Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет36/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   50
ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗДЕГІ ЖАМБЫЛТАНУ

Қазіргі жамбылтануға А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танудағы» толғауға қойылған шарттармен, одан кейін Қ.Жұмалиевтің «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1945) және Е.Ысмайыловтың «Ақындар» (1956) зерттеулер тұрғысынан қайта қарау қажет.


Қ.Жұмалиев Абайды «өз заманының айқын айнасы» деп түсіндірген. Бұл түсінік Жамбыл поэзиясына да тікелей қатысты. Е.Ысмайылов ақын-жыраулар табиғатын теориялық талдаулар арқылы анықтап берді. Осы ретте ғалым ақын импровизатор, жырау, жыршы, әнші, ақындар, сал-серілер және өлеңшілдер деген «пән сөздерін» ажыратып берді. Ғалымның пайымдауынша, «ақын» деген ұғымға әңгімеші, жыршы, импровизатор кіреді. Әнші ақындар деп сал-серілерді санаған. Бұларды шынайы халық өнерінің өкілдері деп есептеген. Е.Ысмайылов ақындық мектеп пен дәстүрге қатысты Кемпірбай, Шашубай, Нартай, Жамбыл, Мұрын жырау, Сүйінбай, Кенен және Ағаш аяқтың шығармашылықтарын айғақтап берген.
Тәуелсіздік кездегі ақын-жыраулар дәстүрінің негізгі зерттеушісі С.Негимов Жамбыл Жабаев поэзиясын Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Иса Байзақовтармен бір контексте қарастырады. Ғалым бұл поэзияның «көркемдік құрылымын, синкретті өнер табиғатын, ХХ ғасырдағы айтыс өлеңдерінің сөздік, образдық жүйесін» теориялық талдаулар арқылы анықтап берді1.
Ж.Жабаев ата-баба аманатын есте сақтап отырып, советтік заман сөзін де жырлай білген. Қазақтың жыраулық дәстүрін совет кезінде дамыта түскен ақын толғауларында тарихи мағлұматтарды ерекше ұстанған. Осы ретте Кенесары-Наурызбайға қатысты көзқарасы анық болды. Ақын Саурық батырға қатысты Жантайдың да опасыздығын тарихи мәліметтер негізінде бейнелеп берген.
1946 жылғы жинаққа кірген Жамбылдың «Сыздық Сұлтанға» деген арнау-толғауы осының бір айғағы. 1996 жылғы Ж.Жабаевтың 2 томдық таңдамалы шығармалар жинағының 1 томындағы кітаптың түсініктемесінде Сыздық төре Кенесарыұлы туралы толық тарихи мәлімет берілген: «Сыздық – Кенесары баласы орыс әдебиетінде Садық, Сыдық дейді атақты батыр, жауынгер. Ол россиялық отарлау саясатына және жергілікті хандарға, Қытай империясына қарсы халықтың азаттық күресін басқарған (1860-1877) көрнекті батыр. Сыздық Жамбылмен 1880 жылдары кездескен»2. Сыздықтың батырлығы жайында халық әңгімелері, аңыз-жырлар ел аузында әлі де көп тарағаны белгілі. С.Негимов 1946 жылғы жинаққа қатысты былай дейді: «Бұдан әрі арнау өлеңнің шығу тарихына, Сыздық сұлтан мен Жамбыл жыраудың арақатынасына тоқталады. Сыздық Кенесары баласы 1880 жылдар шамасында Жамбылмен жолығып, дидарласып, ең соңында жолдас болып кеткен. Сыздық батыр 1884 жылдарда қырғыз жеріне, Сарыбағыш биі Орман ауылына келеді. Қырғыздар үй тігіп, мал сойып, құрметтейді. Қырғыз бен қазақтан он жеті ақын жиналыпты. Солардың ішінде Жамбыл да болып, кейін өзінің хатшысы Ғали Ормановқа Сыздық сұлтан жөнінде былайша баяндапты: – Мен сендермен шабысқалы келгем жоқ, табысқалы келдім. Сендер де туысқанымсың. Жан ашуы үстінде әкемді өлтірдің деп кінә қояр жайым жоқ, жалғыз-ақ тілегім: әкемнің сүйегін бер, аталарына қосайын, алтын жүзігін бер – қолыма салайын, сарқасқа ерін бер – астыма мінейін, бұйымтайым осы-ақ еді – дейді. Содан Кенесарының ері мен жүзігін беріпті, сүйегін қай жерде екенін білетін кісі дүниеден өтіпті дейді.
Сыздық сұлтан ердің басын қанжармен қақ тіліп, жіліншік-жіліншік алтындарды алады. Сонан соң: «Әкемді өлтіруін білесіңдер де, алтынын алуды білмеген екенсіңдер, уақасы жоқ, бұйырған нәсіп қой», – деп қалтасына салды дейді»3. С.Негимов 1946 жылғы жинақтан өлеңді келтірген. Бұл өлең 1996 жылғы жинақта қысқартылып қалған. С.Негимов келтірген өлең: «Он бір жыры» деген жер, оны да айтты ағайын, іштен шыққан қайғы-шер. Атаның не арманы, іздеп келіп артынан бата қылса сіздей ер!»4. Бұл өлеңде ақын бүкіл қазақтың атынан сөйлеп халық үшін шаһид болған Кенесары Наурызбайды ерекше құрметпен еске алады: «Сен бір қалған көз едің Кенесары асылдан», «айбатыңды көргенде, дұшпандарың бас ұрған», «ақ жүзіңді көрген соң, енді мауқым басылған». 1996 жылғы жинақта түсіп қалған өлең жолдары елдің рухы мен намысын көтереді: «Оны да айтты ағайын, іштен шыққан қайғы – шер. Атаның не арманы, іздеп келіп артынан бата қылса сіздей Ер!» Бұл ата-бабадан келе жатқан жыраулық сөздер. 1996 жылы шыққан нұсқада бұл өлеңнің соңғы 5 жолы түсіп қалған. Яғни тәуелсіз кезде Ж.Жабаевқа тағы да цензура жасалған.
Кенесары хан бейнесі ақын шығармаларында осындай халық қорғаушысы бейнесінде көп кездеседі. Осы ретте С.Негимов Жамбыл поэзиясындағы Кенесары бейнесіне қатысты қайшылықты да атап өтеді: «Ал Жамбыл шығармаларының басылымдарында қайшылықтар да кездеседі. Ақынның «Менің өмірім» деген жыр-хикаясы бар. Осындағы мына бір шумақ: «Қазақтың қанға құмар Кене ханы, кеше ғана басылды шыққан шаңы. Хан болмады, қан ішер қасқыр болды, белгісі жоқ көмілген мола сәні», – дегені 1946 жылғы басылымда жоқ. 1955 жылы жарияланған үш томдығының екінші томында (252-б.) және 1982 жылы жарық көрген екі томдық шығармалар жинағында (т. 2, 393-б.) берілген. Алайда екі түрлі сөйлеу Жамбыл тәрізді мінезді ақынға тән емес. Бұл әдеби хатшының қосып жібергені ме, әлде газет редакциясының ісі ме немесе баспа қызметкерлерінің «жақсылығы» ма ... Қалай болған күнде де, себебі – біреу. Ол – отаршылдық саясатқа құлдық ұрудан туған ғой»5. Шынында да, Жамбыл Жабаев социализм жетістіктерін жырлаған. Бұл туралы С.Негимов былай дейді: «Ленин тұлғасын мейлінше мінсіз сомдап, Сталиннің жеке басқа табынушылығын жүйрік жырлағаны анық. Әрі оларды Отан, партия бейнесі ретінде ұқты. Халық ақыны бұлар турасындағы мәліметтерді радио хабарларынан, әдеби хатшылардың аузынан естіді. Көптеген жыр-толғауларын үкімет пен партияның тапсырмасы бойынша шығарды. Сөйтіп, ақынның жыр-толғаулары ұраншылдық, жалаң патетикалық, үгіт-насихаттық сипатқа ие болды. Мысалы, Клим батырды былайша жырға қосады: «Ескендірді мақтаман, Рүстемді даттаман. Олар біздің Климдей, бола алмаған, болмаған. Манас шыққан қырғыздан Кенесары, Наурызбай жауына қарсы оқ атқан, оғын қардай боратқан, олар да мұндай болмаған.
Сырттай қарағанда ақын асыра әсірелеп жіберген сияқты. Бірақ халықтық-фольклорлық дәстүрді ұстанған жыршыны әсте сөгуге болмайды». С.Негимов бұл орайда М.Дүйсеновты алға тартып былай дейді: «Фольклорлық дәстүрден сусындаған ақын сол дәстүрдің шарттарын берік сақтауға тиісті болды. Ал фольклорлық туындыларда әдетте бар ғана емес, болуға тиісті идеал бейнеленеді, сондықтан да жырланып отырған қаһарман бейнесі идеализацияланып, өзінің шырқау биік шыңына жеткізілді. Жалғыз Жамбыл ғана емес, ауыз әдебиеті өкілдерінің қай-қайсысы да бұл заңдылықты аттап өте алмас еді» (М.Дүйсенов. Жамбылтану өрісі // Жамбыл Жабаев творчествосы. Алматы: Ғылым, 1989. 31-б.)6.
Жамбыл Жабаев Саурық батырды ұлттың қаһарманы етіп бейнелейді: «Саурық еді арыстан», «Саурықтай болат батырдың, алтын нұр толған ішіне»
Досмағамбетпен айтысында Ж.Жабаев былай дейді: «Аз сөздің тәттілігі болар балдай» (93. І т.). «Өлеңім асау теңіздей, өрге қарай шапшысын. Толқындай сөзді сапырып, арыстандай ақырып, шығайын енді айтысқа»7. «Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан, сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай» (1-том, 312 б.)8. «...Сүйінбай ақын ұстазым, сөз қанжарын суырып дұшпанға өстіп күш қылды»9. Ораза, зікір, жаназа, підия, екінті, бесін, құптан сияқты діни түсініктер Жамбыл ақын өлеңдері мен айтысында көп қолданылған10.
«Ел қорғайтын ерлерін»11. Аңсаған ақын оларды ел билеушілеріне қарсы қояды. Бұл ақынның негізгі ұстанымы: «Сендей-сендей ақынның, Сөзбен жанын емдеймін, өлеңмен шын тасысам, ағып бір жатқан селдеймін. Халықтың досы кім десең, айтайын мен білмесең. Өлгенменен барабар, бір басыңды кірлесең, көмусіз бір күн қаласың, көпшілікті тілдесең, көпшілік – дария көл дейтін, сол дариядан қансам деп, әркім-ақ аңсап шөлдейтін. Елді жауға бермейтін, шетіне дұшпан келмейтін. Ерегіскен ерлердің, қанша дұшпан жабылса, шыбын құрлы көрмейтін. Бақытын жұрттың өрлетіп, мәңгі рухы сөнбейтін. Есеңгіреп жүрмесең, елді неге даттайсың. Екі жүзді болмасаң, байды неге мақтайсың? Қайры көпке тимеген, әкімдікпен билеген, жарлы-жалшыны сүймеген. Ханды неге жақтайсың? Жегені көп шашыңнан, қылмысың үлкен басыңнан. Халыққа тиген пайдаң жоқ, қайтып тұзын ақтайсың?! Екі ұртыңды қампитып, сөйлейсің сен аптығып. Еліңде ер бар ма деп, сұрайсың және шаптығып, жердің шелін сел жуар, елдің кегін ер қуар. Дауыл тұрса, бұлт қуар. Жердегі жауды жұрт қуар, ерліктің оты лапылдап. Аспанға шығар күн туар»12.
Сарыбаспен айтысында ел шежіресімен қатар Домалақ ананың парасаты жырланған. Сарыбас ақын: «Шапырашты ел едің, Үш жүз үйге толмаған. Қыдыр мен бақ о баста, басыңа тіпті қонбаған. Дулат деген ел едім, ат үстінен түспеген. Ерегіскендер менімен. Бармақтарын тістеген» «Шапырашты сықылды, қолы қысқа мен емес»13, – дейді. Жамбыл Жабаев оған былай деп қайырады: «Домалақтан қозғашы, Жарықшақтан озбашы. Бет алдыңа бақырып, таңдайыңнан тозбашы»14. Осы ретте келесі түсінік берілген: «Домалақ ана – Нұрила, Бәйдібектің зайыбы, оның ұлы Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат тарайды»15. «Бесін уақыты болғанда қырғыздан шыққан Аққошқар» бәйбішеден жапа шегіп жүрген Домалақ анадан бата сұрап келеді. «Қуанышы сенде деп, түп қазығы менде деп, қол жайып бата береді». Айдалған жылқы ішінен Домалақ ана сары айғырды ғана қалайды.
«Асауды қалай ұстайсың, жүген құрық тимеген? – Ұстасам, ұстап алайын, ұстамасам қалайын. «Құр айт, құр-құр жануар», құтың менде, жануар! Бері келші бізге деп, күдеріңді үзбе деп, қазығың қалды менде деп, еңбегім кетті сенде деп, Құрайттады Домалақ. айғыр сонда келеді, омырауын иіскей береді. Алды айғырды жүгендеп, Айдады жылқының өзгесін»15.
Бидің сегіз ұлы келіп басқа жылқы қайда деп ашуланады. Сонда Домалақ жайын айтыпты: «Балалар, оған бармаңдар, түп қазығы бізде деп, таңға жуық болғанда, жылқың келер мұнда деп, арттан қуып барсаңдар, мерт боларсың, балалар!»16. Ендігі сөздер баяндаушыныкі: «Шылбырына оралып, жалынып анам айтады. Бірақ тілін алмадым, барамыз деп болмады. Сегізі бірден жөнеді, сағаға таман келеді. Саға судан өтеді, сонда қырғыз қулары, бұқтырма қойып жүз кісі, бір тасаға кетеді. Алдына аңдап түсіріп, сегізін ұстап алады, сегізін бірдей бауыздап, жосадай ғып салады. Бәйдібек бай артынан, бір ұлымен келеді: – Балаларың тіл алмай, осы жерден жөнеді. Балаларың мерт болды, қайтпайтұғын серт болды, барып қара ұлыңды, жалған деме мұнымды. Бәйдібек те жөнелді, қайта оралып келеді. «Балалар тегіс өліпті», деп жауабын береді. Домалақ енем бас болып, сүйреткі сап айғырға: – Өлгенге енді қайғырма, деп жұбатып әл беріп, дереу жинап өлікті, бір жерге әкеп көміпті»17.
Домалақ ананың ақылына Ж.Жабаев ерекше тоқталады: «Домалақтай енемнің, Қасиеті көп еді. Таңға жуық болғанда, жылқың келер деп еді. Ел ұйықтап жатқанда, түн ортасы болғанда, «Құрайт» салды Домалақ. сары айғырдың даусына, тас жаңғырды домалап. Таң сарғайып келгенде, қалың жылқы шұрқырап, келеді шаңы бұрқырап. Көшіп ауыл жөнелді, күндіз-түні тыным жоқ, тыным қылған күні жоқ. Кіші жүз бен Орта жүз маңына барып қонады. Домалақ сонда толғатты, сырық-бақан орнатты. Беубеулетіп ананы, бала келді дүниеге. Ашылып ана қабағы, қолына алып баланы, бар денесін қарады: Еркек бала тауыпты, бірақ, басы жаралы, ана болды назалы. Сары бәйбішеден болғанын, сонда ақылмен табады. Кіші жүз бен Орта жүз, Бәйдібекті көшіріп, аламыз деп ауылға, ат терлетіп келеді. Кіші жүзде көпке аян, бір оташы бар еді. Кейде еміп, кейде ембей, талып жатқан баланы, оташы кеп көреді. Суық қолдың орны деп, жарық жерін басының, ойып алып оташы – тасбақаның сүйегін, жамап соған егеді. Бала оңалды үш айда, төбесі жарық болды деп, «Жарықшақ» деп қойды көп. Жарықшақтан туды үш ұл: Бірі – Дулат, бірі – Албан, Бірі – Суан білсең, бұл. Бұрынғыдан естіген, ата жайы, ел сөзі. Домалақтай ананың, ата жайын ұқпастан, құр мақтанға жармасқан, сен Дулаттың бір езі»18.
Ақын Сарыбасқа былай дейді: «Қайда сенің түп бабаң, тұлпар мініп, ту алған?! Мен Шапырашты ұлы едім, алтыннан қылыш сермеген! Көп Дулаттың баласы, рас, сенен аз едім, аз да болсам, әз едім. Топты жерге барғанда, саулап тұрған сөз едім! Жаулы жерге барғанда, атамын деп оқталған көк береннің өзі едім! Келді менің кезегім. Келсе, айтайын шешіліп, кезекті бермей манадан, өртенді менің өзегім. Сақалыңмен жалпылдап, тересің Жамбыл тезегін. Шапырашты мен едім, қалың Дулат сен едің. Аз да болсам, қашан сен ширегіме кеп едің?! Бір қадалған жерімнен, қан алмай кетер демегін»19. Айтыстың осы жерінде Саурық батыр туралы ақын былай деп сипаттама берген: «Асыл, гауһар кеткен жоқ, әсте, менің жерімнен. Саурық шыққан басынан, көк шыбықтай иіліп, ерлік қылған жасынан. Батыр Саурық* дегенде, күндік жерден дұшпанын, дабылымен қашырған! Ал, ол Саурық, дегенде, қалтырамады қандай жау. Қарсыласып келгеннің, қайтқаны бар ма аман-сау?! Мінген атын жаратқан, жұртты аузына қаратқан, қылышы қия шабылған, жүйрік аттың бәрі де, пұшпағынан сабылған. Найзасын тасқа түйреген, мақтанбағын, Сарбас жан»20.
Саурық батыр туралы тарихи түсініктеме де келтірілген21. Жамбыл ру арасындағы тарихтан ұлт намысын қорғағандарды алға тартады: «Қалың Дулат көргенде, қорқып, бұққан сиқынан! Сұраншыдай батырдың, жан жүрмеген шенінен. Алмастан соққан ақ қылыш, еш кетпеген белінен. Ашуланған кісіге, қабағы жаман түйілген, досы қатты сүйінген, дұшпаны жаман күйінген. Сұраншыны көргенде, аузын ешкім ашпаған, аяғын қадам баспаған. Қарсы келген кісіні, сүйретіп жерге тастаған. Сабырлықпен саспаған, көлденең атқан мылтықтан, жан сауғалап қашпаған. Тілеуқабыл, Майемер, Сарыкемерде шабылған. Қоқанның ханы Құдиярға, Албан, Дулат жиылып, көп болғанда, не қылған?!»22.
Тарихтан белгілі оқиғалар осы ретте нақты айтылған. Елін қорғаудан гөрі қара басын сауғалағандар туралы Ж.Жабаев былай деп айтады: «Үш бөлінді бұл Дулат: бір бөлігі Іле өтті, Айсаның қарын өрледі. Батыр деген Сыпатай, жау қарасын көрмеді. Сыпатайдай батырың, қашқаннан соң өлгені! Сарбұлақтың қасында, Аңырақайдың басында, қоянға ұсап ерлері, тығылған жерден келмеді»23.
Ел қорғаны бола білген Сұраншының ерлігі туралы былай делінген: «Жауға біткен асыл ер, найзасын тасқа таянды. Қасқарауда Кәрібоз, Баукеменен екеуі – Сұраншыға барады: – сенен қайрат болмаса, тағы да жау шабады. Біздің Дулат көп жылап, сенен басқа пана жоқ, баруыңды тұр сұрап. Батыр деген Сыпатай, Аңырақайдан шықпады, жалғыз басын жүр ұрлап. Сенен қайрат болмаса, ел намысын, ел кегін, жоқтар кісі болмады. Шағатайдай халықты, жібермеді Тойшыбек, барайын десе, барма деп. Ойлағаны оның тек – өз қамы ғой, оңбады»24.
Сұраншы батыр туралы мағлұмат осы ретте келтірілген: «Сұраншы Ақынбекұлы (1815-1854) – Ұлы жүз, Шапырашты тайпасының даңқты батыры, Жетісу жерін Қоқан хандығының қысымынан құтқару жорықтарында қолбасшы болған»25. Сұраншының тұлғасы келесіндей бейнеленген: «Жауды көрсе қуанған, тұлпар мініп, ту алған. Дұшпанды жерді көргенде, миықтан күліп қуанған. Сұраншыдай батырға, Қасқарауда Кәрібоз, Бәуке келіп жылаған: «Жүр батыр» деп сұраған. Жауды жерде тап берген, дұшпанға жетер жақ берген, таңдайына сөз берген, асыл гауһар жалтылдап, от ұшқынды көз берген. Құтылар ма сенен жау, қан майданда кез келген. Қатын, бала кетті деп, жарамдысын алды деп, сенен қайрат болмаса, бердік жауға арды деп, айтқан сырын оңаша. Көп Дулаттың баласы, көп болғанмен күші жоқ, шабылған елде ісі жоқ, сенен қайрат болмаса, Дулаттың өңі, түсі жоқ. Құлағың сал сөзіме: баққа біткен батырсың, қырылып біз жатқанда, қайтып шыдап жатырсың?! Найзаңды тастан өткізген, артық туған ұл едің. Сенен қайрат болмаса, ажалымыз жетті деп, қыз-келіншек, қыруар мал, жау қолында кетті деп. Сенен рақым сұраймын, айтпай қалай шыдаймын. Қалың Дулат дегенмен, жауды көрсе жасыған. Бақыт берген жігіт ең, даңқың шыққан жасыңнан. Қырық мың қолға қаймықпай, қарсы шығар ешкім жоқ. Атыңа мін, батырым, жәрдем берер бір Құдай!.. Жауға шабар кім қалды?! «Тек», дейтұғын кісі жоқ. Қалың Дулат белгілі, ерлігінен саны көп, жауға шабар жаны жоқ, жаудан қорқып жосыды, Аңырақайда тағы боп. Жылап, шулап біздің ел, деді саған хабар бер!»26.
Саурық батырдың тектілігі туралы Ж.Жабаев былай деп толғанады: «Мұны естіген батырдың, Түгі шықты сыртына, тілі сыймады ұртына. Жаудың көріп қырғанын, жаны ашыды жұртына. Қол ұстасып келгенде, қалың қазақ өз елім! Ел намысын қорғамау – ер жігітке ез өлім! Қайраты тасып батырдың: арыстандай ақырды, жолдастарын шақырды. Қасына үш жүз қол ертіп, ақтұяққа мінеді, он мың қолға тиеді. Үш күн, үш түн соғысып, жауды шөптей жапырды. Қырып-жойып қалғанын, ел шетінен қашырды. Жау шапқанда өз елін, жымиып қашқан қояндай, Дулаттың батыр дегенін, сол уақытта сақтаған, Сұраншы біздің ер еді! Кәне, осындай ерді айтпай, Жатқа намыс бермеген, құр созасың өңешті. Байларын айтып еліңнің, қолынан түк келмеген. Дулат деген ел екен, Жадағай, жайдақ дер екен. Шапырашты ел екен, батыр туған дер екен! Ерегіскен дұшпанды, Найзаменен шанышқан. Күні-түні тынбаған, дұшпаннан сағы сынбаған»27.
Сұраншы батырдың істері мен тұлғасы туралы: «Жауды көрсе тап берген, маңдайыңа бақ берген. Шешен қылып жақ берген, өзіне еркін шақ берген. Қырық жасқа келгенше, сөзін жаман демеген. Ешбір төре еріксіз, шеніне оның келмеген. Ерлік пенен намысқа, ат бауырын бермеген! Жандаралдың алдында, қаймықпай сөзін жөндеген. Төре, қара жиылып, құм төбедей үйіліп, ешбір адам болмады, Сұраншы білсін демеген! Қайрап қойған ақ болат, сермегенде жау кесер, жаудан асып тау кесер. Тастан өтер қылышы, қырық тоғызға келгенше, ерлігі оның өрлеген»28. Осы ретте Ж.Жабаев Саурық батырдың ел ішінде жас кезінен мойындалғанын еске алады: «Есқожа деген елімнен, ерлер шыққан еңіреген кім келген менің шеніме?! Саурық та менің батырым, он жеті жасқа келгенде, аттың қонды беліне, белгілі болды еліне»29.
