Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
256
Есімшелерге есімше тұлғалы е көмекші етістігінің тіркесі арқылы күрделі түрде келе береді.
Кеше Маржан келін қымыз ішкен екен (Б.Майлин). Сегіз жүз жылқыдан бір тай қалмаған екен
(М.Әуезов).
Есімшеге модаль сөздердің тіркесі арқылы: Гудок бүгін бұрынғысынан ұзағырақ айқайлаған
тәрізді (М.Горький). Осы сөйлемдерде есімшелер -ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -йтын, -итін,
-ар, -ер, -р жұрнақтары арқылы дара, күрделі түрінде сөйлемнің соңында келіп, үнемі баяндауыш
қызметінде жұмсалған. Бұл есімшелердің етістік тұлғасындағы үлкен бір белгісі. Бірақ есімше
үнемі сөйлемнің соңында келіп баяндауыш қызметінде ғана емес, енді сөйлемнің ішінде де келіп
анықтауыш қызметінде жұмсалады. Сөйлемнің соңында келіп, сөйлемді біршама тиянақтау
нәтижесінде баяндауыш қызметінде жұмсалса, енді сөйлемнің ішінде анықтауыш қызметінде
жұмсалуы оның аясының кеңейгендігін көрсетсе керек. Есімшелердің есімдермен тіркесі арқылы
олар сөйлем мүшесі, атқаратын қызметі, тіркесу қабілеті жағынан өзіндік өзгеріске ұшырайды.
Әрине, есімшелер баяндауыш қызметінде басқа көмекші етістіктермен тіркесіп келе берсе, енді
олар анықтауыштық қызметте көбінесе дара жұмсалады.
Жоғарыдағы есімшелер дара және күрделі түрде жұмсалған. Бірінші топтағы басыңқы
сыңардағы етістіктермен екінші топтағы есімшелердің басыңқылық қызметі бірдей. Бұған
қарағанда, етістіктер осы топтардың бәрінде тек басыңқылық қызметте жұмсалады деп білеміз.
Бірақ зерттеу барысында, осы екі топтағы есімшелі етістіктер басыңқы сыңарда жұмсалады
делінгенімен, олардың сөйлемде қолданылу орындары, сөз тіркестерінің басқа сыңарларға ауысу
процесі жағынан үлкен айырмашылықтарға ие екенін көреміз.
Жоғарыда айтылғандай, мұның өзі есімшелерге байланысты нақтыланады. Сондықтан да
жыртақтаған, айтқан, мінген, бұраңдаған, шығар, болар, айтатын сияқты есімше тұлғалы етістіктер
сөйлемнің соңында да, сөйлемнің ішінде де қолданыла алатыны есімшенің әрі етістікті, әрі есімдер
сияқты түрленуімен де байланысты болса керек. Есімшелердің әрі етістік, әрі есімдерше түрленуі,
түптеп келгенде, басыңқы сыңарлардың кейде бағыныңқы сыңарда да жұмсалуына әкеліп соғады.
Бұл жерде бізге ең қажеттісі – есімшелердің бағыныңқы қызметте жұмсалуы. Есімшелер
сөйлемде басыңқы қызметте жұмсалады делінгенмен кейде есімшенің өзі етістіктермен өзара сөз
тіркесін құрайтындығы да белгілі. Бұндай кезде есімшелер етістікті сөз тіркесінде бағыныңқы
қызметте де жұмсалады. Есімшелер етістіктермен әрі қабыса, әрі меңгеріле байланысады.
Есімшелердің септік жалғауында етістіктермен тіркесуі Ж.Болатов, Т.Ерғалиев еңбектерінде,
сол сияқты синтаксистік оқулықтарда үнемі айтылуда [2;66]. Енді есімшелердің септік жалғауларда
бағыныңқы сыңарда жұмсалуын көрсетелік:
- Шырағым, көңіліңді білдіре келгеніңе қатты ырзамын (Ғ.Мұстафин).
- Ұлжан жолдың ұзақ болатынын әбден білетін. Жә, тапқаның мен танығаныңды сен мәлім
етші, балам – деді (М.Әуезов).
- Ағылшындар тұсында алғанымыздан қалдырғанымыз болатын (Ғ.Мұстафин).
Абай Ерболға сүйінгеннен қатты күлді (М.Әуезов). Осы сөйлемде:
барыс септігі - білдіре келгеніңе ырзамын
табыс септігі - ұзақ болатынын білетін.
тапқаның мен танығаныңды мәлім етші
шығыс септігі - алғанымыздан көп болатын
сүйсінгеннен күлді.
Осы етістікті сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары етістік екені белгілі. Ал оның бағыныңқы
сыңарлары да етістік. Ол етістіктердің барлығы да барыс, табыс, жатыс, шығыс жалғаулы есімшелер.
Олай болса, есімшелер етістікті сөз тіркесінде бағыныңқы сыңарда жұмсалады екен.
Баукеңді құшақтаған бойы біраз уақыт жібермей тұрды (Егемен Қазақстан). Біздің ауылдың
мұғалімдері «Егемен Қазақстан» газетін оқыған сайын оған жазылуға талпынуда (Егемен Қазақстан).
Осы сөйлемде құшақтаған бойы, оқыған сайын түйдекті тіркестерінің негізгі сыңарлары есімше де
оған түйдектелген шылаулар арқылы етістік пен етістік тіркесіп жұмсалған. Осы сияқты құбылыс
тек есімше ғана емес, қимыл есімдерінде де кездеседі.
Әр аптаның жұмысында мемлекет басшысы бұл міндеттерді кезең-кезеңімен шешудің
мүмкіндіктерін талқылау үшін премьер-министр Ә.Қажыгелдинмен кездесіп тұрмақшы (Егемен
Қазақстан).
Есімшелердің етістіктермен қабыса байланысуы тілімізде бар құбылыс болғанымен, олар тілдік
жағынан арнайы зерттеу объектісі болып алғаш рет Ғ.Иманалиеваның диссертациялық жұмысында
жан-жақты айтылғаны белгілі [3].
|