Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты


 Тәуелсіздік және қазақтың рухани мұрасы



Pdf көрінісі
бет7/16
Дата29.01.2017
өлшемі1,4 Mb.
#2940
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16

2  Тәуелсіздік және қазақтың рухани мұрасы
дарылып беріліп отыр. Әл-Фараби іске асырған антикалық 
мұраның  толерантты  герменевтикасы  қазіргі  жағдайдағы 
еліміздегі  өзара  түсіністік  пен  мәдениетаралық  сұхбатқа 
өз әсерін тигізеді. Міне, сондықтан «Екінші Ұстаз» атанған 
Шығыс ғұламасының бір өзі бір ғылым академиясы іспетті 
екендігін дәлелдеп отыр.
Осындай  жүйелі  және  қомақты  жұмыстар  еліміздің 
рухани-мәдени  тәуелсіздігін  одан  ары  нығайтуға  септігін 
тигізеріне,  еліміздің  жаһандану  процесіне  енуінің  қажетті 
баспалдағы  болатынына  кәміл  сенеміз.  Ол  үшін  «Мәдени 
мұра»  мемлекеттік  бағдарламасы  бойынша  жарық  көрген 
әдебиеттерді  еліміздің  білім  беру  саласына  тиімді  форма-
мен  тезірек  енгізген  жөн  деп  есептеймін.  Осыған  орай 
жоғары  оқу  орындары  студенттеріне  арналған  бірнеше 
автордың  құрастыруымен  «Қысқаша  қазақ  философия-
сы» атты көлемді оқу құралы жарық көрді. Сөйтіп, мәдени 
мұраны  рухани  қажетімізге  жарату  мен  белсенді  игеру 
арқылы  ұлттық  санамыз  бен  рухымызды  жандандырамыз, 
соның арқасында бәсекеге қабілетті өркениетті елдер қата-
рындағы тәуелсіздігімізді нығайта бермекпіз. 
Ұлттық  философиялық  мұраны  кеңінен  насихаттау 
мақсатында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде арнайы 
буклет дайындап, жарыққа шығардық. Сөйтіп 2008 жылғы 
29 ақпанда Алматыдағы Достық үйінде ұлттық және әлем-
дік философиялық мұра бойынша жарық көрген томдардың 
тұсау кесер рәсімін өткіздік.
Қазақ  тілінде  жарияланған  әлемдік  мәдени  мұра  біз-
дің  еліміздегі  ғылыми  және  білім  беру  процесіне  ерекше 
құндылық  береді,  өйткені  бізде,  әсіресе,  философия  са-
ласында  қытай,  ағылшын,  араб,  парсы  және  әлемнің  өзге 
де  тілдерінен  ғылыми  аудармалар  болған  жоқ.  Бұрынғы 
кеңес  дәуірінде  болған  аудармалар  партиялық-таптық 
және  атеистік  тәсілдер  тұрғысынан  өзіндік  идеологиялық 
өңдеуден өтті. Қазіргі уақытта Батыс және Шығыс ойшыл-
дарын объективті мәтіндік аудару міндеті күн тәртібіне өт-

70
Қазақстан халқының рухани-құндылықтық әлемі
кір қойылып отыр. Себебі, жаһандану процестері осындай 
қадамдарға  мәжбүрлейді  және  ол  тәуелсіз  дамуымыздың 
өзіндік келбеті.
Біріншіден,  бұл  жаһанданудың  қанат  жаюында  рес-
публика  азаматтарының  мәдени  және  ұлттық  бірегейлі-
гін  жоғалтып  алмауы  қажет.  «Мәдени  мұраны»  сақтау 
мен  игеру  кез  келген  нағыз  тәуелсіз  мемлекеттің  табиғи 
функциясы. Ол халықтың рухани құндылықтарын бойына 
сіңірген  нақты  дүниелеріне  қолы  жеткенде,  жинақталған 
мәдени тәжірибені белсенді түрде пайдалана алған кезінде 
толыққанды бола алады.
Екіншіден, біз өз мемлекетіміздің басты субъектісі бол-
ғандықтан,  әрбір  адамның  ішкі  рухани  дамуына  қамқор 
болуымыз  қерек.  Сонымен  бірге  дәл  осы  мәдени  мұраны 
сақтау елімізде тұратын барлық этностардың өзіндік сана-
сын  қалыптастырудың  маңызды  факторы,  олардың  этно-
саралық, мәдениетаралық жөне дінаралық өзара келісімінің 
негізі  болып  табылады.  Ал  бұл,  өз  кезегінде,  Қазақстан- 
дағы  ішкі  тұрақтылық  пен  қауіпсіздіктің  аманаты  болып 
саналады.
Осылайша,  мәдени  және  философиялық  мұраны  бел-
сенді түрде игеру арқылы жастардың рухани қалыптасуы-
ның,  ұлттың  өзіндік  санасының  өсу  динамикасының, 
қазақ  халқының  ұлттық  бірегейлігін  қалыптастыру  мен 
дамытудың аса маңызды құралы қызметін атқарады.
Осы  айтылған  ойларымды  жинақтай  келе  төмендегі-
дей қорытындылар жасағым келіп отыр:
1. Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының 
тарихында  жинақталған  жиырма  томдық  философиялық 
мұрасы  еліміздің  рухани  байлығы  болып  табылады.  Осы 
қордаланған мыңжылдық рухани дүниеміз халық арасын-
да биік деңгейде насихатталуы тиіс және ол еліміздің руха-
ни қауіпсіздігін шынайы қамтамасыз етуге қызмет етеді. Қа-
зақ философиясы еліміздің рухани тәуелсіздігінің көрінісі 
болып табылады.

71
2  Тәуелсіздік және қазақтың рухани мұрасы
2. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асы-
ру  барысында  «қазақ  философиясы»  деген  жаңа  термин 
біздің санамызға еркін еніп, өзінің шынайы өмір сүретінді-
гін дәлелдеді. Дегенмен, философиялық тәсілдердің көме-
гі-мен  терең  зерделеуді  қажет  ететін  ұлттық  өзіндік  сана, 
әлемнің ұлттық картинасы, ұлттық құндылықтар және ру-
хани әлемдік қатынастардың өзге де формалары әрі қарай 
ғылыми зерттеу мен ізденістерді жалғастыруды қажет етеді.
3.  Ұлттық және әлемдік философиялық мұраны жүйе-
леу, жастар мен әр түрлі этникалық және демографиялық 
топтар арасында насихаттау елімізде ұлттық және мәдени 
бірегейлікті  қалыптастыру  мен  дамытуға  үлкен  септігін 
тигізеді.  Топтамаларға  енген  шығармалардың  өн  бойын-
да  еліміздің  стратегиялық  бағдарларына  қайшы  келмей-
тін,  жалпыадамзаттық  құндылықтарды  дәріптейтін,  адам 
болмысының  маңызды  тұстарын  ашып  көрсететін,  тәуел-
сіздігімізді  нығайта  түсуге  негіз  болатын  туындылар  бар 
және оларды теориялық мағынадағы халқымыздың рухани 
жетілуіне лайықты еңбектер деп атауға болады.
4. Мәдени мұраны игеру барысында мемлекеттік тілдің 
сөздік  қоры  байытылады,  оның  мәдени  және  әлеуметтік 
қызметінің аясы кеңейтіледі, елміздегі ұлтаралық келісім-
нің орнығуына гуманитарлық негіз болады. Философия са-
ласындағы еңбектердің жарық көруі қоғамдағы ұлтаралық 
қатынастарды үйлестіруге, қоғамымыздың орнықты даму-
ына негіз болатын ұлттық идеяны қалыптастыруға интел-
лектуалды түптамыр, этномәдени қайнар көз бола алаты-
ны анық.
5. Ұлттық және әлемдік философиялық мұраны игеру 
жастардың ой еркіндігін қалыптастырады, жаңа зерттеулер 
мен оқулықтардың мемлекеттік тілде сапалы және ғылыми 
негізде орындалуына іргетас болады. Ал енді кейде әдеттегі 
қисындарға, ғылыми параметрлерге, заманауи талаптарға 
сәйкестене бермейтін шығармалардан кейбір үзінділер том-
дарда орын алып  жатса,  онда  бұл  шығармалар  қазіргі  за-

72
Қазақстан халқының рухани-құндылықтық әлемі
ман  тұлғасының  дүниетаным  көкжиегін  түрлендіреді  жә-
не олардың тарихи танымдық мағынасы басқа қырларынан 
басымырақ  екендігін  айта  кету  керек.  Біздің  пікірімізше, 
жалпы  өмірдегі  жақсы  мен  жаманды  айыруды  оқырман-
ның  өзіне  беруге,  оның  шығармашылық  және  таңдау  ер-
кіндігіне  құрметпен  қарауға  да  үйренуіміз  керек  іспетті. 
Бұрынғы  тоталитарлық  қоғамдағыдай  барлық  адамдар 
бірдей ойлап, ойлау жүйесін шектеп тастау дәстүрінің за-
маны өтіп кеткенін еске салуға болады. Онсыз демократия-
лық  ұстындарды  еліміздегі  мәдениет  пен  руханият  сала-
сына  пәрменді  енгізе  алмаймыз,  халқымыздың  мәдениет 
кеңістігіне тарата алмаймыз.
6.  Философия  саласында  «философ-аудармашылар» 
деп  аталатын  жаңа  мамандар  тобы  қалыптасты,  олардың 
кәсіби  біліктілігі  өзінің  сабақтастығымен  жаңа  ұрпаққа 
берілсе нағыз гуманитарлық саланың үш тілді мамандары 
көбейе түседі.
Болашақта  рухани  мұрамыздың  іріктелінген  негізгі 
нұсқасы  ағылшын  және  орыс  тілдеріне  аударылып  жата-
тын болса, онда бұл бағдарлама жұмысының халықаралық 
мәнге ие болғаны, оның уақыты да таяп қалған сияқты. Яғни 
қазақша  ойлау  мен  қазақша  сөйлеу  мәдениетін,  халық-
тың  философиялық  дәстүрінің  інжу-маржандары  басқа 
елдердің интеллектуалдық кеңістігіне шығуы арқылы руха-
ни мәдениетіміздің мәртебесін жоғары сатыға көтереріміз 
анық. Бұл біздің рухани сенімділігімізді нығайта түседі.
Егемен Қазақстан. – № 148–149 (25121). – 23 мамыр, 2008.
2.2 ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫ – ОНЫҢ РУХАНИЯТЫНДА
Жуырда  Ұлытау  төріндегі  ұлағатты  сұхбатта  Елба-
сы Н.Ә. Назарбаев ұлттық руханият және оның құрамдас 
бөліктері  (тарих,  дәстүр,  дін,  тіл,  отансүйгіштік)  жүйелі 

73
2  Тәуелсіздік және қазақтың рухани мұрасы
түрде қарастырылып күн тәртібіне қойылды. Осыған орай 
біз  де  өз  ой-пікірімізді  білдіруді  жөн  көрдік.  Сонымен 
қатар,  қазақ  хандығының  550  жылдығын  тойлау  туралы 
Н.Ә. Назарбаевтың ұсынысы үлкен серпіліс туғызды.
«…Біздің  ең  жоғары  бағалайтын  байлығымыз  –  Тә-
уелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуел-
сіздікті  біз  ешкімге  бере  алмаймыз.  Оны  қасық  қанымыз 
қалғанша  қорғауымыз  керек»,  –  деп  Президент  нақтылап 
көрсетті.  Елбасы  одан  әрі  былай  деді:  «Менің  арманым, 
ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан «Мәңгі-
лік Ел» деген идеяны ұсындым. Мәңгілік Ел болу үшін бә-
рін жасап жатырмыз…».
Халықтар арасындағы байланыс, негізінен, ғылым мен 
білім,  тарих  пен  мәдениет,  дәстүр  мен  патриотизм  сала-
ларында өрбісе, онда руханиятымыз бен руханилығымыз-
ды  дамыта  түсеріміз  анық.  Бүгінгі  күнде  осы  руханилық 
мәселесін  күн  тәртібіне  толыққанды  қоя  білуіміз  керек 
сияқты,  оны  кешенді  ғылым  мәселесі  ретінде  тереңірек 
зерттеген жөн. Жалпы, адамзаттың болашағы руханиятты 
және оның құрамдас бөліктерін барынша зерттеп, дамыту-
да. Адамдар арасындағы ізгілік қарым-қатынас әр уақытта 
әлеуметтік  кеңістікті  байыпты  етеді,  халықтарды  бір-бі-
ріне жақындата түседі. Ұзақ жылдардағы зерттеу нәтижесі 
ретінде өзіміз ұсынған этносаралық және конфессияаралық 
келісімнің  қазақстандық  үлгісі,  интегралды  өзара  түсіні-
су  философиясы  қазіргі  жаһандану  заманында  өте  өзекті 
болып  отыр.  Сондықтан  бүгінгі  өркениеттер  қақтығысы 
жүріп  жатқанда,  біркіндікті  жаһанданудан  көпкіндікті 
жаһандануға  тезірек  көшу  қажеттігі  туындап  отыр.  Бізге 
қазіргі  халықаралық  қатынаста  қалыптасқан  күрделі  жағ-
дайға  байланысты  әлемдік  өзара  түсінісу  философиясы-
мен  күш  көрсетпеу  этикасы  туралы  толығырақ  айтатын              
күн  туды.  Адамзаттың  тағдыры  күннен-күнге  біртұтаста-
нып бара жатқанын ескеруіміз керек. Сондықтан XXI ғасыр 

74
Қазақстан халқының рухани-құндылықтық әлемі
гуманитарлық ғылым мен білім ғасыры болмақ. Ал ол фи-
лософияны игермей дүниені біртұтас ұғыну мүмкін емес.
Мәдениеттер  мен  өркениеттер  бір-бірімен  әлеуметтік, 
мәдени,  рухани,  экономикалық  байланыс  жасауға  ұм-
тылып  отырғаны  белгілі.  Тіпті,  тарихтағы  әртүрлі  импе-
риялардың өзі осы жаһанданудың алғашқы кейіптері десе 
болғандай.  Ал  үлкен  әлемдік  діндер  де  халықтарды  руха-
ни ықпалдастыра түсті. Қазіргі заманның жаһандануы, не-
гізінен,  нарықтық  қатынастардың  қисынынан  туып  отыр-
ғаны  мамандарға  айқын.  Сондықтан  жаһанданудың  теріс 
жағы  экономикалық  мүдделердің  асыра  дәріптелуінде, 
яғни  әрбір  халықтың  ұлттық  ерекшелігін  басып-жаншып, 
сұрықсыздандыруында болып отыр. Сөйтіп, ол бұқаралық 
мәдениетті нағыз тарихи құндылықтардан басымырақ ету-
ге  тырысады.  Енді  ғана  ұлттық  жаңғыру  жолына  түскен 
халықтар  үшін  бұл  үдерістердің  зияндылығы  осында.  Қа-
зіргі  Қазақстан  жағдайында,  оның  нарықтық  экономика 
және  демократиялық  жолымен  жүруі  рухани  дамумен 
астасып жатқаны бізді қуантады.
Ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанда қа-
лыптасқан  гуманизм,  төзімділік,  ынтымақтастық,  этно-
саралық және дінаралық рухани келісім, тұрақтылық, се-
нім, халықтың демократиялық әдет-ғұрпы, сөз бостандығы 
сияқты  маңызды  құндылықтар  «Қазақстан-2050»  Страте-
гиясын  іске  асырудың  рухани  іргетасы  болып  табылады. 
Жалпы,  адамзаттың  болашағы  адамшылық  пен  рухани-
ятты  дамытуда  екені  даусыз.  Өйткені,  ұлттың  ұлылығы  – 
оның  руханиятында.  Бәсекеге  қабілетті,  рухани  жағынан 
жетілген  адам  қалыптастыру  бүгінгі  күннің  өскелең  та-
лабы.  Руханият  дамымаған  жерде  әртүрлі  кикілжің  де, 
қақтығыс  та  көп  болады.  Басты  ұстындардың  бірі  толе-
ранттылық  (төзімділік)  болатын  қазақ  философиясы  елі-
міздің бірлігінің рухани тірегі болып табылады. Рухания-
ты мен мәдениеті жоғары халықтың болашағы да жарқын 
және айқын болмақ.

75
2  Тәуелсіздік және қазақтың рухани мұрасы
«Мәдени  мұра»  бағдарламасын  іске  асыру  –  Тәуелсіз 
Қазақстанның  жаңарған  рухани  келбетін,  жаһанданған 
әлемдегі жаңа Республиканың орны мен ұстанымын, оның 
өркениетті  қауымдастықтағы  беделі  мен  мәртебесін  көте-
ретін теңдесі жоқ гуманитарлық бағдарлама болды. 
Руханилық бүкіл әлемге туыстық сезімдерді туындата-
ды, сәйкесінше, барлық адамдарға, яғни отбасы мүшелері-
не, жақын және алыс туыстарға, діндес және өзге діндегілер-
ге,  отандастарға  және  басқа  да  шетел  азаматтарына  деген 
туыстық  сезімді  қалыптастырады.  Осылайша,  руханилық 
адам  бойындағы  нағыз  адамгершілікті,  адамсүйгіштікті 
айқындайды, имандылыққа қарай жетелейді.
Келер ұрпақты жүйелі түрде тәрбиелеу мен үйретуде 
осы ішкі дамудың жоғары деңгейі басты орынға қойылуы 
кажет. Педагогиканың міндеті қоғамның үйлесімді дамуын-
дағы  руханилыққа  баулу  болып  табылады.  Адами  тұрғы-
дан даму мен қалыптасу немесе тоқырау мен өлудің сырын 
анықтау  –  міне,  бұл,  зайырлы  немесе  діни  білімнің  үнемі 
шешуін тауып отыруы тиіс тарихи дилеммалар.
Руханилық  –  ең  жоғары  абсолютті  өнегелік  құн-
дылықтар  жүйесі  ретінде  қазақ  этносының  дәстүрлі 
мәдениетінде  басты  орынға  ие  болған  және  ғылыми-
зерттеулер  көрсеткендей,  этикалық  феноменді  сипаттай-
ды.  Қазақ  философиясының  классиктері  Ы.  Алтынсарин,                                                                                                                             
Ш.  Уәлиханов,  Абай,  Шәкәрім  өздерінің  көптеген  еңбек-
терін  халықты  іштей  біріктіру  факторы  туралы  ойларға, 
пайымдауларға  арнаған.  Мәселен,  алтыншы  сөзінде  Абай 
қандай  адамдарда  бірлік  болатынын  және  олар  өз  арала-
рындағы  бірлікке  қалай  қол  жеткізетіндіктері  туралы 
ой  толғайды.  «Бірлік  –  ақылға  бірлік,  малға  бірлік  емес», 
материалдық  игіліктен  гөрі,  бірінші  кезекте  ой  бірлігіне 
шақырған.  Қазақ  классигінің  әлем,  қоршаған  ортаның 
шынайылығы  мен  адамдардың  қатынасын  танудағы  бірлік 
ұстанымы – оның маңызды ойларының бірі ретінде танымал.

76
Қазақстан халқының рухани-құндылықтық әлемі
Қазақстан жерінде бүкіл дәуірде, Қорқыттан Шәкәрім-
ге  дейінгі  уақытта,  философиялық  ізденістердің  орта-
сында  –  адам  болудың  мәні  тұрды.  Адам  дегеніміз  не, 
ол  қандай  болу  керек?  Шынайы  адамгершіліктің  пайда 
болуына  не  себепкер  және  оған  не  қарсы  келуі  мүмкін? 
Қазақы ой толғаудың өзге философиялық толғаныстардан 
ерекшелігі  –  адамды  жоғары  бастауларға  жетелеу.  Қазақ 
философиясының  мақсаты  адам  мен  адам  арасындағы 
қарым-қатынасты ұғыну мен оны дұрыс жолға қою болып 
табылады.
Жаһандану жағдайында алдымызда тұрған міндеттер-
дің бірі – халқымыздың ежелгі тарихи, мәдени және рухани 
әлемінің  терең  тамырларын  анықтап,  оларды  терең  зерт-
теп, философиялық тұрғыдан біртұтас жүйеленген ұлттық 
мұрамызды  жаңғыртып  жасап  шығару.  Қазақ  халқының 
әлемдік  өркениетке  «мен»  дегізерлік  өзіндік  болмысымен 
енуіне мүмкіндік беретін, ілгері дамуымызға тұғыр болатын 
ұлттық  санамыздың  ұстанымды  ерекшеліктерін  саралау 
өте  маңызды  және  бұл  ғасырлар  тұңғиығымен  тамырла-
сып жатқан ұстаным. Құндылықтарды, яғни біздің ұлттық 
тұтастануымыз үшін табан тірейтін тұғырларымызды, ұлт-
тық руханиятымызды жаңа өркениеттік көзқараспен, терең 
біліктілікпен жан-жақты талдауға мегзейді.
Тәуелсіз  еліміздің  Тұңғыш  Президентінің  бастамасы-
мен  жасалып  отырған  аталмыш  «Мәдени  мұра»  рухани 
жаңаруымызға  байланысты  көптеген  көкейкесті  мәселе-
лерді  толық  қамтып  отыр  десек,  қателеспеген  болар  едік. 
Мұндай ерекше бағдарламалар дәл осы тұста, яғни дербес-
тігімізге  жиырма  төрт  жыл  толған  соң  да  өз  өзектілігін 
жоғалтпайды.  Бұл  тағы  да  Қазақстан  Республикасын 
құрушы  қазақ  халқының  өміршеңдігін,  арман-тілегінің 
орындалғанының айғағы емес пе? Олай болса, соқпағы көп 
тар жолда көршілес елдермен терезесі тең болу үшін дұрыс 
бағдар  ұстап,  әлемдік  өркениетке  ұмтылу,  өз  халқыңның 
жетістігін әлемге паш ету әрбір Қазақстан азаматының па-

77
2  Тәуелсіздік және қазақтың рухани мұрасы
рызы.  Осыған  орай,  атқарылған  іс,  жоспарланған  жұмыс-
тың барлығы өркениет өлшемдеріне сәйкес, маңызды.
Қазіргі  таңда  мәдениеттің  ұлттық  даму  шеңберінен 
шығып әлемдік өркениеттік үрдістерді қозғап отырғанына 
өзіміз  куәгерміз.  Алайда,  аталмыш  жаһандық  мәселе-
лер  ұлттық  мәдениеттің  өзіндік  болмыстық  ерекшелігіне 
нұқсан  келтірмеуі  керек.  Жаһандану  қалыптасқан  айыр-
машылықтарды ысырғанымен адамзатты біріктіреді, енде-
ше, осы тұста адамзат үшін ең қажеттісі біртұтастылық.
Қазіргі  өркениет  өзінің  даму  жолында  ескі  құнды-
лықтарды сыни бағалау кезеңді өткеріп отыр. Осы күрделі 
кезең  Қазақстанды  да  айналып  өтпейтіні  сөзсіз.  Ендеше, 
өзінің  дара  жолымен  дамып  келген  ұлттық  мәдениетіміз 
осы  жолдан  адаспай,  өзіндік  қасиетін  сақтай  отырып 
әлемдік өркениет көшінен құр қалмауы тиіс.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, әрине, діни қай-
та  өрлеу  басталғанын  және  осының  оң  құбылыс  екендігін 
бәріміз білеміз. Атеистік және тоталитарлық санадан ары-
лу,  ар  тазалау  өте  маңызды  үдеріске  жатады.  Бірақ  басқа 
мұсылман елдеріне діни білім алуға барған жастар көбінесе 
сол  біліммен  қатар,  бөтен  сананың  ықпалына  еніп  кетеді, 
төлтума  мәдени  кұндылықтарға  деген  оларда  нигилистік 
көзқарастар қалыптасады.
«…Қазақстанның  болашағы  жарқын  деп  санаймын. 
Себебі, біз ешбір елге тиісіп көрген халық емеспіз. Ешбір 
елге  жау  емеспіз.  Төңірегіміздің  ешқайсысы  да  бізге  жау 
емес… Осылай төңірегіміз бейбіт, өзіміз бейбіт, ішіміз бү-
тін,  бірлігіміз  берік  болса,  ұтылмаймыз.  Қазақтың  бірлігі 
– мына көпұлтты халықтың бірлігі. Біз бірте-бірте жарқын 
болашаққа жетеміз деп санаймын», – деді Н.Ә. Назарбаев.
Біздің  бірлігіміз  нығайсын  десек,  онда  ішкі  ерекше-
лік  пен  этностық  өзіндік  сананың  көптүрлілігін  сақтауы-
мыз  қажет.  Қазақстан  келісім  мәдениетін  қалыптастыру, 
экономикалық, азаматтық және саяси жаңару, постиндус-
триялық  ақпараттық  қоғамға  серіктестік  пен  өркениет-

78
Қазақстан халқының рухани-құндылықтық әлемі
тер,  мәдениет  пен  діндер  сұхбаты  арқылы  даму  жолында 
келеді.  Әрі  біздің  бай  тәжірибеміз  XXІ  ғасырдың  әлемдік 
бірлестігінде қажет болуы мүмкін. Біздің республика әлем-
ге  этносаралық,  мәдениетаралық  және  конфессияаралық 
келісімнің  ерекше  тәжірибесін,  яғни  жаһанданған  әлем-
дегі  айрықша  қазақстандық  жолды  («тұрақтылықтан  – 
жүйелі  жаңару  арқылы  –  орнықты  даму  мен  гүлденуге 
жету»)  паш  етеді.  Этносаралық,  мәдениетаралық  және 
конфессияаралық  қатынастардың  ғылыми  негізделген 
бақылауды  Қазақстан  аймағы  бойынша  іске  асыру  және 
тұтас  бірыңғай  мемлекет  деңгейінде  азаматтық  бейбітші-
лік  пен  келісімді  нығайтудағы  саяси-құқықтық  негіз  құру 
қажет екенін айта кету керек.
Қазіргі заман қарама-қайшы сипатқа ие болғандықтан, 
мәселе  бұрынғыдан  да  шиеленісе  түседі.  Кейінгі  әлемдік 
экономикалық    және  қаржылық  дағдарыс  бірдіңгектіден 
көпдіңгектік  жаһандануға  өту  қажеттілігін  көрсетті.  Бір 
жағынан,  жаһандану  әлемді  «бір  үлкен  ауылға»  (ЮНЕ-
СКО)  айналдыра  отырып  біріктіреді,  техникалық  және 
ақпараттық  мүмкіндіктерді  көбейтеді.  Екінші  жағынан, 
мәдениетті жалпы қорытындыға келтіруге тырысу ұлттық 
ерекшелік  пен  этникалық  бірегейлікке  қауіп  төндіреді. 
Тереңдеп  бара  жатқан  жаһандануға  төтеп  беруге  бола 
ма? Сірә, тек жоғары руханият, рухани шындық қана қар-
сылыққа,  өз  ерекше  ұстындары  мен  заңдарын  сақтауға 
қабілетті. Рухани саладағы жетістіктері бар әлемдік діндер 
ғана стандарттау қаупін тудырмайтын нағыз жасампаз күш.
Қазақстан – әлемді мәдениетаралық байланыс пен сұх-
бат үлгісімен үміттендіретін бірегей ұлттық унитарлық мем-
лекет. Біздің тәжірибе, әсіресе, халықаралық қауымдастық 
үшін құнды, себебі, азаматтық қоғам мен демократияның 
дамыған  формаларына  бағдар  беретін  либералдық  пішін 
мен дәстүрлі құндылықтар синтезін көрсетеді.
Жаңа  интегралды  өзара  түсінісу  философиясы  Батыс 
пен Шығыс дәстүрінің сындарлы синтезін іске асыра оты-

79
2  Тәуелсіздік және қазақтың рухани мұрасы
рып,  өзінің  басымдылығы  ретінде  рухани-адамгершілік 
ұстындарын  анықтайды,  олардың  ішінде  түрлі  өрке-
ниеттер  мен  конфессиялар  үнқатысуына  негізделген  Үміт 
ұстыны  бар.  Өзара  түсінісу  философиясы  қазіргі  көп-
этносты қоғамның рухани келісімінің дүниетанымдық  жә-
не әдіснамалық негізі болып табылады.
Мәдениеттердің  сындарлы  үнқатысуы  туралы,  өзара 
түсіністікке, келісім мен бірлікке қол жеткізу қажеттігі ту-
ралы  айтқанда,  біз  нақты  үнқатысуды,  яғни  оның  бары-
сында  тараптар  бір-бірін  еститін,  ең  болмағанда  бір-бірін 
естуге тырысатын үнқатысуды айтамыз. Сондай-ақ, түсіну 
дегенді  белгілі  бір  мәдениеттің  материалын  теориялық 
тұрғыда игеруді ғана емес, сонымен бірге, шын жүрекпен 
мойындауды айтамыз. Біз үшін келісім бір-біріне «төзуді» 
белгілейтін  мәжбүрлеу  шарты  емес,  мақсаттар  мен  мін-
деттердің  ортақтығын  шынайы  түсіну  мен  қабылдау.  XX 
ғасырда  қалыптасқан  жаңа  гуманизм  идеялары  бойын-
ша «тұрпайы», «жабайы», «қиратушы», «дөрекі», «анайы» 
сияқты  бағалау  үлгілерін  ежелгі  тарихи  нормаларға  қол-
дану қазіргі адамның өзінің арғы тектеріне деген шовиниз-
мі болып табылады. Осындай ұғымдардың орнына ежелгі 
қоғамды адамзаттың сәбилік шағы деп бағалау қай жағынан 
алсаң да әбден орынды. Қазақ ұлты жаңа демократиялық 
мемлекетті  құрушы,  барлық  қазақстандықтарды  біздің 
ортақ тарихымыз бен ортақ құндылықтарымыздың, ортақ 
келешегіміздің айналасында топтастыратын ұлт болып та-
былады. Сол себепті де, елдегі басқа этностар алдында оның 
мойнына  үлкен  жауапкершілік  жүгі  артылған.  Біз  жаңа 
интегралдық дүниетанымды, жаңа өзара түсінісу филосо-
фиясын,  жаңа  құндылықтар  жүйесін  ұсынып,  оны  тиімді 
жүзеге  асыра  отырып,  мұндай  келісімнің  қазіргі  заманда 
негізі рухани-адамгершілік құндылықтар болуы тиіс деген 
маңызды қорытындыға келдік.
Егемен Қазақстан. – 1 желтоқан, 2014.

80

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет