Б. Сағындықұлы
ПМПИ, Павлодар қаласы
Қазір кітап оқып жүрміз бе? Иә сөзін жоқ сөзі билеп тұр. Мәшһүрдің «Бар» деген сөз аты өшіп, тып-типыл боп, бұл күнде
«жоқ» деген сөз тірі қалды» дегені сияқты. Оқушы мен студентті қаузамай, кез келген мұғалім-оқытушымыз «Соңғы уақытта қандай кітап оқып жүрсіз?» - деген сауалыңызды жауапсыз қалдырады. Сананы тұрмыс билегені бұл. Мұның ақыры «Бір ел – бір кітап» акциясының тууына әкелді емес пе? Шындық па? Шындық. Ұят па? Ұят. Бірақ кітапханашылар мойымайды екен. Еліміздің кітапханашыларының сөзіне сенсек, «Кітап оқитын жастар азайып барады деу – бос сөз». Соңғы уақытта күн сайын көбейгенге ұқсайды. Біздің бір қара көз қарындасымыз минутына 2000 сөз оқиды екен! Енді бір қарындасымыз оқуды кітаптың соңғы бетінен бастайды. Демек, нәтижеден себепке қарай баспалдақтайды (мәлімет 16.10.09 жылғы Таразы телебағдарламасында келтірілді). Бұл не сонда? Сан мен сапасыздық па? Екеуі бірінсіз-бірі болмаушы еді ғой: тіл біліміндегі ілік септігі мен тәуелдік жалғаулы сөздердің байланысындай. Математика іліміндегі қосылғыштардай. Әдебиеттегі проза мен поэзиядай. Тарихтағы дерек пен деректанудай.
Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық, - деген Ыбырай бабамыздың сөзін «Оқы, оқы және оқыға» айналдырған Ленин шал нені көздеді екен?! Мұның өзін орыс шалы құраннан көшірген деген пікір де коммунизм елесінен гөрі, шындыққа жанасымда-ау, сірә! Қалай болғанда да, Абай бабамыздың «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады». Сонда, Абай бабамыздың ақылы не? Ары қайсы? Ғылымы қалай? Мінезі қандай?
Ақыл. Энциклопедиялық ілім «Адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейтін аса маңызды қасиет» деп түсіндіреді (Қазақ ұлттық энциклопедиясы. – Алматы, 2004. – 233-бет). Басқаша айтқанда, пайым мен парасаттың ең жоғарғы сатысы. Қазақтың қарапайым сөзінде, пікір, пайдалы кеңес ұғымын береді. Ал астарлы, ауыс мағынасы өте кең: ақыл айтты, ақылға сыяды, ақылға келді, ақылға салды, ақыл көрді, ақыл кірді, ақыл қонды, ақыл қосты, ақыл құрды, ақыл сұрады, ақыл тоқтатты, ақыл тіс, ақылы ауды, ақылын алды, ақылынан танды, ақылы толды, ақылыңды ішпе, ақыл көзімен
қарады, ақылдың көзін байлады және т.т.б. (Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы, 1999. – 157-158 - бб).
Ар – әдеп (этика) категориясы. Ар көрді, арын арлады, арын аттады, арын аяққа басты, арын сақтады сынды ауыспалы мағынаға ие. Негізгі мағынасы – адамгершілікті уағыздайтын ізгі қасиет. Ұждан, ұят сөздерімен астарлас. Пәлсапа тіліне салсақ, адамның өзіне-өзі ұждан тұрғысынан баға бере білуі (Қазақ ұлттық энциклопедиясы. – Алматы, 2004. – 394-бет).
Ғылым – қазір қоғамдық сана формаларының біріне жатады (Философиялық сөздік. –Алматы, 1996. – 114-115 - бб). Қарапайым тілде зерттеу қызметінің саласы. Абай бабам өз ғақлиясының алғашқы сөзінде ғылым бағу тіркесімін қолданыпты: Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Ж.Жабаев ғылымды біліммен ұштастырыпты: Немерем мен шөберем Бесігің де сендердің. Жастайынан үйренген Ғылым-білім өрнегін.
Мінез. Бұл арқылы адамның белгілі бір жағдайда өзін қалай ұстайтындығын алдын ала білуге, бойына қоғамға пайдалы қасиеттерді қалыптастырып, мінез-құлқын бағыттап отыруға болады (Философиялық сөздік. – Алматы, 1996. – 289-бет). Абайша айтсақ, Мен егер зәкүн қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім. Яғни, мінезде (мінез-құлық деп те қолданыла береді) психикалық және рухани қасиеттер бар.
Сонымен бізде не бар, не жоқ? Неге екені белгісіз, біз оқу мәнін оқушы мен студенттің парызындай түсінеміз. Ол солай да. Бірақ оқу мәні әр ғылым саласын саралап жүрген ізденушіге де келеді. Демек, кітап оқу тек көркем дүние ғана емес. Ол мектеп оқулығынан бастап, қартайғанға дейінгі кең бір дүние. Тек оқудан ғана ғылым мен техника дамып, экономика қарыштап өседі. Бұл Елбасымыздың айтқан интеллектуалды ұлт концепциясына әкеледі. Әлеуметтік мән ең басты назарда болады деген сөз. Ал мәдени аспект ұлт санасын сараласа керек. Қазақтың қазақтылығын танытатын қазақи сөзде үлкен мәдениет бар. Әдеп те сонда. Ар-ұждан да одан алыс емес. Әрине, ол көргенді жерден тарайды. Біз – ауыл ақсақалының ақыл сөзі бүкіл елдің нақыл сөзіне айналған жұртпыз. Көреген қария немересіне молла бол дейді. Молла сөзі дін қуып, құран бағышта дегенмен шектелмейді. «Молла» - сөзінде «оқу» - деген де, «мұғалім» - деген де, «білімді» - деген де бар. «Шәкіртсіз ұстаз тұлдың» тереңдігі сол, ұрпақ алдындағы борыш, болашақ алдындағы жауапкершілік. Мұндай сөздер, сөйлемдік құрылымдар қазақ халқында жетіп артылады.
Қазіргі заман - техникаға бағынған заман. Тіпті, техниканың адамды билеген тұсы. Бірақ адамзаттың әрдайым алғашқы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал техниканы бағындыру - оқумен орап, біліммен бекіткеннің белгісі. Оқуда мән қалмады, көкейім теледидармен толады дегенде үлкен адасушылық бар. Мәселенің түп- төркіні кітап, оқу, білім ұғымдарымен астарласып-ақ тұр.
Яғни, кітап – тасқа басылған, өмірі құндылығын жоймайтын зат. Тіпті, құран сөзі мен түрлі діни жазбалар осы кітаппен жеткен. Тәурат (Мұса пайғамбардың кітабы), Зәбүр (Дәуіт пайғамбардың кітабы), Інжіл (Иса пайғамбардың кітабы), Құран (Мұхаммед пайғамбардың кітабы) көктен түскен төрт киелі кітап емес пе еді?! Бертіндегі халық тарихы – кезінде тасқа қашалса (Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған жәдігерлері жадыңызда ма), кейіннен қағазға қатталды (ХІІІ-ХУ ғасырлардағы сөздіктерді есіңізге түсіріңіз). Қазіргі күні кітаптың не екенін түсіндірмесе де болады. Сәби боп әліпбилеп, есейгенде көңілге түйер көркем дүниені іздейсің. Қартайып жас келгенде, киелі төрт кітаптың бірін серік етесің.
Кітаптың атынан гөрі, зады қымбат. Оның зады сол, ішінде қатталған дүниені танып-білу. Танып-білу дегеніміз – оқу. Оқу мәдени мәселеден гөрі, әлеуметтік қағида. Адам баласына бәрінен оқу жақын. Тілін сындырған бала жаттай оқиды. Мұнда үлкен мән бар. Қазақ ауыз әдебиетінің жаттай оқумен жеткізілгенін еш ұмытпасақ керек. Он жасқа жеткен бала жатпай оқиды. Бұл біздің алдыңғы аға- апаларымыздың көрпе астында тығылып, май шаммен оқуы болса керек. Қазір жастар тізіп оқиды. Бұл мынау бүгінгі күннің мәпақасы деп түсінгендердікі. Кейбір жастар кезіп оқиды. Меніңше, бұл - қазіргі ғылымның жайын жетік түсінгендердің ісі. Сонымен, оқу көп. Бірақ сол оқудың екі түрі бар. Біріншісі – бала Томас Эдисонның кітапханаға алғаш келіп, сөредегі кітаптарды шетінен алып оқып шықпақшы болған ойы. Басқаша айтсақ, көз жүгірту, бармен танысу. Екіншісі – тағы да сол американдық өнертапқыш Эдисонның атын әлемге жеткізгендегі оқымыстылығы. Демек, қажетті кітапты оқу керектігі. Қазақтың «оқу инемен құдық қазғандай» - дегені осы болса керек.
Оқу, сондай-ақ, біліммен егіз. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» - дейді қазақ мақалы. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» - деп білген халқымыз үшін білім ақыл-парасат, ой-өріс ұғымдарымен қатар тұр. «Күш – білімде, білім – кітапта» дейді тағы бір дана сөз. Қалай болғанда да, бұл үштіктің басы бір. Байыптай қараған адамға кітап пен оқудың, оқу мен білімнің мән-мағынасы жақын. Кітап десең оқудың, оқу десең білімнің көз бен көкейден орын алатыны содан.
Қорыта келгенде, аз айттық па, көп айттық па, әйтеуір айттық. Біліп айтсақ та, білмей айтсақ та сараласын дедік. Барды бағаласын дедік. Оқысын дедік. Керегін көңілге тоқысын дедік. Кел, бәріміз, оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық. Рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |