Ќазаќстан республикасы білім жѕне ѓылым министрлігі



бет22/26
Дата21.06.2023
өлшемі445,5 Kb.
#102803
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26
Байланысты:
Қазақ аруы хрестоматия

Ш.Жиенқұлова. «Өмірім менің – өнерім» кітабынан


Фатима Ғабитова

Фатиманың анасы Ғайнижамал оқыған-тоқығаны мол адам болғандықтан, өзінің үш қызының сауатты болғанын қалап бар ықыласын салып, солардың білім алуларына күш салады. Қыздарының ішінде ең кішісі Фатиманың оқу-тоқуға көңілі ауып тұрғандықтан, оны алғаш өзі араб әрпін танытқасын 1911 жылы Қапал қаласындағы орыс қыздар мектебінде оқытады. Арасында өзінің ана тілін ұмытпауын қадағалап, әр жексенбі сайын татар мектебінен дәріс алдырады. Одан Қапалдағы «Якобие» татар медресесінде оқып, оны 1917 жылы бітіреді. Сол жылы Орынбор қаласындағы «Хусайния» медресесіне түсіп, оны аяқтағасын Қапалдағы татар мектебінде мұғалім болады. 1928 жылы Алматы қаласында ашылған университеттің филология факультетінде оқиды. Одан кейінгі жылдары творчестволық, ғылыми жұмыстармен айналысып, өз қолынан талай әдеби, ғылыми зерттеу еңбектер мен мақалалар шығарады. Көптеген кітаптарды редакциялаумен қатар Шығыс ауыз әдебиетін жинау ісімен біраз айналысады. Аударма ісіне де ден қойып, бұл салада да үлкен еңбек атқарады.


Фатима өмірінде көп қуғын-сүргін көрген кісі. Өзі туралы былай дейді: «мен өз өмірімде сансыз жапа шеккен жанмын. Бірақ ешбір қайғы-қасірет осы күнге дейін, қандай ауыр болса да мені әлсірете алмап еді. Қайта қайғы көрген сайын сол қайғыны жеңу үшін бар күшімді салып, жеңіп шығып отырдым. Орны толмайтын, қайтып оралмайтын аяулыларымнан айырылғанда олар туралы тіпті ойлауды доғаруға тырысамын».
Бірақ қаншама доғаруға тырысқанмен Фатима өз аяулыларын да, бауыр еті – балаларын да, уақыттың зілін де, жақсыны да, жаманды да ұмыта алмады. Жүрегіне ең жақын деген абзал азаматтардың іс-әрекеттері, пендешіліктері, кейбіреулердің сатқындықтары, қысқысы өмірден көрген-түйгендері дембіл-дембіл қағаз бетіне түсіп отырды. Арыстар ақталып, айналаға теңдік, бостандық шуағы шашырай бастаған кездің өзінде де қақпай көріп келген Фатиманың бұл жазбалары соңғы уақыттарға дейін жарық көрмей келді. Тек сексенінші жылдары ғана осы кітапқа кірген күнделіктің бірсыпырасы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялана бастаған болатын.
Фатима Ғабитова «Мен оқытушы, әдебиетші болумен бірге жеті баланың анасымын. Балаларым қазақ халқының аяулы, ардагер үш ұлының ұрпақтары» деп жазғанындай: ана, оқытушы ғана емес, ол – әдебиет зерттеуші, ол – ақын. Ол – көсемсөздің шебері, ол – ғалым, ол – аудармашы. Архивте оның шаң басып жатқан талай дүниелері бар. Кезінде Фатиманың қаламынан шыққан өлеңдерін бас-аяғын жиып шығарар болсақ, қомақты том болар еді. Оның, мысалы, ғалымдық қарымының қандай екеніне «Қазақтың ұлы ақыны», «Ескі мұраларды жинау және өңдеу», тағы басқа да зерттеу мақалалары куә бола алады. Бір сөзбен түйіп айтқанда, Фатима Ғабитованың бұл күнделікті жазып қалдырғандағы ең басты мақсаты мынау деп білеміз:
«Қаншама қуғын –сүргін көрсетсе де,
Арналған тағдырыма болдым ырза.
Тек тілеймін ұрпағым өзімдей боп –
Зарламауын жазықсыз тартып жаза».
Автордың осы шумағында сұмдық зіл жатыр. Кітапты қолдана алған адам оған тез-ақ көз жеткізері сөзсіз. Фатима Ғабитова – бұл адам біріншіден, табиғаттың берген сирек сыйы – сұлулығы ақылына сай әйел заты, екіншіден, жеті баланың ардақты анасы, үшіншіден, зерделі әдебиет білгірі және сол білген-түйгенін өз оқушыларына аса біліктілікпен жеткізе білген ұлағатты ұстаз. Бұл ол кісінің ең бірінші көзге түсер асыл қасиеттері. Осы қасиеттерді бойына жиған адам қай адамды қай адамды болмасын бейжай қалдырмайды, өзін еріксіз силатады.
Дүниеден талай арулар өтті емес пе! Халық оны бірде алақанына салып мәпелеп өлең-жырға қосса, бірде күндеп, күйелеп, сүйгеніне қоспай зар жылатты, жардан құлатты. Міне, бұл ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан өмір заңдылығы. Бұған ешкім ара түспеді. Бұл арсыз заңдылық бойымызға әбден сіңісіп кеткені соншалық, кей-кейде мұны елеулі де қойдық. Кейін ыстық-суықтары мен бұлқынған ашулары басылып, ақылға салғасын «қап, әттеген-ай!» деп сан соқты, емес пе!
Ал Фатима Ғабитованың өмірі жарқылдаған жұлдыздар, күндей күлімдеген жаздар, сонымен бірге қараңғы түнектер мен қытымыр қыстар бір-бірімен алмасып мәнді, мағыналы өткенін күнделік беттері растайды.Көз алдымыздағы өмірдің нұры, көңілде медеу болар шоқтай ыстық от, талай ақын-жазушыға, суретші, сазгерге, тіпті қандай да бір өнер адамына шығармашылық от берер, шабыт берер, ой мен қиял берер жан иесі екенін ұмытатынымыз өкінішті-ақ.
Абай:
«Көңілімнің рақаты сен болған соң,
Жасырынба нұрына жан қуансын», -
деп бекер айтпаса керек. Орыстың ұлы жазушысы Иван Сергеевич Тургенев «Өмірдің бәрі де өлімнен күштірек әйелдің сұлулығында болар» дегені соның дәлелі болмай ма. Өз тұсында арулардысүйген бек жоғары бағалай білген ұлы адамдар дүниеге талай тамаша өлмес шығармалар әкелмеді ме!
Мәселен, Гете фон Штейн бикешті, лорд Байрон графиня Гвиччиолиді, Гюго Жюльетта Друэні, Пушкин Наталья Гончарованы, граф Л.Толстой Софья Бернсті, Абай Әйгерімді, Мағжан Зылиханы жоғары көтеріп, алақандарына салып аяласа, қазақтың үш алыбы да Фатиманы көздерінің нұрындай қастерлеген.
Біләл Сүлеев алғаш көргенде-ақ ғашық болып, құлай сүйіп қосылады. Оны пір тұтып, өз балаларының анасы етеді. Осы мезгілде қолынан тамаша туындылар шығып, өз еліне қалтқысыз қызмет етіп, талай қазақ жеткіншектерінің қаріп танып, дәріс алуларына мұрындық болған. Ал Ілияс Жансүгіров болса:
«Жаным сәуле,
Болдым әуре,
Мен тыныштық көрмедім.
У дертіңнен,
Сарғайдым мен,
Құр әуремін, өлмедім.
Сен жалғанның,
Барша жанның
Жұлдызысың, нұрысың.
Сені таппай,
Таңым атпай,
Қараңғы өмір құрысын!»-
деп, тамсана жүрекжарды жырын арнайды. 1932 жылы екеуінің екеуара келісімдері мен жүрек қалаулары арқылы қосылулары ақынға зор шабыт әкеліпті, әр қырынан танылып, рухани мол табысқа жетуіне өз нәтижесін бергені анық. Жалпы адамзат тарихында сұлулыққа тәнті болып, бұған арнап жыр моншақтарын арнау, бұған арнап тірідей ғып бейне, кейіп жасау, бұған арнап әсем әуен саз арнау-өнер адамына тән қасиет екені әлімсақтан белгілі.
Ілияс осы тұрғыдан өз сүйгеніне өлең жолдары арқылы үлкен әдеби әдемі ескерткіш орнатқан ақындардың бірі. Бұлар әлі де болса толық жарыққа шыға қойған жоқ.Сол ақынның Фатимаға арнаған сағынышты, мұнды, сазды, лирикалық өлеңдерінің ішінде арудың көзіне тәнті болғандығы айқын сезіледі.Бір өлеңінде:
«...Мен айналдым көзіңнен,
Жаутаңдаған жаным-ай!
Сол көзіңнен қызулы от,
Тұрған сынды жанып-ай.
Сені көрсем көңілім тоқ,
Көрсем көзің – жаным жай».
Тағы бір өлеңінде:
«Қара бір көзің мөлдіреп,
Қарама, жүректі өртейсің!»
Мұнда да Фатима сұлудың көзіне қарайды да, сол көзінің жүректі өртейді, онда да қарама деуі, ақынға ерекше әсер ететін оның көзі екені, оның алдында дегбір кететіні ерекше пафоспен жырлардың тағы бір өлеңінде:
«Неге сезім,
Неге көзім,
Жандырады жүректі?»
Ардақты ақынның ішкі дүниесінің мұндай сұлулықтың алдында бас июі заңдылық десек те оған басты себепкер сұлудың қайталанбас жүректі жандырар қара көзі. Ия, қара көзі! Сол үшін ақын оны «шын сүйген, шыны күйген, жан қайығын жарға ұрған!»
Тағы бірде Ілияс былай деп толғанады:
«...Мен кітап оқып жатырмын. Күнмен де, ұйықтаған елмен де ісім жоқ. Ұйқы және жоқ. Өз қызығым өзімде. Өйткені, оқып жатқан кітабым қызық...Кітап қандай көңілді! Мазмұны қандай күшті!Тілі қандай тәтті!
...Бұл кітап оқысам – қуат, ойласам – ақыл береді. Ой көзімді ашады. Бұл кітап менің өмірдегі серігім ...Кітабымның аты «Фатима» еді. Пойыз полкесінде жатып, көзімді жұмып соны ойлап келем. Сөздерін санаймын. Көздерін елестетем!...19.IV.1933 жыл» (50-бетте).
Ұлылыққа бәрі тәнті, ұлылықты бәрі де мойындайды. Сондай ұлы адамның бірі – қазақ үшін қымбатты Ахаң, Ахмет Байтұрсынов Фатиманың сұлулығы туралы былай деуі қай адамды болмысын толқытпай қоймайды:
«Тағдыр қалап егер де
Жүз көз берсе құдірет,
Жүзі де сізге қарар ед!»
Ал атақты Міржақып Дулатов та бір сөзінде: «Өз өмірімде көрген сүйкімді, сұлу – Біләлдің әйелі», – депті.
Бірде Ғани Мұратбаев Фатима Ғабитовамен әзілдесіп қалады. Фатиманың тілі өткір, Ғаниды бірнеше рет түйреп алады. Сонда Ғани шыдамастан жүріп жатқан мәжілісті тастап шығып кетеді. Кейін Біләлға: «Тілі соншама ащы әйелге шыдап тұрмас едің, әттең, көзі жібермейді-ау», – десе керек. Біләл жауапта: – Иісті, сұлу гүл тікенге бітеді, – деген көрінеді.
Ал әдебиеттің пірі Мұхаң, Мұхтар Әуезов те, 1928 жылы алғаш көріп Фатиманың көріктілігіне тамсанып, табиғаттың осыншама шеберлігіне таңдай қағады. Өз хаттарында Фатима Ғабитованы шын сүйікті сырласы есебінде көріп, өзінің бүкпесіз кібіртіксіз бар сырын жаяды. Хатта құр ғана «күйдім, сүйдімнен» гөрі өмірлік дос, жанға-желеу, қимас көңіл айтылып, оны асыл адам есебінде қабылдап, қамқорлық аясына бөлеуді жөн көреді. Қиын кезең екеуін қоспаса да Мұхтар Әуезовтың Фатимаға саналы сүйіспендік сезімде болғанын жазған хаттары соған куә болса керек.
Әсемдікке ұмтылған Фатима табиғаттың берген көркі – гүлді жанындай жақсы көретін. Гүлдерді көргенде тамашалап, тамсанып қалады екен. Тіпті 1949 жылы Алматыға көшіп келгесін үйдің маңайына гүл отырғызып, күні бойы сол гүлдердің арасында болып, оларды өз балаларындай мәпелеп отыруынан үлкен жүрек иесі екенін аңғарамыз.
Әттең, деп ойға қаласың кейде. Осыншама ерлік істеп, жеті баланы қандай да бір ауыр кезеңдерге қарамай аман сақтап, оларды оқытып қызын қияға, ұлын ұяға қондырған, немере сүйіп қызығын көрген.
Аса талантты «Құлагер» ақынның өзінен кейінгі рухани асыл мұрасын ешкімнен тайсалмастан бүлдірмей көзінің қарашығындай сақтай білген, оны кейінгі ұрпаққа оқытуға мүмкіндік берген. Сонымен бірге өз архивінде атын айтуға үрей туғызатын қазақтың асыл азаматтары Ахмет Байтұрсыновтың, Шәкәрімнің, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың тағы да бір қатар адамдардың мұраларына дер кезінде қамқор болған адамға, жалпы қазақ әдебиетіне, қазақ ауыз әдебиетіне мейлінше мол еңбек сіңірген қаншама ұл-қыздарға дәріс берген ұстазға лайықты баға, назарымыздың тым жұтаң болғаны көңілге реніш ұялатады.
Жалпы, әдебиет сүйер қауым бұл кітаптан талай тағылымдық, жанға жайлы да жайсыз мәліметтер мен оқиғаларды көп әсер алатынын айту ләзім. Кітапты оқи отыра, тағдырдың тәлкегіне мойымай, өмірін Гүлге айналдырған Ару әйелдің жан сырын тани отыра, алдымыздағы үлкен жүректі, кемел ақылды, қайраты мол адам бейнесі көз алдымызға келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет