Ќазаќстан республикасы білім жѕне ѓылым министрлігі



бет20/26
Дата21.06.2023
өлшемі445,5 Kb.
#102803
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26
Дина Нұрпейісова

Домбыраның сыршыл да нәзік үнді жаратылысына қарап отырып, осынау құдіретті аспап әу баста әйел затының жүрегін әлдилеу үшін жаралмады ма екен деп те ойлайсың. Өйткені, домбыраның бүткіл болмысы әйел табиғатымен үндес. Домбыра көкірегіндегі жұмбақ сырды ең сезімтал саусақтың ғана сауып шығыры алатыны да содан болу керек. Қазақ күйлері өзінің санының молдығына және тақырыбының алуан түрлілігіне қарамастан, тыңдаушысын ойлы, сабырлы сезімге бөлеуге бейім. Бұл тұрғыдан да, домбыра қазақ әйелдерінің табиғи болмысына етене жақын. Бәлкім, қазақ қыздарының ішінен дәулескер домбырашыларды шығарған көп себептің бірі осы болар. Бұған Динаның (1861-1955) құдіретті өнері жарқын айғақ.


Күй аңыздарының басым көпшілігі домбырашы қыздар туралы болып келеді. Небір әсем сазды күйлердің дүниеге келуіне де домбырашы қыздар себепші болып отырады. Тіптен, Тәтімбет, Қазанғап, Есір, Құлшар, Еспай сияқты дәулескер күйшілердің екі аяғын бір етікке тыққан өнерпаз қыздар туралы қызықты әңгімелер күні бүгінге дейін айтылады. Даланың ауызша тарихнамасында /ДАТ/ Жайық бойынан шыққан Ақжелең, Беріштен шыққан Қоңырша мен Шәрипа қыз, Шу бойындағы Аршын қыз, Детісудан шыққан Науша қыз, Шаншардан шыққан Малқара сияқты ірі күйші-домбырашылар сөз болады. Олар жай ғана домбыра тартып, қызық үшін күй сайыстарына түспеген. Қазақ түйлерінің шырайын келтіретін, өрісін ұзартатын күйлер де шығарып отырған. Мәселен, тармақты күйлердің ішіндегі ең бір өрелісі «Алпыс екі тармақты Ақжелең» циклы болса, осынау ұлы дәстүрдің басында ақжелең күйшінің тұрғаны анық. Немесе Беріштен шыққан Қоңырша қыз әйгілі «Байжұма» атты күй шығарған.
Дина да ең алдымен қыз баланы ерке де еркін өсіретін халық дәстүріне ден қойған ата-анасының аялы алақанында тәлім-тәрбие алып өсті. Ол 1861 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы деген жерде дүниеге келді. Әкесі Кенже мен шешесі Жаниха төңірегіне сыйлы жандар болған. Әсіресе, Кенже ойын-тойда түрініп күреске түсетін, сайланып бәйге атын қосатын, қажет болса күй тартып өнер көрсететін сері мінезімен жұрт аузына іліккен. Динаның бойына туа біткен бұла дарынға әке шаңырағындағы өнерді пір тұтушылықтың шапағаты аз болмаған. Ол тоғыз жасының өзінде-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсан сияқты күйшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Тіпті, қарашадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Осы жолы Динаның домбыра тартысына сүйсінген ұлы күйші оның болашағына үлкен үміт күтіп, батасын береді. Жай ғана бата беріп қоймайды, осыдан кейін де Динадан көз жазбай, үнемі айналып соғып, додалы күй айтыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді. Дина тоғыз жасынан бастап он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Оның күйшілік шалымының жетілгені сонша, ұлы ұстазының: «Сенің сол қолың, менің оң қолым бір адамға бітсе, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді» деп сүйсінеді екен. Құрманғазыдай дәулескер күйшінің ұстаз болуы Динаның ғана бақыты болып қойған жоқ, иісі қазақтың күй өнерінің бағы да болды.
Қыз баланың дәрені қызғалдақтай келте ғой. 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болды. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алып, құжат толтыру науқаны келгенде дәстүр бойынша аталарының атын атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған ғой. Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында.
Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі отбасын құрған. Динаның әсем сазды аяулы күйлері осынау жар қызығын көріп, бала бақытына мейірленген жылдарда туған. Ұзатыларда әкесінің еншің деп мінгізген қара қасқа атына арнап шығарған «Қарақасқа ат» күйі, өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сияқты күйлері, ақылды да айбарлы, сұлу да сырбаз абысынына арнаған «Кербез» күйі, үлкен ұлы Жұрымбай 1916 жылғы «Июнь жарлығы» бойынша әскерге шақырылғанда тартқан «Он алтыншы жыл» /«Набор»/ күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған «Қосалқа» күйі балдай тәтті, бауыр етіндей жақын баласы Қоңырға арнаған «Әсемқоңыр» күйі, міне, бұлар Динаның өзіндік қолтаңбасын айқын танытатын біртуар күйлер. Бұл күйлері арқылы Дина қазақ күйлерінің өрісін ұзартып, өрісін биіктетумен бірге өзі де ұлы күйшілермен терезесін теңестіреді.
Жалпы, Динаның күйшілік өмір жолы қиялдай қызық. Тоғыз жасында Құрманғазыдай ұлы күйшіден бата алған Дина, 90 жасқа толған салтанат кешінде сол Құрманғазының күйін шабыттана тартып, дүйім жұртты таң қалдырады. Келіншек кезінде Динаның талай рет түрініп күреске түскені жөнінде қызықты әңгімелер күні бүгінге дейін ел аузында аңыз болып айтылады. 1937 жылы 75 жастағы Дина Алматыға тұңғыш рет келіп, құдірет өнерімен бүкіл республикаға ден қойғызады. Ол осы сапарында халық өнерпаздарының Бүкілқазақстандық байқауында бірінші орынға ие болады. Бұл-Динаның ғана жеңісі емес еді, ғасырлар бойы шыңдалған халық өнерінің биік деңгейінің айғағы еді. Осыдан кейін 1939 жылы 77 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Москвада өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, сонан соң, 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Тәшкенттегі оңтүстікте Дина тағы да жүлделі орындарды жеңіп алды. Жасының ұлғайғанына қарамастан санасының сергектігін Дина бір сәт солғындатпай, елдің саяси-әлеуметтік өмірімен бірге тыныстап өткен адам. Бұған оның Қазақстанның 20 жылдығына орай шығарған «Тойбастар», Ұлы Отан соғысы басталғанда халықты майданға шақыра тартқан «Ана бұйрығы» («Майдандағы ұлыма»), сол соғыстың жеңіспен аяқталуына орай шығарған «Жеңіс» сияқты күйлері жарқын айғақ. 80-90 жастағы қарт ананың күйлерін тыңдап отырып сезімнің сергектігіне, күйшілік дарынының мүлде солғын тартпай өткеніне, керісінше тегеурінді шабыт күшіне еріксіз қайран қаласыз. Мұндай құдірет құбылыс әлемдік музыка тарихында некен-саяқ.
Дина ата-анасын бақытқа кенелтіп, ауыл-аймағын мақтаныш сезіміне бөлеп, халықтың мәртебесін өсірген ғажайып адам 1916 жылғы «Июнь жарлығы», 1922 мен 1932 жылғы аштық, Ұлы Отан соғысының нәубеті Динаның да жанұясын біресе ызғарымен, біресе от жалынымен шарпып өтті. Дина өз құрсағынан Бәтима, Жұрымбай, Кенжеғали, Қоңыр, Мұрат деген балалар сүйген. Жұрымбай 1916 жылғы жарлыққа ілікті, Бәтима 1932 жылғы аштықтың зардабын тартты, Кенжеғалиі Ұлы Отан соғысында қаза болды.
Дина – өз заманының перзенті. Оның ең әсем сазды құдірет күйлері өзін дүниеге әкеліп, қалыптастырған көшпелілер қоғамының аясында туды. Дина совет заманында да өзінің арман-аңсарын, үміт-тілегін халқынын жолына бағыштап өтті. Рас, қоғамның репрессиялық қаталдығы тудырған жағымпаз саясат пен желбуаз идеология Динаның бұл дарынын қақпайлап бақты. Ол шығарған күйлерге «Еңбек ері», «Сауыншы», «Сталин», «Делегат», «Көкөніс» деп ат қойып, алаулатып-жалаулатып, ресми салтанаттардың ұран күйіне айналдырды. Бұл тұрғыдан келгенде Дина мен Жамбылдың шығармашылық жолдары тағдырлас еді.
Дина дүниеге күй тартып келіп, сол жарық дүниемен күй тартып қоштасқан жан. 1955 жылы Дина қайтыс боларынан бірер сағат бұрын домбырасын сұратып алдырып, әлсіз саусақтарымен өмірлік серігін аялай қағып, Құрманғазының «Қайран шешем» күйіне салады. Болмашы сарынын ғана бастап, әрі қарай саусақтары икемге келмей, күйді көкірегінде жаңғыртып жатып көз жұмады.
Міне, дәулескер күйшінің аңызға бергісіз өмірі осындай.
Дина – қазақтың күйшілік өнеріне өшпес із қалдырған біртуар дарын. Домбырашы ретінде де Дина халықтың ғасырлар бойы шындаған шеберлігін тал бойына жинаған дарын иесі. Егер, ол күй шығармай-ақ, тек ғана домбырашы болып өтсе, сонда да оның есімі халықтың ұлы өнерпазы ретінде алтын әріппен жазылар еді. 1944 жылы Орта Азиядағы бес республиканың өнерпаздары бас қосқан Ташкенттегі онкүндікте Динаның өнерін көзімен көріп, құлағымен тыңдаған музыка зерттеушісі А.Островский былай деп жазды: «Онкүндік кезінде халық дарындарының шоқ жұлдыздары көрсеткен өнердің бірде-бірі әйгілі Құрманғазының тамаша шәкірті, қазақтың 80 жастағы домбырашысының шаңына да ілесе алмады. Оның домбыра тартысының әсері қайталанбайтын керемет, тыңдаушысын билеп әкетеді. Ол меңгерген шеберлік қиялдай ғажап. Осынау дәулескер домбырашының алуан түрлі тәсілге салып, байырғы аспаптың көмейінен небір саз-сарынын атқаратынын айтсаңшы! Домбыраны бауырына қысып алу оның әдетінде жоқ, домбыра оның қолында ойнап, керемет жорға саусақтарына дедектей ілесіп отырады. Ташкенттің опера театрының үлкен залын осы бір шағын ғана сыршыл аспаптың үні кернеп кетті. Міне, домбыраның тұңғиық тылсымына бойлаған және сезім пернесін тап басып, бұлбұлдай сайрата білген Дина дарынының құдірет күші осындай.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет