№ 3 (106) 2015
79
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым.
– деп, ұран шақырып, бас көтеретін қазақ салтының арғы рухы сол көк түріктерден жалғасады.
«Қозып кетер қайдағым» дегенде көп жай көңілге келеді. Арғы тарих сахнадан сығалайды, бергі
тарих оған жалғасады, бүгінгі күн онымен амандасады. Ол бүгінгі ақынның жыры болып, жұртына
жылу береді. Сөз сүлейі – Сүйінбайдың осынау отты жырының бүгінгі жарқылы мен жаңалығы
ақын Н. Оразалин жырында жаңа астар, жаңа сөзбен жаңғырып естіледі, сарын боп жетеді.
Бүгінгі қазақ поэзиясында, бізге әдебиеттану ғылымынан жақсы таныс ағымдардың, яғни
қазақы түсінікке салыңқырап айтқанда, сарындардың бәрі бар. Бір ақын оны көне сарын десе, енді
бір ақын оны түркілік сарын деп жүр. Мұның өзі бұдан мыңдаған жылдар бұрын тасқа қашалып
түскен немесе былғарыға, ағашқа безендірілген қосықтарды танып, оқу барысында, ғылыми
айналысқа түсіп, поэзия өкілдерінің қолдауына ұйытқы болған жәдігер-жырларымыздың жаңа
ғасыр белесінде жаңадан поэзиялық айналымға түсіп отыр.
Бұл сарын кезінде Ә. Тәжібаевтың өлең әлемінде көп, жақсы пікірлер тудырған. «Аралдар»
жинағында аз болмады. Тек сол жырларда дидактикалық сарын мен риторикалық ырғақ басым
болатын. Мұндай дәстүр Н.Оразалин поэзиясында да көп кездеседі. Тек оның жырларында бұл
сарын өзгеше формаға түскен. Ішкі ырғақтың қасаң қайталаулардан гөрі әуезді әуенге бейім болып
келетіні байқалады:
Саған айтар кеудесінде әні бар,
сағынғанда: күлкің – дауа, лағыл, ар,
көзің – гауһар, шағылар,
есі кетсе гауһарың мен дауаңнан
алмастайын жанығар,
жанығар да сағынар,
сағынар да қамығар...
Кеудесінде күмбір-күмбір үні бар,
қиылғанда: сөзі – шербет, гүлі – бал.
түгесілмес мұңы бар,
аспан, айы, жұлдызы бар, күні бар,
асқарының шыңы – қар,
әуез, үнін түн ұғар,
түн ұғар да құмығар....
Поэзиядағы мұндай көне дәстүрді қозғаған жаңашылдық – жаңа заман тудырған жаңалық.
Шынын айтқанда, тәуелсіздік қазақ поэзиясының бұрынғы ырғақпен, түрден жаңа нышанға, жаңа
мазмұн мен пішінге, әдеби тың формалық ізденістеріне кең жол ашты. Ақындарымыз жатпай-
тұрмай іздене бастады.
Тәуелсіздік бұрынғы ата-баба дәстүрін жаңаша игерумен қатар, оны жандандырудың жолдарын
іздестіре бастады. Алайда, санаттағы ақын жырларында бостандықтың бағынан гөрі, азат өмірдің
ақшаңқан сәулесінен гөрі, аптап тамыздың ыстық шуағынан гөрі, адалдықтың айқайы, азаматтың
күрескерлігі, мамырдағы құралайдың салқыны басым. Қалай болғанда да бұл көркемдік сапа ақын
кемелденуінің көрінісі. Н. Оразалин дәуір сөзін бұрынғы қайраткер ақын-жырауларша былай
өрнектейді:
Көңілдерде жаңылып ән ырғағы,
Қан да салқын тартқандай тамырдағы.
Қан жылады жүрегім...
Үсік ұрған
Табиғатты көргенде мамырдағы.
Баулар қара, майысып, төгеді мұң,
Суық ұрды даланың көк егінін.
Таулар үнсіз мүлгиді... Көкіректе –
Құралайдың салқыны деген ұғым.
|