Қуандық Түменбаев. 6 томдық шығармалар жинағы. Жазушының 2-томдағы «Қояншық» әңгімесі психологиялық проза. Тіс емхананың күзетшісі Доғалақ жұмысқа келгелі Христофор Ивановичтің «бөтелкемен үйде сырласыңыз, бұл жерде спирттің иісі онсыз да мұрын жарады» деп, жұмыс орнын тазартып шығуы кейіпкердің орынсыз жатқан заттар мазасын алмасын деген ниетпен іске асырылған. «Есі кіргесін білгені – өзі некесіз туған бала екен. Кейін білгені әкесі өмір бойы опера театрының жалпы хорында айғайлап тұрып зейнетке шықса керек» (143) деген дерек. Есімін Доғалақ қойған да шешесі тұрған пәтер иесі, жалғыз басты кемпір екен. ... Доғалақ дегенің не мағына беретінін әліге дейін білмейді; «түсіндірме сөздіктен» көрсем деп анда-санда оқталып та қояды, бірақ әке көрмеген жалтақтығы жеңіп кете береді, ең дұрысы өмірге тура келмей Доғалақ келгесін азан шақырып Доғалақ қойса керек деп түйіндейді» (143). Бұл – кейіпкердің жанында жүрген нарратор берген мағлұмат. Тіс жұлатын емханада адамның жан дауысы жиі шығады, кейіпкер ол туралы: «Осы күні адамдар тісіне емес, жүректеріне құрт түсіп жатқанын білер ме екен?! Бәрі адамның өзінен...». Өзін алдап ақшасын алып қойған қайнағасына: «Үй әпермесең де, ақшамды қайтармасаң да адамның бетіне тура қара!» (146) деуі тәні кемтар болса да, ішкі сарайын таза сақтауды талап етеді.
Қояншық ұстамасы басталар алдында: «Құлағы азан шақырып әкетіп барады»... «Бала кезінен үрейшіл бала терезеден қараса, ағаш бастары тербетіліп, билеп тұратын, бісмілла десе талдар тербелетін қылып, жер-дүние мамыражай күйге ауыса бастады» (147). Баяндаушы «кейіпкер талып қалды» демейді, оның қиналғанын сөз етеді: «Ирек-ирек жіңішке дыбыстар тиылып, Доғалақ ес-түсіз қалды. Езуінен аққан қызыл қан еденге тамды. Бұл адамзаттың кірлі дүниеден қажып, бір сәт өзімен-өзі болып, кірпік айқастырып жатқан бір сәті еді. Жүрекке түскен мың батпан салмақтан өмірдің өңін айналдырған арсыз кейпіне қараудан жанары талып, ештеңені көрмей-білмей, бәрін де санадан шығару амалы еді бұл» (147-148). Қояншық ауруы болған, Наполеон, Достоевский, Леонардо да Винчи, Сталин, Смоктуновскийлерді атайды. Қайнағасының өтірігінен шаршаған Доғалақ жұмыста талмасы ұстап, елес көріп, өмірі көрмеген әкесінің әруағымен сөйлеседі. Көп ұзамай ақсақ, кемтар Доғалақтың эпилепсия дерті анықталғанына көзі жеткен әйелі ұлын алып тайып тұрады. Осыны естіген Доғалақ ұлап бара жатып: «Мұндайда Наполеон ауызына жұмсақ орамал тістей қояды екен...» (156) деп ойлап үлгереді.
Классикалық прозада ол есінен танып құлады, әйелінің оңбағандығы бірнеше бетке баяндалатын еді. Мұнда басқаша. Достоевскийдің есінен танып жүретін князь Мышкині сияқты адамның есінен айырылған кезі баяндалған: «Ол санасын ойраңдаған зіл-заладан арылу үшін Жерден шуағын аямаған Көкпен тілдесіп, көк аспаннан көмек сұраған тілеуқор күйде еді» (157). Бұл дәстүрлі психологизм, бірақ бұрынғыдай кейіпкердің жанталасқан істері емес, жанының қиналуы, ессіз күйдің адам қатыгездігіне қарсы тұрғанын көреміз.
Қ.Түменбаевтің «Бекеттегі бейкүнәлар» романында 1986 жылғы көтеріліс қана емес, қазақтан шыққан алғашқы диссиденттің бірі Халелдің бұл жолға қалай түсіп, қандай қасірет шеккені баяндалған. Романда тәуелсіздікке жеткенімізге дейінгі Халелдің басына түскен саяси оқиғалар оның диссидент болып қалыптасуына ықпал еткені баяндалған. Сөз басына В.Гюго мен Ілияс Жансүгіровтен эпиграф берілген: Ерте-ерте ерте еді, Ел шапқанның еркі еді, Хан қаһарлы еді, Қан матаулы еді. Би беделді еді, Бейкүнә не көрмеді?!
Бас кейіпкер консерватория студенті Халел Мұңайтпасов «Дала симфониясын» құйқылжыта жөнелді». Ұстазына ұнамаған қазақи үн «примитивный» болатынына қарсы пікір айтқан студент емтиханнан құлатылып кете береді. Бычковтің басты шарты – ұлтшыл музыка жазбау» дегеніне қарсы тұрған студент оқудан қуылады. Осыдан басталған ұлттық музыка, қазақ тілі үшін күресі әскерде де жалғасады. Күн көру үшін жүк түсірген оған тағы да ақысы әділ берілмеген кейіпкер: «Неге менің жолым ылғи күресуден тұрады? Керіссіз ештеңеге де қол жеткізе алмаймын. Неге менің жолым сондай ауыр?» (10) деп күңіренеді.
Армияда қазақ жігіттерін сабаған орыс тілділерден көрген әділетсіздікке шыдай алмай Қадіржан Халықұлына (Бауыржан Момышұлы) атақты батырға айтам деп Алматыға қашып келеді, бірақ түрмеден бір-ақ шығады. Армияда қазақтарды шеттетіп, ауыл балаларын қорлағандарға қарсы тұрғаны үшін таяқ жейді. Осы ретте Алматылық орыс тілді қансыз қазақтардың басқаларға жаны ашымай, бөлектеніп жүретіндеріне бас кейіпкер қайран қалады: «Менің шешем белорусь болса да, орысшаны сөйлей алмаймын, өйткені әкем қазақ, өскен ортам қазақ». Әскерде теңдік орнатам дегеннен басталған саяси күрес бас кейіпкерді түрмеге түсіреді, қаншама қасірет көрсетіп, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне жеткізеді. Кейіпкер өзі туралы: «Осыншама жақсылықты осыншама жамандықтан үйрендім» деген Лұқпан Хакім. Бір жақсылық болар деп тағы да өз көңілін жұбатып». Роман соңында бас кейіпкер журналит сұрақтарына былай деп жауап береді:
Ал, түрмеден келген адам бізде ең соңғы Адам, оның қоғамда алатын орны жоқ» деп ағынан жарылады бас кейіпкер.
Қазіргі бізбен бірге өмір сүріп жатқан осыншама қасірет шеккен азаматтың бұл сынақтардан аман шыққанына ғана емес, оның жан арпалысының куәсі боламыз. 1986 жылғы алаңға шыққан топтың ішінде осындай саяси жағынан шыныққан азаматтар болғаны да рас екені анық.