түсті. «Младописьменный» деп аталған қазақ әдебиеті ата-бабамыздың асыл сөзін қайта зерттеуге бет алды.
1991 жылдан бері қазақ әдебиеті тарихы, қазақ әдеби сын, әдебиет теориясының зерттелуі кеңестік шеңберден аттап өтіп өзінің шынайы зерттеулеріне ат басын бұрды.
Тәуелсіздік тұсында қазақ әдебиеттану ғылымы ұлттық сөз өнері тарихын, қайта оралған ақтаңдақтарды – Алаш тұлғаларының өмірі мен шығармашылық мұраларын зерттеу ісін қолға алды. Кеңестік кезеңде айтуға тыйым салынған әдеби-мәдени мұра, ұмытылған әдеби жәдігерлерді жариялау ісі алға қойылды. Абайға дейінгі қазақ әдебиеті нақтылана түсті.
Ұлттық әдебиеттің түп-тамыры терең жатқаны кеңес кезімен шектеліп келген әдебиеттану үшін басты мәселе болды. «Қорқыт ата» кітабының – 1300, «Алпамыс батыр» жырының – 1000 жылдықтары түркі тектес елдерге ортақ әдеби жәдігер ретінде арнайы аталып өтілді.
Тәуелсіз кезіндегі қазақ әдебиеттануына Ақжан Машани еңбектері ерекше әсер етті. Кеңес кезіндегі шектеулерге қарамай ғалым сонау соцреализм тұсында ұлы бабамыз әл-Фарабидің қазақ топырағында туылғанын, оның еңбектерімен таныстырып, насихаттап берді. Ғұламаның әл-Фараби рухы өз Отаны қазақ ортасына қайта оралды. Дүниежүзі кітапханаларын ақтарып шыққан ғалым әл-Фараби еңбектерін жинап, жариялады. 1969 жылы әл-Фарабидің Дамаск қаласындағы Баб ас. зиратын да тапқан – Ақаң еді.
1984 жылы Ақжан әл-Машани Кувейтте шығатын «Әл-Фараби» журналына «Орта Азияның мәдениет шамшырақтары» атты зерттеу жариялаған. Бұл мақалада Иоган Кеплердің «Аспан музыкасы» деген еңбегінің біразы әл-Фарабиден алынғанын ғалым нақты салыстырулар арқылы дәлелдеп берді. Дүниежүзілік Ғылыми орта бұл мәселе төңірегінде әл-Машанидің пікірі толық дәлелді деген тұжырымға келді. Содан бері «Әл-Фарабиді ашқан – әл-Машани» деген сөз тіркесі қолданылып келеді.
Ғалымның «Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «Әл-Фараби», «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары», «Әл-Фараби және Абай» атты еңбектерінің мәні ерекше. Сонау социализм тұсында қазақ өнері мен әдебиеттану бастауында өзінің төл ғұлама дәстүрі тұр деп айтудың өзі батырлық екені анық. Оны жай айтып қана қоймай, осы сала бойынша зерттеулер жүргізу нағыз ғалымның қолынан шығар іс. Қазақ тарихы осындай ғұламалардың ақталуы арқылы өзінің санасын, ұлттық рухын қайта сезінгендей. Ақжан Машани өз ісін сонау Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлттың еңсесін, сана-сезімін оятатын, рухын асқақтататын рухани азықты жаңғыртуды басты ғылыми мақсат етіп алғандай.
1985 жылы зиялы қауымның көбі жалтақтап отырғанда Түркістанға барып, Отырар мұражайының ашылуына атсалысты. Содан бері ғалым Қазақстан және шет елдердегі әл-Фараби мұрасын зерттеушілерінің алғашқы ғылыми кеңесшісі болды.
Абайдың 150 жылдық мерейтойы тұсында жарық көрген «Әл-Фараби және Абай» атты зерттеуі кеңес кезіндегі абайтануға жаңа леп әкелді. Алаш абайтанушылар еңбектерін атай алмаған кеңес кезеңі тұсында Әл-Фарабидің мұрасы арқылы Абайдың алдындағы қазақ даласының дәстүрі бар екенін осылай анықтап берді. Жаңаша талдауларымен, қазақтың мың жылдық әдеби, мәдени тарихының үндестігін дәлелдеп берген зерттеу ғылымға қосылған үлкен үлес болды. Ақжан әл-Машани Абай дүниетанымын, қазақ ғылымының бастауы ортағасырлық араб, шығыс елдерінде жатқандығын мәселе етіп көтерді. Осы дәстүрдің көшбастаушысы ұлы әл-Фараби бабамыз болғанын екі дананың арасын жалғастырып тұрған ұлттың басты әдеби құндылықтарын айқындап берді.
Әл-Фарабиден кейін ол дәстүрді Абай жалғастырғанын ғалым ғылыми тұжырымдар арқылы дәлелдеп ғылыми ортаға ұсынды. Абайдың әдеби ой-өрісі, дүниетанымы, парасатты ойшылдығы әл-Фараби ілімін жалғастырушы ретінде тұңғыш рет арнайы талданды. Аңғарған адамға ғалымның сонау кеңес заманында әл-Фараби тұлғасын, оның мұсылмандық мұрасын қазаққа тиісті етіп анықтап беру – үлкен азаматтық іс қана емес еді. Қазақ жабайы, діні жоқ халық емес, оның ата діні – ислам, оның әдеби тұлғалары әл-Фараби, Абай деген ғылыми тұжырым Алаш зиялылары айта алмай кеткен, бірақ «Оян,қазақ!» деп жар салып кеткен ұранында іске асқан еді.
Ежелгі әдеби жәдігер авторы Мұхаммет Хайдар Дулатидің – 500 жылдығы, Абай мен Жамбылдың – 150, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Марғұланның – 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілді. Ғылыми-практикалық конференцияларда аталған мұралар тәуелсіз жаңа әдебиеттану тұрғысынан зерделенді. А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатов мерейтойлары тұңғыш рет ресми түрде атап өтілді.
Аталған тұлғалардың шығармашылығы қайта қаралып, бұрын белгісіз деректермен толықтырылып, жаңаша тұрғыдан қарастырылды. Осының нәтижесінде келесі жаңа әдебиеттанулық еңбектер жарық көрді. З.Ахметов «Абайдың ақындық әлемі» (1995), Р.Бердібай «Әуезов шыңы», Д.Досжан «Алыптың азабы», Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» (1994), З.Қабдолов «Көзқарас» (1996), «Менің Әуезовім» (1997), Б.Құндақбай «М.Әуезов және театр» (1997), М.Мырзахметұлы «Абайтану тарихы», Р.Нұрғали «М.Әуезов және Алаш» (1997), Т.Жұртбай «Дулыға» (1994), «Алаш ақиықтары» (2006), «Талқы» (1997), Ж.Ысмағұл «Абай: ақындық тағылымы» (1994), «Абай» энциклопедиясы (1995), «Әуезов өмірі мен шығармашылық шежіресі» (1997), «Әуезов және әлем әдебиеті» (1997-2001), С.Мұқанов – классик (2000), «Жамбыл әлемі, «Түркістан» энциклопедиялары т.б. жарық көрді.
Аталған басылымдарда бұрын айтылмаған, тыйым салынған деректер кеңінен ашылып, тұңғыш рет ежелгі әдебиет, діни түсініктер, саяси себептермен репрессияланған басылымдар арнайы зерттелініп ғылыми қауымға ғана емес жалпы көпшілікке ұсынылды.
Ортағасырлық әдеби мұра, оның алдындағы XI-XV ғасыр аралығындағы сөз өнері зерттеу нысанасына айналды. «Ежелгі әдебиет» деген түсінік анықталып, нақтыланды.
«Младописьменный» деп аталған қазақ әдебиетінің тарихи, оның ежелгі кезеңі бар әдебиет екені енді ғана айқындала түсті. Советтік әдебиетшілер айтқандай, қазақ әдебиеті тек Абайдан бері ғана басталмаған екен. Қазақ әдебиеті өз төл арнасы бар, ежелгі, ортағасырлық дәуірі бар жүйе ретінде қайта зерттелді.