Қазақстан Республикасы Білім және ғылым


«БІР ЕЛ – БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ МЕН ҰЛТТЫҚ ОҚУ ҮРДІСІ



бет7/114
Дата05.03.2022
өлшемі0,64 Mb.
#27086
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   114
Байланысты:
«кітап. Уа ЫТ. О АМ» (1)

«БІР ЕЛ – БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ МЕН ҰЛТТЫҚ ОҚУ ҮРДІСІ




А.Н. Байғабылова


ҚР ҰАК, Астана қаласы
Кітап - адамзат баласының баға жетпес рухани құндылығы. Кітап білім мен тәрбие құралы ретінде жеке тұлғаны қалыптастыруда ерекше ықпалға ие. Электронды дәуір ағымына қарамастан, кітаптың орнын ештеңе де алмастыра алмақ емес. Еліміздің қарқынды дамуы, елбасы Н.Ә.Назарбаевтың білімді, сауатты жастарға үміт артуы, оларды түрлі әлеуметтік, оқу бағдарламалары мен өз Жолдауындағы

«Жалпыға арналған білім» мен «Өмір бойғы білім алу» ұрандары арқылы сапалы білім алу мен кәсіби маман болуға үндеуі - болашаққа жасалған игі қадам. Оқу бағдарламалары мен сауаттылықты қорғау қашанда мәдениет саясатының негізгі бағыты болуға тиіс.

Қазіргі кітапхана оқырмандарының ең негізгі бөлігін кәсіби ақпарат іздеп келетін жастардың құрайтындығы, олардың кітапханаға арнайы реферат, курстық, дипломдық жұмыстар мен шығармалар жазу үшін ғана бас сұғатындығы - ақиқат. Соңғы жиырма жылда салмақты көркем әдебиеттен хабары жоқ жастардың тұтас бір толқыны пайда болды деп те жүрміз. Бұндай жастарды «жеңіл желпі» немесе

«коммерциялық» әдебиеттер ғана қызықтырады. Бұған олардың назарының ақпарат тасымалдағыштардың басқа түрлеріне аууы мен жалпы кітап оқу мәртебесінің төмендеуі ықпал етіп отыр.

Кейбір зерттеушілер «оқу үрдісі жоғалған жоқ, тек қазіргі оқырман нені оқиды, қайдан оқиды мәселе тек сонда ғана» деген пікірді ұстануда. Қалай болғанда да бұл біздің еліміздегі оқу дағдарысы мәселесінің бар екендігін жоққа шығармайды және сол себепті де ақпараттық мәдениет орталығы болып саналатын ел кітапханаларына зор міндет жүктейді. Осы орайда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақ Ұлттық электронды кітапханалық қорын құру арқылы оқырмандарға кітап оқытудың жаңа бір жолын ашты. Электронды кітапхана ғаламторға мықтап бет бұрған жастарға кітаптың е-көшірмесі арқылы кез - келген жерде отырып, қалаған шығармасын оқуына мүмкіндік береді. Белгілі бір тақырыпқа сай библиографиялық тізімді, шағын шолуды, не болмаса виртуалды кітап көрмесін сайт бетіне орналастыру, сол арқылы оқырманның қызығушылығын тудырып, оқуға, кітапқа бетбұрыс жасауына, одан әрі сол кітапқа тапсырыс беруіне ықпал ету - ұлттық электронды кітапхананың ең басты міндеттерінің біріне айналды.

Елімізде кітап оқу, оқу мәдениеті мәселесі осыдан бірнеше жыл бұрын республикалық көлемде қолға алынды. Бұған 2007 жылы Астанада өткен «Оқитын ел - бәсекеге қабілетті ел негізі» атты халықаралық оқу конгресі айқын айғақ. Конгресс жұмысының нәтижесінде сол жылдан бастап ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы

«Бір ел - бір кітап» акциясын өткізуді бастады. Осыдан бастап аталмыш акция ел тарихында елеулі орын алар ерекше оқиғаға айналды. 2007 жылдың қыркүйек айындағы «Елімізде «Бір ел - бір кітап» акциясы басталды», «Республикамыздағы танымал саясат және қоғам қайраткерлері оқи бастады» деп басталатын ақпараттар ағыны кімді де болса елең еткізіп, Қазақстанның мәдени өмірінде өзгеше бір жаңалық басталғанын әйгілегені анық.

Акцияның ұйымдастырушылары - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар қауымдастығы. Алғашқы жылы акцияның ұйымдастыру комитеті құрылып, Қазақстан халық жазушысы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Фариза Оңғарсынова ұйымдастыру комитетінің төрайымы болып сайланды. Акцияның ережесі жасалып, сол ережеге сәйкес жыл сайын ұлттық гуманизм мен жалпы азаматтық идеяны бейнелейтін, ел тарихы мен заман дамуына сай әрі қоғамдық пікірталасқа түрткі бола алатын туындылар таңдап алынып отырды. Оқырмандар арасында жыл кітабына таңдау жасау сұралып, арнайы сауалнамалар жүргізілді. Осының нәтижесінде ел тарихы мен мәдениетінен хабардар етер құнды көркем туынды немесе шоқтығы биік поэзиялық шығарма іріктеліп, ұйымдастыру комитетінің шешімімен жыл кітабы болып бекітілді.

2007 жылы алғаш рет таңдалып алынған Абайдың «Қара сөздері» оқырманды өзі мен айналасындағыларды танып-білуге, озық гуманистік ойларға жетелесе, 2008 жылғы М.Әуезовтің «Қилы заман» повесі кейіпкерлерінің мінез-құлқы мен заман тартысы арқылы жастарды отаншылдыққа үндеді. Шындығында, бұл шығарма алғаш таңдалғанда: «қазіргі жастардың оқуына, түсінуіне тілі ауыр, өте күрделі шығарма» деген пікірлер де болды. Бірақ мәселе тек оқуда ғана емес, ел тағдыры мен тарихын арқау еткен шығармаға қайта көз жүргізу, жастарды Әуезов деңгейіне көтеріп, өткенімізге жаңаша көзқараспен қарауына ықпал етуде еді. Шығарма олардың бойларындағы ұлттық намыс пен жігердің оянуына, көңілдеріне сәл де болса бір сәуленің түсуіне түрткі болды. «Қилы заман» повесін алғаш оқығандар халқымыздың өткен тарихына, оның алмағайып уақыттағы сырына қанықты. Ел тағдыры таразыға түскен сәттегі ерлердің, батыр аталарының ерлігіне сүйінді. Ғарифолла Есім, Алдан Смайыл, Тұрсын

Жұртбай секілді ел жақсылары «Қилы заманмен» қайта қауышқандарына, акцияның сондай мүмкіндік сыйлағанына алғыстарын білдірді.

«Бір ел - бір кітап» акциясы арқылы әлем әдебиеттерінің алыптарымен иық теңестірген екі ұлы жазушының шығармасын оқыдық, талдап, талқылап, ол жайлы пікірлерді көңілге тоқыдық. Ең бастапқы ой - кітап оқудан алшақтап бара жатқан қоғамға әсер ету, талай жылғы оқырманмен жұмыс жасау барысында жинақталған тәжірибені қолдана отырып, түрлі шаралар арқылы оқыту еді. Ол ойымыз жүзеге асты. Ал, кез келген оқырманның кітапты оқығаннан кейін оны сезімсіз оқуы, әсіресе, Абай мен Мұхтарды оқи отырып, одан өнеге алмауы мүмкін емес болатын.

Жыл сайын өткізілген оқу акциясы өзінің халыққа қажет екендігін, өміршеңдігін дәлелдеді. Оған көпшіліктің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қойған сан түрлі сауалы куә. 2007 жылғы ұлы Абайдың «Қара сөздерін» оқуға арналған алғашқы акция барысында Тараз қаласындағы облыстық телеарна осы тақырыпқа тікелей эфирдегі «Көкей кесті» бағдарламасының бірін арнаған болатын. Сол бағдарламаның барысында көрермендер үздіксіз телефон шалып: келесі жылғы акцияға қандай кітап таңдалып алынады екен, - деп қызығушылық білдірді. Бұл игі шараның жұртшылықты бей-жай қалдырмағандығының бір көрінісі болатын.

Ал, үшінші, яғни 2009 жылғы акцияға «Ұлттық поэзия падишасы» болып саналатын Мағжанның махаббат лирикасы, оның оқырманға бұрыннан таныс «Жан сөзі» атты жинағы таңдалып алынды. 2010 жылы қазақтың қаһарман ақыны Ж.Молдағалиевтың

«Мен қазақпын» поэмасы асқақ үнімен оқырманды рухтандырса, 2011 жылы Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы халықтық талқылауға таңдап алынды. Абай, Мұхтар, Мағжан, Жұбан, Жүсіпбек секілді алыптар тізбегінен тұратын оқу акциясының сипаты біртіндеп жалпыұлттық деңгейге ие болды. Жыл сайын акцияға қатысушылардың саны ұлғайып, өткізілген іс-шаралардың көлемі мен сапасы арта түсті.

Республика көлемінде бір аптаның ішінде бүкіл ел болып бір ғана кітапты оқуды міндеттеген акцияның көтерер жүгі де, атқарар шаруасы да аз емес болатын. Оқу мәдениетін қалыптастырып, ұлттық әдебиетіміздің беделін шарықтатуды, сол арқылы жастардың бойына ұлтқа тән асқақ рух сіңіруді көздеген оқу акциясы бүгінде өз міндетін ойдағыдай орындауда. Бұған акция басталғаннан бергі жылдарда жарық көрген ақпараттар қоржынын салмақтап, саралай отырып көз жеткіземіз.

Кітапхана жүргізген сараптамаға жүгінсек, акция барысында еліміздегі кітапханаларда, мектептерде, әскери бөлімдерде, академияларда, университеттер, колледждер мен сауықтыру мекемелерінде Абайдың «Қара сөздері» бойынша – 400-ден аса, М.Әуезовтың «Қилы заман» повесі мен «Мағжанның махаббат лирикасы» бойынша, Ж.Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасы бойынша - 700-ден аса іс-шара өткізіліп, әр жылғы акцияға миллионнан аса оқырман қатысыпты.

Соңғы «Бір ел - бір кітап - 2011» акциясы Ж.Аймауытұлының

«Ақбілек» романына арналды. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» акциясына орай өткізілетін республика кітапханаларының іс-шаралар жоспары жасалды. Республика бойынша Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романының мәні мен мазмұнын және осы шығарманың қоғам мен автордың өмірінде алатын рөлін ашу үшін ел кітапханаларында барлығы мыңнан аса түрлі шаралар өткізілді. Оқырмандар «Ақбілек» романының электрондық көшірмесімен www.kazneb.kz сайтында танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, Астана қаласының ҚР Тұңғыш Президенті Зияткерлік мектебінде Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романының мән-мазмұнын, осы шығарманың қоғам өмірінде алатын рөлін ашу мақсатында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Бір ел – бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитетінің төрайымы Фариза Оңғарсыновамен бірлескен кездесу өтті.

Алдымен 10 наурыз күні «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романына арналған баспасөз конференциясының отырысы өтті. Отырыстың модераторы, профессор, филология ғылымдырының докторы Т.Жұртбай «Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы – ұлттық және адами ізгілік құндылықтарын, адамның жан құбылыстары мен сезімінің бай әлемін көркем бейнелейтін роман»-, деп атап өтті. Жиында сөз алған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымының докторы К.Б.Бейбітова романның көркемдік ерекшелігі мен Ақбілектің тағдыры жайлы тақырыпта сөз қозғады. Аудиторияға Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығына арналған

«Елім деп соққан жүрегі» тақырыбымен слайд көрсетілді. Шығыс Қазақстан облысы Ж.Жабаев атындағы драма театрдың «Ақбілек» спектаклінен үзінді тамашаланды. Жиынға қатысып отырған Астана қаласы жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен кітапханашыларына, студенттерге мектеп жасындағы, жас мөлшері түрлі деңгейдегі оқырмандарға «Ақбілек» романын қалай оқытуға

болатындығы түсіндіріліп, оның түрлі жолдары мен формалары талдап көрсетілді.

Ағымдағы жылдың 27 сәуірінде Ұлттық академиялық кітапхана Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ашылғанына 7 жыл толуына және Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай Астана қаласының кітапханашыларына арналған «Кітапхана ғасырларды жалғайды...» атты Ашық есік күнін өткізді. Осы Ашық есік күнінде ф.ғ.д., Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, жүсіпбектанушы ғалым Т. Рақымжан «Қазақ прозасы және «Ақбілек» әлемі. Жазылуы мен жариялануы» атты тақырыпта дәріс өткізді. Аудиторияға Ж.Аймауытовтың шығармашылығы мен «Ақбілек романының жазылу тарихына» арналған электронды презентация көрсетілді. Талқылауға қалалық әртүрлі жүйе мен ведомствоның кітапханашылары, колледж, мектеп оқытушылары, филология факультетінің студенттері қатысты.

Биылғы акцияның бір ерекшелігі оған қатысушы оқырмандардың басым бөлігін жастар құрады. Былтырғы 2010 жылғы акцияда көптеген іс-шаралардың басы-қасында «алдыңғы толқын - аға-апаларымыз» жүрсе, биыл олардың орнын «кейінгі толқын - іні- қарындастар» басты.

Акцияға орайлас кітапханашылар қауымының қолымен жасалған игілікті істің бірі - «Жүсіпбек Аймауытов» атты библиографиялық көрсеткіштің жарық көруі болды. Осы жылдың 22 маусымында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР облыстық кітапханаларының мамандары, Астана қаласы кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен «Павлодар облысының кітапханалары: дамудың инновациялық моделі» тақырыбында семинар болып өтті. Семинар барысында павлодарлық кітапханашылар «Бір ел – бір кітап» акциясына арнап шығарылған «Жүсіпбек Аймауытов» атты библиографиялық көрсеткіштің тұсаукесерін өткізді. Көрсеткіште жазушы туралы 200-ден аса жаңа материал берілген.

Кейіннен акция ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 29 қыркүйек күні салтанатты түрде ашылды. Кітапхана қабырғасында акция барысында «Қыз тағдыры - ел мұңы» сахналық қойылымы,

«Ақбілек тағдырына менің көзқарасым» атты ток-шоу, оқу марафоны және «Ақбілек романы - ұлт тағдыры» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өткізілді. Бес жыл бойы бүкіл елдің бір кітапты бір мезгілде оқып шығуы мен талқылауы, сол кітапқа арнап өткізілген түрлі шаралар жас шамасы әр қилы, түрлі дәрежедегі адамдардың оқу белсенділігін арттыруға зор үлес қосты.

Акцияның өту барысында қиындық тудырған бір жайт, ол акцияға таңдалар кітаптың көпшілікке қолжетімді болуы еді. Арнайы ережеге сәйкес таңдалып алынар көркем әдеби туындының тақырыбы мен көтерер идеясының маңыздылығы, көлемінің өте үлкен болмауы, көпшілікке қолжетімді болуы үшін таралымының көп болуы қашанда ескерілді. Екі жыл қатарынан өткен акцияға таңдалып алынған Абай мен М. Әуезовтың кітаптары бұл талаптарға толығымен жауап берді. Бұл шығармалар кітапханалардың ғаламтор бетіндегі сайттарына да орналастырылды. Ал, Мағжанның махаббат лирикасын жалпы жұртқа жеткізу үшін оның «Жан сөзі» кітабына қосымша ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен «Ол-жас» баспасы шығарған «Сен сұлу» атты жаңа өлеңдер жинағы ұсынылды.

Әдеби шығарма оқу тек қана кітап оқу емес, ол өзіңді-өзің тәрбиелеу, парасаттылыққа алып барар жол іздеу, - дер едім. Ендеше, біз «Бір ел - бір кітап» акциясы арқылы келер ұрпақты тек оқуға ғана емес, озық гуманистік ақыл-ой мен адамгершілікке де тәрбиелеудеміз деп айта аламыз. Елімізде осымен бесінші рет өткізіліп отырған акция жазба мәдени мұрамызды насихаттау мен қоғамның кітап оқуға деген көзқарасын жақсартуда үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Ол оқырмандарды кітап оқу ісіне тартудың: баяндама, дәріс, презентациялар мен ток-шоулар, кітап көрмелері мен экскурсиялар, қызықты да танымал тұлғалармен кездесулер, оқу марафондары секілді түрлі формалары арқылы мүмкін болып отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   114




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет