Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты


Әдебиетші ғалым, мемлекет қайраткері



бет40/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   50
Байланысты:
treatise41326

Әдебиетші ғалым, мемлекет қайраткері
Мүсілім Базарбаев
Мүслім Базарбаев (1928-1995) зерттеген қазақ әдебиеті өкілдері көп емес. Ғалым талғамы қандай болды деген сауалға жауап іздесек оның басты зерттеу тақырыбына мән берейік. Ол кеңес кезіндегі кейіпкердің еңбек арқылы кәсібилікке, адамдықтың тұғырына көтерілуінің көркемдік бейнеленуі. Мүсілім Базарбаев соцреализм, партиялық, демократтық революциялық деген терминдерден бас тартып, сол кездегі саяси түсініктерден өзінің кәсібилік талғамымен еңбек адамын зерттеу қажет деп ажыратып алуы әрине үлкен батылдық пен қайсарлық. Замандастары қазақ әдебиетіндегі революция, социалистік реализмның пролетарлық шарттары үшін атақ алып жатқанда М.Базарбаев мәңгілік болып саналатын тақырыпты өзіне айқындап алған екен.
Ғалым үкімет жұмысын Алаш арыстары сияқты ғылыми іспен тоғыстыра білді. Маған қолтаңбасымен ұсынған 1994 жылы өз көз тірісінде жарық көрген «Көрікті ойдан – көркем сөз» атты соңғы кітабында кімдер зерттелген? Олар: Мағжан, Шәкәрім, Сәкен, Мұхтар, Жамбыл, К.Аманжол, Х.Есенжанов, Ж.Молдағалиев, Ғ.Мүсірепов, А.Нұрқат, С.Шәймерден, С.Елубай («Ақ боз үйі») мен Қ.Найманбаевтың «Отпен ойын» романдарының талдаулары.
Кітаптың соңғы бөлімі «Ұлттық сипат, мазмұн және форма» мен «Тіл тамырлары» атты екі теориялық зерттеулерден тұрады. Бүгін «қазақстандық ұлттық мүдде» деп жүргендерге Мүсекеңнің зерттеуін оқып шығу қажет-ақ. Ұлттық сипатты дәлелдеу үшін ғалым «Қыз Жібек» эпосы, Абай, Шәңгірей, Пушкин, Дулат, Майлықожа, Базар жырау, Мұрат Мөңкеұлы, халық әндері, Бұқар жырау, Шал ақын, Шернияз, Ақан Сері, Сүйінбай, Жамбыл, Шортанбай, Шөже туындыларын негізге алған.
Мүсілім Базарбаев өзі дүниеден кеткеннен кейін жарық көрген «Замана тудырған әдебиет» (1997) кітабының басты тақырыбы қазақтың арғы атасы Аттиладан басталып Алаш әдебиетіне тірелуі де заңдылық іспеттес.
Мұнда кейін тыңнан жазылған мақала – зерттеулері топтастырылған: «Қазіргі қазақ әдебиетінің алғашқы кезеңі (жаңаша бажайлау)», «Замана тудырған поэзия (кешегі поэзияға бүгінгі көзқарас)», «Әдебиеттер жалғастығы», «Көркем шығарма тілі», «Ұстаз қаламгер (Сәбит Мұқанов)», «Мезгілмен үндес ақын» (А.Тоқмағамбет)», «Әдебиетші, ғалым, қоғам қайраткері (Ә.Бөкейхан) және «Атилла кім» атты еңбек.
Ақтаңдақтар қайта оралып, бұрыңғы қазақ әдебиет тарихы толық емес екенін мойындаған ғылыми қауым оны жаңаша зерттеуге мәжбүр болған. Осы мәселені батыл көтерген Мүслім Базарбаев еді. Кешегі әдебиетке бүгінгі көзқарас, жаңаша бажайлау қажет деп мәселенің басын ғалым анық қояды.
Сонау 1990 жылдары қазақ тарихшылары Аттиланың қазақтарға қандай қатысы бар деп ойланып отырғанда Мүсекең бұл тарихи тұлғаның кім, қандай болғанын дүниежүзілік әдеби жәдігерлерге сүйене отырып нақтылап берді. Зерттеу келесі тараулардан тұрады: «Аты-жөні», «Тегі», «Төңірегі», «Басқа елдермен қатынасы», «Кейіпі», «Өлімі». «Атилла туралы эпостар».
Аттила кім деген сауалға М.Базарбаев: «Қалай болғанда да Аттила біздің арғы атамыз», – деп ерен жауапкершілікті көтеріп алады. Белгілі тарихшылардың еңбектерін негізге алған ғалым, осы ретте Х.Ахмед Шмидт деген неміс ғалымының сөзіне жүгінеді. Ол туралы былай дейді: «Түрік азаматтығын алған Х.Ахмед Шмидт деген неміс ғалымы – өзі іслам дінін қабылдаған – «Ғұндардың Германияда қалған іздері туралы» атты зерттеуінде «ғұндар тайпа емес, түрлі ұлт өкілдерінен құралған әр текті қауым болған», – деген. Тарихи деректерді жүйелей келе М.Базарбаев Аттиланың қазақққа қатысты екенін былай түсіндіреді: «Аттила қолының құрамында әр түрлі ұлыстар болған, ат үстінде өмір сүретіні, аттың құлағында ойнайтыны жиі айтылады. Арба, жылқы, түйе, өгіз, мыңдаған қой айдап жүретінін, бие ұстайтын, қымыз ішетін, киіз үйлері болатын, бастарына тымақ киетін». Осы тұста Аттиланың ғұнша, латынша, готша сөйлегені де анықтала түседі.
Аттиланың аты-жөні туралы оның әртүрлі жазылуына дейін де да нақты мәлімет берілген: Аттила, Атилла, Атли, Эйтель, Еділ, Аттылы. Осы тұста қазақ әдебиеттанушысы былай дейді: «Аттылар деген түрік сөзінен шыққан деген жорамал бар. Мұны жоққа шығармай, жоғарыда айтылған Ахмед Шмидт, Атилланың түбірі «атаға» келеді, дейді. Латын тіліндегі «атавустан» келіп шыққан «атта» деген гот сөзі түркілердегі «ата» тәрізді сөз, оның мағынасы «әке». Христиан болғаннан кейін готтар баталарында Құдайға «Атта унзере» («әкеміз біздің») деп мінажат қылар еді. «Ла» қосымшасы қазіргі неміс тіліндегі «Ле ин» қосымшасының көне түрі. Яғни Атилланың есімі готтарша «әкетай» болып шығады». Европаны билеген ғұндар герман нәсілімен араласып кеткені белгілі. Осы ретте М.Базарбаев ХХ ғасырдағы деректерді де алға тартады: «Неміс фашистерімен соғыс кезінде Англия радиосы олар туралы ылғи: «Ғұндар барлық майданда шабуыл жасауда», «Ла Манш теңізіндегі аралдарымыз бүгін ертеңгісін тағы да ғұндардың әуе шабуылына ұшырады» деп хабарлап тұрыпты. Бұны М.Базарбаев: «неміс шапқыншыларын ертедегі жойқын ғұндармен теңеудің үстіне, сол немістердің өзін, айналып келгенде, ғұндар тұқымы, солардың немерелері деп мойындау» [1, 485], – дейді. Осыған байланысты М.Базарбаев бүгінгі компаративистикаға қажет типологиялық негіздеме жасайды: «Шыныныда да Атилланың арғы атасы Баламірден бастап, бүткіл ғұндар неміс тұқымдас жұртпен сіңісіп кеткен. Милан, Равенше, Вормс, Барп маңайында, Реин, Одер, Висла бойында готтармен туыстас ондаған ғұн жұрты қалған. Гот, Сакс, Дат, Исланд фольклорында Атилла аты сақталған. Скандинавия эпосы «Үлкен Эдда» жырында оның есімі Атли. Көне Герман туындысы «Нибелунгтар туралы жырда» – Этцель. Бүгінгі қазақ бауырымыз Шыңжан жазушысы Тұрсынхан Зэкон «Балқан тауға барғандар» деген хикаятында Еділ деп алыпты. Қайсыбір жазбаларда Италь деген де ұшырасады. Айналып келгенде, Аттила немесе Атилла деген негізгі есім тарихи құжаттарда өзгермей сақталған. Басқа аттардың бәріде әр халықтың өзіне лайықтап, ыңғайлап алған сөйлеу, айту түрі болса керек» (485).
«Тегі төңірегі» атты тарауларда М.Базарбаев Атилла ақсүйектер тұқымынан дейді. Мұнда Аттиланың ата тегі, билікке келу тарихы баяндалған. Арғы атасы Баламір герман қызына үйленгені, европалық ғұн патшалығын құрғаны, оның немересі Мұңшық германдық гот ханзадасына үйленгені, онан Атилла дүниеге келгені анықталған.
Мұңшықтың сармат әйелінің қолынан қаза тапқаны Феликс Данның (неміс жазушысы) туындысы арқылы дәлелденген. «Оның басын алған жендеттер аман-ды. Сонан барып ұлы ханның, масқара болғанда, ажалы әйел қолынан келгені жұртқа мәлім болып кеткен. Бұл ғұн сенімі бойынша қарғыс таңба басылғанмен бірдей екен. Хан әйел қолынан қаза тапса, бүкіл елге қырсық келгені. Мұны жақсы білетін Атилла ылғи секемшіл. Кейін бұл жай өз басына да келеді».
Ғалым Атилланың тегі, төңірегі, алысы мен жақыны, әйелдері мен ұрпағы туралы нақты тарихи мәліметтерді көркем әдебиет пен халық мұрасы жәдігерлерімен толықтырып отырады. (Феликс Данн «Атилла», Т.Зәкон, Нибелунгтар туралы жыр т.с.)
«Басқа елдермен қатынасы» деген тараушада М.Базарбаев Аттиланың тек жаулап алу ғана емес, «бейбіт қатынас құрып, алым-салым алумен тынып отырған» кезін анықтайды. Тарихы деректі әдебиеттерге сипаттама жасай отырып М.Базарбаев Ф.Данның туындысына сүйеніп Аттиланың әділдігін, ақылдылығын сөз етеді: «Осы жолы римдіктер Аттилаға он арба алтын алып келген екен. Елші: «Сендер тағы да алтын бер дейсіңдер, Римнің өзі жүдеп-жадап бітті, деп қорқа-қорқа империя жайын айтады. Оған Аттила: ішіп-жегенге, күні-түні бітпейтін ойын-күлкіге, мәз-мейрам өмірге құнықпаңдар, сонда азбайсыңдар, депті» (453).
«Кейпі» атты тараушаның да ғылыми мәні зор: оның «моңғол іспетті» екені батыс әдебиетінде көп кездесетінін де М.Базарбаев айрықша айтуды жөн санайды: «Шығыстан келген соң, бар өмірі ат үстінде өтетін, тұрмыс-тіршілігі көшпелі болған соң, осылай айта беретін болса керек», дей келе нақты келбетін былай берген: «Қазақша айтқанда, төртбақ, тығыз денелі, шымыр, бойы биік емес, шапшаң қимылдайтын, шешімі де жылдам адам болса керек. Бұған қосып айтатындары қалың ерін, сығырайған көзі суық қарайтын, қоңырқай жүзді». Ф.Данн бейнелеген портретті де келтіруді М.Базарбаев жөн деп санайды: «Тұлғасы көрнекті, қасқыр ауызды, Аттила, әрине, тажал, бірақ ұлылығы да бар, қайырымдылық пен мейірбандықтан да құр емес. Жай түскендей күркіреген Аттиланың дауысы шықты, аса қатал қатыгездігіне қарамастан, Аттила өз халқының сүйіктісі еді, жаман да, жақсы да жағы бар өз ұлысынан шыққан нағыз таза ғұн болатын». М.Базарбаев бұл сипаттамалардың тарихи деректерге сүйеніп берілгенін де атап өтеді.
Ғалым осымен қатар Аттиланың жорықтары, жауға деген айла-тәсілдерін, яғни «ұлы қолбасы, жаһангер болған соң қас-дұшпанына деген көзқарасты анықтайтын жазбаларға сүйенген: жауға деген оның бірден-бір қояр шарты біреу-ақ – берілу, тізе бүгу. Онсыз жағдайда жойқын, қырғын, қантөгіс» (494). Осы түста Аттиланың жауға шабар алдында ерекше үнді ескі ғұн әнін айтқызатыны да айқындалған. Осыған орай Каталауын даласындағы соғыс кезінде Аттила қардай бораған оқ астында тұрған. Бірде садақ оғы оған тимеген. Мұны көрген екі жақтың да сарбаздары қайран қалып, оқ қағары бар деп жағаларын ұстаған» (495).
«Ат үстінде жүргенде ғұндарды аттарынан ажаратып алу қиын екен. Құйып қойғандай ат та, адам да бір жаралған сипатты. Римдіктер оларды: «кентавр» депті». Басы адам, денесі жылқы, бір тұтас мақұлық дегені. Ғұндар көбіне жалаң аяқ, атқа жайдақ отырады», деген соңғы дерекке М.Базарбаев келіспейді: «Бұған сену қиын. Себебі есеп-қисапсыз мал терісі тұрғанда, содан аяққа бірдеңе тігіп кимеді деу қисынға келмейді. Ал бастарына қой терісінен төбеден төгіле, екі шығыңқы жақтарын жауып тұрады. Жүздері қоңыр, көздері қысыңқы, қастары жоқтың қасында. Киімдеріне әр түрлі металл сынықтарын, алтын, күміс теңгелер тағады. Әсіресе бұл бас киімде көп. Ал Аттиланың үстінде де, ер-тұрманында да мұндай әлем-жәлем ештеңе болмаған. Тек өзін де, аттың сауытында жауып тұратын мол қызыл жамылғы болатын – дейді М.Базарбаев Ф.Данның «Аттила» туындысынан үзіндіні негізге алып. Әдебиетші ғалым Аттиланың қандай адам болғанын зерттеу соңында береді: «Өз басы аса сақы өмір сүріпті. Ішіп-жеу, тойынып секіру деген болмаған Есіртетін нәрсенің бәрінен аулақ болған. Жейтіні жылқы еті. Бірде: міне қырық жыл болды, тек қара су ішемін, арақ-шарап маған арам десе, өлер түні: міне қырық алты жыл болды арақ-шарап татпағаныма дейді» (497).
«Өлімі» атты тараушада М.Базарбаев көп тарихи әдебиетті негізге алып, ортақ мазмұнын береді. Ғалым көптеген тарихи деректер мен көркем хикаяттардағы сюжеттерді жүйелейді. Т.Зәкон, Ф.Данн жазуларына сүйеніп Аттиланың Ильдия (Ильдека, Ильдико, Илодия) қолынан қаза тапқаны айтылады.
«Аттила туралы эпостар» атты тарауша Скандинавия елдері шығарған «Үлкен Эдданың» бас кейіпкері Атли (Аттила), және бұл эпостық Нидерланд, Дат, Швеция, Исландияға ортақ екені анықталады. Бұл эпос 1200 жылы туған деседі, яғни ғұн патшалығы құрығанан 800 жылдан кейін.
«Нибелунгтар туралы жыр 1000 жылдары пайда болған. Аттила өлгеннен кейін 600 жылдар шамасы. Мұнда Аттила Этцель деп аталады»... дей келе оның бүкіл орта ғасыр бойына ең белгілі, ең даңқты адам болғаны, ол құдіретті, қайырымды патша ретінде суреттеледі. Аталған екі туындымен қатар Т.Зэкон шығармасы салыстырылып талданады: аңыз бен тарихи фактілердің арасы айқындала түседі.
Зерттеу соңында М.Базарбаев: «әдейі зерттеген адам, әрине, көптеген қосымша мәліметтер табуы мүмкін. Осы ой-жорамалдарымыз Аттила сынды ғұн патшасының бейнесіне қызыққандықтан, оның таңғажайып алпауыт істеріне, орасан күш-жігеріне, өзі айтқандай, көктен соғыс Құдайының қолындағы семсер-қылыш бол деп аян алған және тағдырдың сол жазымышына мойынсұнып, талай ел, талай жерлерді дүрліктірген, ақыры өзі трагедиялық қазаға ұшыраған алып тұлғасына таңқалғаннан туған», – деп анығын айтқан. Бұл зерттеу қандай мақсатпен жазылды деген сауалға жауабын М.Базарбаев соңында берген. Ғалым Кир, Ескендір, Юлий Цезарь, Аттила, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Наполеон, Гитлердің қалай өлгендерін айта келе: «әңгіме осылардың бәрінің қашан өлгенінде емес, әңгіме қашанда қан төгіс, қырғын, жойқын, соғыспен ұлан-байтақ жерді өздеріне қаратып алса да, солардың бірінің де баян болмай, өздері өлген соң пара-парасы шығып тозып кетуінде. Бүкіл дүниені билеймін деуінде». Бірақ осы тұста М.Базарбаев Алтын Орданың бүкіл орыс қауымына да орталық Азияға да прогресстік рөл атқарғанын айрықша айтады. Зерттеудің соңғы сөздерінде М.Базарбаев өзінің басты ойын айтқан: «Дегенмен, айналып келгенде, ешқайсысы да, қай империя болса да, мәңгілік бұйрық орната алмаған. Ал, Наполеон мен Гитлер тек тарих қатесі ретінде танылды. Мұнан озбырлықтың, дандайсудың түбі өз басын жұтуға апаратынын, жалпы адам табиғатына жат нәрсе екенін аңғаруға болады» (502).
Соңғы сөйлемде зерттеуші М.Базарбаевтың кісілік, азаматтық тұлғасы айқындала түседі. Өзі осылай түйгенімен бұл зерттеу бүгінгі бізге ой салсын деп жазғаны да біз үшін аманат. Зерттеудің басында тұрған Аттила кім? – деген сауалға ғалым нақты жауап берумен шектелмей, оның парасатты, батыр ата-баба, текті тұлға болғанын бізге мойындатып береді.
Әдебиеттанушы, мемлекет қайраткері М.Базарбаев аттилатанудың басын салып қана берген жоқ. Шәкәрім 1958 жылы қазанда ақталғаннан кейін ғалым оның мұрасына ерекше зейін қойды. Ол Кеңес кезінде қорғалған докторлық диссертациясында (1971) сол кезде атын атауға тыйым салынған Шәкәрімге бір тарау арнаған. Бұл батылдық қана емес, шындық үшін күрес. Сондықтан кеңес кезіндегі қазақ әдебиеттануындағы шәкәрімтанудың негізін қалаған да М.Базарбаев болып табылады (Қайым Мұхамедханмен бірге).
1960 жылдарыдың басында ҚКП орталық комитеті Әдебиет және өнер институтына тапсырма бергені белгілі. Бұл жөнініде ғалым былай дейді: «1966-1969 жылдары институт үш жыл бойы Шәкәрім шығармаларын жинап зерттеп, ақырында 164 өлеңін, 3 поэмасын, бірнеше аудармаларын мамандар талқысына салды» (226). 1969 жылдың үшінші желтоқсанында өткен үлкен кеңестің мәжілісінде Шәкәрімнің шығармаларында «идеялық, я басқа саяси қате жоқ, көркемдігі жоғары, осы себепті ақынның қазір институт жинаған 706 беттік мұрасы бір кітап болып басылсын» – деген шешім қабылдаған (226). Себебі 1958 жылы ақын ресми ақталған еді. Бірақ, М.Базарбаев әдебиетші ретінде қаншама әрекет етсе де іс сол бойы қалған: «Сонда да қара дүлей күштер сондай заң қағаздың өзін жоққа шығарып, ақын атын 30 жыл бойы ататпай келді. Ол әлі саяси ақтау емес деп, аңқау елге арамза молдалар өктемдік етті. Мәдениет, әдебиет майданында айтса адам сенбейтін жайлар бастан кешілді», – дейді ғалым.
«Шәкәрім ақын» атты 1969 жылы жазылып, 1990 жылы толықтырылған зерттеуінде заманға осындай әділ баға беру ғалымның әділдігі мен шыншылдығының белгісі. Басқа бір замандастары іспеттес Мүсекеңнің де сол кезде рұхсат етілгенмен ғана шектеліп, лауазым, атаққа ие болуына да болар еді ғой. Саясаттан гөрі шынайы көркемдікті басты еткен ғалымның Ахатты жоқтауы да орынды: «Енді міне ақын шығармалары халық игілігіне айналған кезде, бар күш-жігерін осыған жұмсаған Шәкәрімнің баласы Ахат та арамызда жоқ. 1984 жылы 80 нен асқан жасында дүние салды. Оның бармаған, жазбаған, кезбеген жері кем-ақ. 1958 жылғы ақтау да соның көп ізденіп, сұрауына байланысты еді. Абайдың Жидебайдағы қыстағы қайта қалпына келтіріп, Семейдің мұражайлдық филиалы болғанда Ахатты соның меңгерушісі, қараушысы етіп бекітіп едік. (Мәдениет министірлігінде істеп жүрген шағымызда) (227). Әдебиетші ғалым мемлекеттік істі осындай абыройлы істерге жұмсағаны бүгінгілерге кісіліктің үлгісі болып қала бермей ме? М.Базарбаевтың Шәкәрім туралы бұл зерттеуі бүгінгі әдебиеттануда өз қайталанбас орны бар еңбек. Шәкәрімді сопы ғып насихаттап жүргендерге бұл ақынның келбетін, шығармашылығын айқындап беретін кәсібилік деңгейі үлгілі әдебиеттанулық мұра.
Мүсекеңнің Д.А.Қонаев, Қазақстан компартиясының Орталық комитетіне, Ахатқа жазған хаттарынан ердің әділет үшін күресі аңғарылады. Ахаттың өліміне жіберілген көңіл айтуда былай делінген: «Со скорбью узнал о кончие Ахата Қудайбердиева, бывшего работника музея Абая на Жидебая, собирателя, пропогандиста – творчества большого поэта Шакарима, крупного представителя казахской поэзии послеабаевского периода. Ахат был неутомимым тружеником, хранителем культурного наследия родного народа. Хорошо знал его, неоднократно беседовавши о наследии Шакарима, я глубоко опечален, что лишились такого знатока творчества своего отца, помощника для нас» (7.ІХ.1984). Шәкәрімнің ақталуына 4 жыл қалған еді. Мүсекеңнен басқа өстіп күңіреніп әділдікті іздеген, Шәкәрім үшін сонау кеңес кезінде күрескен әдебиетші бар ма?
Абай шығармаларымен салыстырыла талданған Шәкәрім әдеби мұрасының ақынның өзіндік даралығы анықталған, сондықтан да болар ақын келбеті тұлғанатып кете береді.
М.Базарбаевтың Х.Есенжанов туралы зерттеу еңбегінің орны ерекше. Репрессияға ұшыраған жазушының шығармашылығын зерттеген еңбектер жоқтың қасы. Әдебиеттанушы М.Базарбаев «Өршіл талант» мақаласында «Ақ жайық» аталған романның әдеби талдауын берген. Романнан келтірілген жазушының Ақ жайықты суреттеп бейнелеуі әрине асыл сөз үлгісі. 1928 жылы алғаш қалам тартқан жазушының бес романы небәры 10 жыл ішінде яғни 1959-1969 жылдары жарық көріпті: «Ақ жайық» трилогиясы мен «Көп жылдар өткен соң» деп аталатын дилогия.
1978 жылы жазылған еңбегінде М.Базарабаев жазушының 1928 ден 1968 аралығы кезеңі туралы былай дейді: «табандай күректей 40 жыл жатыр. Қырық жыл – Хамзаекеңнің парасатты прозаға келу жолы, өзін-өзі табу жолы. Шығармашылық азабын шеккен жол» (431). Бұл сөйлемдерде Мүсекең анығын заманға сай айта алмай отырған ойлары тұр. Жазушының жазықсыз зардап шегуі, Алаш зиялыларымен қатар сотталғаны осылай астарлап меңзеліп тұр. Соңғы сөйлемде ғалым жазушы шеккен осы қасіреті үшін тағзым еткендей. Әдебиетші оқырман алдында кеңес кезінде Орал-Урал аталған өзенге Ақ Жайық деген төл атауын жаңғыртқан жазушының азаматтық тұлғасын айқындап берді. Сол жылдары Ақ Жайық сөзі өзен емес, Х.Есенжанов романы, деп көбірек аталуы да сондықтан болар.
«Халық тарихының бір қиын-қыстау кезеңін автор шеберлікпен, асқан шыдамдылықпен хикая еткен. Қат-қабат оқиғалар мен сан алуан тағдырлар, ескі мен жаңаның бітіспес айқасы, ту даладағы ғаламат шайқастар жазушы шеберлігінің арқасында ғаламат кең, эпикалық суреттерге айналған», – дейді әдебиетші (433).
Ағайынды Жүнісовтер, Мәмбет, Құныскерей, Хәкім, Шойқара, Әйтиев, Б.Қаратаев сияқты тарихи тұлғалардың істерінің көркемдік бейнелеуі жан-жақты әдеби талдауға ұласқан. Яғни: «Ақ Жайық – кешегі азаматтық тарихымыздың шежіресі, тек бұл тарих тілімен емес, көркем бейне, сурет тілімен жазылған шежіре. Көркем тіл құдыретінен сол жылдар дүбірі қайта тірілтілген. Төңкерісті қазақ даласы мүлгіген қалпында қарсы алды деп ешкім айта алмас. Ен дала еңку-еңку шабыстың майдайы болып кеткен» (435). Әдебиетші Солтүстік, Шығыс, Оңтүстік, Жетісу, Піспектегі оқиғаларды атап өтіп: «Ал Батыс Қазақстан, Орал бойы ерекше айқастың аренасы болғанын кім білмейді. Аңызға айналған көне тарихы, батырлығын байқатқан жаңа тарихы бола тұрса да бұл аймақ суреткерін күтулі еді. Осы іске Хамзаекең қадам ұрды да, әдебиетке кесек-кесек тұлғалар, жаңа образ, бейнелер, сурет, мінездер әкелді, ең бастысы – сол бір дәуірдің әрі қатал, әрі қысылтаяқ күндерін көз алдымызға елестетті» (436).
Бұл әдебиеттің негізгі міндетін айқындау екені де анық. Әдебиетшінің осындай теориялық түсінікпен зерттеуін түйіндеп беруі негізгі кәсіби әдеті. «Хамзаекеңнің әдебиеттегі еңбектеріне қарағанда ғалымдай зерттеушілігін, зергердей шеберлігін көріп қуанамыз. Сауатты, ақылды сөзді оқып сүйсінеміз». Бұл жазушы стиліне берілген жоғары баға.
Әдебиетші М.Базарбаевтың С.Садуақасов, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Қ.Кеменгеров, Ғ.Қараш, Ғ.Тоқжан туралы жазғандары бүгінгілер атынан оларға тағзым ету сияқты. Алаш әдебиетін кімдер құртты, оларды қаралау қалай іске асты деген сауал ғалым үшін ең басты болғандай. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің портреттерін өзі басқарған бөлімде іліп қойған да Мүсекең еді.
Ғалым: «Біз Сәкенді қалай түсінеміз? деп бастаған зерттеуінің басына «Теңдік, бақыт, әділдік орнаталық» деген тақырып қойған. Әдебиетші Сәкеннің өмірі, шығармашылық жолын зерттей келе ақынның саясат құрбаны болғанын күңірене айтады. Келесі пікірдің жөні де ерекше: «Сәкен Сейфуллин жаңа мазмұнды еркін меңгеріп, оған сай орамды форма табу нәтижесінде қазақ өлеңі мен қара сөзін соны әуен, өзгеше лекпен сөйлетті, тың ұғым, терминологияны пайдалана отырып жекелеген сөздердің мағыналық ауқымын, мүмкіндік мөлшерін барынша арттыра түсті, өмір құбылыстарын дәл суреттейтін бейнелі тіркестер легін кең қолданды. Осы қасиеттері қаламгерді жаңа әдебиеттің нағыз көш бастаушы қайраткері есебінде танытты» (115).
«С.Сейфуллин айтатынын түгел айталмай кеткен талант», – деп жоқтайды Мүсекең. Себебі, «біркелкілік, ұқсастық, көркем ойдың сүреңдігі, айқай, ұранның басымдығы» үстем болып, ойдан табылған соцреализм деп аталған көркемдік әдіс әрбір адамның ойлау, жазу еркіндігін жойды, нағыз таланттарға тұсау салды» (Замана тудырған әдебиет 4-б).
Мүсекеңнің «Әдебиетші, ғалым, қоғам қайраткері» еңбегі тек Әлихан Бөкейхан ғана емес, өзінің де қайраткерлік, ғалымдық, әдебиеттанушылық ойларының көрінісі.
Шәкәрімді ақтауға бар күш-жігерін салған мемлекет қызметкері әдебиетші М.Базарбаев, Ә.Бөкейхан туралы өзіне жаны жақын тұлға ретінде, Алаш ардақтысына деген зор ілтипатпен жазады. Ғалым Ә.Бөкейханды ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп, оның назарынан Кенесары-Наурызбай көтерілісі де тыс қалмағанын заңдылық деп санайды. Алаш аяулысының бұл тақырыпты бірнеше рет көтеруі тегін емес дейді: «Әлихан өзі бастаған ұлт-азаттық қозғалысында Кенесары мен Наурызбайдың әруақтарына табынғаны орынды да. Көтерілістің көздеген мақсат-мүддесі оған, бір жағынан үлгі болса, екінші жағынан жеңіліске ұшырауы үлкен сабақ болғаны хақ. Кенесары-Наурызбай қозғалысының бүкіл халық арасынан қолдау таба алмағандығы, көтерілістің жеңіліске ұшырауы оны теңдікке, ұлттық тәуелсіздікке жетудің басқа бейбіт, саяси жолын қарастыруға итермеледі. Қуатты Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ашық қарулы көтерілістің әлі де болса заманы тумағанын ол жақсы түсінді. Теңдік пен ұлттық тәуелсіздіктің төте жолы деп Әлихан өркениетті елдердің мәдениетінен үлгі алу, сөйтіп халықтың ұлттық мәдениетін өркендету, өнер-білім көтеру, ұлттық сана-сезімін оятуды ұлт-азаматтық қозғалыстың жаңа стратегиялық бағыты етіп алған. Оның 1916 жылғы қарулы көтеріліске түбегейлі қарсы шығуының негізгі себептері де міне осында жатыр»! М.Базарбаев Ә.Бөкейханның жазушылық, ғалымдық, әдебиеттанулық, қоғамдық, саяси істеріне осы тұрғыдан баға береді. Алаш зиялыларына рухани, саяси көсем болуына Ә.Бөкейханның осы стратегиясы қолдау болғанын анықтап береді.
М.Базарбаев «Женщина по киргизской былине Кобыланды» атты зерттеуге жоғары баға ғана беріп қоймай көлемді сілтемелер берді. Зерттеу келесі тараулардан тұрады: Ә.Бөкейханов – ормантанушы ғалым экономист.
Ә.Бөкейханов – қазақтың мал шаруашылығының зерттеуді ғылыми жолға қойған бірегей ғалым. Ә.Бөкейханов – тарихшы-ғалым. Ә.Бөкейханов – қазақтың тұңғыш энциклопедисті. Ә.Бөкейханов – фольклоршы. Ол қазақ эпосы мен фольклорын ғылыми тұрғыдан зерттеген тұңғыш ғалым еді. Ә.Бөкейханов – тұңғыш абайтанушы. Ә.Бөкейханов – көркем аудармашы. Ә.Бөкейханов – қазақ және орыс тілдерінде қатар жазған публицист.
Ә.Бөкейханов 1927 жылы орталық Баспадағы жұмысынан қысқартылуын басқа жұмыс берілмегенін айта келе Мүсекең оның 10 жыл бойы 1927. 1. Х – 1937.VIII дейін пәтерінде қамауда ұсталғанын мәлімдейді. 1937 жылдың тамызында Бутыр түрмесіне жабылған кезінде қолындағы бай мұрасы кәмпескеленгені, өлім жазасына кесілгені, «үкім сол – күні-ақ 1937 жылы 27-қыркүйегінде жүзеге асырылды» деп толғанады әдебиетші. Әлиханға қандай ресми кінә тағылды деген сауалға ғалым құжатты келтіреді: «1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясы: «возглавил контрреволюционную борьбу против Советской власти, установил связи с руководителями террористического центра в Казахстане и в Москве» деген айып тағылған. Қазақтың ұлттық азаттық қозғалысының негізін салған аса көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым – ормантанушы, тарихшы, экономист Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды елінен тыс жерде – Мәскеуде ату жазасына кесті». «Сөйтіп, жаңа үкімет Алты Алаштың көсемі Әлиханды өлімге кесе отырып, қазақ халқының ұлттық, ұлт-азаттық қозғалысының күре тамырын шауып тұншықтырмақ болды, қазақтың ұлттық намысын, сана-сезімін аяққа таптамақ ниетін танытты. Бірақ 1937 жылдың қыркүйегінде өшкендей болған ол үн 1986 жылдың желтоқсанында бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, Кеңес империясының бытырап тарауына бірден-бір себеп, түрткі болды», – дейді ғалым Мүсілім Базарбаев (29-б.).
Зерттеу Сұлтанмахмұттың келесі өлеңімен бітеді: «Заманда басқан аяқ кейін кеткен. Жасымай Алашына қызмет еткен, Болса да қалың тұман, қараңғы түн, Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен. Түйемеге жарқылдаған алданбаған, «Қайткенде Алаш көркейер» деген ойдан Басқа ойды өмірінде малданбаған». Бұл ой әдебиетші, мемлекет қайраткері, ғалым Мүсілім Базарбаев шығармашылығының басты тақырыбы ғана емес бүгінгі тәуелсіз әдебиеттануға біздер үшін айтылған ғылыми аманат.
Ғалым М.Базарбаевтың ҚССР мәдениет министрі (1970-1976), сыртқы істер министрі (1976-1981) кезінде мәдениет пен өнерге арналған халықаралық конференциялар мен конгрестердің ұйымдастырушысы ғана емес, тұрақты баяндаушысы болғаны белгілі. Екі тілді еркін меңгерген ғалым әлемдік симпозиумдарда Кеңес одағы атынан Швеция (1966), ФРГ (1972), Индонезия (1973), Чехословакия (1973), Дания (1975), Конго (1980) елдерінде сол кездегі әдебиетті дүниежүзілік әдебиет пен өнер контекстінде таныта білді. Мұндай мүмкіншілік маңдайына жазылған қазақ әдебиетшісі өз ұлтының мүддесін насихаттамауы мүмкін емес еді.
Мүсекеңнің қазақ әдебиетінен іздеген басты ойлары осылай тектіленіп тұр. Аттиланы жазғаны ата-тегіміздің бүкіл әлемге әлі келген батыр болғандығын біздің есімізге салғаны, Әлиханды зерттеу арқылы ұлт-азаттық намысымыздың шежіресін түгелдеп бергені. Бұқар, Дулат, Абай, Шәкәрім, Сәкен, Мағжан, Бернияз, Ілияс, Шаңгерей, Ғұмар, Майлықожа, Шернияз, Ақан Сері, Сүйінбай, Жамбыл, Жұбан өлеңдеріндегі рухымыздың өрлеуін еске салу, қазақтың еңсесі биік ел екенін мойындату. Еңбегін атақ алу үшін емес, шындықты айту үшін жазған ғалымның бұл ісіне Алланың рақымы Пайғамбарымыз (с.а.с.) шапағаты болғай!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет