Біріншіден, белгілі бір кезеңдерде бірге өмір сүріп, кейіннен өз алдына жеке тарихи даму жолына түскен тілі ұқсас, салт-дәстүрі мен мәдениеті, әлеуметтік жағдайы ортақ түркі халықтар әдебиетіндегі ұқсастық-үндестіктер көптеп кездеседі. Оған Орталық Азияда өмір сүріп, ортағасырлардың соңғы дәуірінде жеке этнос ретінде бөлініп кеткен түркі халықтар әдебиеті мен фольклорындағы ортақ үрдістер мен ұшан-теңіз ұқсастық-үндестіктер мысал бола алады. Соның ішінде оғыз-қыпшақ әдебиетіне ортақ Қорқыт туралы аңыз-әңгіме, әпсана, өлең-жыр, эпостық шығармалар мен тарихи жазба деректердің Еуразияны ежелден мекен еткен түріктердің қазіргі ұрпақтарында сақталып отыр. Бұл жерде генетикалық тамырлас елдер әдебиетінің типологиялық негіздерін айқындау үшін жазба әдебиетімен қатар, олардың фольклоры мен ауыз әдебиетіне жүгіну қажеттілігі мол. Аталмыш мәселе соңғы кездері фольклортану ғылымында нақты жолға қойыла бастады. Ол жайында: «...ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін толымды етіп тексеру мұраты іздену мен үйренудің жаңа кеңістігіне шығуды, зерттеу тәсілін жетілдіре түсуді қажет етеді. Алдағы сондай биік белестердің бірі – тілі, тегі, тағдыры жақын халықтардың ауызша, жазбаша көркем жаратындыларын кең көлемде салғастыра қарап, салиқалы ойлар түю, ел мен елдің мәдениетіндегі бірлестік пен үндестікті неғұрлым жан-жақты көрсету болмақ»83 деп, академик Р.Бердібаев атап көрсеткен болатын.
Екіншіден, аймақтық тұрғыда түркі халықтарымен «қойы қоралас, елі аралас» көршілес отырған түрлі этностардың белгілі бір тарихи оқиғаларды басынан кешуі арқылы туған әдеби ортақ белгілер, ұқсас сюжеттер мен мотивтердің, мысалы, түркі-парсы, түркі-монғол, түркі-қытай т.б. елдердің жазба нұсқаларында көрініс тапқан типологиялық байланыстар. Мысалы «Қорқыт Ата кітабының» «Дірсехан ұлы Бұқаш хан әңгімесі деп аталатын бірінші тарауында эпостық дәстүрдің әлеміне жолығамыз. Мұндағы әсіресе түркілерге ортақ сарын – баласыздық зары. Байындырдың ел жинап, ұлы барларға құрметті орын ұсынып, ұлсыздарды кемсітуі көне заманның шындығынан хабар береді. Қырғыз халқының дәстүрлі эпосы «Манас» жырындағы Жақыптың балаға зарығуы немесе «Алпамыс» жырындағы Байбөрінің перзентсіздік кесірінен жұрттың кемсітуіне ұшырап зәбір көруі сияқты тұрақты сарындарды Дірсеханның өзіне жасалған астамшылықтан құтылу үшін бала тілеген тұсынан аңғаруға болады.