Айтыстың келесі толғауы тарихты еске салуымен құнды. Осы ретте Жамбыл жырау қазақ тарихының күңгірт кездерін былай деп суреттейді: «Жетісуда қазақтың – көрген күні кем еді. Жан-жағынан күнде жау, елге тыныштық бермеді. Бір жағынан қалмақтың, ұрылары талады. Бір жағынан қырғыздың, орман ханы ойқастап, күнде мазаны алады. Үшінші жақтан – Қоқанның Бегілер бегі қоқаңдап, әскерімен топырлап, ауыр салмақ салады. Күнде тонау, шабыстан, ел титығы құрыды. Мал мен жаннан түңілді, жер мен судан қуылды. Ел басына күн туды. Қатын-бала, жас-кәрі, беті жаспен жуылды. Міне, сондай заманда, екіталай күн туып, ел қыспақта тұрғанда, ел намысын жоқтаған – батыр туған кім еді?! Ел шетінен жау қуып, ерлікпен қайрат жұмсаған, батыр туған кім еді?! Қалың жаудан қаптаған, қаймығып беті қайтпаған. Ел тыныштығын сақтаған, халқы сүйіп мақтаған. Ардагер батыр кім еді?! Саурық еді, арыстан, Туысы Шапыраштыдан. Дулатпын деп мақтанба, кеше елді шапқанда, сақтап қалған кім еді, қырғын, талау, шабыстан?! Саурық еді, ардагер, туа бермес ондай ер! Дулатпын деп, көпсінбе, бай, бекпін деп тепсінбе. Саурықтай болат батырдың, алтын нұр толған ішіне. Жаулы жерге барғанда, кіреді екен күшіне. Мың қарғаның тұяғы бір тұйғынға өтпейді. Ашуы келген жерінде, ойран салмай кетпейді. Тамам қарға жиылса, бір сұңқарға жетпейді. Саурықтай ер батырым, маңдайына бақ берген. Дұшпанды көрсе өшігіп, талқандауға тап берген! Амалменен ер Саурық, шөгіп жатқан орманды пенде қып алдына ап келген. Көбелектей көп Дулат, көптігіңмен ісің жоқ, дұшпанға қылар күшің жоқ. Мың болсаң да бір ғана, Саурықтай берен кісің жоқ! Жау жағына ел бермей, дау жағына сөз бермей, қай дұшпаның кетіп еді, Саурық ерге бой бермей. Сауыт-сайман сайланып, жалаң қылыш байланып, найзасын тасқа түйреткен, Саурыққа ерден кім жеткен?! Ашуы жерді күңіреткен, жігіттің бәрін түзеткен. Маңдайына бақ берген. Саурықтай күшті батырға, Дулат түгіл қазақта, Кім бар еді шақ келген?! Аз Шапырашты мен едім, елдің шетін қыстаған, Көлденең найза ұстаған, дұшпанынан қашпаған, ақыл, қайрат іс қылып, кезеңді жерде саспаған. Ерегіскен дұшпанды – тарттырған қара текедей, шоқытып қана тастаған. Шапырашты мен едім – етімде бар тірлігім, бойымда бар бірлігім»30.
Ата даңқын еске салған ақын былай дейді: «Ақ найзаның басына, желекті ту байладым. Қаптаған қалың жауыңды, бір шыбықпен айдадым. Уа, қауым жұрт, жиылған! Ақылменен ойлаймын: ешкімнен сағым сынбады, ерегіскен дұшпанды – түбіне жетпей тынбадым»31.
Ақын өзінің толғауы туралы былай деп осы сөздің құдіретін бейнелейді: «Ағыным ақбоз аттың арынындай, дауысым аққан судың сарынындай. Екі бетте тамтық жоқ, Құдай ұрған, қазып алған қурайдың орынындай. Мен сөйлеймін адырдың өріндей боп, орыным, үлкен үйдің төріндей боп»32.
Айтыста қарсыласына тарихи мағлұматтармен жығуды Ж.Жабаев орынды қолданады: «Жұртқа аян менің дабысым, кеткен жоқ жанға намысым. Би-болыстан кем емес, жөні келсе танысым. Бәйге атынан кем емес, екпіндесе шабысым. Мақтана берме, сен Сарыбас, ерегесіп Саурықпен... Сөз мәнісін қарашы, кешегі дәу Сыпатай, Ботпайдың ол баласы. Оны Ләшкер Құсбегі, таңып алып арбаға, өлтірем деп әуре еткен, «Өлім» десіп жазасы. Сыпатайдың «жазығы», қалмаққа қашып кетті деп, Дулаттың салған жаласы. Сонда сенің Дулатың, Саурыққа келіп жалынды. Сенен қайрат болмаса, Сыпатай батыр кетті деп, Сыпатай бұған не етті деп. Саурық батыр барыңыз, зарға құлақ салыңыз. Деген сөзді есітіп, Саурық барды артынан. Сыпатайды босатып, алғыс алды халқынан. Саурықтай шын батырым, көзіңді оттай жандырған. Ерегіскен кісіні – ес-түсінен тандырған. Атты мінген қылаңнан, сұлуды құшқан бұраңнан, жігіт жиған өндірден. Жалаңдатқан найза ұшын, қай дұшпанға ежелден кетіп еді намысың?! Жер жарады дабысың, Саурықтан асып нең кетті, қолыңдағы асылдың – білмейсің ғой мәнісін... Саурықтай біздің батырдан, қозғайын оның затынан. Саурық барып жауды алса, сөзді шешіп дауды алса, ілесуші ең артынан. Мойны озған ерлер ғой, қатардағы халқынан. Айбаты оның кем емес, темірден соққан талқыдан. Жауды көрсе тоқтатқан, дауды көрсе сөз тапқан. Елге залал қылмаған, шашылғанын жинаған. Меймандарын сыйлаған, қай ісі бар Саурықтың, бұл халыққа сыймаған?!»33. Ата даңқын, тектілігін алға тартқан Жамбыл жырау осылай жеңіп шығады.
Майкөтпен айтысында Ж.Жабаев ізеттілікті сақтап былай дейді: «Сәлем-уағалайкүм, Майкөт аға! Есітіп дауысыңды келдім жаңа. Алдынан үлкендердің өтпейін деп, аялдап, әдеп еттім біраз ғана. Сіз бе еді – ақын аға Майкөт деген. Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген. Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса, именіп өзге ақындар бәйпектеген. Келіпсіз біздің елге әдейі іздеп, мейманды құрметтейтін кәдеміз ед. Сүйреңдеп алдыңызда сөз сөйлемей, етейін деп ойладым, әдеп-ізет. Сөйлеген аға тұрып ініден без, ежелден елде сондай бар еді сөз! Аралау ағайынды бір бұл емес, әлі де сізбен талай болармыз кез»34.
Бақтыбай ақынға да Ж.Жабаев ізеттілік көрсетіп: «Әуелі сәлем берейін, Жасыңыз үлкен аға деп. Өлең сөзге желейін, тұрғанында шама кеп. Бойда қайрат барында, ойдан өлең төгілсін... Алдыңызда сөйлейін, өлең бойы көрінсін. Егер сөзім ұнаса, оң батаңыз берілсін. Ұнамаса өлеңім: онда менен жерірсің. Мен жөнімді айтайын: Шапырашты елінде, Қарақыстақ қонысым, Майтөбенің төрінде. Өлеңменен шырқадым Алатаудың өріне. Тастап кеттім бір сарын, қырғыз, қазақ еліне. Қаздай қалқып ерінбей өлең тердім жасымнан, Майкөт ақын, Құлманбет, орын берді қасынан. Майлықожа, Құлыншақ, пірім еді бас ұрған! Айтқандары нұсқа еді, сөз жаралған асылдан! Айтар сөзім қысқа еді. тоқтатайын осыған»35.
Сары ақынмен айтысында Ж.Жабаев қарсыласын бірден беттен алып былай дейді: «Сарыекемді* састырып, Сүйекемнен* сүрінген. сізге жауап берейін, жақтырсаңыз, бүгін мен. Ақындарды жеңгенде, ісіңіз оңға жүгірген. Сүйекемді көргенде, жүрегіңіз түңілген! Соның ебін таба алмай, ой алысқа үңілген. Жеңілгенді намыс қып, аш беліңіз бүгілген. Сүйекем жоқ бұл жерде, дәрі берер тілінен! Сол емес пе шешуі. өзіңізге-ақ, жүгінем»36.
Бөлтірікпен айтысында Ж.Жабаев тоқетерін былай деп алға тартады: «Уа, Бөлтірік, Бөлтірік**** сөз жүйесін келтіріп, бір сөйлесең нетеді. Сүйегімді жасыттың, кетейін бе «өлтіріп!» қалай жасып қайтайын, осы өңірде сен тұрып. Ақын атың бар еді, сөйлесеңші серпіліп. Жасыл жайлау, ақ орда, қалсын біраз желпініп. Неге отырсың үндемей, Дәркембайдың алдында, дәтің бармай іркіліп?»37.
Жамбыл мен Шашубай айтысында да тектілік алға шығады. Шашубай былай дейді: «Ақынның сүйір келер тіл мен жағы, іркілмей осы күнде сөйлер шағы. Көрмекке бізге уажып* нұр дидарың, Жетісу, аманбысың, ел саңлағы?!.. Сұрасаң, менің атым Шашубаймын, болғанмен үйде кедей, түзде баймын. Баласын Орта жүздің айдап жедім, қалтамның түбі тесік байымаймын. Желге ұқсап, ұйытқып соққан зуылдаймын. Ешнәрсе сондадағы тындырмаймын. Саңлағын Жетісудың көргеннен соң сағыңды өлең жақтан сындырмаймын. Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын, табаным қызған сайын бұлдырлаймын»38.
Шашубай қарсыласының тектілігін де айта кетеді: «Сұраншы қарсы шыққан атқан оққа, Шашубай, көп сөйлеген талай топқа. Компания, Байбұлан, той қылыпсың, бізбенен қармасарға ақын жоқ па?! Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын, халқымның топтан озған дүлдүлімін. Ұлы сарын жүйріктің біреуімін, жұртыма жөн көрсеткен үлгілімін!.. Орта жүз Ұлы жүзден көп келеді, бәрі де Орта жүздің бек келеді. Аянбай барың болса қамдана бер, шапандай қанжығаға бөктереді. Бәрі де көрініп тұр, беп-белгілі, мақтанба, көрмегендей к... белгілі. Ақсұңқардай қырындап мен тұрғанда, тышқан алған мақтайды бөктергіні. Арқада мен айтайын салдығымды, мұнда келсем бек, төре хандығымды. Ашулансаң аспанды тастап жібер, сен де аянбай қимылда барлығыңды... Сөйлесе сөз келеді Шашубайдан, сен оңайсың Жамбылым, ішкен шайдан. Байлығым мен бектігім сенен артық, бір зырқырап жүгірейін әлдеқайдан... Басамын осыменен қарқыныңды, аузымнан шығарайын алтынымды. Ерден шыққан қатындай неме екенсің, езермін бала құстай алқымыңды»39. Оған Жамбыл былай деп жауап береді: «Зырқырап Жамбыл сөйлесін, өрге жүзген қайықтай. Сынға түссін сөзіміз, осы отырған, халыққа-ай! Бақ, дәулетім басылма-ай... Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, соларға кезек бермеген, Ұлы жүздің ішінде, Ұраным менің, Қарасай! Қарасайдың ұлымын, айтулының бірімін. Нар кілемнің түгімін, қызыл тілін безеген, найзасын тасқа егеген! Алды-артыңды буамын, сені асырмай кезеңнен!»40.
Ақындар айтысына төрелік еткен Жырау Жамбыл ұстаздың батасын Нұрила ақынға былай деп береді: «Жамбылдың жасы жетті жетпістерге, мұндай бала көргем жоқ өткір тілге! Дауысың көкке жетіп, аспанға өрлеп, естідік әуезіңді бір түн бізде. Олай болса тоқтату мүмкін емес, бар, шырағым, рұқсат бердім сізге. Қара табан болғанда қарашығың, шақырармын, кел сонда біздікіне! Сөзіңнен сорғалаған тамады алтын, аңқылдаған адамға көңілің жарқын! Бала жастан өлеңге Жамбыл құмар, басылатын жайым бар әнмен мауқым. Тербеткен жүрегімді жас баладай, құлағымда тұрады осы даусың! Барғын, балам, аман бол, жолыққанша, бәрекелді! Үстіңе көп нұр жаусын!»41.
Совет заманында Саурық батырды үлгі етіп көрсету Жамбыл Жабаевтың ата-бабаның ерліктерін еске салу ғана емес еді. Ата-баба даңқы мен тектілігі туралы Ж.Жабаев былай деген: «Ел көшкенде қазынасын, алпыс нарға арттырған. Асыл кілем жаптырған, жібектен арқан тарттырған, әлемді алып байлығы, әсемдігін арттырған... Ағысы судай өрлеген Сұраншы, Саурық батырым, шеніне дұшпан келмеген. Ақ кіреуке жамылып, ат кетпеген кермеден... Қилыбай ұлы Қожамбет, көк берендей түтеген, көкірегіне Құдайым, тоқымай нұрды бітеген. Айға білеп ауызын, аспанға қолын сілтеген»42.
«Саурық шыққан басынан, көк шыбықтай иіліп, ерлік қылған жасынан. Күндік жерден дұшпанын, дабылымен қашырған... Қылышы қия шабылған... Найзасын тасқа түйреген»43. «Сұраншы, Саурық батырым, шетіне дұшпан келмеген. Ақ кіреуке жамылып, ат кетпеген кермеден. Қамын ойлап халықтың, тар кезеңді бермеген»44 (том 1, 1996). Сұраншы батыр, Сарыбай би туралы тарихи мағлұматтар құнды болып табылады. Совет кездегі қазақ тарихы бұл есімдерді ол кезде атамайтын.
«Сұраншы Ақынбекұлы – ХІХ ғасырда Жетісу жерін Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншылығынан құтқару жорығында үлкен ерліктер көрсеткен батыр. Сарыбай Айдосұлы – ХІХ ғасырда би болған, Шапырашты, Екей руынан. Ол Жетісу жерін Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншылықтарынан азат ету жорығына қатынасқан, Сайрам қаласында жараланған»45.
Ж.Жабаев Құлманбетпен айтысында былай деген: «Сұраншы, Саурық пенен жаудан өлген, халық үшін шәйіт болып жанын берген. Елді қорғап өлгеннің арманы не, қалың қазақ құрметтеп соңына ерген»46.
Халық мүддесін басты санау – ер үшін ең басты абырой екені осылай айғақтала түседі. Тура осындай пікір ақынның айтыстарында да орын алған. Досмағамбетпен айтысында: «Шын қызсам, сөзім – жалын, домбырам – найза», «Құйындап көкке шапқан мен бір пырақ», «Өткір қылыш алмаспын», «Ағып бір жатқан селдеймін». «Сөз атасы Сүйінбай» деп қадірлеген ұстазын Ж.Жабаев саңқылдаған сұңқарға, ал өзімен айтысып отырған Досмағамбетті жалаңдаған аш бөріге, шықылдаған сауысқанға ұқсатады. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай. Сырлы, сұлу сөздері, маған тартқан сыйындай. Сүйінбай деп сөйлесем, сөз келеді бұрқырап, қара дауыл құйындай»47, – деген.
«Сүйеке, сүйенішім, өнерпазым, әйгілі, ақылгөй, желді сөздің. Әкежан, сен де тіле, бата берсін, балаңа өлең қонып, атақ ерсін! ...Батаңды маған бер, әке, тіліме менің ер, әке! Жапаның ұлы ақын боп, жақсы істепті дер, әке! Домбыра алып сөйлейін, күнде жасап мереке. Мерекелі болған соң, елде болар береке. Ұрлық түбі – қорлық деп, болармыз құр келеке»48.
Асыл сөз туралы ақын былай дейді: «Жайдың оғы», «Сөз дауыл», «сөз қанжар», «сөзбен жанын емдеймін», «қызыл тілін безеген», «найзасын тасқа егеген». «Сөйлесем, өлеңімді түптеп бермен, Құйылар сөз нөсері көктен, жерден», «Ағыным ақ боз аттың ағынындай», «Дауысым аққан судың сарынындай». Асыл мен ер сөзі көбіне қатар қолданылған: «Сұраншы біздің ер еді. Қабағы жаман түксиген, досы қатты сүйінген. Дұшпаны жаман күйінген... Сауыт-сайман сайланып, жалаң қылыш байланып, найзасын тасқа түйреткен, саурыққа ерден кім жеткен?». Сондықтан: «ерліктің оты», «тілім – шырын, жырым – кент». «Өлеңім топан суындай», «Сымға тартқан күмістей», «өткір сөзім қылыштай, қырандайын қалықтап, ақ бөкендей желгенім». «Бүркіттей қанат қаққан қарлы аязда», «Таудан соққан дауылдай, сорғалап құйған жауындай».
Ж.Жабаев дастандарында асыл сөздің көркемдігін ұстанған. Сөзді нақты қолдана білуді ақын өзіне ұстаным етіп алған. Сондықтан өзі туралы былай дейді: «Қазақтың тиеп алған көп мақалын, мен өзім көпті көрген ақсақалмын», «Өтеген батыр» дастаны былай басталады: «Ақ көбікке оранып, толқыны тоқсан бұралып, арықтай аққан арналы, Жамбыл бір жыр жырласын. Жұрт хикая тыңдасын, Өтеген батыр туралы. Хикая емес бұл өзі, өз жанымнан шығарған, есімде жоқ осы жыр – қайдан, қалай алынған. Мұны, ызыңдап даладан, – жырлаған, ескен жел маған. Бұл жырды мен естігем – тағы құлжа үнінен. Бұл жырды мен естігем – бұлбұлдың тәтті күйінен. Бұл жырды мен естігем – Ер Өтеген туралы, Саңқылдап шыңның қыраны, Аңыз еткен күнінен. Бұл жырды мен естігем – тулаған толқын дөңінен. Бұл жырды мен естігем – Шөбінен, дала гүлінен. бұл жырды мен естігем – жұлдыздың аққан көгінен. Бұл жырды мен естігем – өрінен ескен желінен. Бұл жырды мен естігем – сай-саланың шегінен. Бұл жырды мен естігем – безіп жүріп ауылдан. Бұл жырды мен естігем – жыршыдан, ақын қауымнан. Жыл айналып, жыл озып, Өтеген өліп, қол үзіп, Сапар шекті келместей. Алайдағы тарихтың, ауызында халықтың – аңыз қалды өлместей»49.
Батыр тұлғасын ақын былай бейнелейді: «Жолбарыстай қарулы, қырандайтын қырағы, арыстандай айбарлы».
«Өтеген батыр» жырындағы тарихтағы ер тұлғасы туралы былай делінген: «Өсті батыр тұлғалы, жолбарыстай қарулы. Қырандайын қырағы, арыстандай айбарлы. Жүз кісінің ішінде, ол бір жүрген дөрегей, бір өзі батпан бірегей. Аң аулауда, бәйгіде, атағы шыққан әйгілі. Жан еді бір думанда жабықпаған жалғанда. Мейірімді ана иетін, бөбегін сүйіп өрімін. Сондай-ақ о да сүйетін, көшпелі қазақ өмірін»50.
«Өтеген батыр» (хикая) деп аталған тарихи толғауда (1-том. 168-195) Тарихи оқиғалар былай суреттеген: «Жетісу қазақ қонысы ед, мамығы майда оралған, күндер болған бір кезде сол жер қанға боялған. Бір кездерде алакөз – болған сол жер аймағы. Ұрыс-қағыс болған кез, қырғыз, қазақ, қалмағы. Найза ұшталып тұлпарлар, жортып, жебе жарқылдар. Күндер болған өлікке. Қара қарға қарқылдар. Он сегізінші ғасырда, далада, қырдың басында, ақ жағалы, жез топшы, патша* жорық ашуда. Дүре соғып дүрілдеп, бүлдірген елді біріндеп, атуға да, асуға. Көшпелі елді қырғандай, бұзып, қырып, өртеді. Ол күн қара борандай, болып кетті ертегі. Еміренген дала күңіреніп, жайлауларда, тауларда, Жетісу бойы тебіреніп, қуырылған патша, хандарға. Өтеген сонда ойқастай, талабынан таймастай, ызаланып, өршігіп, тұлыбы тола тершігіп, бұл өртке оған болмады, халықпен бірге жанбастай. Қүшінен бірақ танбады, суарылған алмастай»51.
Батырдың билік пен халық арасындағы ел қорғаушысы екені осы ретте анықталады: «Жұрттан бұрын ол сезді. Қайғыға халық түсерін. Патша алдында бас иіп, хандардың ант ішерін. Өтеген сезді хандардың, арам, пасық ниеттерін. Халықты сатып, патшаның, киерін шенін, шекпенін. Ер Өтеген олардан, қорықпады – шынықты. Ұзақ сапар шегуге, дайындады жорықты. Жинап болып нөкерін, жарқылдады ол қырандай. Батыр барлық халықпен, ақылдасты, ұрандай: «Арыным – батыр арыны, дабылым – халық дабылы! Ақ жағалы патшаның. Жақындап тұр жорығы. Жетісуға жендеттің, түскелі тұр құрығы»52.
Батыр жай ғана қорғаушы емес, сонымен қатар ел тағдыры үшін жауапты тұлға екені былай суреттелген: «Өтегеннің талабы, келген кезде кезегі, дүние жүзін кезеді. Қара қазан, сар бала, қамы үшін қамдана – қонысқа жер табады. «Мен табамын-табамын, бұлақ аққан жерлерді! Көгі көктеп, гүл жарып, құрақ атқан жерлерді! Төрт түлікке ыңғайлы, толқын көлі, тоғайлы, көгінен нәубет, жерден нұр, құлап жатқан жерлерді. Жұт болғызбай, құт қонған, қой үстіне боз торғай, жұмыртқалап, бақ қонған, сүйікті қазақ халқына, ұнап жатқан жерлерді! Өтеген қарап жатпады, пайдасыз сөз айтпады. Ұрандап елді шақырды, батыр кірпік қақпады. Елу жігіт бел байлап, мақұлдасып, ыңғайлап, ақылға айтқан тоқтады»53.
Батыр бір шеті Қытай, бір шеті Еділ арасында қазаққа жайлы қоныс іздейді: «Ол кез Ресей патшасы, Еділге бұғау салғаны. Сезілді езіп зарлатқан, салғаны елге найзаны. Осыдан бастап патшаның, тігілді орда, іргесі. Көшпелі қазақ еліне, ол орда болды түрмесі. Арандайын ашылды, қорқау патша құлқыны. Қызды күң ғып зарлатып, айдап алды жылқыны. Онан да әрі алғалап, Өтеген батыр айқайлап, түсті Сыпыра жортуға, дабыл ұрып жарқылдап. Тағы тау, құз жол тосып, алдында жел аңқылдап, үйсіз-күйсіз Өтеген, Жиһан кезіп ертеден, кешке дейін салпылдап. Суыққа тоңып, қысты күн, ыстыққа күйіп, жазды күн, қобызындай Қорқыттың, безілдейді қалтылдап. Таң атып, күн батқанша, жұлдыз сөніп жатқанша, жел аударған қаңбақтай, жортуылда жортақтай. Аттың басын тартпады, су суалып, шөп қурап, күн жер көнін қақтады. Сол жердің барып шөліне, Өтеген қазақ еліне, қоныстар жерді таппады! Аттың басын доғарып, тойғызып, жемдеп суарып. Өтеген енді бет қойды, Ақтөбеге қайтқалы»54.
Қазақ даласын кезіп еліне қуатты қоныс іздеген батыр былай деп толғанады: «Мен халқымды сүйемін, оған қоныс табармын, шалқып жатқан шалғынның, шұрайлы жерін алармын!» деген ойда маужырап, Өтеген отыр тұнжырап. түн көрпесін тұйықтап, үнсіз дала, көк шатыр, астында аспан жұрт жатыр, жігіттер қалды ұйықтап. Көктегі нәзік алтын ай, құлындай сұлу айқын ай! Жұлдызды көгін жайлауын, жайлаған жанып жарқырай. Тынышы кете жыбырлап, сөйлескендей сыбырлап, жұлдыз бен жұлдыз қалтырай»55.
Ер мұраты деген ұғым осы ретте айғақтала түседі: «Мен бір батыр Өтеген, Жетісуда жұртым бар. Шалқардан шалқып қайнаған. Қуатты менің халқым бар... Қондыру үшін ел барып, бақыт келіп, бақ дарып, тұратұғын оңдалып, халқымды, қазақ елімді! Қарасам сондай іреңің, сенің де мендей жүрегің, іздегендей тыныш жер. Жүрер шағым жетіп тұр; Ойымда өмір бекіп тұр. Халқым асу күтіп тұр, бөгеме, өткіз, жолды бер!»56.
Батыр айдаһарды жеңіп Ғайып-Еренмен кездеседі: «Қарсы алып, Ғайып-Ерен*. деген кәрі көрінді. Аппақ қудай сақалды, жарқыратып ақ басын. Үйдің жары жақпардай, қырау шалған ақ қардай. Сәлем беріп Өтеген, жөн сұрауға төтеден, сөйледі, тіл қатқандай: «Ақ сақалды, ақ шашты, қария, ата, көп жасты. Жортар жолым мың тарау, шаршадым рас, өң қашты, маған қажет ел табу, кері қайту, үй табу, жүретін жолым тұйықтау, қиынырақ жол табу. Жиһанда жол көп, я өлу – керек, иә маған жер табу. Жетісу, елім аймағым, қыстауым да жайлауым. Соған алып баратқан, бар жаңалық хабарым. Елім жаңа қонысқа, қонса ұшырап ырысқа. Күткен өмір жайнауын, құмырысқа да илеуін. Шегіртке де жырасын, іздемей ме жайлы орын, бозторғай да ұясын. Әркім жайды көздеген, балық та су іздеген. Халқым үшін мен қалай, сұлу жерді іздемен?! Көрдім, талай көремін, жиһан кезіп келемін. Халқым үшін бас қиып, не де болса көнемін!» деді оған Ғайып-Ерен: «Жолың болсың, Өтеген! Сен мұзбалақ қырансың түйілетін төтеден. Алтайы жүйрік маралдай, қашсаң құтылып, қуғанға қас қаққанша жетеген. Алдыңда сенің майдан бар, оған айтар, айлам бар: Түнде барма үйіңе, күндіз барсаң жайдан бар. Жұмыста да соғыста, ақылыңды ашу қыспасын. Ашушаң болсаң, сол қолың, оң қолыңды ұстасын!» Өтеген иіліп, бүгіле, ұқсап туған ұлына. Рахмет айтып кәріге, аттанды жортып жолына»57.
Жыланды жеңіп, айдаһарды құтқарған Өтеген батырдың жәйі былай бейнеленген: «Жігіттер жетті қасына, айдаһардың үстіне. Қараса басын ішіне, жиырып алып, шықпаған. Жыланның басы талпынған, қапталған толып алтыннан. Адам ойлап таппаған, сары құмандай алтынды, Өтеген алып жалқынды, деді Өтеген: «Бұл екен, Айдаһардың сыйы екен, беруге бізге сақтаған. Ізгілік, достық істесек, алтын, күміс береді. Егер қастық істесек, зұлымдық уын төгеді. Ізгі болсақ, біз егер, әділдіктің жолында. Ешуақытта болмаймыз, зұлымдықтың торында. Халық үшін қасық қанымыз, аяусыз болсын жанымыз. Болысалық әрдайым, жетім-жесір момынға. Еңбек еткен емеді, еңбексіз жан өледі. Жалқау болсаң жабылып, жұрт өзіңе күледі». Өтеген батыр атақты, нөкерге осы сөзді айтты»58.
Жырау осылай «Халық үшін қасық қанымыз, Аяусыз болсын жанымыз» деген ердің түсінігін айқындап береді. Келесі сынақ – ғайыптан пайда болған сұлулармен кездесу. Бұл сиқырдың сынағынан да батыр аман өтеді: «Манағы келген сұлулар, сиқыр екен деді шын. Ол жезтырнақ болғаны, сұлу боп түнде жүргені, сиқырлана күлгені. Жанды бүред болаттай, тырнағымен бүргені. Біз сөйлесіп тұрғанда, көздері жанды жарқырап. Олар нағыз жезтырнақ. Келгені бізді шолғаны. Жылмаңдаған жезтырнақ, жауызырақ аңдардан»59.
«Ортекедей орғытып», «Шыңнан шыққан шынардай» (192. 1-том) жер кезген батыр елі үшін құтты жер табады: «Қоршап алдын тұрғанда, Өтеген батыр түн қатып, қырық күншілік жол қатып, көктей өтіп орманды, тауды, тасты жарғанда. Ақыры, жаздың көктемі, қара орманның көктеуі, түлеп тоғай, шалқар көл, сезілді жаздың жеткені. Бұлақ ағып таулардан, гүлдер жарып баулардан. Тұрған шақта Өтеген, жолды тауып төтеден. Жиделібайсын еліне – көрінді көзге жеткені. – Өтеген сенің іздеуің, жер-жиһанды кезгенің іздегенде осындай – жер еді ғой көздеуің! Жер жаннаты кез болды. Көре ме сенің көздерің? Қарашы қызыл арайға, көресің бе, ұнай ма? дақсыз ашық аспанда, балықша бұлттың жүзгенін? Көрдің бе таң шапағын, жердегі гүлдің тізбегін. Малынған бау-бақшада, жемістің жерді сүзгенін. Ауызға түскен жалғанда, жемісі тәтті балдан да. Жерді жыртып егілген, дәмі тәтті дәннен де. Ақ мақтасы – күмістей, жері кілем – пүліштей. Өтеген, анық көрдің бе, мұнан басқа тағы да, бар ма артық іздерің?! Ту тушадай қояны, қырандай ірі торғайы. Көресің бе, әнеки, жайбарақат малдары. Жайлауда жусап жандары, рахатта жүргенін. Ешкілері жылқыдай, ылағы бағлан тоқтыдай. Ертегі болған Домбай да, осы жерді сүйіп ыңғайға, қоныстауға меңзеген. Меруерттей суында, қаз бен қу жоқ жүзбеген. Туған шақта жаздары, қоңыр ала қаздары, көздеген жерден кез келген. Қазақ халқы белгілі, осы жерден бақыт ілгелі, тұрғандай-ақ сездірген: «Осы жерде, Өтеген, деміңді ал, көзің сал. Кезе бермей қияны, осы жерде деміңді ал!» арпалысқан атынан Өтеген түсіп өрім тал, жанаттанып құлпыра, шөбін иіскеп қарады, жайлы ма деп жылқыға. Жылқыға жайлы емес деп, қайтып келді жұлқына. Жылқыға шөбі жақпаса, жылқыға жайлым таппаса, шоғы сөнген отындай, келмейді деп қалпына. Отыра қалып сол жерде, қоныс таппай бұл елден, Өтеген батыр жылады, балапандай талпына. Ойын күңгірт басқандай, тілегі оның ұшқандай. Алтын ойын мыс қылып, салы суға кеткендей. Астында тұлпар аты өліп, ақырғы демі біткендей, састы батыр сарқыла...»60.
«Сұраншы батыр» тарихи поэмасында жырау қазақтың тарихының тағы бір белгісіз беттерін ашып береді: «Ақ домбыра қолға алып, ай мен апта толғанып. Жылға құйған теңіздей, жырдың селі қорланып. Ақ семсердей жалтылдап, шағылысқан күн шалып. Құрағындай айдынның, жел шайқаған ырғалып. Терең теңіз тұнбасы, тұнбада жатқан нұр тасы, таратқан Жамбыл жырды алып. Жиырмада жырға жел беріп, аударған желмен сең болып. Кесегімен қопарып, таусылмастай кен болып. Үздіксіз болған он күн той, тыңдағанда ел болып. Ақ бидай терген тауықтай, елге жырым жем болып. Алатаудың аясы балауса шырғай саясы, үнімен шыңы жаңғырып. Ақын Жамбыл мен болып, өскен ем өрем кең болып. Өзен деген ат болмас, ат жалдарлық су ақпай. Ғалым деген ат болмас айтқаны тұрмай шырақтай. Әнші деген ат болмас, әуезі көңіл жұбатпай. Ақын деген ат болмас, қандырмай мейір суаттай. Жыры болмай бұлақтай, тұнығы болмай сынаптай, Алатаудан арындап, асқан судай құлатпай. Алабұртқан көңілдің, қытығын таппай сұратпай досың болса, күлдіріп, сүйсіндіріп жұбатпай. Жауың болса, бүлдіріп. Домбыраң берен, жырың оқ, дәл тигізіп сұлатпай. Домбырасы шіңкілдеп, жағына сөйлеп күңкілдеп»61. Осы ретте Ж.Жабаев асыл сөз құдіретін былай деп анықтап береді: «Айтқан өлең-өлең бе, бақылдаған лақтай?! Ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы. Жыр тұлпары Сүйінбай, осылай айтқан уағызы, қалғанда жырды ұнатпай. Ескіден есте қалғаннан, жасымда айтқан жырлардан. Ескерткіш еді батырға, қиядан шауып, қырды алған, қиынға шауып, жол салған. Бөрі басқан бүркіттей, қансыратып жауды алған. Батырдың жыры сүйікті, қатықтай ұйып тыңдалған. Жамбыл-Жамбыл болғанда, жыр дауылы қозғанда, қырғыз, қазақ еліне, талай рет жырланған. Бата берген Сүйінбай, жырдың тіккен туындай! Айтқанда маған ақылды, жырла деген батырды, есімде мәңгі сол қалған. Бойға қуат болғанда, жиырма бестің жалыны, тебінсе темір үзгендей, толысқанда қаруы»62.
Ата-бабадан келе жатқан толғаудың құдіретті домбырамен қосылып шығатын асыл сөзі туралы ақын былай деген: «Сия-сауыт, қаламсыз – дәптер, кітап, қағазсыз, ой қозғаған домбыра, сөз қозғаған домбыра. Болған кезде Жамбылдың, домбырамен жазуы, жырланып еді осы жыр. Жырламайын десем де, ел тілегі қоймады. Таудан құлап тарғыл тас, тарығып шығып, көзден жас тарыққанда сүйенер, ел батырын ойлады, ойламасқа болмады. Қабағы түсіп, қамығып, батыр ұлын сағынып, ескіні еске түсіріп, жырым еді сондағы»63. Бұл жыраудың өз тарихи жырларына берген түсінігі: «Қарасаң, балам, жоғары, көтеріліп қабағың. Мұз – дулыға, қар – сауыт, Алатаудың алабын. желкілдеген қарағай, көп майсалы тамағын. Жұпар иіс, боз жусан, бетеге басқан балағын. Ескі күнді сонау бір, шығарып естен барамын. Алатаудың аты көп, созылып жатқан қарлы жал»64.
Қазақтың бодандыққа түсуі, елдің еркінен айырылғаны туралы «Өмір бейнесін» ақын былай деп суреттеген: «Бейне өмірдің бейнесі, бүгін шаттық, кеше зар. Жайлағалы мұны адам, санап бітпес не заман. Неше халық, неше хан, тапты қырғын талай жан. Толып жатқан оқиға, соның бірі айтылар. Заман-заман дегенде, заманға қожа адам ғой! Наразы болса, заманға, бар кінәні соған ғой! Жырға желі заман сол, елдің күні қараң ғой. Қақпалап елді хан мінген, қайғы басқан заман ғой, «зар-заман» деп ат қойған. Зарлануы халықтың, шектен асып ушықты: айдаһар жұтып аюды, шоңбас жеді шымшықты. Лек-лек солдат айдатып. Мойнына шекпен байлатып, Оралдан өрлеп Алтайға, алуға патша ынтықты»65.
Елге қырғидай тиген Құдияр қожа мен Колпаков* пен Черняев** істері тарихи негізде берілген: «Тілеуқабыл, Қасқарау Сарыкемерде шабылды. Шапқыншының аттары, Сауырынынан аққан тер,Пұшпағынан сабылды. Бейқам жатқан қалың ел, Қарсы тұрмай жалынды. «Жаудан күту жақсылық – Зарыққанның салдары. Байдан күту жақсылық – Тарыққанның салдары»66. Осындайда ел бірлігі болмағанына жырау жүрегінен қынжылады: «Бектерде жатқан көп Дулат, бүлінді де жарылды. Есеңгіреп ер кетті, кемпір, шалды еңіретті. Керегі талап алынды. Дулатта батыр Сыпатай*, жаудан қорқып сенделіп, Сарыбұлақтың басына, Аңырақайдың тасына, түнде барып, тығылды. Батыры тұлға бола алмай, елдің түгі жығылды. Үш бөлінді көп Дулат: бір бөлегі бері өтпей, тауда қалды қамалып. Қалың жаудан жасқанып, айсаның қырын өрледі. Бір бөлегі қаймығып, жау қарасын көрмеді. Шапырашты – Қарасай, жаудан қорқар ер ме еді?! Қиратып жау жатқанын, Дулат жақтан білмеді, тездеп хабар келмеді. Бір бөлегі Дулаттың, Маямердің ауылы. Іледегі тоғайдың, түбегіне тығылды. Қарсы тұрар жігіттер, жау қолынан қырылды. Жеті жігіт, жеті қыз, жас жандарын қорғаштап, түйелерге мінгесіп, ағын суға бұрылды. Су деген де тілсіз жау, бұрқыраған су асау. Ақ көбігін атқылап, жын қаққандай жұлынды. Қызды көріп, қырық әскер, қылыштарын суырды. Аһаласып ұмтылып, иектерін жымырды. Жауды көріп өңкей жас, асау суға ұрынды. Қарғып түскен жеті нар, тұңғиыққа жығылды. Қызғалдақтай он төрт жас, қалды судың түбінде»67.
Тарихи оқиғалар – соғыс шайқастары осылай нақты бейнеленгенімен құнды мағлұмат болып табылады. «Ел тарықса ежелден, батыр түсер есіне! Батыр болған түйінді іс, қалғандай еді шешіле. Жер шұқысты тоналған, төмен қарап тесіле. Жаңа өспірім, жас батыр, елге салған несібе. Арыстан жүрек Сұраншы, шыңда жатыр алыста. Оны шыңға шығарған, қонысы жоқ, қол қысқа. Жаз жайласа Үшқоңыр, қыс көшеді Арысқа. Шапырашты аз ата, Ұлы жүзде туысқа. Өз әкесі Қашке еді, арғы атасы Қарасай! Бір жақыны Саурық, жауды көрсе шалады-ай. Тұқым қуған батырлық, үзілмей аққан сағадай! Ұлы жүзі қазақтың, ық жағына қорадай, жел жағына панадай. Сол сияқты батырға, алыстан қонақ келгенде, қалатын күні көп еді, қонақасы табылмай. Жайшылықта ел көшсе, батыр ауылы көліксіз. Дулат, Албан, Суанмен, кетер еді қарамай. Сондықтан батыр шында еді, Ақберенмен құс атып, қыранға марал ұстатып, малы барға жалпақтап, жалынды көрші бола алмай аңсады ел батырды. Жатса-дағы алыста, жақын болса Сұраншы, қызбас па еді дабысқа!»68.
«Намазын оқып жол алды», «Намаздыгер болғанда» батырды іздеген қарттар Сұраншы ауылына жетті. Батыр оларды былай қарсы алады: «Ақ сақалы су болды, сорғалап аққан жасынан. Арыстан мүше жас батыр, сүйеді келіп басынан. Төрге алаша төсетіп, орын берді қасынан. Әлденеден тарығып, бейнесін көрді жасыған. Мейірімді туған Сұраншы, елі сүйіп жасынан. Жетім мен жесірді, атына артып көшірген. Ерегіскен жауларын, су құйғандай өшірген. Тарығып келген қарттарға қайғырып жаны ашыған. Қабағынан қар жауды, кірпігіне мұз қатты. «Кім еді» деп басынған. Беттеріне су сеуіп, екі қарт есін жиған соң, оқиғасын сұрады. Ес танып, өткен басынан, көз құрғатып екі қарт, арсаланып сүйегі, кемсең қағып иегі, сүйеуім тыңда, ер, деді. Ерді тауып өсірген, атасы мен анасы, жалпақ жатқан ел, деді. Олай болса, жан ботам, арқалықтай сүйенген, елдің ұлы сен, деді. Желеу болған ақ сақал, зарлап, мұңды бұл сапар таудан іздеп батырды, жайбарақат келеді. Заманнан заман асқынып, зәрін барад жаюға»69.
Ж.Жабаев қай өлеңінде болсын халықтың қамын ең басты деп санайды: «Хандар шауып қандатып, қан қақсатып зарлатып, елдің басын доп қылып, айналдырды ойынға. Сап-сап тұрып солдаты, сартылдасып арбасы. Серейіскен зеңбірек, бетке ұстаған айбаты. Патша кірді қойынға. Тезек төре** жол беріп, қарғы тақты мойынға. Қоқанды құртқан Құдияр, Оратөбе тәжігін, көкпар етіп тойында. Патшаға қарсы тұратын, қуаты жоқ бойында. Қырғызды қанға батырған, әркімге бір сатылған, орман хан бар қолында. «Қазақты барып талайық, патшадан бұрын алайық», деген мақсат ойында. Арам туған зәнталақ, екі көзі қанталап, қасапшының итіндей, қоразданып анталап. Салып жатыр ылаңды Сарыкемердің бойында»70.
Елін сатқан Сыпатай туралы ақын былай деп өкінеді: «Кең жайылым өрісі. Басына күн туғанда, көрінеді елдің кемісі. Батыр деген Сыпатай, қара басын сауғалап, тауға кіріп, жоғалып, шықпай кетті дыбысы. Арқауы ұзын атаның, келте келді ер ісі. Келеді деп ойламай, қағынған ханның перісі. Бейқам болып, ел жатты. Жаудан күші кем жатты. Бейқам жатқан сол елді, абайсызда жау шапты. Күртіде* жатқан көп елді, түнде басып, сорлатты, қыз-келіншекті қатарда, мінгізіп нарға, атанға, құсбегі мен бегінің, шатырына жолдатты. Жан сауғалап қорынып, қас жауынан торығып, суға түсіп обығып, қатын-бала зар қақты. Қарсы тұрған кісіні. Атты, шапты кескілеп, күрті бойын қандатты. Тұлымдыны құл қылып, даланы мұңлы үн қылып, ата-ананы аңыратты. Қатар жатқан қарындас, бөліп ішкен аяқ ас, ақ қалпақты, қырғызым, «Өзбек деген өз ұлым», халық іші дос жарлы. Дос жар халық сүймеуші ед, қан төгетін дұшпанды. Қырғыз-қазақ бірігіп, күшін қосып ұстады. Жүрегі қара Құдияр, орман бұзық тағы бар. Достыққа тағы өрт салды. Қамап жатқан хан әне, қамалып тұрған жан әне, басшысы жоқ Дулаттың, қыларлық айла қысқарды»71.
Сыпатайға ел қорғаны болған Сұраншы қарсы қойылады: «Сұраншы батыр тістеніп, Көбін алаң қылмады. Батырға Андас сөйледі, жақсы кеңес бергелі: құмырсқадай мынау қол. Топырақ шашсаң жетер ме?! Ақбереннен оқ атсаң, мыңына бірден өтер ме?! Үш жүз кісі ат қойсақ, жиырма мыңдай нөкерге инемен құдық қазғандай, оған әсер ете ме?! Көбелектей отқа ұрып, өртенеміз бекерге. Әлі де ойлан, батырым, осы сөзім бекер ме? Жетпес біздің күшіміз, өтпес біздің тісіміз»72.
Ел қорғаны өзін елі үшін жауапты екенін анығынан сезінеді: «Ашуы қысып Сұраншы, ақ семсерін суырды. Қит етсе, кесіп тастауға, Андас жаққа бұрылды. Енжар болған қорқақтың, ұнжырғасы жығылды, қойнына басы тығылды. Жігіттерге сөйледі: – Ел жақтамас көп жаудың, көптігінің себі жоқ. Оның аты – боркемік, талмасқа шыдар белі жоқ. Озып шабар жүйрікке, ылдиы мен өрі жоқ. Батыр туған жігітке, шабатын жаудың көбі жоқ. Уайым жауға алғызар, тұңғиық болып, түбі жоқ! Осы қолдың несі көп, қуарып тұрған шірік шөп. Суырып қылыш, ат қойсаң, қарсы тұрар бірі жоқ. Қорықпа да, қашпа да, текке ұшпасын үрейің. Қарада тұр топтанып, жалғыз өзім кірейін. Мың жау маған бірге есеп, мың қарғаға бір кесек. Кесек болып көрейін, қорғасынды мен сақа, ұшырамын кенейін! Жұртым үшін мен құрбан, жазасын жаудың берейін. Жаулар – қоян, мен – сырттан, арасына енейін. Еңкілдеген шал анау, шырылдаған бала анау! Қуыршақ болған бектерге, келіншек пен қыз анау! Көзім тірі тұрғанда, қорлыққа қалай көнейін?! Жауым көп деп жасқансаң, сендерді дос демеймін. Қашар болсаң, қырамын кетпейсің тірі біреуің. Ел үшін жанды қимасаң, ер деп қалай сенейін. Сенімсіз болсаң, жоқ қылып, ақтұяқты шаптырып, жауға қарсы желейін. Қарсы семсер салысып, жағаласып, алысып, не босатып, елді алып, не тұтқын боп, мен қалып, халық үшін мен лақ, жау қолында өлейін! Ақ сүт берген анам – ел, үлгі берген атам – ел! Адалдығым ісіммен, бойдағы қару, күшіммен. Перзенттік борышымды өтейін! Батыр тұрып толғанды, терең-терең ойланды. Теңізден тұрған желдейін, күтірлеп кеткен сеңдейін. Жалын шашқан таудайын, айбарланып қозғалды»73.
Ата-баба рухын қастерлеу дәстүрі осы ретте де сақталған: «Батыр соған сөз салды: – Бабам менің, Қарасай, Шапқанда елді жау талай, айырып алған батыры. «Арыстан болсаң, жау үшін. Түлкідей болсын әдісің», дейтін бар-ды ақылы – Сіздерден сұрар көмегім, бұйрық қылды демегін. Қанқор патша қажытқан, сендер де елдің жақыны. Бектер тіккен шатырға, шапқым келді ел жата... Елі үшін туған – ер болса, елін бүгін қорғасын!» Осыны айтып Сұраншы, ағын судай тасынып, ашулы көзі жалтылдап. Жайнаған шоқтай шашылып. ...Намазшамнан өткенде, құтпаннан уақыт жеткенде, Ақберенді сайлады. Жар қабақта жалтыр тас, қарына найза байлады, семсерін соған қайрады. Жібекпен басын бір тартып, ат қойды батыр ақырып. Ақырған даусын есітіп, жау айнала қарады. Есінен әбден танады... Астына мінген Ақтұяқ, тоздырып тозаң бұрқырап, атқан оқтай жұтынды. Аш қасқырдай батырдан, қай жау қашып құтылды?!»74.
Елді қорғау – батыр үшін ең басты міндет екені осылай анықтала түседі. «Ел жақтаған батырдың, сағы жаудан сынбады. Қашқан жаудың артынан, Ақтұяқ атты бір қара, Қарасайлап қалмады. Өлексемен үйілді, Алатаудың сайлары. Тозаңдай тозып жыртылды, ханның ала байрағы, қасқырға шауып арыстан, Қанқордың шықты ойраны»75.
Ақын шешен сөздерді орынды қолдана отырады: «Жарымаған жарлының, Байығаны – тойғаны. Қымыз, боза аралас, кекірініп кілең жас. Арнап тіккен үйлерде, отырысты бойдағы. Хан бұйырған жыршылар, бірде күлкі, бірде зар. Қызыл тілмен балқытып, бұлбұл болып сайрады. Сөз аяғы бір соғыс, ел аяғы сол соғыс. Енжар көңіл қырғызды, итермелеп қоймады. Ишан, молда бастысы. Ақ меруерт тәспісі, өлгендерің шейіт деп, өлмегенің қазы деп, сатылды ханға иманы. Соғыспақ болды ақыры, сауыт киді батыры. Сұраншыға хат жазған, «шүкір» деді Орман хан. Орындап ісін ойдағы, бек біткенді жайлады. Елге келгеп бүлікті, дауылдай тиіп айдады. Жалынның бетін қайтарып, қасқырдан елді айырып, көтеріп көңіл жайлады! Сүймейтін хан мен байларды, хан билеген заманның, қанын ішкен адамның, осылай еді, жайлары!»76.
Елдің мүддесін таптағандардың жәйін ақын осылай түсіндіреді. А.Байтұрсынұлы айтқан толғау жанрының ерекшелігі туралы ақын Ж.Жабаев былай дейді: «Сауылдап құйған жауындай, жырды Жамбыл қозғасын. Жырдың тәтті жаясы, батырлар жыры баяғы. Жау дегенде жайнаған, наркескенін қайраған. Сұңқардан болат қияғы, өрге салса, талмайтын, қияға салса, таймайтын, құрыштан соққан тұяғы. Сол батырлар жыр басы, үзілмей аққан жылғасы, Майтөбенің бұлағы. О, балалар, балалар, ақылды туған, даналар, Жамбылдан тыңда, мынаны: Әсерлі күйдей аңқытып, тасыған селдей шалқытып, тыңдаушыға жыр төкпей, Жамбыл қашан аяды?! Қартайдым дейтін назым жоқ, тыңдаушы көпте жазық жоқ. «Айтшы, Жәке!» дегенін, мен өлгенде қояды. Сүйекемнің сүресі – сөйлегенде, міне, осы. Жырдың сұлтан төресі, биіктердің төбесі»77.
Асыл сөздің қасиетті болуының бір сырын ақын осылай айғақтап берген. Соғыстың негізгі себебін ақын былай деп тұжырымдаған: «Батыр елді аяпты, сондықтан қосын алмапты». Елден елге ұшқан сөз, қырғызға түгел тараған. «Сұраншының дұшпаны, қырғыз емес, хан екен! Елдің жауы дегені – Хандар жапқан жала екен», деген сөзді есітіп, ақ қалпақты қырғыздар, біріне-бірі қараған, соғысты қойып тараған, елге қайтыпты Ордадан... Күн төбеден ауғанда, бесіндікке барғанда, бұрқыраған шаң көрді. Жұлдыздай атын ағызып, жарағы күнге шағылып, келе жатқан жан көрді. Жауым көп деп жасқанбай, кісесінен басқандай, келген ерді таң көрді. Бәрі бірдей ат қойып, салуға соғыс лап қойып, жабылуды жалғызға, бойларына ар көрді»78.
Сұраншының Орман ханға айтқан сөздерді былай берілген: «– Неге мені шақырдың, жай шақырсаң келмейтін, ханға сәлем бермейтін, халық үшін туған батырмын! Хан деп сені сыйлар ем, басың үшін сатылдың. Арасына өрт болдың, ала бүлік дерт салдың. Қырғыз, қазақ жақынның бейбіт елге тигізіп, жендетке басын қиғызып, қаннан сусын сапырдың! Ел бүлігі – Орман деп, аман қалсын мың жан деп, төгіліп тынсын бір қан деп, қара басыңды алғалы, жекелеп келе жатырмын. Міне, менің семсерім, қайрап қойдым хан үшін, қайратыма мінгенім, қалың елдің қамы үшін! Басым тіксем, қан алмай, кеткен емес, намысым! Сүттей елді ірітпей, таза майды шірітпей, жекпе-жекке өзің шық! Менің жауым сен ғана, салмаймын елге мен жара. Сенсің менің дұшпаным, сенсің менің жауымсың! Қасқыр көрген күшіктей, хан жалтақтап қарады. Терең ойға шомылып, жерге қарап үңіліп, жапырылды адамы. Жел көтерген бұлыттай, шеттегілер тарады»79.
Битуғанның мына сөздері Сұраншының намысын оятады: «– Сен Сұраншы, құлақ сал, Қарайып келдім қаныма, мына тұрған Байтігім, Көмекшім бар жанымда... Ағызайын қаныңды! Мен жүрмеген тау бар ма, мен алмаған жау бар ма?! Шығарайын жаныңды! Талай жаумен алысып, күрескенді жыққанмын. Кенесарыңды өлтіріп, топыраққа тыққанмын! Тұрлыбай соққан алмаспен, қыл мойынын шапқанмын. Абыройын кетіріп, ханыма сөйтіп жаққанмын. Бесікпен қырған баланы, өртеп, бұзған моланы, ел бүлдірген бұзықтың, жазасын сөйтіп тапқанмын! Ботбайдан шыққан Сыпатай, көмегіне жарамай. Байұзақтай батырың. О да қашқан қарамай. Арғыннан шыққан Ағыбай. Ыстыдан шыққан Бұғыбай, Табыннан шыққан Бұқарбай, Келе алмаған қасыма!»80, – деп қазақты табалайды. Сұраншыға бұл ерекше әсер етті: «Орманнан келген үш батыр, үш жағынан тап берді. Ашу қысып Сұраншы, астыңғы ернін тістенді. Бір сілтеді найзасын, белі үзілген күзендей. Алдымен келген Битуған, бетін баса бүктелді. Кеудеге найза күмп берді, екі батыр найзасын. Шатыр-шұтыр салысты. Сайлап мінген болды аттар, тізе бүгіп қалысты! Жараланып Боқайлар, аттың жалына жабысты. Оны көріп хан тобы, ат қойып бәрі – шабысты. Аш қасқырдай батырды, ортасына алысты. Ханның тобы жүз кісі, ортасында бір кісі, түс ауғанша ұрысты. Күн төбеден өткенде, бесіндікке жеткенде. Жау қамаған Сұраншы, көзін қаптап қан алды, тұла бойын жара алды. Орман ханға ұмтылды, алыстан салған найзасы, ту сыртынан бір тиді. Сегіз көздің қон еті, кере қарыс жыртылды. Топтан шығып, хан кетті, Сұраншыдан әл кетті. Соны сезіп Ақтұяқ. Жан-жағына қарады, жал-құйрығын тарады. Оң аяғын тарпыды, ортекедей ойнақтап, көк жайындай бұлқынды, арыстандай жұлқынды! Жау жібермей орап ап, шығармады қамалап. Тұрып алып айнала, ілмек болды найзаға»81.
Соғыстың осы қасіретті кезінде қазаққа көмек келеді: «Күрсілдеді бір дабыл, жер мен көкке жаңғыра. Жалт қарады Орман хан, есі-түсін тандыра. Алатауды қақ жарып, дабыл ұрып, кәр шашып, шыға келді топ қара. Топ қараның алдында, жандай досы – Жағоры. Жанына ерген қырық жігіт, Сұраншының нөкері. Жанына жақын келген соң, қамаған жауды көрген соң, беренге білте тигізіп, Басып-басып жіберді. Хан қасында тұрғаннан, кім жаралы, кім өлді? Онысы бізге белгісіз. Батырды қамап тұрғандар сырт айнала жөнелді. Манаптардың көбі өлді. Жаралы ханын өңгеріп, құтылуды жөн көріп, ордаға қайтты Орман хан. Найза тиген жерінен, қағынып кетіп, ем қонбай, ордасына кеп өлді. Жолдасына қосылып, Сұраншы қайтты тауына. Ақырғы болды соғысы, хан, манаптай жауына. Қырымнан шалған қырандай келген батыр бабына! Ақыры келіп, о да өлді, Алатауда көмілді, атын түгел ел білді! Адам туып, адамнан, елу жылда жаңарған, жаман күнді өткізген, жақсылыққа жеткізген. Қан сасытқан ханы жоқ, ашу, араз зәрі жоқ: балдай тәтті туысқан, жеттім тату таңыма!»82.
«Көрұғлының» (күллі түркі тектес елдерге ортақ жәдігер) Жамбыл нұсқасы ерекше көркем баяндалған. Басты ой ханнан қорлық көрген елдің намысы. Бұл келесіндей ретпен берілген: «Ханнан қорлық ел көрді, демесін біреу ертегі. Міне, осындай әңгіме, елестетер ертені. Хандар билеп қаланы, ұшан-теңіз даланы. Хан билеген халықтар, қайғылы және азалы. Айға шапқан арыстан, ерегісіп алыстан, ашулы және ызалы. Аш-жалаңаш күйзелген, хан аямас қараны. Ханнан қайғы тартқан ол – жүректері жаралы. Хандар ашу шақырса, халықтан өшін алады. Бұлтқа сілтеп қылышын, найзасын көкке тіреген. Қан төгуге құмартып, күнде соғыс тілеген. Үстемдік етіп Бозайхан, асқақтап шалқып тасады»83.
С.Садырбаев осы ретте былай дейді: «Көрұғлы» – (Жамбыл жырлаған нұсқасы) – Ташкент қаласындағы «Терме» деген журнал-альманахтың 1924 жылғы бір санында Жамбыл Жабаев туралы тұңғыш рет мағлұмат берілген. Мағлұматтың қысқаша мазмұны төмендегідей: 1922 жылы 9 маусымда (июньде) Жетісу облыстық Қосшы одағының Ұзынағашта (Алматы облысы) съезі болады. Алматы уезінен 19 ақын қатысады, солардың арасында жасы жетпіске келген Жамбыл да бар.
Сонымен бірге журналда, Жамбылдың туған жері, руы, ақындық мектебі туралы қысқаша айтылады, репертуарындағы эпостық шығармаларының аттары аталады. Олар «Ерназар меп Бекет», «Садыр патша мен Жамбыл патша», «Шалтабай» және «Көрұғлы».
«Көрұғлы» дастанын Жамбыл 15 күн жырлаған дейді журнал. Бір өкініштісі: жоғарыда аттары аталған шығармалардың түпнұсқалары табылмай отыр. Тек қана, Жамбыл жырлаған «Көрұғлы» дастанының 1813 жолдық үш-төрт тарауы ақынның музейі мен республика академиясының текстология бөлімінен табылды.
Тұтас алғанда, қазақ халқының ақындары мен жыршылары жырлайтын Көрұғлының екі сатылық өмірі (жер асты, жер үсті) әр жырда әртүрлі айтылады. Мәселен, Рахмет Мазхожаевтан жазып алынған нұсқада Раушанбек бір соғыста Иранның ханы Шағдаттың қолына тұтқынға түседі, ретін тауып, қашып шығады, еліме келсе әйелі Ақанай қайғы-қападан өлген екен. Көрде жас нәресте дүниеге келеді.
Қазақстан академиясына 1940 жылы тапсырылған Айдархановтың «Көрұғлы» қиссасында түрікмен елінің батыры Мұңлыбек 12 мың қалмақпен соғыста қаза болады, әйелі Алтыншаш ауырып, ол да өледі, бала көрде туады. Анасының ақ сүтін еміп, ол жеті жасқа келеді.
Ақтөбе қаласында тұратын Әміреш Жұмағазин «Көрұғлының» бір нұсқасын 1930 жылы республика академиясына тапсырған. Бұл нұсқада Бозай батыр ретінде көрсетіледі. Ол арабтардың Көзей деген патшасына құдалыққа кеткенде, отбасы тырысқақ ауруына ұшырап, бәрі қырылады. Бозай қайтып келген соң, 4 моланың бетін ашады: қараса әйелі шалажансар, көрде бала туған, ол ананың тамшы сүтін талшық еткен. Екеуін Бозай көрден қазып алады.
Қазақтар айтатын «Көрұғлы» дастаны 1885 жыл мен 1905 жылғы аралықта Қазан қаласында тоғыз рет жарияланған. 1905 жылы «Торғай газетінде» «Бозай батыр и сын его Коруглы» деген атпен (№ 32, 33, 34 санында) В.Мещенскийдің ел аузынан жазып алған нұсқасы жарияланды. В.Мещенский нұсқасында Бозай деген батыр болады, ол соғысқа аттанғанда елін жау шауып, Бозайдың әйелін тірідей көмеді. Бозай жорықтан аман оралады, Айсұлудың қабірінің басында ойнап отырған баланы көреді, оны үйіне әкелген соң, көрден шыққандықтан Көрұғлы деп атайды. Бұдан соңғы тарауларда Көрұғлының ерліктері мен батырлық істері баяндалады.
«Көрұғлының» Жамбыл жырлаған нұсқасында Бозай батыр емес, ол – хан. Бозайдың әйелі басқа жырларда жау қолынан, немесе аурудан апатқа ұшыраса, Жамбыл жырлаған «Көрұғлы» нұсқасында Көрұғлының көрде тууына тікелей хандардың зұлымдық, сенімсіздіктері себеп болған деп түсіндіріледі.
Жамбыл басқа жыршыларды қайталамайды, өзінше жаңа мазмұнда айтқан. Академияның Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында Көрұғлы туралы он бес дастан, үш ертегі нұсқалары бар. Ең көркемі Жамбыл жырлаған «Көрұғлы» дастаны.
Жамбылдың «Көрұғлы» нұсқасы алғаш рет 1982 жылы ақынның екі томдық шығармалар жинағында басылды»84.
Ж.Жабаевтың «Бақ, дәулет, ақыл» (аңыз) атты шығармасы туралы С.Садырбаев былай дейді: «Бақ, дәулет, ақыл» – Жамбылдың айтуынан жазып алынған бұл ертегі-аңыз дастан ертеде халық арасына кең тараған сюжет. Әдетте, қазақ фольклорында насихат, назира жанрында айтылатын бұл тектес аңыз-ертектер, кейде «Ақыл, ғылым, бақыт» деп те аталады, көбінесе қарасөзбен айтылады.
Жамбыл және Жамбыл бастаған Жетісу ақындары Кенен, Үмбетәлі, Бармақ, Шүкітай, Өмірзақ секілді жүйрік ақындар да осы тақырыпта жарыса жырлаған тұстары болған.
Фольклорлық қарасөзбен айтылатын шығарманы өлеңмен айтып берген Жамбылдың «Бақ, дәулет, ақыл» деген бұл дастанының түпнұсқасы Жамбылдың мемлекеттік музейінің қолжазба қорынан алынды. Алғаш рет 1982 жылы Жамбылдың екі томдық шығармалар жинағында жарияланды»85.
Ж.Баласағұн, Қ.Яссауи, Абайлардан келе жатқан парасаттық уағызды Ж.Жабаев осы шығармада жалғастырған. Ақын бақ, дәулет пен ақыл айтысын асыл сөзбен бейнелеген: «Қолыма еріккен соң домбыра алдым, өлең қып хикаяны айтып салдым. Бақ, дәулет, ақылменен серт байласқан, көп іздеп, бұл үшеуін бек сандалдым. Үшеуін кез келтірген бұлайша атап: Бірі – дәулет, екісі – ақыл мен бақ. Бас қосқан өздерінің мәжілісінде, «мен артық», «мен артық» деп болды жақ-жақ. Ақыл айтты: мен артық сендерден де, тұратын менің орным көкірек, кеуде. Сіздер сыртта жүресіз жылжып қонып, сенен опа көрген жоқ ешбір пенде. Бақ айтады: артықпын менің өзім, еш далаға кетпейді айтқан сөзім. Өзім мықты, сөзім пұл, алдымда топ, құр бекер мақтанасың жетпей көзің. Екеуіңнен мен артық дейді дәулет, мен орнасам табылар күллі сәулет. Үйде мүлік, ат пен ас, өрісте мал, бәрі тоқ: қатын-бала, тұқым, әулет. Ақыл айтты, таласпа, екі ақымақ, саған қайда мендей боп өнер таппақ. Екеуің бірік-тағы заклад сал, озармын сонда-дағы жұмыс нақтап»86.
Башардың малын күзеткен нақұрыс Мекейдің тарихы осыған жауап бергендей: «Екеуі келе жатыр жатқан тасқа, әркімнің парасаты басқа-басқа. Хакім ойлап келеді ақылға сап. Көрсетпесем екен деп дос пен қасқа»87.
Хакімге перзент болған Мекейдің тарихы былай баяндалған: «Ей, Мекей, дәулетім көп жұрттан асқан, перзент жоқ, кемшілік көп болған бастан. Арманда Хакім ұлға деген болса, не пайда киген киім, ішкен астан. Тұқымың, әке-шешең бар ма сенің, мынау ғой кемшілікпен көрген күнің. Егерде сені жоқтар жан болмаса, жалғанда перзент еді менің мұңым! Дүнием бар бір басыма менің жетер, сөзімде айтып тұрған жоқ-ты бекер. Көрмедім екі қатыннан жалғыз бала, шырағым, маған перзент болсаң нетер?»88.
Мекей Хакімге бала болып оның саудасын жүргізеді: «Гауһарды тазалады маймен жуып, кетірді топырағын бәрін жуып. Бір магазин гауһарға жеке салып, тұрады Мекей сонда сауда қылып. Осындай саудаменен үш жыл тұрды, серілік, үлкен базар, дүкен құрды. Баса алмай серіліктен екі аяғын, шаһарда қыз біткеннің бәрін көрді. Тоқтатпас ақылға сап өзін-өзі, ешкімді ұнатпайды түссе көзі. Айнымалы бүркіттей мінезі бар, бір күн оң, бір күн теріс айтқан сөзі. Хакім айтты: «Сен бүйтпе, балам, дейді, көңілің болып жүр ғой алаң дейді. Қай қызды алам десең әперемін, бұл күнде келіп тұр ғой шамам» – дейді. Мекей айтты: «Қыздардан қыз алмаймын шаһардың көп қызына көз салмаймын. Асылзада патшаның тұқымы ғой, патша қызын алмасам қыз алмаймын!»89.
Хакім патшаның қызын беруіне келісімін алады: «Баламды мен беремін өзің үшін, бересің жүз пұт гауһар меһер үшін. Екеуміз қол ұстасып дос болған соң, барайық Мединаға Құдай үшін. Берейік балаларға мал мен бақты, ел-жұртпен және дағы тәж бен тақты. Жас өтті, неше жылдай болдық надан, болайық біз де енді ғибадатты»... Той болды, қол ұстасар, шаш сипатар, оңаша бір сарайда Мекең жатыр. Жиылған қыз, келіншек қынаменді, ешбірін теңсінбейді Мекең батыр... Осындай қызықпенен үш күн өтті, Мекеңнің ақымақтығы жұртқа жетті. Бір түні қызды әкеліп берді-дағы, жиылған көп қатындар шығып кетті... Ағалар, мен айтайын кепті дейді. Қыз сондай бек тамаша епті дейді. «Мырза-еке, сөйлессеңші» деген екен, аузынан бишараның тепті дейді. Қыз кетті тепкен кезде мұрттай ұшып, қан ақты күрек тістің бірі түсіп. «Қор болдым, бір наданға, дариға» деп, келеді атасына құстай ұшып. Атасы мұны көріп, шошып кетті, басыңа не күн туды, балам, депті. Өнебойы қызыл қан, тісі кетік, қызы өкпелеп «ұятты болдым» депті. Қорлықтың бүгін келдім дәмін татып, байқадым күйеуімді үш күн жатып: «Доңыз екен қыздың байы, тәңірі-ай» деп, жіберер, пұлы келсе арзан сатып. Екі күн жазығым жоқ, ұрып шықты, аузыма бүгінгі күн қатты тепті. Меруерттей қайран тісім болды кетік, көрермін қалайшадан енді көпті? Шақырды жендеттерін патша сонда, хабарсыз Мекең жатқан бір сарайда. «Бар да күзет, өлтірем дарға асып! Айрылма, сол күйеуден бүгін таңда». Жендеттер шығып кетті сөз ұқан соң, ашуланса патшаның мінезі тон. «Жазалап халық алдында өлтіремін, алып кел, дар басына, күн шыққан соң». Жасауыл таң атқан соң алды байлап, темірлеп қол-аяғын, һәм бажайлап. Шошқаның қабанындай есер шіркін, беталды жалынып жүр «ағатайлап». Сүйретіп алып келді дар басына, мінді ғой, Мекең батыр, шар басына. Бақ, Дәулет, Ақылменен серт байласқан, дәл келді үшеуінің уағдасына. Аяңдап келді ақыл, дәулет – баққа: «Мұнша обал қылдыңдар ғой бұл бейбаққа, жай жүрген бишараны әуре қылып, ажалға өлтірдіңдер мұғаллаққа. Бақ – дәулет ұялады төмен қарап, ақылға сөз айтпады тура қарап. «Сіз мұның ажалынан алып қалсаң, жеңілген болар едік сізге тарап». «Қой сендер, таласарсың әлі маған, алып қал екеуіңнің келсе шамаң. Келмесе қолдарыңнан қарманайын, өнерің екеуіңнің бітсе тамам». «Тоқтайық, бекер босқа кетер өліп, байғұстың ажалына болдық серік, сіз мұның кеудесіне кіріп алып, алып қал патшамен сөзге келіп». Ақыл барып кеудеге қонып қалды, ой ойлап, іші сөзге толып қалды. Жасауылдар сүйретіп дар басында, патша да уәзірімен келіп қалды»90.
Ақыл кеудеге қонған соң ғана дүние реттеледі: «Патша әмір қылды тақта тұрып, жендет тұрды мойнына шынжыр ұрып. Үш ауыз айтатын арыз бар деп, алдында Мекей тұрды қол қусырып, «Ей, тақсыр, өлтірсеңіз, міне, басым! Дер уақыт осы күнде келген жасым. Мен тептім балаңыздың аузына, айтайын тепкенімнің хикаясын. Дүниеге бұл балаңыз келген екен, бұрын да сан балаңыз өлген екен. Рәсім, ырым қылып өлмесін деп, әуелде ит емшегін берген екен. Ағалар, мен айтайын кепті дейді, майда тіл Мекең болды епті дейді. Аузынан «арам тиген» қан шықсын деп, ойға сап, соның үшін тептім дейді. Екінші сөзім мынау ойыма алған, ей, патша, қызықтырды сізді жалған. Заңына шариғаттың жатпайтын іс, жарай ма, жүз пұт гауһар меһер алған? Үшінші, сөзім арты бітсін тамам, айырар ақ-қараны сіздей адам. Қайсы бір надандарша түк білмейтін, некесіз қызыңды әкеп бердің маған. Алдыңа кез болыппын бүгінге дәл, хакімнің шарбағында мен жалғыз гүл, өлім халге таянған соң сөзімді айттым, жә, өлтір, жә өлтірме өзіңіз біл». Патша да бәйбішесін шақырады, жендетке тез әкет, деп бақырады. Мәнісін тексерместен күш қылдым деп, ісіне бұрынғы өткен қапы ұрады! Бәйбіше айтты: «Бірталай жасқа жеттім, күн-түні перзент сұрап үміт еттім. Алдыңғы балаларым тұрмаған соң, біреудің айтуымен ырым еттім». Патша ұялды өзінің бұл ісінен, амалсыз айырылғандай өз күшінен. Мекейді сарайына қоя беріп, үйіне қайтып кетті көп кісімен. Шақырды бәйбішесі мен патша қызын, айтады ақылымен жақсы сөзін, «Ақылы, парасаты түгел екен. Көрсетті жорта тентек Мекей өзін. Алғаның құтты болсын, жаным балам! Сөзіңнен қатты ұялдым мен де жаман, ақылың екеуіңнің бірдей болды. Ризалық берді саған ата-анаң». Ел жиып, патша сонда той қылдырды. Атағын, патшалығын, һәм білдірді, Мекейге патша беріп, тәж бен тақты. Патшалық қағазына қол қойылды. Екі бай Мекке жаққа жүріп кетті, мал-мүлкін екеуіне тастап кетті. Бақ, дәулет, ақылменен таласса да, ақырында екеуінен ақыл озды. «Ал, жігіттер, бұл сөздін шешуін тап, бай болғанмен не боларсың, болсаң ақымақ ақымаққа мал бітсе, мас болады, ақылсыз түк бітірмес, мал менен бақ»91. Ақылдың басты екенін ақын осылай аңыз арқылы уағыздаған.
Ақынның келесі тіркестері де асыл сөз үлгісі: «түн көрпесін тұйықтап», «Қобызындай Қорқыттың», «Алтайы жүйрік маралдай», «ортекедей орғыпты», «ақ бұлттайын алысқа» [173], «Шыңнан шыққан шынардай», «Балықша бұлттың жүзгенін», «ақ матасы – күмістей, жері кілем – пүліштей», «меруерттей суында», «қара шашы құндыздай». «Қазақтың тиеп алған көп мақалын, Мен өзім көпті көрген ақсақалмын».
Ж.Жабаевтың сөздері ғибратты: «Пайдалы іске кез болсаң, халқыңа тарт, жасырма!», «Ерінбе, көпке қызмет қыл, жетесің істің расына, жетілдім деп, жеттім деп, қар суындай тасыма. Аспен атып жауап бер. Дұшпанның атқан тасына!». Өтеген батыр: «Халқыма жайлы қоныс, жер табамын». Нұр сөзі тіркестері: нұр тамшылау, нұр орнау, нұр ойнау, жырдан жаңбыр жауғызу, айдай балқып, жыр ағызып толғау, бұлбұлдай төгілту, тау тебіренту, т.б. Алтын сөзіне қатысты: алтын ауа, алтын ғасыр, алтын заман, алтын бесік, алтын сәуле, алтын таң, алтын орда, алтын домбыра, алтын сөз, алтын жұлдыз, алтын балық, алтын сарай.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет