Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
464
білдіреді. Дегенмен оның әлем жұртшылығына танымалдығы шамалы. Сондықтан да ол жайлы
сапалы деректі фильмдер түсіріп, әлем жұртшылығына тарату абзал. Ал әзірге оның белгілі бір
ассоциация туғыза қоюы неғайбыл. Бірақ бұл символдың басты артықшылығы – Қазақстанмен ғана
ассоциациялануы мүмкін, басқаларының оған құқықтары жоқ.
Елдің жан-жануарлардан да басқа символдары болады. Мысалға, бұрынғы КСРО елдері
үшін Алматы әлі күнге дейін алмамен мәндес, сондықтан да Қазақстан да олардың ойларында
алмамен ассоциацияланады, себебі, олар Қазақстан дегенде ең алдымен Алматыны еске алады.
Ал шынтуайтына келгенде елімізде жабайы алманы қолдан өсіре бастағанын олар тұрмақ қазақ
азаматының бәрі бірдей біле бермейді. Сондай-ақ Голландияның символына айналған қызғалдақтың
да қазақ жерінде өсіріле бастағанын ғалымдар дәлелдеді [5]. Оның да символикада қолданылуда
мүмкіншіліктері жоғары.
Елдің ресми емес символдарының бірі – ұлттық киім-кешек болып табылады. Ата-бабамыздың
бұл салада қалдырып кеткен мұрасы жеткілікті. Жылдың кез-келген мерзіміне арналған киім
үлгілері бай мәдениетімізден де хабар береді. Олардың ішінде жаңа заман талаптарына да сай
киімдері жеке стиль қалыптастыруға жеткілікті. Сақ жауынгері – алтын адамның киім үлгісі де сол
мұраны толықтырып тұратындай. Киімнің кез-келген түрін – бас киім, аяқ киім, сыртқы киім, тойға
киетін киім, т.б. – күнделікті өмірімізде қолдануға болады. Тек қазіргі өмір стандарттарына сай
әрлендіру қажет. Бұл жерде эклектикаға аса берілмеу керек екендігін де айта кеткен жөн.
Елді ерекшелендіретін тағы бір символ – ұлттық тағамдар. Әлемде ең белгілісі – бешбармақ.
Алайда, оның жалғыз тамақ емес екендігін көбісі біле бермейді. Ал мақтанышымыз қазыны
қырғыз ағайындар ұлттық тағамы ретінде тіркеп алған екен. Қазақтың жүзден аса тағамдары мен
сусындары бар. Әрқайсысы қайталанбас ерекше, денсаулыққа аса пайдалысы да жетеді. Оларды
дұрыс таныстыра білу кәсіпкерлерімізге үлкен көмек болар еді. Қазақ дастарханын басқаларымыз
тұрмақ өзіміз де бағалай алмай отырған тәріздіміз. Бұл салада әлемдік аренаға шығар болсақ, оны
даярлау технологияларын ғылыми түрде нақтылау қажет, аспаздарымыз оның қыр-сырын толық
білуі тиіс. Және де әр тағамды қонағының дәрежесіне қарай ұсына білген қазақтың қонақжайлығын
әлемге таныта білуіміз керек. Жалпы, қазақтың қонақжайлығы басқа жұрттікіне ұқсамайды. Ол
қазақтың бауырмалдығынан, кең пейілділігінен бастау алады. Нағыз қонақжайлықтың қандай
болатынын әлем жұртшылығына паш ететіндей мәдениетіміз бар, оны басқаларға таныстыра
білуіміз керек. Туризмді дамытудың негізгі жолы да осы. Қой және жылқыдан жасалатын тағамдар
саны жүзден асып жығылады, малдың кез-келген сүйегін қонақтың дәрежесіне қарай тартады. Және
де әр сыйлы қонағына жеке-жеке бас сыйлайды. Ұлттық тағамдармен қатар дастархан басындағы
ұлттық рәсімдерді таныту арқылы да елімізді мойындатуға мол мүмкіндік бар. Жапондардың шәй
ішу рәсіміне бәрі таң қалады, ал қазақтың ұлттық рәсімдеріне де сондай көзқараспен қарауына
жағдай жасалуы тиіс.
Қазақтың киіз үйлерінің де қайталанбас туынды екендігі анық. Оның әрбір бөлшегі
көшпенділікке ыңғайланып жасалған. Мұны көрген адамның бәрі мойындайды. Алайда оған
көбісінің ойлағанындай шаңырақ пен кереге, киізі ғана жатпайды, оған кебеже де, сандық та, т.б.
жиһаздар да жатады. Жиһаздар да ел брендіне жаңа мүмкіндіктер ашатын құрал. Жиһаздарды тек
жасап қана қоймай, брендинг технологияларын қолданған жағдайда мол пайда көруге болатынын
ұғынғанда ғана өзіне ғана емес, еліне де пайдасын тигізер еді.
Елдің бет-бейнесін анықтап беретін тағы бір атрибут оның архитектурасы. Бұл жерде Астананың
күн сайын жайнай түсуі біз үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Ол жерде қайталанбас көптеген
архитектуралық туындылар дүниеге келгендігі анық. Соларды көру үшін болашақта дүниенің
түкпір-түкпірінен келетін болады. Алайда бізде жаңа заманның архитектуралық туындыларымен
қатар тарихи ескерткіштердің де аз да болса бар екендігін естен шығармаған дұрыс. Олар еліміздің
көптеген жерлерінде бар. Көптеген ежелгі қалалардың болуы, және олардың жалғыз оңтүстікте
ғана емес, барлық аймақтарда орналасуы елімізде жалғыз мал шаруашылығы ғана емес, сауданың
да, ғылымның да гүлденгеніне дәлел.
Брендинг әу баста бизнестің табысын асыра түсу үшін қалыптасқан жаңа сала болып табылады.
Қазіргі заманда қай салада болмасын, табысқа жетуге болатын жағдай туындаса бірден бәсекелестік
пайда болады, онымен бірге бәсекелестік күресте жеңіске жетуге керекті, тиімді технологияларға
қажеттілік туындайды, олай болса бренд жасауға қажетті жағдай туындайды. Демек бәсекелестік
бар жерде бренд те болады. Өмірімізді қай жағынан алып қарамаңыз бұл қағида талассыз жұмыс
істейді: адамдар арасындағы бәсекелестіктен бастап елдер арасындағы бәсекелестікке дейін.
Ең күшті брендтер адам санасын жаулап алады, адам үшін қымбат құндылықтарды пайдалану
|