Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет30/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   50
Байланысты:
treatise41326

ҚАЛА МЕН ҚАЛАМГЕР

Аристотель: «Қала бір-біріне ұқсамайтындардың бірлігі» десе, Десмонд Моррис: «Қала асфальтталған джунгли емес, ол адамдардан құрылған зоопарк», Декарт: «Оңашалық іздесең, қалаға бар», Франсуа Мориак: «Париж – миллиондардың жалғыздығы», енді біреулері: «Лос-Анджелес – орталығын таба алмаған жетпіс екі шеткі аудан» дейді. Әлемнің алпауыт қалаларын ойшылдар осылай көреді. Ал, Астана мен Алматы ше? Оларды қалайша бейнелеуге болар еді?


...Қала мен қазақ. Осы тақырыпты қанша қаузамақ болсақ та, тісіміз батпай қойды. Олай болуы заңды шығар. Әлемде үлкен іргелі әлеуметтік, экономикалық һәм философиялық зерттеулердің өзегіне айналып отырған қала тақырыбы бізде толыққанды ашылып, зерделенген жоқ. Осы күні қала тақырыбы қазаққа қаншалықты жақын болғанымен, соншалықты алыс. Жақын дейтініміз, күні кешегі далалық өркениеттен аз ғана уақыт мерзімінде қалалыққа ауыса бастаған елдің бұл тақырыпта ашуға тиісті шындығы, шешуге керекті мәселесі аз емес еді. Алыс дейтініміз, өзінің ұлттық мәселелерін әлі аяғынан тік тұрғыза алмай жатқан елдің қалалық өркениет пен оның өз ұлтына тигізіп жатқан әсерін зерттеп, сараптауға уақыты мен жігері жетпей жатқаны тағы шындық. Әлемдік ғалымдардың зерттеулеріне қарасақ, жалпы қалаларды тарихи, географиялық және экономикалық маңызына қарай бөліп, жіктейді. Сондай-ақ, әрбір қаланың жеке әлеуметтік-психологиялық ұстанымына қарай өзіндік «өмір салты», «қалалық қарым-қатынас үлгісі» және «қалалық дәстүрлері» қалыптасатын көрінеді. Үлкен шаһарларда өмір сүретін тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін зерттей келе, әлеуметтік психологияда «қала менталитеті» атты жаңа ұғым пайда болды. Яғни әрбір қаланың өзіндік менталитеті болатыны айқындалды. Олай болса, тұрғындары күн санап өсіп, мәдени-рухани өмірі және әлеуметтік келбеті түрлене түскен еліміздегі екі ірі қала Алматы мен Астананың да өзіндік менталитеті қалыптасу үстінде екені анық. Екі қалада да қайнаған қызу тіршілік бар. Оның тамыр соғысын дәл басып, тіршілік ырғағын айқындау әлеуметтік зерттеу және статистикалық орталықтардың ғана емес, философтар мен психологтардың және қаламгерлердің де міндеті шығар...
Қаланың болмысы ол туралы мәліметтерге толы суретті альбомдардан гөрі, әдеби шығармаларда анығырақ ашылмақ. Өйткені, онда асфальт жолдар мен тас үйлер ғана емес, адам тағдырының сан-сүрлеуі соқпақтары адасып, тас қалаға қамалған жанның шектеуге келмейтін жан-дүниесі сайрап жатады. Қазақ қаламгерлері қала тақырыбына қаншалықты қалам сілтеді? Осы тақырып төңірегінде белгілі әдебиетшілер мен тарихшыны әңгімеге тартып, оған тұздық ретінде арнайы архитектордан пікір сұраған едік...
Қазақ әдебиетінде дала мен қала тақырыбы сонау ХХ ғасырдың басында-ақ көтерілген. Мысалға Сұлтанмахмұт Торайғырұлының 1919 жылы жазылған «Айтыс» (қала ақыны мен қала ақыныны айтысқаны) поэмасы, «Қаладағы жебірлер» («Кедей» поэмасы) шығармаларына қатысты екі кейіпкердің дала мен қала болып айтысуын айтсақ болады. Осы аталған поэмаларында қала ақыны мен дала ақынының басты көзқарастары анықталған. Дала ақыны: «Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға Алаш деген атты аламын. Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын. Ерікті ен даланың құсынша ұшып, Ер жеттім кеңшіліктің сүтін ішіп. Сен құсап сары масадай ілбиткен жоқ, Қаланың көшесінде жоқтың қысып», – дейді. Қазақтың далалық болмысы қалаға біржола сіңіп кете ме, жоқ әлде қалалық болмыс негізін даладан алып, өсіп-өркендей ме деген мәселені Алаш ғалымдары көтерген.
Енді Алаш зиялыларының аты аталмай келген кеңестік заманның өкілдері Әбіш Кекілбай, Дүкенбай Досжан, Сайын Мұратбеков, Мағзұм Сүндетов, Тәкен Әлімқұлов, Оралхан Бөкеев, Сәтімжан Санбаев, Қалихан Ысқақ секілді жазушылардың еңбектерінде қазақтың ауылы әдебиетте басты тақырып болып қайта жаңғырды. Қазақтың болмысы қандай деген сұраққа Әбіш Кекілбай мен Дүкенбай Досжанның, Сайын Мұратбековтің кейіпкерлері толығымен жауап берді. Олардың кейіпкерлері қазақтың ата-бабасынан келе жатқан тектілігін, «Даламның мен сағынам бек пен ханын, Ел үшін аямайтын шыбын жанын, Сағынам билерімді кең ақылды» – деп, осыларды аңсаған ауылдан шыққан асыл тұлғалар.
Әбіш Кекілбай шығармаларындағы атбегі мен жылқышыдан, тіпті ауылдың қарапайым құдықшысының бойынан қазақтың жанына жақын ұлттық түсініктерді табамыз. Және бұл қарапайым кейіпкерлер үшін қазақтың ұлттық мүддесі басты болып табылады. Дүкенбай Досжан өз шығармаларында көне қалаларды кейіпкер қылды. Оның кейіпкерлері Сұлтанмахмұт айтқандай: «Пірді сағынам үйреткен Құдай жолын, Надандарға танытқан оң мен солын», – деп өмір сүрген текті тұлғалар. Жазушы қазақ жеріндегі көне шаһарлар дүниежүзілік руханиятта өзіндік орны бар мәдени-ғылыми орталықтар болғанын айтады. Әл-Фараби неге басты кейіпкер? Жазушы оны қаланың тұрғыны ретінде, ғылыми орталықтың бас кейіпкері ретінде дәріптейді. Біздің тарихшылар үндемей отырған кезде, Дүкенбай Досжан Әл-Фараби секілді адамзаттың ақыл-ойға үлес қосқан ғалымның қазақ жерінде туғанын айқындау үшін арнайы шығарма жазды. Сайын Мұратбеков қазақ даласының жусанының исін көркем әдебиетте бейнелеп, оны қасиетті метафораға айналдырды. Жусан исін сағыну мен оны қастерлеу қазақ ауылының құдіреттілігін бейнелеумен тең түсті. Жусан исі мен киесі атамекен деген түсінікпен қатар жүретінін айғақтап берді. Аты аталған жазушылардың бәрі ауылдан шыққан. Қаладан шыққан ақындар бар. Орыстілді бір ақынымыздың шығармашылығынан қазақтың тарихын көргенімізбен, ауылдың, яғни қазақилықтың исін де таба алмаймыз. Бұл қаалық әдебиеттің жеткілікті түрде қазақтың ұлттық әдебиетінің үлгісі ретінде тарихта қалмай жатқанының белгісі. Дулат Исабеков «Қарғын» романында қалада ғұмыр кешіп жатқан ауылдан шыққан өз замандастары жөнінде жазды. Әбіш Кекілбай, Асқар Сүлейменов секілді қаламгерлерді кейіпкер ретінде алып, 60-жылдардағы қазақ жазушылары мен зиялыларының ұлттық мүддені аңсауын көркем әдебиетте бейнелеп берді. Оралхан Бөкей шығармаларындағы ауылдың қарапайым шалдары суреттелген. Ақсақал деген ұғым басқа да, жай қарапайым қарт бір басқа.
Ұлттың болмысын жадына түйген, көкірегі қазына қарияларды күмбірлетіп жазады. Кеңес кезінде өмір сүріп жатқан ақсақал не ойлайды, соның ішкі толғаныстары мен күйзелістерін беруде шеберлік танытты. 60-жылдардағы әдеби процесс өзінің болмыс тамырына үңілгенде, ұлттық құндылықтар мен тектілікті іздегенде ат басын ауылға тірегені тегін емес. Себебі қазақтың даасында ұлттың киелі ұғымдары сол күйінде сақталған еді. Әрине, сол қаламгерлердің бәрі дерлік ауылдан келген қаланың тұрғындары болатын. Енді осы жазушылардан кейін келген буын бүгінгі қазақ даласы мен қаласы туралы жазғанда, әрине, қазіргі оқырманның талғамы мен сана-сезімін ескеріп жазуы тиіс. Бүгінгі қазақ әдебиеті ендігі жерде даналық қана емес, қазақы қалалық өмірді жазуға міндетті. Мысалы, Нұрғали Ораз, Мәдина Омарова, Дидар Амантай секілді жазушылар қала тақырыбына қалам сілтеп, мәдени оқырманға біршама танылған жандар. Бүгінгі қаланың тұрғыны да, оқырманы мен кейіпкерлері де қазақтілді адам. Ал осыған дейінгі жазушылар ауылдан шыққан, биенің сүтінің дәмін, жусан исінің қасиетін сезіп келген буын еді. Олар ұлттық әдебиетте қазақ ауылының киелі бейнесін айқын қалыптастырып кетті. Бұл буын ұлттық мүдде тұрғысынан ауылдың қалаға қарағанда үстем екенін айқындап берді.
Қалалық прозаның кешеуілдеп жатуы заңдылық. Әбіш Кекілбаевтар қалаға 60-жылдары орнықса, қазақ тілінде оқитын ұрпақ енді өсіп жатыр. Дидар Амантай тәрізді жазушылардың кейіпкерлері қала адамы. Олар өз кейіпкерлерін жақсы біледі, себебі асфальтта өскен жігіттер. Сондықтан Дидар Амантайдың кейіпкерлерінің тілі де өзгеше. Ал Мәдина Омарованың шығармаларында ауылдан келген қазақтың қызының қалаға бейімделуі және қала ауылдан келген таза балаларды қалай қарсы алады деген тақырыптарды қозғайды. Бүгінде басты құндылықтар ауылда қалды деп айту жеткіліксіз. Себебі қазақтың көбі қазір қалаға келді және қалада да қазақ әдебиетін қажет ететін оқырмандар бар екенін ескеру қажет. Әдебиетте қала тақырыбының әлі меңгерілмей жатқанын мойындауға тиіспіз. Сол қазақшаланған қаланың тағдырын шығарманың өзегіне айналдырып, бүгінгі жас жазушылар ауқымды тақырыптарды игеруге ұмтылғандары абзал болар еді. Қаланың сауатты қазақтілді оқырманы қазір қалыптасты. Сол тұрғынның бүгінгі санасы қандай деген сауалға қазақ әдебиетінде жауап беріп жатқан шығармалар әлі аз. Тағы да Сұлтанмахмұттың жырына сүйенсек, «Сүйемін туған тілді – анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім». «Сүйемін қазағымның әдеттерін: Жасы үлкенді сыйлайтын әдептерін». «Даламда бар ұят, Құдай деген» қағидалар бүгінгі қала туралы жазушыларға басты болып табылуы тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет