Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет14/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   50
Тоқболат Еңсегенұлы тәуелсіз кезең әдебиеттану ғылымына қомақты үлес қосқан зерттеуші. Ғалым 1982 жылы «Қазақ мысалы» деген тақырыпта кандидаттық, 2007 жылы «Көне түркі ескерткіштерінің көркемдік жүйесі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Жарық көрген ғылыми-зерттеу кітаптары қатарына «Қарасақал Ерімбет ақын» (А., әл-Фараби, 1994 ж.), «Оғызнама –Сыр бойында туған шығарма» (А., әл-Фараби, 1995 ж.), «Көне түркі шығармалары». Монография (А., Рес. Баспа кабинеті. 1995 ж.), «Түркі ру-тайпаларының көне өлеңдері» (А., Ғылым, 1996 ж.), «Әдебиетіміздің бастауы – Авестада». Монография (А., Білім, 1996 ж.), «Атамұра». Монография (А., Ғылым, 1997 ж.), «Қорқыт ата әлемі». Монография (А., Білім, 2000 ж.), «Сыр бойы ақан-жыраулары». Әдеби зерттеу (А:., Білім, 2000 ж.), «Қазақ әдебиеті тарихының арғы арналары (архетиптері)». Монография (А., Білім, 2001 ж.), «Көне түркі руна жазба поэзиясы». Бірінші кітап (А., Білім, 2007 ж.), «Көне түркі руна жазба поэзиясы». Екінші кітап (А., Білім, 2008 ж.) жатады. Оған қоса 100-ден астам ғылыми-зерттеу мақалалары жарық көрді. Аталған еңбектерінің мазмұны ежелгі дәуір әдебиетін зерттеуге арналған. «Көне түркі шығармалары» (1995) атты монографиясында «Оғызнама», «Қорқыт ата кітабы», «Диуани хикмет», «Махаббатнама», «Көрұғлы» атты шығармаларға талдау жасалынып, ғылыми тұжырымдамасы беріледі. «Әдебиетіміздің бастауы – «Авестада» (1996) деген монографияда әлемдегі қасиетті кітаптардың бірі «Авеста» шығармасына зерттеу жасалынып, осы даналық еңбек түркі тектес халықтарға да ортақ әдеби мұра екені ғылыми тұрғыда дәлелденген.
«Түркі ру – тайпаларының көне өлеңдері» (1996) зерттеу еңбекте түркі руна жазуымен тасқа, қағазға түсірілген өлеңдерге жан-жақты талдау жасалынып, ғылыми пайымдау жасалынады. «Атамұра» (1997) атты монографияда бұрын арнайы зерттелінбеген көне түркілердің ежелгі эпостық шығармаларына терең талдау жасалынады.
«Қорқыт ата әлемі» (2000) атты монографияда Қорқыт ата жырларына тиянақты талдау жасалынып, оның кім, қандай тұлға болғанын түптеп таныту мақсатында сол бабаның өмір сүрген кезеңі және тарихи тұлғасы, кемеңгерлік келбеті қоса қарастырылып, толымды ғылыми байлам түйінделеді. Мұнымен бірге, осы дананың көне түркілердің Тәңірлік дінінің пайғамбары дәрежесіндегі кемеңгер болғанын мәлімдеу үшін, сол ілімнің мәні, сыр-сипаты, дәуірі, жасалған уақыты тұтастай зерттелініп, бұл ілімге Қорқыт атаның қатысы нақтылықпен түсіндіріліп, қорытынды жасалынады. Сондай-ақ, «Сыр бойы ақын–жыраулары» (2000) атты зерттеу еңбекте ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басы аралығындағы табиғи дарындылығымен ерекше танылып, ел есінде сақталған Сыр бойы ақын-жырауларының артында қалдырған рухани мұралары алғаш рет ғылыми негізде жеке алынып, жүйелі түрде зерттелінген. Осылай, олардың ұмтыла бастаған есімі қайта тіріліп, бұл шайырлардың екінші рухани ғұмыры басталғаны мәлімденеді.
«Қазақ әдебиеті тарихының арғы арналары (Тәңірлік дәуір әдебиеті)» (Алматы: 2001) деген монографияда қазақ әдебиетінің түп-төркіні (архетиптері) – ислам діні енгенге дейін түркілердің Тәңірлік дәуірдегі әдебиеті арнайы алынып зерттелініп, сол Тәңірлік діннің негізі поэзия тілінде жазылған «Авеста» шығармасында жазылғаны мәлімденеді. «Көне түркі руна жазба поэзиясы ондағы философиялық жүйе және қазақтың өлең-жырларымен өзектестігі». Бірінші кітап, «Көне түркі руна жазба өлеңдері» (2007) атты еңбекте көне түркілер әлемдегі жазуы, дәстүрі, діні, кәсібі, өнері өте ерте дамыған елдердің бірі екені түйінделеді.
«Көне түркі руна жазба поэзиясы». Екінші кітап. «Орхондағы түркі руна жазба дастандары» (2008) атты еңбекте Моңғол жерінен табылған Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Онгин, Күлі-Чұр жазба ескерткіштеріне талдау жасалынып, бұл мұралардың сыр-сипаты, өзіндік ерекшеліктері, көркемдігі ғылыми тұрғыда шынайылықпен көрсетіледі.
Жансая Жарылғапованың «Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер»2 (2009) атты зерттеуінде аталған мәселе айқындала түсті. Зерттеудің тарауларында «Әдебиет даму заңдылықтары және әдеби ағым мен көркемдік әдіс табиғаты. Әдебиеттің даму сатыларындағы ықпалдастықтар мен ортақ заңдылықтар; Қазақ прозасының қалыптасуындағы жедел даму құбылысы; Ағымдар табиғаты және әдеби бағыт; Көркемдік әдіс, оның әдеби ағымдармен арақатынасы; Ұлттық прозаның қалыптасуындағы романтизм эстетикасы. Әдебиеттегі жанр және көркемдік әдіс байланыстары; Неоромантизм және алғашқы қазақ романдары; Қазақ прозасындағы классикалық романтизм принциптері; Қазақ прозасы және реализм. Реализмнің көркемдік әдіс ретіндегі типологиясы; Қазақ прозасы және ағартушылық реализм; Қазақ прозасындағы сыншыл реализм принциптерінің орнығуы; Социалистік реализм және ұлттық проза; Ұлттық прозадағы ағымдар типологиясы. Сентиментализм; Натурализм; 1960-80 жылдар прозасындағы постсоциалистік реализм эстетикасы және модернистік ағымдар».
Монографияда қазақ әдебиетіндегі прозаның қалыптасуы мен даму жолындағы көркемдік әдістер мен әдеби ағымдардың орны жүйелі қарастырылады. Әдістер мен ағымдардың теориялық мәселелері сараланып, ол категориялар шығармашылықтың ішкі заңдылықтарымен, қаламгерлердің көркемдік таным эволюцияларымен тығыз байланыстырылады.
ХХ ғасырда Қазақ әдебиеттануы арнайы зерттелді. Бұл зерттеудің жалғасы ретінде Сағымбай Жұмағұловтың «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану ғылымы (1956-1991 жж.)3 атты еңбегі болып табылады. Аталған мәселе келесі ретпен қарастырылған: «Жылымық» жылдарындағы ұлттық әдебиеттану. Қазақ әдебиетінің ғылыми тарихын жасау жолдары. Әдеби сын және эстетикалық таным-білік. Әдебиет теориясының мәселелері. 1968-1984 жылдар аралығындағы ұлттық әдебиеттану. Қазақ әдебиеті тарихының зерттелу үрдісі. Байырғы әдебиет бастаулары. Фольклористика және түркітану. Шығыс руханиятымен дәстүрлі әдеби байланыс. ХV-ХVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы. ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Көркемдік үрдіс және әдеби сын. Әдебиет теориясының даму өрісі. Қазақ прозасы. Өлең сөздің теориясы. Драматургия арналары. 1985-1991 жылдар аралығындағы ұлттық әдебиеттану. Қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері. Ежелгі дәуір әдебиеті. ХV-ХІХ ғасырлардағы әдебиет. Алаш арыстары мұрасы. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Әдеби сын табиғаты. Әдебиет теориясының мәселелері аталған тарауларда қарастырылған қазақ әдебиеттану мәселелері тәуелсіз әдебиеттанудың негізгі мәселелерін айқындау болып табылады. «Әдебиет теориясының даму өрісі» атты тарауда қазақ прозасының зерттелуі сараланған. «Өлең сөздің теориясы» атты тарауда Ә.Нарымбетов, З.Ахметов, М.Базарбаев, Б.Уахатов, Ө.Өмірәлиев, Т.Абдрахманов, Қ.Қамбаров, С.Негимов, Т.Қожакеевтің зерттеулері қарастырылған. «Драматургия арналары» тараушасында осы салаға қатысты зерттеулер сипатталған.
Зерттеудің «Әдебиет теориясының мәселелері» атты тарауда мынадай тұжырымдар бар: «Әдебиет теориясының өзекті мәселелері көркемдік әдіс табиғатының, эпикалық жанрдың ұлттық топырақтан өсіп-өнген дәстүрлі бастауларын бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша зерделеу талабын да алға тартты. Сыншылдық ой-пікір теориялық талдаулармен тығыз ұштасып қана қоймай, ұлттық прозаның тарихи бастауларындағы жанрлық табиғатының түп негіздеріне, адам тағдырын арқау еткен күрделі философиялық болмысындағы тереңдік пен эстетикалық концепция иірімдеріне байыпты үңілудегі батыл тұжырымдары назар аудартады. Осы тұрғыдан келгенде А.Исмакованың «Жанровые предыстоки современной казахской прозы» («ҚазақССР ҒА хабарлары.Тіл, әдебиет сериясы», 1985, № 3), «Мәдениет тарихы – ел тарихы» («Жалын», 1990, № 2), «Әдебиетте тоқырау болды ма?» (Уақыт және қаламгер. А.: 1990), М.Қараевтың «Реализмнің кейбір мәселелері» («Қазақстан мектебі», 1985, № 3), «Реализмнің терең тамыры» («Қазақстан мектебі», 1986, № 6), Р.Бердібаевтың «Кәусәр бұлақ» («Қ.Ә» 1986, 26.ІХ), Х.Садықовтың «Мифологизм ықпалы ма? Әлде төл құбылыс па?» («Қ.Ә». 1986, 12.VII), С.Әшімбаевтың «Бүгінгіні жазу – өмір талабы» («Жұлдыз», 1987, №8), Е.Аманшаевтың «Кеңістік пен кейіпкер әлемі. Немесе «Ой ағыны» туралы ойлар» («Жұлдыз», 1988, № 9), Р.Нұрғалиевтің «Әдебиет тарихы мен теориясының өзекті арналары» («Қазақстан мектебі», 1990, № 6), Б.Кәрібаеваның «Әдебиеттану әдебиетті тани ма?» («Орталық Қазақстан», 1991, 4.VІ), «Стиль сыры» («Жұлдыз», 1991, № 5) мақалалары теориялық талдау арнасының барынша кең өріс ала бастағанын көрсетеді.
С.Әшімбаев бүгінгі күннің өзекті тақырыбына қалам тербеу мәселесін әдебиеттің қай уақыттағы да адамзат қоғамын алға, ар-ұятқа, адамгершілікке қарай жетелеп келе жатқан гуманистік ұлы миссиясынан бөліп қарауға болмайтынын айта келіп: «әдебиет – әдепшілік әліппесінің негізі, әдемілік айнасы» (622, 172) деп түйді» [488] делінген. «Демек, ұлттық әдебиеттану ғылымының кешегісі мен бүгінгісін саралау өзегі етіп алынған Р.Нұрғалиевтің тоқырау жылдарындағы ғылыми-зерттеушілік арнада орын алған олқылықтарды «талдау орнына шығарма оқиғаларын мазмұндау басым, өресі төмен «зерттеулер» жарық көріп жатты. Әдебиет пен өнердегі заманалық ағым процесін терең таразылап, негізгі тенденцияларды дәл де анық бағалайтын еңбектер азайып кетті. Әдебиеттің теориялық мәселелері, жалпы әдебиет теориясы тиісті дәрежеде қарастырылмады, әдебиет тарихындағы «ақтаңдақтар» «қара күйінде» қалды» (501,13) деп байыптағанындай ендігі кезекте зерттеудің деректемелік көздерін кеңейту, әдеби даму үрдісін жіті саралауды идеологиялық қасаң талаптағы үстірт талдаулардан арылту, жекелеген классиктердің шығармашылығын арнайы еңбектерде шеберлік тұрғысынан жаңаша танымда зерттеу қажеттігімен қатар терминдер мен терминологиялық сөздіктер жасау, «Әдебиет теориясы» атты академиялық еңбек жазу, қазақ әдебиетіндегі көркемдік әдіс табиғатын жан-жақты зерттеу сынды өзекті мәселелерді алға тартты. Соның ішінде жанрлық, стильдік формаларды көркемдік әдіс тұрғысынан анықтаудағы маңызды тақырыптарға барудағы іркілістер де сын тезіне алынып, әдебиет теориясында қордаланған жоталы мәселелерді шешуде қолға алынар, атқарылар келелі тақырып өзегін ғалымдар талқысына салды». Дегенмен тәуелсіз кездегі басты әдебиеттанулық шарт анықталып алынған: «Ұлттық рухани құндылықтарды ұлттық сипатта бағалау мен зерттеу көркемдік дамудың тұтас әдеби үрдісін тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастырудағы жаңа көзқарастың жетекші орынға шыға бастауы әдебиеттану ғылымының бірден бір қасаң әдіснамалық негіздерін құрап келген маркстік-лениндік ілімге сын көзімен қараудағы танымға күрделі өзгерістер де әкелді. Бұл ретте А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің қайта оралуы әдебиет теориясының мәселелерін терең танудағы ғылыми ой-пікірге серпін берді әрі тұтас ұлттық әдебиеттанудың қай саласының болмасын ғылыми негіздерінің әдіснамалық бағытының жаңа арнаға ойысуында ұстанар темірқазық болды десек, Р.Нұрғали принципті тұрғыда ескерткеніндей қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған-ды» (541). Демек, ұлттық әдебиеттанудағы А.Байтұрсынұлының зерттеуінің тарихи маңызы «қазақ сөз өнерінің теориясы туралы оның еңбектерін талдай білудің классикалық мысалы ғана емес, сонымен бірге бүгінгі еңбектерге де қойылатын биік талап, талғам таразысы. А.Байтұрсынұлы еңбектерінің оралуы бүгінгі әдебиеттануымызда жиі ұшырасып, жалпылама сиптаттаушылықтан арылуымызға айрықша ықпал жасауға тиіс» екені айқындалған (628,88) [492-493].
Кеңестік әдебиеттану қалай жойыла бастады? Тәуелсіз әдебиеттану қашан басталды? Осы туралы былай делінген: «Алайда кеңестік жүйенің әдеби кеңістігін құраған әр ұлт әдебиетіндегі роман жанрының уақытпен үндес тақырыптық-идеялық, эстетикалық арналарында тоғысып жатқан ортақ сипаттары болғанымен, туу, даму дәстүрі мен кейінгі үрдісінде өзіне тән ерекшеліктері болғаны, М.Қаратаевтың «Заман биігінен табылайық» («Қ.Ә», 1988, 22.І), Ш.Елеукеновтің «Кешегі және бүгінгі роман: дағдарыс па, жаңа беталыс па?» («Жұлдыз», 1990, №12), «Социалистік реализмнен бас тартамыз ба?» («Ақиқат», 1991, № 10), А.Ісімақованың «Әдебиетте тоқырау болды ма?» (Уақыт және қаламгер, А., 1990) мақалалары және де әдебиетші, сыншы ғалым, қаламгерлердің «Социалистік реализм керек пе?» («Қ.Ә», 1991, 25.І), «Сөз түзелмей, ел түзелмес» («Жұлдыз», 1991, № 1) атты пікір алысудағы ыдырауға бет алған Одақ әдебиетінің көркемдік арнасындағы қазақ әдебиетінің әдеби-теориялық өзекті мәселелерін байыпты қарастыруларымен назар аудартады» [493].
Алаш әдебиеттануы арнайы теориялық тұрғыдан зерттелді. Әдебиеттанушы Айгүл Ісімақованың «Алаш әдебиеттануы» (2009) – қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының ең бір сүбелі кезеңі ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлттық көркемсөз өнерін зерделеуге арналған.
Кітапта әл-Фараби, Абай, Ыбырай, Шоқан, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, С.Садуақасұлы, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгерұлылардан басталатын Алаш әдебиеттануының өкілдері қарастырылған.
Х.Досмұхамедұлы сонау 1928 жылы «Аламан» атты ғылыми зерттеуінде отандық әлеуметшілдік міндетті анықтап берген: «Отан сезімі, мемлекет сезімі кем, менмендік сезімі күйлі құлықты аламандық дейміз». «Отан бірлігі, Отан намысы, Отанды сақтау сезімдерін» Алаш әдебиетшілері бізге осылай анықтап берді. Ол үшін әлеумет міндеті жайлы ой қажет. Абайша әдебиет – Отанды сүюдің үлгісі. «Отан бірлігі, Отан сүю сезімі, әлеуметшілік міндеті секілді бүтін мемлекетке керек сезімдерді, менмендік, бәсекелестік, ерегіс секілді аламандықтың жеңгенін ел арасынан жиналған ескі сөздер анықтап көрсетіп тұр».
Қазақтың көркемсөзді қастерлеген ата-баба сөзі қашаннан басталады? Алаш әдебиеттануы деген ұғым қашан қалыптасты? Алаш ғалымдары ғылымға қандай үлес қосты? Тәуелсіздік кезеңінің бүгінгі ғылымына Алаш ғылыми мұрасы несімен қажетті болып табылуда? Кітап осы сауалдарға жауап береді.
Кітапта қазақ көркемсөзінің көрнекті өкілдерінің әрбірінің ғылыми шығармашылық тұлғасы бүгінгі ХХІ ғасыр әдебиеттанулық талаптар тұрғысынан қарастырылды. Сонымен қатар, автор А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, С.Сәдуақасұлы, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгерұлылардан басталатын Алаш әдебиеттануының шынайы келбетін Әл-Фараби, Абай, Ыбырай, Шоқаннан таратып, ұлт әдебиетінің тарихи негізін ажырамас бірлікте жүйелейді. Кітаптағы әрбір әдебиеттанушының қазақ әдебиетіндегі көркемсөз құдіреті, оған біртұтас қосылған үлесі ғылыми, әдеби-теориялық ой-тұжырымдары тұңғыш рет жан-жақты қарастырылды. Автор асыл сөздің басты міндетін айғақтап, оны іс жүзінде қазақ тілінде көрсетіп берген де осы Алаш әдебиеттанушылары екенін нақты, ғылыми дәйектер мен тұжырымдар арқылы хрестоматиялық тұрғыда дәлелдеді.
Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» (1926), Х.Досмұхамедұлының «Қазақ халық әдебиеті» (1928), М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927) атты зерттеулері қазақ әдебиетінің тарихын, қалыптасуын, теориялық негіздерін сонау ХХ ғасырдың басында қазақ тіліндегі «пән сөздері» арқылы зерттеп берген екен. Кеңес әдебиеттануы осы үш кітапсыз күн кешкені сол ғылымның дәрежесін аңғартады. Осының нәтижесінде, біз «Әдебиетіміз қашан туған, қалай қалыптасқан, келешегіміз қандай?» деген сауалға жауап бере алмай, он ғасырлық көркемсөзі бар әдебиетті «младописьменный» деп, тек кеңес кезімен шектелген қазақ әдебиеттануының төл бастаулары айқындалған.
Әдебиет теориясы жоқ халық болып саналдық. Қазақ тілі мен әдебиеттануының біз бүгін қазақша пайдаланып келе жатқан басты теориялық түсініктерін А.Байтұрсынұлы анықтап бергені айтылған. Аталған үш кітап, керісінше, ұлттың көркемсөз тарихын атам заманнан бастап, дүниежүзі әдебиеті төңірегінде қазақтың асыл сөзінің ерекшеліктерін жан-жақты қарастырып берген. «Әдебиет танытқыш» деген атауда тұрған «әдебиет» деген не, оны не үшін «таныту» керек деген екі сөзде тұрған жауап – біздің бүгінгі әдебиеттанудың анықтап айта алмай келе жатқан күрделі ғылыми танымдық мәселесі болып табылды.
Қазақ халқының он ғасырлық асыл сөзі кімге қажет? Сөздің асыл болуы несімен? Әдебиеттің негізгі міндеті неде? Көркемсөздің басқадан айырмашылығы қандай? Бүгін әдебиет қажет пе? Осы сауалдардың бәріне «Әдебиет танытқышта» нақты жауаптар берілген. Қазақ неге «сөз сүйектен өтеді» деген? «Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан», – дейді А.Байтұрсынұлы. Себебі, әдебиетшінің айтуы бойынша, сөз өнері «адамның жан қоштау керегінен шыққан».
Қазақ сөз өнерінің он ғасырлық мұрасының басты құндылығы және ескірмеуінің сыры – бұл асыл сөздің Абай сияқты «хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қылыбында жазғаны». Неге А.Байтұрсынұлы Абайды «қазақтың бас ақыны» деп атаған?
Ұлт ұстазы атанған А.Байтұрсынұлының Абай шығармалары туралы айтқан сөздері бүгінгі абайтанудың негізгі тұжырымы болып табылады: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең .... Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды сынайды» (2, 154-155).
Қазақ әдебиетінің көркем, асыл сөзінің он ғасыр тарихы бар екені бүгінде ғылыми дәлелденген тұжырым. Аталған көркемсөз шежіресі шын мағынасындағы әдеби, рухани құндылық болып табылады. «Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді. Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы» (1, 147), – дейді әдебиеттанушы Х.Досмұхамедұлы.
Л.Гинзбургтің лириканы: «Адамның ішкі әлемінің күйі», – деуіне риза болушы едім. Ал А.Байтұрсынұлының лириканы: «Жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі», – дегені қандай дәл және нақты. Л.Гинзбург пен М.Бахтин: «Әдебиет – адамның жаны, оның ішкі әлемінің өзгеруі, санасының көркем бейнеленуі», – десе, А.Байтұрсынұлы: «Әдебиет – асыл сөз – адамның жан қоштауының қажетінен туған» – дейді. Асыл сөздің үлгілісі – өмірдің ғибратты болуын алға тартатыны – дей келе X.Досмұхамедұлы: – «Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы», – дейді. М.М.Бахтин: «Әдебиет – адамның істері, қылықтарының табиғатын, себебін танытатын өнер түрі», – десе, А.Байтұрсынұлы: «Асыл сөз адам санасының үш негізіне тіреледі – ақылға, қиялға, көңілге», – дейді. Себебі, «ақыл ісі – аңдау яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау; қиял ісі – меңзеу яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау». (2:168). Осы тұрғыдан қарағанда, А.Байтұрсынұлы, М.Бахтин, Х.Досмұхамедұлы үшін, әдебиет – адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап іздеуші ілім.
Алаш әдебиеттануының жоғарыда аталған Ресей теоретиктерінің еңбектерімен үндес болуы, олардың әдебиеттану ғылымының негізі – классикалық үлгідегі зерттеулер болғандықтан. Кеңес кезінде тыйым салынған ғылыми мұра XXI ғасырдағы әдебиеттану ғылымының негізгі ұстанымы болып қала бермек. Себебі, бұлар асыл сөз теориясын, оның зерттеу амалдары мен тәсілдерін ұлттық төл контексте айғақтап берген. Алаш ардақтылары еңбектерінің бүгінгі тәуелсіз әдебиеттану ғылымының басты темірқазығы болуының да сыры осында жатыр.
Біз үшін қазақ әдебиеттануы кәсіби ғылым ретінде сонау XX ғасыр басында Алаш ғалымдары зерттеулерінде толық қалыптасқан. Оған дәлел – А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш», Х.Досмұхамедұлының «Аламан», «Қазақ халық әдебиеті», М.Әуезовтің ғылыми басылымдары. Ұлттық әдебиеттанудың негізгі ұстанымдарын дүниежүзілік контексте аталған ғалымдар сонау XX ғасыр басында анықтап беріпті. Олар өздеріне дейінгі әдебиетке де өз көзқарастарын тура бүгінгідей ғылыми тұрғыда негіздеген.
XX ғасыр басындағы әдебиеттанудың: әдеби сыны саяси пікірталаста, әдеби мұра – Абайды қорғау арқылы қалыптасты; әдебиет тарихы Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабай, Ж.Аймауытұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Р.Марсеков, С.Сәдуақасұлы, Ы.Мұстамбаев, М.Әуезов еңбектерінде зерттелді; әдебиет теориясы А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» тұжырымдалды. Әдебиеттану ғылымының осы үш саласы да сонау XX ғасыр басында-ақ екі аяғынан тік тұрды. Кеңес кезінде ресми тыйым салынған бұл ұлттық классикалық әдебиеттанудың үлгілі зерттеулерінсіз іске асқан соцреалистік әдебиеттану біржақты болды. Өзінің төл бастауларын атай алмаған ғылым қайдан оң болсын?!
Тәуелсіз кездің әдебиеттану ғылымы ұлттың асыл сөз туралы ілімін тұңғыш рет өз арнасында зерттеуімен ерекшеленеді. Академик З.Қабдолов айтқандай, бұл ғылым саласы «басы, денесі, аяғы бар тұтастыққа енді ғана ие болды». Олай болса, Алаш әдебиеттануы бүгінгі ғылыми айналымға қайта оралып, негізгі зерттеу жүйесінің дүниежүзілік контексте жүргізілуін талап етіп, нақты теориялық, әдебиеттанулық тұжырымдарын айғақтап беруімен құнды және ғибратты болып табылады.
М.О.Әуезов институтының Әдебиет теориясы бөлімінің дайындауымен «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (1-томы, 2008) жарық көрді. Монографиялық еңбекте ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен даму жолдары, әдебиет тарихы, сыны, теориясы саласындағы ізденістер кеңінен қамтылып, кезеңдік тұрғыдан жүйеленіп, бір ізге түсірілді. Еңбекте алғаш рет көне түркі әдебиетінен бастап, күні бүгінге дейінгі әдебиеттанушы ғалымдардың қазақ сөз өнеріне қатысты әдеби-теориялық ойлары, стиль мен жеке жанрлық түрлерді, категорияларды талдаған ғылыми еңбектері қарастырылды. Тұңғыш рет қазақ әдебиеттануының ежелгі дәуірдегі әдеби таным арналары (VI-XIV) анықталды. Қазақ әдебиеттану ғылымының бастаулары ретінде Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы шығармалары зерттелді. Кәсіби қазақ әдебиеттануының қалыптасуы 1900-1932 жылдар болып анықталды. Алаш әдебиеттануы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин зерттеулерінде қалыптасты. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеттануы (1932-1956): М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, М.Қаратаев, Ә.Марғұлан, Т.Нұртазин еңбектерімен айқындалды. 1957-1991 жылдардағы қазақ әдебиеттануы М.Базарбаев, Ш.Сәтбаева, З.Ахметов, С.Қирабаев, Т.Кәкішұлы, Р.Бердібай, Ш.Елеукенов, Н.Келімбетов, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғали, С.Қасқабасов зерттеулерімен айғақталды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет