«Білімді мыңды жығады, батырдан дұшпан ығады. Халықпен жаны бір адам, қажымай қорғап намысты, қалайда жеңіп шығады. (Қызыл жұлдыз) газетіне»92.
«Ән күйімді тыңдашы, батырлықтың үніндей», «Желпу соққан желдеймін, жол бермейтін белдеймін».
Ж.Жабаевтың шешендік сөздері асыл сөзбен берілгенімен ерекше: Шешендік сөздер: «Халық қарғысын алғанға, қара жерден орын жоқ.
* * *
Мың қарғаның тұяғы, бір тұйғынға өтпейді. Тамам қарға жыйылып, бір сұңқарға жетпейді.
* * *
Ақылыңды ашу қыспасын, ашушаң болсаң, сол қолың оң қолыңды ұстасын...
* * *
Жасықтан асыл шықпас қайрағанмен, жабыдан жүйрік шықпас байлағанмен...
* * *
Шамшырақ деген тас жатыр, теңіздің терең түбінде. Май құйған шам сөнсе де, шамшырақ сөнбес өмірде...
* * *
Шешен кісі сөз бастар, адал кісі ел бастар. Адал туған ұл болсаң, халық сүйіп қолға ұстар... Білімді мыңды жығады, халықпен жаны бір адам, қажымай қорғап намысты, қалайда жеңіп шығады... Жақсы сөз бейне шамшырақ, ақын деген бір бұлақ, көмілер көзін ашпаса. Алтын сөз де ас болмас, елеусіз жерге тастаса.
* * *
Жаудың інін жемірген, жауар күндей түнеріп. Жорыққа жойқын үдеріп.
* * *
Желпи соққан желдеймін, жел бермейтін белдеймін. Жамбылды, қане, тыңдаңдар! Жатқан жаздай еліме. Жеңімпаз кілең еріме, жастай жайнай сөйлеймін...
* * *
Көңілімді, өзімді, өмірімді, өзімді, Отанымның сәулеті, шамшырақтай жандырған»93.
Ақын өзі туралы («Ақын болдым», 1922) өлеңінде асыл сөз туралы былай деген: «Ақын болдым он үште, алтын құстай тарандым! Алды-артыма қарандым, шарықтадым әр жерде, келгенінше шамамның. Жауап бергім келмейді, десе қайда барасың? Байқадым біраз аралап, Шапырашты, Екей баласын. Ақындық қонбай тұрғанда, жалтақтап Жамбыл тұратын, ұлық пенен төренің, ұрлағандай танасын. Шарласын Жамбыл шарықтап, қырандайын қалықтап, байқасын үні, шамасын. Ағайын елдің ішінен, сөз ұқпайтын кісіден, таппады Жамбыл бағасын. Жасымадым, өрледім, домбырамды сермедім. Ақындармен таласып, жүйрікпенен жанасып, жалған ақын кез болса, жасқанып жол бермедім. Тасқындады өлеңім, дамыды шалқып өнерім. Толтыруға ұмтылдым, өлеңімнің олқы кемерін. Садақтайын сайланып, сөз өткірін ойланып, ататын оқтай безендім. Жел сөзден тауып табысты, жібермедім намысты. Қисықты түзеп мінедім, артықты тілмен теңедім. Арқасында жел сөздің, жақын еттім алысты, жас Жамбыл елмен танысты. Өтірікті сүймедім, дүние үшін күймедім. Алтынына біреудің, жолда жатса тимедім. Жыртық киім кигенім, арық, жауыр мінгенім. Думан топты қақ жарып, жастық шақта жүргенім. Ақ бөкендей желгенім, ақынның көріп мергенін. Өмірменен жанасып, жарлыменен санасып, ақиқатты сөйледім. Ақ домбыра ермегім, сөздің оғын кезесем, алыстан атып жеткіздім. Дұшпанға арнап кезесем, өңменінен өткіздім. Мерген болдым, атқышпын, көздедім көрсем қылаңды. Шешен болдым, тапқышпын, төте жолмен төтелеп, елдің сырын жетелеп, арқадан-арқа қыр асып, егескенге шыдасып, Жамбылдан кім бар шыдамды?! Он жеті мен он сегіз, тал шыбықтай бұралған. Жас ақын Жамбыл атақты, он үштен бастап сыналған. Жүйесін тапқан жел сөзді Үйсін, Найман құп алған. Көрғұлы Сұлтан, Өтеген, Шежіресін тыңдаса, шығушы еді құмардан. Өлеңді жастан дарытқан. Малға қашан жарытқан. Жамбыл ақын нәсібі өзімді сүйген халықтан. Қазынасы кең дүние, Жамбыл қашан тарыққан. Көңілін ашып кетейін, біраз қызмет етейін, халыққа мұңлы зарыққан. Шер-құмардан шығарып. Шертемін күйді өлеңді, жасымнан бойға дарытқан. Өлең деген өнерді, дәулет – елдің ырысы, сарқылмас қазан кемерлі. Шаршамастан шалдығып, араладым әр елді... Жиырма беске асқанда, ай ілесті аспанда! Жұлдыздар тұрды сығалап, шырқап әнге басқанда! Талқандап бұздым бөгеуді, кемелге келіп тасқанда. Үлгі беріп өлеңнен, елге ұрық шашқанда. Жарыспақ болып келгендер, шаңға ілеспей қашқанда. Домбыраның пернесін, дами берді он саусақ. Дем алмастан басқанда. Жолдас болған домбыра. Жамбыл да қалмас болдыра отыз да жатыр ойланып, шақырып мені қам қыла. Заманыңнан қалыспай. Сілтеп құлаш алысқа-ай, ...Отыздан асты жасымыз, ақылға толып басымыз. Ақыра шауып ағындап, бәйге атындай арындап, ақын жанның жүрегі, жас баладай мінезі, балалық қашан арылмақ. Өткір сөзім қылыштай, толғадым сөзді тыныстай. Сөздің қоры ұлғайды, тағдыр берген ырыстай. Жүрмедім босқа сайыспай, жасым кетті алысқа-ай, көнгіш болдым өмірге, мінезім – шылғи қайыстай. Асылдан соққан ақ семсер, келемін мен де қайыспай! Тот баспадым, сынбадым, өзімді-өзім шыңдадым. Қырғыз-қазақ жиылса, топты жарып жырладым. Топтан озған ақынды, топ ішінде тыңдадым. Бәйге атындай жұлынып, шаппай қарап тұрмадым. Қойды өмір жаратып, жел сөзімді таратып. Тоқтамадым қызғанда, тыңдауға халық тұрғанда. Түн артынан түн кетті, күн артынан күн кетті, кештер батып, таң атып. Келгенде жүйрік бабына, бәйге бермес шапқанда. Кім тура кеп тоқтатар, қызып тұрған шағына! Көрді Жамбыл қырықты, кезек күтіп тұрыпты. Сымға тартқан күмістей, сынымды бұзбай тұрғанда. Жиырма бес қайта келгендей, қырықта қылаң ұрамын. Шалғандай таудың қыранын. Өлеңім кетті селдей боп, жердің жүзін қаптаған. Суға аққан сеңдей боп, жері жоқ барып жатпаған. Қырық бес те келіп жолықты, елу де келді еркіндеп, Жамбылды елу ойлантпақ, елуді жас деп еске алмай, жұмсадым мол қайратты, асау тайдай ойнақтап. Сақтадым есте ойланып, елудің есіп өтерін. Қызыл көзі алақтап, қызыл тілі салақтап, азу тісі сылқылдап, буындары былқылдап, ақ көбік шашып аузынан, арыстандай ақырып, кәрілікті шақырып, алпыстың білдім жетерін... Жетпіс те жетті желгендей. Қажымастай бұл тағдыр, қасиетін бергендей. Кәрілік емес сол күнде, қажытқан мені замана. ...Қартайдым деп өмірде, қайғыланып жатпадым. Жастық шіркін көңілді, сонда да болды мақтаным. Мақтаным емей немене, көңілдің күйін жақтадым. Жетпістен асып, сексенге жылжыдым, ептеп беттедім. Кәрілікке еңістеп, мойындап мен де кетпедім. Көптен көксеп тарыққан, қажыған ел зарыққан. Теңдік берген заманға. Аман-тірі жеткенім! Бетіме шырай әр берді, жан денеме нәр берді. Теңгеріп нашар кедейді, «Мен ұлықпын» демейді. Біз тілеген заң шықты, кісі еңбегін жемейді!»94.
«Кісі еңбегін жемейтін» заманды аңсаған ақынның бұл басты ұстанымы бүкіл шығармашылығына тән ұстаным. «Өмір жыры» (1937) өлеңінде осы ой дамытылған: «Өшпейді халық жыры, қартаймайды, өшед деп оны ешкім айта алмайды. Халықтың жүрегінің түкпірінен, төгілген күй – шын жорға, тайпалмайды. Алтындай ел ішінде сақталынған, сұлу жыр, судан тұнық, шайқалмайды. Еске алсам, ертегідей ертеңі өткен, талай жан жүрегінің жырын төккен. Еңіреп ен даладан бақыт іздеп, – таба алмай, аңсап Асан қайғы да өткен. Құландай қақтан безген Қорқыт қаңғып, кездеспей көрден басқа ол да кеткен»95.
Ақын Шота Руставели, Тарас Шевченко, Пушкин, Абайды кейіпкер етіп жырлайды: «Пушкиннің сайрап кеткен жырын талай, шырқаған даланы өрлей ақын Абай. Тамсанта Онегин мен Татьяна, алабын Алатаудың әнге орай. Күреске шақырмаған ақын ба ақын, ақын болса халыққа болсын жақын!»96. Соңғы сөйлемде Жамбыл жыраудың басты ұстанымы айтылған.
«Шын жүректен» (1938) өлеңінде асыл сөз туралы былай делінген: «Көзіңді салшы далама, түкті кілем түгіндей. Тауыма сұлу, қарашы – қыздардың жиған жүгіндей! Өзеніме қарашы – ағып жатқан гүрілдей. Ауылыма қарашы – қырдың қызыл гүліндей. Ән, күйімді тыңдашы –батырлардың үніндей!»97. Ақынның асыл сөзінің негізгі тақырыбы осы соңғы сөздерде айғақталған.
«Толғау» (1938) өлеңінде әр ақын заманның ойын бейнелеуі қажет екені туралы былай деп міндет айтады: «Мен құс емес – адаммын, гүліне қонған заманның – шаттық күйін сайраймын, жүзге келдім демеймін...»98.
Халық мүддесін басты тақырып еткен ақын «Халық – менің шын атым» (1938) өлеңінде былай дейді: «Жамбыл деген жәй атым, халық – менің шын атым! Жал-құйрығым, қанатым, Қазақстан Отаным»99.
«Біздің дәуір батырлары» (1939) өлеңінде ақын Отанды қорғау міндетін еске салады: «Әскердің берген антындай, найзағайдай жарқылдай, жауға қарсы тартынбай, Отан үшін құйылған, Жамбылдың да жыры бар»100.
Жыраулық дәстүр «Жыр толғауы» (1939) өлеңінде былай меңзелген: «Домбырамды қолға алсам, айналама көз салсам, ағыл-тегіл жыр келер, қартайған бұл шағымда»101.
«Үндеу» (1939) өлеңінде осы ой дами түседі: «Кәне, Жамбыл, қозғасын, кәне даусың самғасын! Ақтарылсын асыл сөз, айтылмай жыр қалмасын. Ақындықты сынар кез! Уа, Нұрпейіс, қайдасың? Уа, Орынбай, шырқа сен! Қалқа, Нартай, Нұрлыбек, жырларыңды нөсерлет, ақтарыңдар арнасын! Шежіре шешен ақындар! Дауысыма дауыс қосыңдар!»102.
«Абайдың суреті» (1940) өлеңінде қазақтың «Бас ақынына» ілтифат көрсетілген: «Мынау тұрған Абайдың суреті ме? Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне. Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған, қарсы келер Абайдың кім бетіне! Ақын атын таратқан әрбір тұсқа, соңғыларға қалдырған үлгі-нұсқа, Арғын, Найман сөзіне таңырқаған – қандай арман бар дейсің бұл туыста! Терең ойдың түбінде теңізі бар, тесіле кеп қарасаң көңіл ұғар. Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей, есіл сабаз ызамен өткен шығар!»103.
Ақын тұлғасы туралы «Біздің дәуірдің батырлары» өлеңінде былай делінген: «Ал, тыңдаңыз кәнеки! Сөйлейін деп келеді тіл менен жақ, көмекей. Ұрыс шығар мияттан*, сөз атасы құлақтан, су атасы бұлақтан, ер туады халықтан. Нұр шығады жарықтан, сөз келеді икеммен, ақ болат шығар дүкеннен. Тоқсаннан асқан жасымда жалынды қызыл ер көрдім, дұшпанға қылыш сілтеген. Қазіргі қызыл батырдың, айбыны жауды қайырып, қара тасты айырып, көк берендей түтеген. Халық үшін туды да, халық үшін майданға, белді берен буды да, қызыләскер ерлерге, беріп қызыл туды да, самғаған сайын қырандай, шақырып майданға ұрандай, жаңғыртты тау мен шыңды да... Әскердің берген антындай, найзағайдай жарқылдай, жауға қарсы тартынбай, Отан үшін құйылған, Жамбылдың да жыры бар»104.
Ақын Жамбыл Жабаев өзінің асыл сөзге қойған талабын былай деп тұжырымдаған: «Замана жайы – терең сыр, замана жыры – бітпес жыр. Жамбыл деген – жай атым, халық – менің шын атым!»105.
Майдан жырларында басты сөз: Отан, халық, ерлік, ұрпақ, т.б. Сондықтан Ж.Жабаев былай дейді: «ата-баба мұрасы, көздің қара, ағындай!». «Көк найзалар үйірген, мұздай темір киінген», «Мұздай темір құрсанған, алыптарға ұқсаған», «Қардан кебін кигізу», «найзағайша ойнау», «мұзбалақтай толғану». Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа арналған өлеңінде – жас ұланды жас қыранға, қайраулы алмасқа теңейді. Батыр туралы: өткір тұяқ, болат тұяқ, өткір қияқ дей келе: «Көрем ерлер тұрпатын, тас болатша үйрілген. Алдаспанды үйірген, алдында су жырылып, ұмтылса тау иілген. От шашылған демінен, тас түйілген қаһарлы мұздай темір құрсанған, алыптарға ұқсаған»106.
Ақынның келесі өлеңіндегі Лирикалық толғаулардың жөні ерекше (1943): «Сарғайып атқан таң ба екен, сары-аяқ болған бар ма екен, сарғайып қана шақырсам, алғадайым келердей күн бар ма екен?! Бозарып атқан таң ба екен, бозар-аяқ болған бар ма екен, мінген атың кер ме екен, кекілден аққан тер ме екен, қиырға бір шығып шақырсам, «Тәтемнің даусы» дер ме екен?!»107.
«Қызыл жұлдызға» құттықтау (1943): «Қолымда көне домбырам, сөйлесе, нақыл сөз ұғам. Білімді – мыңды жығады! Батырдан дұшпан ығады! Халықпен жаны бір адам, қажымай қорғап намысты, қалайда жеңіп шығады!»108.
«Ақындарға арнау» (1943) өлеңінде асыл сөзге қатысты былай делінген: «Жүйрік – жүйрік болар ма, Шаршы төске сермемей?! Қыран – қыран болар ма, тас қияға өрлемей?! Жорға – жорға болар ма, төрт аяғы тайпалмай?! Батыр – батыр болар ма, қалың жауды қайтармай! Ақын – ақын болар ма, арқа қызып, ән салмай! Жиылған көп халайық, сөзіне ұйып тамсанбай?! Ақындар, көз салыңдар, қиуаны шалыңдар, қиқу салып талайдан, келе жатқан сарын бар. Ұзын жолда біз өткен, өренге кеп тәлім бар. Сүйінбай мен Қатаған – қара өлеңді матаған, атын жаттап балалар, әлі күнге атаған. Кеншімбай мен Орымбай, өлең, сөздің қорындай, – көрінеді сорабы – керуен көшкен жолындай. Құл, Құлмамбет, Құлыншақ, Майкөт, Сарбас, Қуандық, бұлдырайды туға ұқсап, көңілімізді құмар ғып. Шөже менен Кемпірбай, өлең-жырдың жұртындай! Біз солардың өрені көк дауылдай боратып, сөз бастаңдар келелі. Жырға лайық елің бар, елге лайық ерің бар, төрі толған түлікке. Ұлан-байтақ жерің бар. Көкорайлы белің бар, айдын шалқар көлің бар, сабасы мол көп өзен, өлке толған егін бар. Жаз өрісін көк жайлау, қыс қонысы – соның бар. Тау мен далаң сақтаған, қойны толған кенің бар. Алтын, күміс, қорғасын, мұнай мен мыс, көмір бар, осы дәулет тұрғанда, неменеден кемің бар?! Осыларды толғайтын, ақындарым, жөнің бар!.. Батырларға қараңдар. Жас арыстан пішінді – жауға ойран салған бар. Батыр сынды, мүсінді, Мәліктей* көп балаң бар. Қаһарман қып жасаған, халқымызды заман бар. Не болғанын бүгінде, бөбектердің білуге, Бәйіт** қылып тараңдар, замананың жыршысы сендерде не арман бар?! Уа, Орымбай, Шашубай, сендер өзен басындай. Ағытыңдар өлеңді! Жазғытұрғы тасқындай. Нартай, Кенен, Нұрлыбек, Маясар, Қуат, Жақсыбай! Өлең-жырды дүрілдет – жарқылдатып жасындай. Сөздеріңнің күшінен, жау жүрегі түршіксін. Жырларыңды естіген, дос құмардан бір шықсын!»109.
«Замана ағымы» (1927) деген өлеңінде де асыл сөз туралы: «Сексен бірге жас келген, не заманды бас көрген, солар арқау жырыма. Артта қаған сөзім бар. Сөзімді айтар кезім бар. Кімді жұтпас қара жер. Ақылыңмен ойлай бер. Ойы жеткен ой тігер, Жамбыл ақын сөйлеген, сөзді бекер демеңдер. Жамбыл айтты қиссаны, өлең десе Жамбылың, қанат байлап ұшады. Неше түрлі ел өтті, неше түрлі жан өтті, жұрт билеген хан өтті. Тілдерінен бал тамған, жорға, жүйрік майталман, шешен де өтті дүниеден. Иегіне түк жұқпай, көсе де өтті дүниеден. Ел шетінің қорғаны, жау бетінің айбары, сауыт-сайман асынған, ерлігін жаннан асырған, батыр да өтті дүниеден. Ойы дана асылдан, сөзі бұлақ тасыған, Ақан да өтті дүниеден. Замана деп толғанған, ел қайғысын қолға алған, Абылайдың алдында, сөз сөйлеген болжаудан, Бұқар жырау о да өтті. Шернияз бен ІІІортанбай, Досқожа мен Нысанбай, Дулат пенен Сүйінбай – сөздері жел-құйындай, өтті еңіреп олар да. Жақсы да өтті дүниеден, жаман да өтті дүниеден... Ой жіберсем соларға... Замана жайы – терең сыр, замана жыры – бітпес жыр»110.
«Жамбыл Жабаев шығармашылығына қатысты қазіргі әдебиеттануда екі түрлі көзқарас бар. Советтік қазақ әдебиеттануы Жамбылды партия мен коммунизмді мақтаған, советтік дәуірді жырлаған ақын ретінде ғана таныстырады. Ал тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеттануының басты мәселелерінің бірі – Жамбылдың советтік әдебиеттану анықтамай кеткен ақынның көркемдік әлемін зерттеп білу. Кезінде тек партия мен коммунизмді, Сталин мен Ленинді ғана мадақтады деген халық ақынының көркемдік әлемі тек сол тақырыптарға ғана бағытталмағанын қазір анық айтуымыз керек. Жамбыл Жабаевтың шығармашылық ерекшелігін анықтап берген зерттеулердің бірі 2001 жылы шыққан Серік Негимовтың «Ақын-жыраулар поэзиясы» монографиясы. Осы еңбекте Жамбыл шығармашылығы жаңа көзқарас тұрғысынан сараланған. Ақын шығармаларының көбі көзі тірісінде редакциялауға көп түскені айтылады. Маңайындағы хатшылары жыр алыбының көмейінен төгілген күміс жырларына «партия», «пленум» деген сияқты сөздерді қосып отырған. Шынында да Бұқар жырау, Ақтамбердіден келе жатқан жыраулық дәстүрдің ізімен «Отан», «қазақ», «халық», «ұрпақ», «тарих», «дәуір», ұлттық мүдде: «елдің мүддесін жоқтап келдім» деген мәселелерді қозғаған ұлы ақын тек партияны жырлады дегенге кім сенеді? Кейде тақырыпқа қатысты Отанын, яғни Совет үкіметін жырлаған шығар, сол кездегі Сталин мен Лениннің халыққа жасаған істерін сол қоғамның азаматы ретінде айтқан шығар. Бірақ «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлеймін сыйынбай! Сырлы сұлу сөздері – маған тартқан сыйындай!» – дейтін Жамбылды күні-түні тек сол екі көсемді жырлады дегенге, қазір біз сенбейміз. Өйткені, ол мүмкін емес. Мәселен, Марк Тарковский Жамбыл туралы былай деген: «Көшпелі сөз зергері, жыр айтудың көшпелі академиясы Жамбыл туған жерінің тауы мен даласын ұзақ жылдар талмастан кезумен өткізген». Менің бір байқағаным, Жамбылдың қай шығармасы болсын, айтысы болсын,біреуге қаратып айтқан сөзі болсын, басты тақырыбы – елдің, қазақтың мүддесін көздеген. Оған бір дәлел – «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Саурық батыр» сияқты тарихи тұлғаларға арнаған дастандары. Совет үкіметі кезінде осындай батырларды жоқтауының өзі неге тұрады. Яғни ақынның басты тақырыбы ұлт мүддесі болғандықтан тарихи толғаған. 1946 жылы «Сыздыққа» деген өлеңі шыққан. Өлеңнің басты кейіпкері – Кенесары Қасымұлының ұлы Сыздық төре. Осы өлеңде қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері Кенесары мен Наурызбай сұлтан бейнелері халық батырлары ретінде алынған. Сыздық сұлтан мен Жамбыл достық қатынаста болған. 1880 жылы Сыздық Кенесарыұлы ақынмен бірге қырғыздардың Орман ауылына барғаны белгілі. Осы сапардағы айтыста Жамбыл ақын Кенесары, Наурызбай батырлардың ұлт қозғалысының қаһарманы болғанын жырлаған. Егер ақын советтік заманға риза болған болса, сол кезде атын айтуға тыйым салынған Кенесарыны жырлап несі бар? Жамбыл Сыздық төренің басынан өткен тарихының бәрін осы жырында бізге аманат етіп қалдырды. Күні бүгін Сыздық төренің қырғызға барып андай істер атқарғаны, тағы да басқа өмірі жайлы Жамбыл жырларынан басқа нақты тарихи деректер бізде жоқ. Совет кезеңінің тарихшылары мұны жазған емес, жазбайды да.
Ақын шығармаларына үңілсеңіз, халықтық сөздерді көп кездестіресіз. Соның ішінде осы күнде қолданыстан түсіп қалған керемет тіркестер көп кездеседі. Мәселен, «балықша бұлттың жүзгені», «ақ матасы – күмістей, жері кілем – пүліштей» дейді ақын «Өтеген батыр» дастанында. Дастанды ақын «Жырлаған ескен жел маған, бұл жырды мен естігем жұлдыздың аққан көгінен», деп бастайды. Мұндағы жыр ескен желмен келеді деуі ата-бабадан келе жатқан дәстүр. Тәуелсіздік кезеңінің қазақ әдебиеттануы Жамбыл Жабаевтың көркемдік әлемін зерттеуге көбірек мән беруі керек. Бұрынғы идеологияға ұшыраған өлеңдерін қайта қарап өз қалпына келтіру қажеттілігі тұр. Ақынның әр өлеңін алып қарасаңыз, «ақ», «алмаз», «асыл» деген сөздер көп кездеседі. Соғыс кезіндегі ленинградтықтарға арнаған өлеңдерінде Отанға деген үлкен сүйіспеншілік сезімі көрінеді. Ұлтына, жеріне қарамай, бүкіл халыққа келіп тұрған қасіретті бір Отанға төнген қауіп деп қабылдауы, Отан деген қасиетті ұғымды ерекше құрметпен сөз етуі, қазаққа ғана тән үлкен аталығының белгісі. «Қазақтың тиеп алған көп мақалын, мен өзім көпті көрген ақ сақалмын». Төлеген Тоқтаровқа арнаған өлеңінде «өткір қияқ», «болат қияқ» деген тіркестер бар. Бұл жерде майдан алаңындағы қазақ жастарының қолдың артында жүрмей, жарқылдап алғы шепте қол бастаған батырлығын айтып отыр.
«Кеңес гвардеецтеріне»: «Қазақстан ұлдары, желбіреп қолда тулары. Ақ алмастай жарқылдап. Жеңгенін жауды алқымдап көрдім тағы, көрген ем. Жауынгерлік жүрекпен, майданда күшті бірлікпен, ажалды жеңген арменен, өмір берген нұрменен, жігерлен, жайна жігіттер»111.
«Ерлерім, көріп қуанам, жауға сұсты түріңді. Ер туған ата-бабаның, түріне ұқсас қадамың, жыры түгіл жыраудың, ел сізге несін қимасын. Ақ сүтін беріп емізген, өсіріп батыр дегізген, сылап, сыйпап майданға, аттандырып өргізген – анаға сендер сүйеніш»112.
«Кеңес гвардеецтеріне» деген өлеңінде «қардан кебін кигізген» деген тіркес кездеседі. Мен мұндай тіркесті басқа ешбір жерден кездестірген емеспін. Майданда шаһит боп кеткен боздақтарға айтылған мұндай бейнелі сөз, тіпті орыс поэзиясында да жоқ шығар деп ойлаймын. Қай өлеңін алсақ та, атадан қалған асыл сөзді жаңғыртып айтуымен құнды. Оны ақын «Ата-баба мұраты – көздің қара-ағындай» деп өлеңінде де көрсетіп кеткен. «Өтеген батыр» дастанында ел мүддесін жоқтағалы келдім дейді ақын. Ақынның ақындық әлемін анықтап алу қазіргі күннің қажеттілігі. Өйткені, көзі тірісінде мұндай қиянатқа ұшыраған ақын көп емес. Жырларын оқып келе жатқанда толғауларының ішіндегі өзгертілген сөздер анық байқалып тұратыны рас. Ақын совет кезеңінде сый-құрметті көрді ғой, сол да жеткілікті деп, ол кісіге жасалған қиянатты айтпай қалуға болмайды. Жамбыл – бабалар сөзін жалғастырушы. Жамбылды осы тұрғыдан қарастырудың негізін бізге С.Негимов салып берді. Өлеңдері мен дастандарын сүзіп, өз қалпына келтіру қазақ әдебиеттануының алдында тұрған үлкен міндет. Біз осыны мәселе ретінде көтеруіміз керек» («Қазақ әдебиеті», № 8 (3224). 6-бет. 25.02.2011 ж.). Қазақтың ғана емес, соғыстарда шаһит болып кеткен боздақтар туралы: «Қардан кебін кигізген» дейді ақын. Бұл шаһит болып кеткен Алаш ақындарына да қатысты. Осы ретте М.Жұмабайдың Жамбыл Жабаевқа арнайы жазылған өлеңі еске түседі.
М.Жұмабай өз заманының абызы Жамбылға 24 шумақ өлең жазған деген дерек бар. 1937 жылы Жамбыл атағы кеңінен танымал болған кезде, қарт ақыннан рухани демеу күткен Алаш ақыны аталған өлеңдерін арнаған екен. Содан сақталғаны келесі шумақ қана: «Жамбылға»: ...Жан аға! Шықтым өлімнен, халімді менің көрсейші. Жаның нұрға көмілген, нұрыңнан ұшқын берсейші!..6.
Достарыңызбен бөлісу: |