Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
112
Бәйге алып ер Көтібар елге қайтты,
Ішінен Маман батыр қайғы тартты.
Шабамын Маман байды жыйылсын деп,
Еліне барысымен сауын айтты [6,11],
-деген шумақ Балқы Базар жыраудың нұсқасында:
Бәйгісін алып батыр еліне қайтты,
Келгесін айтты еліне болған жайтты.
Аулына аттанам деп Маман байдың,
Халқына жиналсын деп хабар айтты [4,7].
Өзге нұсқаларға қарағанда Балқы Базар жыраудың нұсқасының тілі көркем екендігін осы
мысалдан байқауға болады. Хикаят аталуы да сондықтан болса керек. Ал өзге нұсқалардың Жүсіпбек
нұсқасымен ұқсастығы басым екендігі белгілі. Балқы Базар жырау нұсқасының 1 шумағының бірінші
тармағынан бастап көркем тілмен жеткізу мақсатында жырланғандығы байқалады. Мәселен,
Өткенсін ылаңгерлік үлкен соғыс,
Маман бай Торғай бойын еткен қоныс [4,1].
Ылаңгер сөзі – ылаң – «сойқан салу» деген мағынада қолданылып, - гер есім сөздерден зат есім
тудыратын жұрнағы арқылы зат есім жасалған. Оған үстеме -лік сын есім тудырушы қосымшасы
жалғанып, сын есім қызметінде қолданылып тұр. Түбір қалпында да ылаң сөзі ылаң салды,
ылаң қылды болып етістіктермен тіркесіп қолданылады. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы
шығармалар тілінде жиі ұшырасады.
Жырда кездесетін сандар мәселесін сөз етер болсақ, Балқы Базар жырау нұсқасында сандардың
өзіне үлкен мән бере отырып, алмастырылғанына көз жеткізуге болады. Жырау шығарманың тілін
көркемдеумен қатар шындыққа жанасымды, ойға қонымды болу жағына да үлкен мән берген.
Мәселен, Әлібек пен Айман кездесіп, көрісіп, амандасқан соң, Әлібектің жаудан кекті алмақшы
болғанда айтқаны былай берілген:
Мінгізіп жайдақ түйеге,
Екеуара қыздарын [4,24],
«Қыздарыңды қос-қостан» [4,24], «Төрт қызды екі нарға мінгестіріп» [4,25]. «Екеу ара, қос-
қостан, төрт қызды» деген сөздер арқылы жұп сандар берілген, жұптап беру, жұптап іс-әрекет ету
ұғымы көрсетілген, Айман мен Шолпанды бір түйеге мінгізгенін меңзеп тұр. 12 шумақта:
Жиынға жарастықты жабдығымен,
Қос-қостан сегіз нарға саба артады [4, 2].
Ал 1896 жылғы нұсқада:
Жігірме қызды бір нарға,
Мінгестіріп жігіттер,
Кегімді сүйтіп алмасам [6,40].
Ал Базар жыраудың тоғыз санын сегіз деп өзгертуі кездейсоқ емес, жыр тілін көркемдеу
барысында, жырдың өн бойындағы сандарды өзге сандармен көрсетуімен ғана байланысты
түсіндіруге болар еді. Дегенмен анығында түйеге артылатын заттың саны жұп болуы түсінікті.
Себебі, біреуі артық немесе кем болса нардың жүгі ауып кетеді. Осы қарапайым ережені ескере
отырып, «сегіз нарға» деп береді. Мұндай өзгерістер жыр тіліне айтарлықтай өзгерістер енгізбейтінін
айта кеткен жөн. Сонымен қатар, жырдың нұсқаларының арасында Жүсіпбек нұсқасында мың
түйе деп берілсе, Базар жырауда 10000 қой, 5000 жылқы, 1000 түйеге деп төрт түлікті түгелдей
есептеп сөйлейді. Сол сияқты Жүсіпбек нұсқасында «Бес нарға жиырма қыз мінгестіріп» болып
келетін тармақтарды, Балқы Базар жырау «Төрт қызды екі нарға мінгестіріп» және т.б. осы сияқты
сандарды ой елегінен өткізе орынды қолданады және ауыстырады.
Жыр нұсқаларында тармақты тұтастай алып тастап, үйлесімді етіп жырлаған тұстары да
кездеседі. 1896 жылғы нұсқадағы 81 шумақта:
Маман бай әкем аты, атым Айман,
Сұр жорға ат меруерт жалды мен жайлағам.
Тарта тұр аттың басын, ер Көтеке,
Шығады шешем дауысы айқайлаған [6,14], -
Балқы Базар жыраудың нұсқасындағы 81 шумақта:
Бай Маман әкем аты, атым – Айман,
Кер жорға ат маржан жалды мен жайлаған.
|