«Өтеген», «Сұраншы», «Көроғлы» дастандары деп аталған поэмалардағы тарихи шындық пен көркемдік шешімнің деңгейін қазір қалайша бағамдауға болады?
Рафат: Бұл аталған жыр-поэмалардың ішіндегі ең көнесі «Көроғлы». Бүкіл түркі халықтарының ішінде кең тараған жыр. Көроғлыны Жамбылдың өзі Құлманбеттен үйрендім дейді. Кімнен үйрендің деп ешкім сұраған жоқ. Құлманбеттен үйрендім деуінің өзі Жамбылдың адами мінезін, кішіпейілдігін көрсетеді. Жамбыл мен Құлманбеттің айтысы өте тартысты өтіп, Жамбыл жеңіп шығады. Құлманбет Алматыда бір өсімқорға ақша қарыз болып қалып Жамбылға келіп «мен осындай қысылып тұр едім, сен мені Шәбденге алып бар» дейді. Қырғызда Шәбден Жантаев деген үлкен манап болған, патша өкіметінен подполковник шенін алған. Шәбден қолы ашық кісі болса керек. Шәбденмен бұрыннан таныс Жамбыл Құлманбетті ертіп барып қарызы өтелетіндей қажеттілікті сол жерден тапқан. Осы жолда Жамбыл «Көроғлыны» үйренген, кейін айтып жүрген. Он бес күн айтқан дейді. Оны таңның атысы, кештің батысы деп түсінуге болмайды. Ол кезде көбіне кешке қарай жиналып жатар орынға дейін айтылатын уақыт. «Көроғлы» жан-жақты зерттелген, дессертациялар да қорғалған дастан.
Ал, енді «Өтегенге» тоқталайық. Өтеген тарихи батыр. Қазақ-қалмақ соғысының ең белгілі батырының бірі. Өтеген жайында жинақ та құрастырылған. Сол жинақтың ішіндегі ең көлемді және көркемдік деңгейі жоғары шығарма Жамбылдың «Өтегені». Бір ерекшелігі бұл жырдың қазір үш нұсқасы бар. 2014 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «Жамбылтану және халық ақындары» деген шағын институты Жамбылдың төрт томдық шығармалар жинағын дайындады. Жамбылдың 1982 жылғы жинағында «Өтеген» жырының екі нұсқасы берілген. Ол нұсқаларда Өтеген елге жайлы жер іздеп, елдің қажетін толық ашатындай жерге жетпеген секілді болады. Мұхтар Әуезовтің елу томдығын дайындау барысында ұлттық архивте отырып жұмыс істегенкезде «Подстрочники стихов Джамбула» дейтін папка шықты. Папканың ішінде Жамбыл өлеңдерінің орыс тіліне сөзбе-сөз аудармалары мен бірнеше шығармалары бар екен. Сол шығармалардың ішінде Өтегеннің екі нұсқасы жүр. Ол нұсқаның біреуі 1982 жылғы жинаққа кірген, енді біреуі еш жерде жарияланбаған. Қарап шыққан кезде ана екі нұсқадан финалы мүлдем бөлек болып шықты. Бұл нұсқаны Жаманкеев Әбдіғаппар дейтін кісі 1937 жылы жазып алған екен. Бірақ ол кейін неге әдеби айналымға түспеді, шығармалар жинағына кірмеді дегенде жырда мынадай сөздер бар:
«Әгерде айтқаныма көнбесеңдер,
Бұл жерді ақырында орыс алар.
Бір жұрт бар орыс деген көздері көк,
Өзінің қайрат-күші айласы көп.
Сол келіп шұрайлы жеріңді алар,
Қаратып тегісімен еліңді алар.
Көнбесең сөйлеп тұрған сөзіңді алар,
Жайлаған өрістегі малыңды алар.
Басың байлап, аяғыңа тұсау салар,
Әгерде оныменен қарсы келсең.
Бір шыбындай тәніңдегі жаныңды алар»
Мұндай сөздерді кеңестік кезеңде кітап бетіне шығару қиын ғой.Үш нұсқаны салыстырғанда бірінші нұсқадан көрі екіншісі реалдық сипатқа ауысып, эпостық әсірелеу азая түседі. Ал, үшінші нұсқада романдық-эпикалық сипатқа көше бастайды. Кеңестік кезеңде жарияланған екі нұсқаның финалында Өтеген Жиделі Байсынды таба алмайды, ондай жер советтік Қазақстан екен деп аяқталады. Үшінші нұсқа финалы зар-заман ақындарының үлгісінде:
...Жеті қыс, бес жыл дегенде,
Осы сенің жеріңе
Орыс келер деп еді.
Орыс келсе бұл жерге,
Ерік кетер деп еді.
Билік кетіп асыңнан,
Дұшпан шығып қасыңнан,
Сенімдік кетер деп еді.
Орыс келсе бұл жерге,
Түймелі шекпен кидірер,
Түрегелтіп сидірер,
Аралда жатқан қамалып,
Қазақтың қара халығың,
Бытыратып үлгірер...
Елден шыққан залымдар,
Тазыдай-ақ мойнына
Салып алар қарғыны.
Орыс келсе еліңе,
Би, болыс шығып сол кезде,
Өтірікті шын ғып жандырған,
Сөйлеп кетсе би, болыс,
Есіңді алып тандырған.
Ау, елім, елім, елім-ау!
Айтсам тілімді алмадың,
Дегеніме болмадың,
Аралда қалдың қамалып,
Көрерсің енді залалын.
Солдатқа беріп балаңды,
Міндеткер болдың білдің бе?
Бәлеге басың ілдің бе?..
Орыс келіп алады-ау,
Қайран жерім, қош енді!..
Орыс алар бөлектеп,
Ағып жатқан суыңды,
Құлатады туыңды,
Шығарар бастан буыңды.
Берекесін кетірер,
Тоғай болған нуыңды.
ЕЛім, тілім алмадың,
Айтқаныма болмадың.
Ата безер күн болар,
Ене безер күн болар,
Білімсіз келіп сөйлесе,
Үн шықпайтын күн болар.
Атаның тілін ұл алмас,
Ананың тілін қыз алмас,
Осындай заман кез болар... –
Деген сияқты жолдар Жамбылдың отаншылдық, ұлтсүйгіштік қасиетін тереңдете көрсетеді. Жоғарыда ақынның 4 томдығынан айттық. Бұл нұсқа сонда берілді. Жинақта жырдың үш нқсқасының қатар берілуі жыр алыбының жаңа қырларын көрсетумен қатар, заман сырын, идеологиялық қысымның шығармашылық тұлғаға әсерін аша түседі.
Ал, «Сұраншы» дастанына келсек, ондағы оқиға болған тұста Жамбыл болмаған. Жамбылдың өзі айтады, Сұраншыны ең алғаш айтқан Сүйінбай. Осы «Сұраншы» жырындағы оқиғаның тарихына байланысты әңгімелер ізтестірген кезде мынандай нәрсе анықталды – Сұраншының соғысына Шапырашты тайпасының Есқожа руымен Екей руының жігіттері қатысады. Сол жігіттердің ішінде Сүйінбай мен Сүйінбайдың ағасы Жұмық та болған. Сұраншы жайында айтқан кезде Сүйінбайдың бір айтысында жиырма шақты ғана жолда Сұраншы жырының үлгісі айтылып өтеді, жырдың схемасы секілді. Ал «Сқраншы» жырын Тезек төренің сұрауымен айтқан дейді. Бұл жазылып алынғаны, қазірге жеткені. Әйтпесе Сүйінбайдың өмір бойы, әр түрлі жағдайда, әр түрлі нұсқада айтқаны анық.Жамбыл осы «Сұраншы» жырын дамытып көлемін екі-үш есеге дейін үлкейткен. «Сұраншы» жыры Жамбыл айтуында поэмалық сипатта бар. Мұнда қазақтың ерлігі мен ездігі қатар айтылады.
Айгүл: Рафат айтып кеткендей біздің қазақ жырларында, поэзиясында, айтыстарында қазақтың тарихы жазылған. Біздің тарихымызды отырып жазатын тарихшылар болмаған Карамзин сияқты т.с. жүз томдық қазақ тарихы жазылмаған он тоғызыншы ғасырдан бері біздің ақын-жыраулар айтыс кезінде, не жеке тарихи жырларға байланысты тарихи оқиғаларды айтыстарда өздерінің жырларына кіргізіп отырған. Қазақтың тарихы қазақтың асыл сөздерінде осылай жазылған деп айтып келеміз. Ал, Жамбылдың біз айтып отырған «Өтеген», «Сұраншы», «Көроғлы» дастандары тарихи поэмалар оны мен емес Мүсілім Базарбаев айтады. Бұлар лиро-эпикалық поэмалар жанры дейді. Күні бүгін дастандары деп, бір ауыз әдебиеті өкілдерінің жазғанындай айтып келеміз. Ең әуелі ол жырларда тарихи оқиғалар қамтылады, екінші Жамбыл орындаушы емес, автор ретінде айтып отыр. Ел түсінсін, сол елге ерлердің батырлығын жеткізейін деп автор мен оқыман арасындағы үлкен эстетикалық, этикалық деңгейде байланыстан қарым-қатынас бар. Жамбыл бұл тарихи жырларды қайда жазған? Жаңа мен айтқан айтыстарда ел намысын, ру намысын айту үшін осындай болған деп бастайды. Мысалы, мен ойлаймын Жамбылдың Құлманбетпен айтысында біз айтып кеткен үш поэманың да алғы бір сюжеттің фабулалық негізі айтылып кеткен.
Жақсылық жамандықты тексереді,
Кім жүйрік, кім шабаны екшеледі.
Елімнің ерлігімен мақтанамын,
Сырт дұшпан бізді көрген сескенеді.
Жалғыз-ақ сен болмасаң таз Құлманбет,
Қай ақынға бұл Жамбыл дес береді.
Батыр Саурық, Сұраншы жаудан өлген,
Халық үшін шәйт болып жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не?
Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген.
Мақтанған байларыңның оңғаны жоқ,
Төңіректің төрт бұрышын жалмап өлген...
Мысалы елді қорғап өлгеннің арманы не деп, осы жерде Жамбылдың басты концепті батырларды жоқтау емес, ел үшін шәйт болған батырлар дейді. Жамбылдың негізгі тақырыбы езіліп қаналып жатқан замандастары. Енді қарасаңыз 1916 жылғы Жетісу өңірінде болған шайқаста патша бұйрығын қоллдаңдар деп, Алматыда тағы да ақындарды жинап тыл жұмысына қазақтар аттансын дегенге қарсы шыққан тағы да Жамбыл. Неге қарсы шығады? Сол кезде батырлардың ерлігін жазып отыр, айтып отыр енді сол Сұраншы, Саурық сынды батырлардың ұрпақтары неге күрек көтеріп, жер қазуға, тыл жұмысына ғана жарайтындай кемсітіп шақырады. Оған Жамбыл неге қарсы болмайды? Сондықтан мен ойлаймын Жамбылдың әр шығармасы қажеттіліктен туған. Өзі сауатсыз дегенімізбен басы сауатты. Суырып салма дәстүрлі жыр төгіліп тұрған, сондықтан қазақтың заманы қалай болып кетеді дегенде осындай батырларболған деп солар туралы тарихи лиро-эпостық поэма жазуды Жамбыл өзіне әдейі бір мақсат етіп қойған деп ойлаймын. Ақындардың сол кезде айтыста шыңдалатыны белгілі, бірақ арнайы отырып Өтеген батыр поэмасын жазу себебі неде? Былай қарасаңыздар жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ жері қалай болып кетеді? Жамбыл сол Рамановтар әулетіне мадақтаудан бас тартты. Келе жатқан совет өкіметі қалай боп кетеді, қазаққа не әкеледі? Қазақтың жағдайы қалай болып кетеді, мына жер жәннәті Жетісудың тағдыры не болады деген уайыммен мен ойлаймын Жамбыл «Өтеген» поэмасын жазғанда қазақтан шығатын бір ерлер болады ма? Қазақтың қамын ойлап, қазақтың өрісі кеңейіп, қазаққа жайлы «Жиделі байсын» сияқты өмір қашан туады? Осыны қазақтың елі үшін бүкіл елді ойлап, келешегіне жауапкершілік көтеріп алатын Өтеген сияқты азамат қашан болады деген үлкен бір арманмен жазылған. Өтеген батыр өмірде болған тарихи тұлға. Дегенмен сол жиырмасыншы ғасырдың басында сол осындай тұлғаны жоқтап себебі Өтегеннің басты ерекшелігі басқа бір тарихи әскербасы батырлардан Қазақтың қамын ойлап, қазақ Жиделі байсынды ойлап Асанқайғының Жиделі байсынын білеміз бірақ осы қазаққа жайлы өмір қашан болады? Осыны аңсап кеткен тарихи тұлға батырды өте әдемі лиро-эпикалық дастанда жазып кетеді. Енді бұл лиро-эпикалық деп отырған жаңағы Мүслім Базарбаев зерттеп бұл жерде Өтеген батырды Жамбылдың ақындығының әдемі бір Мағжанша бір тебренетін кездері бар. Себебі мынау жырау ғой Жамбыл. Жырау болғанда ол ел мен биліктің арасындағы жауынгерлікті, батырлықты, ел қорғанын айтатын жыраулық үлкен Бұқар жыраудан келген үлкен бір дәстүр. Екіншіден Жамбыл өте бір нәзік сезімдердің ақыны. Сол осы мынау Өтеген батырында білініп қалады. Жырдың басында былай:
«Ақ көбікке оранып, Толқыны тоқсан бұралып.
Арықтай аққан арналы, Жамбыл бір жыр жырласын.
Жұрт қиқая тыңдасын Өтеген батыр туралы» деп айтып алады әлқиссасын. Біздің бүкіл жырлар осылай басталады. Ал, енді келесі сөздерді қараңызшы:
«Хикая емес бұл өзі, өз жанымнан шығарған,
Есімде жоқ осы жыр қайдан, қалай алынған.
Мұны ызыңдап даладан жырлаған ескен жел маған,
Бұл жырды мен естігем тағы Құлжа үнінен.
Бұл жырды мен естігем бұлбұлдың тәтті күйінен.
Бұл жырды мен естігем Ер Өтеген туралы
саңқылдап шыңның қыраны аңыз еткен күні мен.
Бұл жырды мен естігем құлаған толқын дөңінен,
Бұл жырды мен естігем шөбінен дала гүлінен.
Бұл жырды мен естігем жұлдыздың аққан көгінен,
Бұл жырды мен естігем өрінен ескен желінен,
Бұл жырды мен естігем сай саланың шегінен.
Бұл жырды мен естігем безіп жүріп ауылдан,
Бұл жырды мен естігем жыршыдан, ақын қауымнан.
Жылды айналып жыл озып, Өтеген өліп қол үзіп апар шекті келмеске,
алай-дағы тарихтың аузында қалды халықтың аңыз қалды өлмеске»
Бұл жырды мен естігем деу арқылы тыңдаушысының үңіліп тыңдауына, екіншіден өзі бір осыншама ғажайып үлгілі бір сөздер айтайын деп отырғанына таң қалып, қайдан естідім, қайдан келді дегенде бұл сөз менікі емес халықтікі. Бізге қажетті қазақтың жанына қажетті қазақтың ерлері осындай болған деген сөзді айту үшін өстіп-өстіп айтқан. Жамбылға жаңағыдай лирикалық сөздер қалай, тән деп ойлайсыз ба? Біз білетін Жамбыл совет кезінде тек Ленин, партия, пленум, Сталинді жазды деп бізге осылай үйретіп келген. Ал, Жамбыл қолынан домбырасын түсірмеген жырау осыны есте сақтауымыз керек. Жамбылдың әр өлеңі, дастаны болсын шертіп отырып домбырамен орындауға ыңғайлы.
«Халық үшін қасық қанымыз,
Аяусыз болсын жанымыз»
«Өтеген» дастанынан үзінді. Бұны концепт дейміз, концепт деген әр ақынның, жазушының шығармасындағы басты сөздер, кілт сөздер. Әр сөзі қарасаңыз біз қазір айтатын мақал-мәтел сияқты.
«Сыздық Сұлтанға» толғауындағы ұлт-азаттық қозғалыстың қаһарманы Кенесары ханның бейнесін совет кезінде суреттеуі Жамбылдың жыраулық ұстанымы ма, әлде совет үкіметіне көрсеткен қыры ма? Рафат: Жамбылдың «Сыздық Сұлтанға» дейтін өлеңі ақынның жүз жылдығына орай шығарылған толық жинағында беріліп, онан кейінгі жинақтарынан алынып тасталған. Сыздық сұлтан 1884 жылы Жетісуғакеліп, өзінің қырғызға бара жатқаны туралы бұйымтайын айтып, бір топ жолдастарымен қырғызға аттанады. Олардың ішінде бір топ ақындар – Жамбыл мен оның шәкірттері, әрі батыр, әрі ақын Мақыш Райымбеков, Кенен Әзірбаев, Сарыбай Айдосұлы дейтін қазақтың үлкен биі болған. Қырғыздар Сыздықтың келуінен қатты сескеніп, әкесінің кегін алуға келе жатыр ма деген ойда болады. 1946 жылғы жинақта берілген түсініктемеде Сыздық: «мен сендермен шабысқалы келгенім жоқ, табысқалы келдім. Сен де туысқанымсың жан ашуы үстінде әкемді өлтірдің деп кінә қояр жайым жоқ. Жалғыз-ақ тілегім әкемнің сүйегін бер, аталарыма қосайын, алтын жүзігін бер, қолыма салайын, сары қасқа ерін бер, астыма мінейін, бұйымтайым осы-ақ», -дейді. Сыздық Сұлтанның келуі жайындағы әңгімені үлкен кісілер айтып отыратын. Сондағы Жамбылдың Сыздық Сұлтанға айтқаны:
«Сәлем бердім, алдияр,
Орын бердің қасыңнан.
Сен бір қалған көз едің
Кенесары асылдан.
Сыздық атың жайылды
Бұл өңірге жасыңнан.
Айбатыңды көргенде,
Дұшпандарың бас ұрған.
Даңқыңды естіп жүруші ем
Шартарапқа шашылған.
Ақ жүзіңді көрген соң,
Енді мауқым басылған.
Ауылға жүр, қонақ бол,
Атан алып, ат мініп,
Ағайынға беріп қол,
Аттанарсың, Сыдеке,
Ата жолы деген сол!
Арнап келіп алғаның
Алтын жүзік, сары қасқа ер.
Атаңыздың әруағын
Сыйлайды екен бір тайпы ел.
Екеуінің қалғаны-
Он бір жыра деген жер.
Оны да айтты ағайын,
Іштен шықты қайғы-шер.
Атаның не арманы -
Іздеп келіп артынан,
Бата қылса сіздей ер!»
Бұл өлеңнен Жамбылдың Сыздыққа деген үлкен құрметін көресің. Сыздықтың жасы Жамбылдан онша үлкен емес. Сыздық Кенесары қайтқанда он-он бір жаста қалған бала, Жамбыл Кенесері өлердің алдында ғана туған. Кенесары, Наурызбайдың сүйегіЖамбыл айтқан «Он бір жыра» деген жер басқа деректерде де бар. Сары қасқа ер деген айтылды ғой, сол ерді бір қойшы мініп жүр екен, қырғыздар Сыздыққа әкеп береді. Сыздық қанжармен тіліп ішінен білеу-білеу алтын, кейбір деректерде гауһар алды дейді. Сонан ел тараған кезде Сыздық жаңағы ердің ішінен алған алтынды Сарыбайға беріп:«Сарыбай, сен еліңді жинап жүр екенсің. Мына алтынды сол еліңе жарат», - деп айтқан дейді. Бірақ Сарыбай «Жоқ, алтынды өзіңіз алыңыз, әкеңізден қалған мұра. Жол-жөнекей кездескен ел болса, солардың қайтуларына жәрдемдессеңіз болды», - деп Сыздықты шапырашты елі үлкен құрметпен шығарып салған.
Ал, енді Кенесары, Наурызбай, Сыздық тақырыбында Жамбылдың тағы бір өте құнды шығармасы «есте қалған әңгімелерден» - деп аталады. Бұл шығарма Ғ.А Ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақталған. Ұзақ жылдар еш жерде жарияланбаған, ең алғаш рет фольклортанушы Кенжехан Матыжанов жариялаған. Бұл қара сөзбен өлең араласқан шығарма. «Есте қалған әңгімелер» былай басталады:
«Кенесары, Наурызбай заманында жаннан асқан ер болды. Қазақты орысқа бермеймін деп, Сарыарқада соғыс салды. Ақмоланы, Ақтауды, Адырлы қалаларын алып, солдаттарды қойдай қырды. Бірақ жер дүниені алып қаптаған патша әскері азаймады, күн сайын көбея берді, зеңбірегін сүйретіп, Кенесары, Наурызбайдың соңынан қалмады» дейді. Сосын әрі қарай Кенесарының тілеуіндемін деп жүрген байлардың, төрелердің барлығы да патша әскеріне болысып кетеді. Елдің ішіне іріткі салды дейді. Бұл да тарихтан белгілі жағдайлар. Іленің Балқашқа құяр сағасында біраз жатып, әскерінің біразын таратып, қайтадан Жетісуға келгеннен кейін жергілікті батырлар Сұраншы, Саурық, Байзақ, Сыпатай, Рүстем төреқарсы алды дейді.