Дайындаған: Айнара АШАНОВА Жанға әдемі жыр азық Қазіргі әдебиеттануда Жамбыл шығармашылығына қатысты екі түрлі көзқарас бар. Бірі совет кезінде тоталитарлық биліктің қолдауын көрген ақын десе, енді бірі Жамбыл толғау дәстүрін совет кезіндегі жалғастырған абыз-жырау дейді. Әдебиеттанушы ретінде сіздер не дейсіздер? Рафат: Жамбыл советтік кезеңге дейін-ақ бүкіл қазаққа белгілі ақын болған. Оның бір мысалы Шашубай Қошқарбаев Алматыға келіп Верныйдағы орыс әкімшілігінде тілмаштық қызмет атқарған, Бақия, Барлыбек, Тұрлыбек, бай саудагерлер Байбұлан, Баймоларрдың үйінде өнерін көрсетіп, өлеңін айтып, гармонын тартып отырып: «Маған осы Жетісудағы ең мықты ақынды алып келіңдер, басқасының керегі жоқ, ең мықтысымен айтысамын»,-деп талап қояды. Сонда бүкіл Жетісудан Жамбылды таңдап айтысқа алдырған. Әйтпесе Жамбылдың ең бір көлемді әрі қызық айтысы – Сарбаспен өткен айтыс. Ол да осы тәріздес жағдайда басталған. Осы Алматының басында Дулат пен Шапыраштының атқа мінерлері, болыс – билері жиналып бір қызық көрмек болады. Ол кезде қазіргі теледидарыңыз, радиоңыз, газет-журналыңыз жоқ, бар қызық осы ақындар айтысы. Сонда Сарбасқа айтысатын ақын таңдағанда тағы да Жамбылды таңдап отыр. Осының өзі Жамбылдың советтік кезеңге дейін де белгілі, елге танымал ақын болғандығын көрсетеді. Ал, енді совет кезіндегі тоталитарлық биліктің қолдауын көрген ақын дегенге ешқандай дау айтудың керегі жоқ. Ұлы Отан соғысы алдында қазақ түгелге жуық сауатты елге айналған болатын. Қазақ әдебиетінің бір ерекшелігі суырып салмалық өнерден келіп профессионалдық жазба әдебиеттің ішіне шұғыл кіріп кетуі. Ал, енді айта беретін нәрсе Жамбылдың 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына қатысуы. Осы туралы әр түрлі пікірлер айтылады. Жамбыл осы декадаға кездейсоқ барған дейді. Ол кездейсоқ бармаған. Сол декадада халық ақынын, суырып салма ақынын көрсету туралы талап қойылады. Осыған орай Алматыға он шақты ең белгілі дейтін ақындарды шақырып алып оларға советтік заманды, советтік Қазақстанды жырлау туралы тапсырма береді. Осыған байланысты он шақты ақын өлең айтады. Ол өлеңдер жазылып алынады. Жазылып алынған өлеңдер кәзіргі тілмен айтқанда конкурсқа түседі. Сол конкурста Жамбылдың «Туған еліме» дейтін толғауы жеңіп шыққан. Жамбылдың Мәскеуге кетуі осылай, ешқандай да кездейсоқтық емес. Тоталитарлық кезеңнің билігі Жамбылға да, басқа халық ақындарына да, тіпті жазба әдебиет өкілдеріне әсер етті. Оның жақсы да, жаман да жақтары болды. Ол ұзақ әңгіме.
Айгүл: Жамбыл Жапаұлы қарасаңыз совет кезінен Жабайұлы деп әкесінің аты да дұрыс жазылмай келе жатқан ақын. Рафат айтып кеткендей Жамбылдың ақындығы совет кезеңіне дейін қалыптасқан. 1913 жылы Романовтар әулетінің үш жүз жылдығы Верныйда, қазіргі Алматы жерінде аталған. Сонда бүкіл ақындарды шақырып алып Романовтар әулетін мадақтайтын өлеңдер жаз дегенде бас тартқан ақындардың ішінде Жамбыл да болған. Ол егер билікке ұнағысы келсе неге сол кезде Романовтарды мақтамасқа. Бас тартқан ақындармен бірге қамалып, тұтқында отырып сөйтіп құтылған ақындардың ішінде осы Жамбыл да болған. Екінші сол кезде Романовтардың мерейтойына байланысты көрме өткізіледі, оған да ақындарды алып келіп мадақтайтын жыр жазуын билік талап еткен кезде Жамбылдың «Өстепкеде» деген өлеңінде маңайындағы соған барған, қатысқан қазақты табалап отырып сол кездегі билікті мазақ еткен келесі өлеңі дүниеге келген:
«Үйсін, Найман саңлағы,
Өстепкеге жиылдың.
Жолдың ұшып шаңдағы,
Алматыға құйылдың.
Елде жүрген егейлер,
Қалада құр үйілдің.
Ұлық көрсең ұйлығып,
Желді күнгі қамыстай
Жапырылып иілдің.
Жүріппіз сыр алыспай,
Жайларыңды түйіндім.
Келтірдіңдер намысты,
Бек қорланып күйіндім.
Бүйтіп қызық көргенше,
Өзі жақсы үйімнің.
Шұлғымаймын сендерше,
Керегі жоқ сыйыңның.
Қор болмаймын өлгенше,
Өлеңіме-ақ сыйындым!» -дейді.
Ал, енді өлеңіме-ақ сыйындым деп ақын нені меңзеп отыр? «Сөз атасы Сұйінбай, Сөз айтпаған сыйынбай» деп өзі ұстаз санаған Сүйінбай абыздан бата алған, өлеңді ардың ісі деп түсінген Жамбылбасқаша айтуы мүмкін емес. Сүйінбай ақын қандай бата берді десек, 1982 жылы шыққан Жамбыл Жабаевтың екі томдығының алғы сөзінде профессор Мүсілім Базарбаев былай дейді: [1] «Жас ақынның талантын байқап қалған Сүйінбай Аронұлы мынадай кеңес берген: «Балам, өлеңің жүректің терең түкпірінен жарып шығатын болсын. Жырларың жекелеген адамдарға ғана емес бүкіл халыққа жағатын болсын. Сенің өлеңің адамдарға ақиқат пен әділдікті айтатын болсын. Жырларың ел ішіне кең жайылып, ауыздан-ауызға таралып жүрсін. Сенің өлеңдерің айналаңда болып жатқан оқиғалар жөнінде болсын.Басқалардың әбден жауыр қылып таптап кеткен жеңіл жолын ұстанушы болма». Жамбыл ұстазының аманат-тапсырмасын өмір бойы естен шығармағандай. Ақын шынында да маңайындағы көрген тіршілікті, өзі кедейден шыққан ортаны, елді қанаған әкімдерден көріп жатқан әділетсіздіктерді өлеңдерінде әшкерелейді. Жамбыл билікке ұнаймын десеРомановтар әулетін мақтап совет үкіметі кезінде де «абыройлы» ақындардың бірі болатын еді. Жамбылдың өлеңдерінің басты тақырыбы сол қарапайым қара қазақ пен елдің қамы. «Жамбыл менің жәй атым, халық менің шын атым» дегенұстаным шынында да Жамбыл поэзиясының, дастандарының басты концепты. Ал, енді Жамбыл неге соншама совет өкіметін қолдады? Романовтар басқарған отаршылдық саясаттықолдамай оны әшкерелеген ақын, кедейліктен көзі ашылмай келе жатқан адам билікке неге қарсы болды? Біріншіден ол елді қанаған атқамінерлердің әділетсіздіктерін көрді, олардан өзі де жапа шекті. Екіншіден, совет өкіметінің басты ерекшелігі ақын өлеңдерінде айтқандай «кісі еңбегін жемейтін заман туды» дегенді көргені. Қарайған елдің байлардан қиянатын көрген.Совет өкіметін жырлаған Маяковский бастаған ақындар аз емес. Олар шын жеректен советтерге сенген еді.Мысалы, біздің Алаш зиялылары да совет өкіметіне сеніп«Ресейлік билік кетті енді совет өкіметінің бір ықпалы болып қалады» деген ниетпен елдің қамы үшін Ленин, Сталинмен келіссөздерге барған. Жамбыл совет өкіметін ғана жырлаған деген үстірт пікірден бас тартып, совет кезіне дейін қалыптасқан ақын екенін және Сүйінбайдың «не айтсаңда маңайыңдағы ақиқатты айт» деген аманатын арқалаған ақын екенін есте сақтасақ Жамбылдың шынында да өз заманына қызмет еткені, маңайындағы әділетсіздік пен екіжүзділікті көріп айтпай тұрмауы мүмкіндігі болмағанын есте сақтаған ақын екендігіне көзіміз жетеді.
ӘдебиеттанушыМ.Базарбаев өз зерттеулерінде: «жыршы Жамбыл, жырау Жамбыл, айтыскер Жамбыл, ақын Жамбыл» депақын шығармашылығын төрт салаға бөліп қарастырған.
«Көроғлы» лиро-эпостық поэмасын он бес күн жырлаған. Есте сақтау қабілеті ерекше болу тек жыраулық дәстүрге тән. Сондықтан, Жамбыл жыраулық дәстүрді жаңғыртушы. Біздің институтта «Көроғлы» дастанының бірнеше нұсқасы бар, ал Жамбыл нұсқасы ең көркемі. Қалай алып қарасақ та Жамбыл қолдан жасалған ақын деу қазақ әдебиеттанушыларының, оның ішінде М.Базарбаевтың сияқты ғалымдардың зерттеулерін ескермеу дер едім. Әдебиеттану ғылымы тұрғанда көлденең біреудің пікірі Жамбыл жырауды жоққа шығара алмайды.