«ОЙ ТҮБІНДЕ ЖАТҚАН СӨЗ...»
(Тұрсынжан Шапай)
Тұрсынжан Шапайдың «Ой түбінде жатқан сөз...»6 атты монографиясында (Алматы, Жазушы, 1989) тәуелсіздік кездегі қазақ лирикасы теориялық талдауға арқау болған. Қазіргі қазақ лирикасы деген ұғым теориялық тұрғыда айқындалған. Лирикалық кейіпкер, лириканың даму тенденциялары, айшықтар мен ағыстары талданған. Ақын сөзі, ақын тұлғасы, лирикалық кейіпкер атты теориялық түсініктер талдаулар арқылы айқындалған.
Қ.Мырзалиев поэзиясын талдау арқылы сөз бен дәйек, тұлға мен тұтастық мәселесі анықталған.
«Қазақтың қара өлеңі – құдіретім» (поэзиядағы ұлттық сипаттың кей қыры) атты тараушада әр әдебиетке тән ұлттық сипат айғақталған. Қазіргі қазақ өлеңінің табиғаты, тақырыбы, өлең құрылысы, лирикалық кейіпкері мен автор ұстанымы осы зерттеуде тұңғыш рет теориялық тұрғыда айғақталған. Жас ақындар туралы тарауда келесі тұжырымдар бар: «Оқырман мен ақын арасындағы осындай кінәмшіл жайларды қапысыз сезіне білетін талантты жас ақындардың бірі – Есенғали Раушанов. «Жолаушылап емес, жоқ қарап жүрмін» дейтін лирикалық кейіпкер сыры – бір есептен, ұдайы ізденіс үстіндегі, құнарлы поэтикалық өрістерді тынымсыз барлау қарекетіндегі жас ақынның творчестволық кредосы іспетті. Оның іздеген жоғы – шын ақынды қай заманда да толғандырған өмір бедері, болмыс тұңғиығында жатқан сырлар, адамгершілік, махаббат, ел сүю, жер сүю сияқты адам баласына тән қадір-қасиет, ізгі сезімдердің бастау-көздері, қордалы ұясы, әсемдік әлемі... Іздеген жоғын барлап ақын туған жер, туған ауыл келбетіне, ондағы өз болмысымен туыс қарапайым адамдар жанына зер салады, тарих қойнауына үңіледі. Есенғали образдарының терең тамыры ұлттық құнарда жататыны да содан. Өйткені ол із кескен ая (ауыл, тарих) – ұлттық үрдістердің, дәстүрлі таным негіздерінің мәйегі сақталған асыл көмбелер. Ауыл өмірі – бүгінгі кезеңде, ХХ ғасырдың соңғы ширегінде ғұмыр кешіп жатқан біздердің қоғамдық-рухани болмысымызды сипаттайтын кіндігі берік негіздердің бірі ғой. Сондықтан ол жасаған ауыл адамдарының образы – бүгінгі замандастарымыздың бейнесін жинақтаған өз алдына шағын портреттік галерея» [1, 174].
«Соңғы жылдары жырсүйер қауымның назарын аударған және бір талантты есім – Серік Ақсұңқарұлы. Оның публицистикалық ашық дауысы көп қатарластарынан оқшау естіледі. Сондықтан оның творчествосы туралы айтылып жүрген ілтипатты пікірлерді, көп ретте, орынды, әділетті деп білеміз.
Дегенмен, оның «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма күні» деген атпен жеке кітап болып шыққан поэма-панорамасы қазіргі жас ақындардың көбіне ортақ деп жүрген кемшіліктердің түп-тамырын байыптар біраз ойларға жетелегені анық.
Қанша шашыранды, жүйесіздеу десек те, поэмаға енген фрагменттік сипаттағы жеке өлеңдердің өзегінде үзілмей жіп тартқан ортақ арқау жоқ дей алмасақ керек. Ол – лирикалық кейіпкердің дүние тағдырына жаны ауырған алаң көңілі, беймаза, сезімтал жүрегі» [1, 178].
«Кейбір сыншылардың, игі ниеттен туса да, әр ақынның мүмкіндігін, творчестволық ерекшелігін еске алмай, бәріне бірдей қоятын ортақ талаптарының (әсіресе, тақырыптық тұрғыда) сыңаржақ уағызының әсері ме, әлде ақындардың өз түсінік-өресінің тарлығына байланысты ма – әйтеуір бүгінде жастар поэзиясында (тек жастар поэзиясында ғана емес) әспетті «ақын-азамат» деген ұғымның өзінше бір образ-моделі қалыптасқанға ұқсайды. Оның айқын атрибуттары: 1) Стильдік-образдық тұрғыда: міндетті түрде публицистік сарын, бірыңғай декларация, даңғаза пафос, әсіре патетика, әшкере памффлет; асқақ прозадағы плакаттық «азамат-кейіпкер»... 2) тақырыптық ауқымда: міндетті түрде халықаралық, саяси, мәдени оқиғалар (жалпылама хабарлама сипатты), өзіміз күнделікті баспасөз, насихат арналары арқылы құлағдар болып отырған жалпыға мәлім жайлар, тарихи фактілер, олардың бүгіндік аналогиялары, адамзатты алаңдатып отырған «қоңыраулы» проблемалар: соғыс қатері, экологиялық дағдарыс....» [1, 186].
«Қазіргі замандас – өз өмірінің мәніне үңілетін, күнделікті күйбең тіршіліктің мағынасын парықтайтын, адам баласының қай-қайсысына да ортақ тіршілік қамытын киген, қарыз артқан, парыз ақтаған, қилы-қилы мақсат-мұрат ұстанған, пендеге тән сезім атаулыға жаттығы жоқ кәдімгі от пеп сүйектен жаратылған күрделі тұлға. Заман, дәуір сипаты оның ой жүйесіне, жан әлеміне өз реңін дарытқан. Ол – жоғары парасат иесі. Біз үлгі етер замандас дәуірдің дертті, толғақты мәселелерін өз басына түскен нәубеттей, өз жанының қасіретіндей сезініп, әлем тынысына, дүние тұңғиығына батыл бойлайды. Жас ақындарымыздың лирикалық кейіпкері осы өреге көтерілсе дейміз. Шығармаға орнықтылық, салмақ беріп тұратын шынайы терең білім, эрудиция, биік парасат – бүгінгі поэзия мәдениеті талап ететін сипаттар.
Ең бастысы, олардың бойынан жауапкершілікті, әрбір сөзге деген жауапкершіліктен туған әдебиет алдындағы жауапкершілікке дейінгі өреге көтерілер парасаттылықты көргің келеді. Ең бастысы, әдебиетте өзін жас сезінбеу, ұшан-теңіз фольклоры, тасқа жазып қалдырған дастандары, Шалкиізі, Абай, Ілияс, Қасым, Мұқағали, Жұмекені бар әдебиеттің лайықты мұрагері деп ұғыну. Кесек ізденістерге ұмтылу. Есею. Тұлғалану» [1, 188-189].
Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек – бір жүрек» атты әдеби зерттеуінде (2000)7 әдебиетші Абай, Дулат ақындардан бастап бүгінгі поэзияны теориялық талдауға алған. Келесі теориялық тұжырымдар абайтанудың теориялық бағытын анықтап тұр: «...Өмірбаян шығармашылықты түсіндірмейді. Сол сияқты шығарма да авторын адам ретінде анық таныта алмайды. Өмірдегі тірі ақын (адам) өлеңдегі бейнесіне я ұқсайды, я ұқсамайды (дәлірегі – ұқсайды-ұқсамайды). Ақынның өлеңде өзі туралы айтқан сырларына сене беруге болмайтынын адамзат кешірек аңғарған сияқты. Автор бейнесі, лирикалық кейіпкер (тұлға), ақындық «мен»... дегендер кейінгі, жетілген эстетикалық танымның, түсініктері. Өнерпаз өз өнерінің мазмұнымен әр уақыт сәйкес келе бермейді. Өнеріне қараңыз, өзіне қараңыз – қилы-қилы қызықты көресіз: өнерінің жанында – ергежейлі немесе өнері өзімен салыстырғанда қораш. Жібек кұртын көрген емеспін. Бірақ, анық: жібегінің жанында – құбыжық. Немесе... Әйтеуір, өнер мен өмірдегі теңдестікті, айталық, өмірдегі пенде мен өлеңдегі бейненің мазмұндастығын табу – екіталай. Әрине, өкінішті!
Автор тұлғасының ашылу мүмкіндігі жанрға да байланысты. Бұл тұрғыда, Абайдың өзі айтқан «өсекші» өлеңнің (лириканың) өрісі кең. Ұлы адамның тіршіліктегі тұлғасын өмірдің өзіне тән барша қаталдығымен, шырайсыз сұрқай шындығымен толық қалпына келтіріп көзге елестету мүмкін емес. Өйткені тірліктегі болмыс кейіннен аңыз кейпін алып, бүгінгінің көзі мен өткеннің арасында уақыт мұнары эстетикалық перде болып тартылады. Түпнұсқаға (прототип, ситуация, ой, сезім) көркем бейненің ажарын беретін қасиет – уақыттың құдірет-құзырын тәуелді. Әрине, бұл уақыттың мазмұны автордың дарынына байланысты. Материал (жан, рух, тәжірибесі) саналы-санасы түрде жиналуы керек, ол сұрыпталуы керек, толығып, көркейіп, өңін өзгертіп, басқа сапаға – эстетикалық болмысқа (өлеңге) айналуы керек. Мұның бәрі – уақыт. Шығармашылық процесс – суреткердің санасында сарғайып, түйсігінде қордаланған уақыттың қозғалысқа түсіп, реттеліп, жаңа формада қайта тірілуі. Тоқтаусыз ағыннан суреткер іркіп қалған сәттер – мәңгіліктен үміткер уақыт...
Өлеңдегі Абай – өмірдегі Сыңарының тірлікте таппаған сырласы, жаны күңіреніп іздеген досы, Батыс пен Шығысты шарлап, адамшылықтағы темірқазық бағдар осы-ау деп білген «толық адамы». Сол сырласымен қалтқысыз шер бөліскен, өзінін идеал-сыңарымен тұтасуға асыққан, өмірдің қайшылығы шырмап жеткізбеген арман, мақсұтын өнерге, мәңгілікке аманаттаған кемеңгердің тірліктегі қажыры – Абайды ұлы суреткер ғана емес, ұлы Адам ретінде де мойындатады...
Өлеңі мен қара сөздерінде айтқан уағызына, әділет, рақым, жақсылық туралы идеалдарына, жетілген құлықтың бейнесі – «толық адам» шарттарына өмірдегі Абай өзі сай болды ма деген сұрақты тіке қоюда мағына жоқ. Шығармашылық кемел ой, қуатты қиял, уақыт пен кеңістіктің әдепкі өлшемдерінен тыс еркін әлем. Еркін әлемдегі Абай да – пенделік жаратылысындағы қайшылықтардан, «жақсы өмірін әуре еткен» тіршілік сарсаңынан азат Абай. Өлеңдегі Абай – Абайдың өзі үшін де өмірде жете алмайтын, орта, қоғам барда, жетілмеген адам барда ешқашан жеткізбейтін идеал. Жаратылысында жұмыр басты Пенде, өнерінің, ақыл-ойының қуатымен өзі нұсқалаған кемелдікке жақындап-ақ баққанын көреміз» [2, 9-11].
«Лириканың тікелей мазмұны – көңіл-күй, сезім, жан-дүние сыры. Жалпы поэзияда жалаңаш ой жоқ. Өлеңдегі жеке ой поэтикалық тұтас контексте қаралуы керек.
Бұл – біздің қазіргі көптеген әдеби, ғылыми, философиялық «талдауларымызға», пілдің сауырын, сирағын, тұмсығын сипалған «ғалымдыққа» қатысты әңгіме. Өлеңнің тұтас діңінен «жапырақ» жұламыз деп, Абайды кім жасамадық? Абай – діндар, Абай – әулие, Абай – философ екен. Пәлсапашы академик: «Гегель мен Кантты зерттеп ит болыппыз, өзіміздің Абай тұрғанда» деп салды 150 жылдық тойдың бір жиынында» [2, 15].
«Абай мен Дулат» тарауында екі ақын сөздері салыстырылып талданған:
Дулат: «Атаны бала аңдыды»; «Бай мен кедей аңдысып»;
Абай: «Атадан бала ойы өзге»; «Аңдыстырған екеуін Құдайым-ай».
Дулаттағы көп жүлге Абайда арна тартады. Дулат тілінің ажары Абай сөзінің шырайында тұр. Дулаттағы уайым Абайдың да сыры болып күңіренеді...
Дулат – Абайдың ризашылығына анық лайық, ақын еді. Дулат кемеңгер інісінен мадақ дәметуге толық хақылы кісі еді. Есіл жырау, керісінше, Бұхар бабасы, Шортанбай замандасымен бір сапта данышпан ізбасарынан аяусыз «сөгіс» естіді! Жетілген, толған, озған шәкірттің, ұлы дарынның астамсуы емес (болса да, айып емес), бұл «сөгіс» – поэтикалық ұлы реформаның декларациясы еді. Ал бұл жарияның формасы – сөгіс бола ма, мадақ бола ма, мәселе онда емес. «Өлеңі бірі – жамау, бірі – кұрауды» Абай анықтап өзі айтпаса да, Абай шығармашылығының рухы, жаңа поэтикалық мәдениеттің шырқау биігі айтар еді. Бұл – ескіні жерлеу емес, жаңаны жарлау. Ал, жарнаманың тілі жақынды, жатты танымайды – жарық дүниеге тек жаңа шығу керек!» [2, 29-31].
«Абайдың дидары» тараушасында келесі теориялық тұжырым жасалған: «Көк тұман алдындағы келер заман»... Келешек, кемеңгер үшін де – бұлдыр. Менің көңілімдегі «портреттің» сұлбасы – келешек туралы ой көзі үмітті шырақ қып тұтатып, алыстаған сайын, түнек тартқан көк тұман бұлыңғырға қадалған Кемеңгерді нұсқалайды. Оның жүзінде, жоғарыда келтірілген сипаттарға қосымша, заманы мен жаратылысының тымырсық, тұйық, қайғылы, қапас құрсауында бұлқынған жанкешті аңсар мен қуатты ойдың қажыры бар. Абайдың келбеті – жетпесті шамалап, көрместі болжаған, дүние құмарынан азат, ақиқаттың өзіндей алыс Әулиенің айқын жүзі, тынық дидары емес, бойында ыстық қаны ойнап, өмір қуаты тепсінген, ызалы-қамырықты, арманды – уытты, сүйінішті – түңілісті, жайдары – назалы, қасіретті – қайратты, қызықшыл-күйшіл-сағынышты-назды-ойлы-қамқор... Данышпанның бейнесі.
Айқынның көмескіге түскен сәулесіндей өлеңдегі Абай, аңыздағы Абай, суретін салам деген кісіге, өмірдегі кемеңгердің де ғазиз рухын тірілтіп, ұлы жанының барша аңсар, күллі сұлулығымен анық Абайдың жүзін көрсетер еді...
Тағы не айтуға болады?
Менің «портретімдегі» Абайдың дидарында сөнген жанартаудың, алыстан көз тартқан тынық көркіндей «классикалық» салқындык жоқ – тұсындағы қайғымен қарауытып, тіршілігіндегі көздің ащы жасы, жүректің ыстық қанымен буырқанып тұр.
Абайдың дидарында кешегі айтқаны бүгінге дөп келген Шыншылдың шырайы мен салтанаты бар.
...Ал, мына суреттегі әулие кім?...» [2, 36].
Достарыңызбен бөлісу: |