БАЯНҒАЛИ ӘЛІМЖАНОВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ СЫРШЫЛДЫҚ СИПАТЫ
Қадырқұл М.Қ.
Ғылыми жетекшісі: Бөкен Г.С., PhD., қауымдастырылған профессор
«Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КеАҚ
asya_2309@mail.ru
Сөз зергері Баянғали Әлімжанов поэзиясы өткірлігімен, шыншылдығымен ерекшеленеді.
Ақын қаламынан туған өлең үлгісіндегі әр әдеби туынды өміршеңдігін жоймайтын құнды
шығармалар екендігі даусыз. Ақын жырларының өн бойында мейірім, шапағат, жақсылық,
адамгершілік, азаматтық, күрескерлік, ата-баба рухына тағзым, атамекенге деген
сүйіспеншілік сияқты ұғымдар көп кездеседі. Баянғали Әлімжанов қашан да толассыз жазып,
тебіреніп тереңнен жыр толғап келеді. Ақынның қайсыбір өлеңін оқысаңыз да, отсыз, ойсыз
дүниені кездестіре алмайсыз. Ақынның «Өмірдің өзі...» атты өлеңі де осы ойды қуаттайды.
Өмірдің өзі ақиқат,
Анығында бар нәрсе.
Арындай бермей адамзат,
Ақылға салып мән берсе.
Төрелік айтқыш өмірге
Қағидашылмыз көбіміз.
Өмірдің өзі мағына,
Ұға алмай жүрміз өзіміз[1,67].
Ақынның бүкіл мүддесі, тірлігі – поэзия. Ол біреуге алғысын айтса да, жырмен толғайды,
бәзбіреуден орынсыз жапа шексе де өлеңмен тебіренеді. Тағдыр үнемі маңдайыңнан сипап
тұрмайды. Тірлікте қаншама шаттық пен қаншама ренішті жағдайларбірінен соң бірі алмасып
отырады. Мұндайда ақын өзінің іңкәр сүйіспеншілігін, жан тебіренісін – өлеңіне шағады. Бұл
ретте ақынның ақындық парасаты мен болашаққа деген нық сезімі тоғысқан «Қазақтың
баласымын» атты өлеңі еске түседі. Өлеңде өмірдің асау толқындарына деген қуатты
қарсылық, оқушының бойын шымырлатар сенімді серпіліс бар. Жырдағы жібек сезім, терең
ой, бай мазмұн арқылы адамның ұлылығын, қайрат-жігерін, береке-бірлігін дәріптейді.
Кейде тоқ, кейде болдым жүдеу-жадау,
Керек пе сөз көбейтіп бәрін санау?
Апырмай, мен де сондай болсам дейтін
Тұлға көп адамзатта қадау-қадау.
Ешкімнің биігіне таласпаймын,
Өзімнің жолым жатыр тарау-тарау[1,85]!
Баянғали Әлімжанов ақындықты, ақын болуды жоғары бағалайды. Себебі ол өзінің бар
байлығын да, базарын да өлең-жырмен өлшеген. Арқалы ақын, адалдық пен арды ту қып
көтерген азамат «Ақын» өлеңінде:
Шынында да туады екен
Нағыз ақын қандай боп[1,103]? – деп өз-өзіне сұрақ қояды
да, өзі жауап береді. Ақын ерекше адам, олардың ешқайсысы қағидаға, қалыпқа сыймайтынын
848
айтады. Олардың тағдыры да оңай емес. Ақындар «қия кезеді, қиял қуып, сөз сауады, ақылдың
азабын тартады, жез таулардан алтын іздейді...». Соңында
Ақын деген
Мөлдір,
Ғажап
Ағын
ғой....[1].– деп тебіренеді. Ақын өз
шығармашылығында әртүрлі тақырыптарда жаза білген.
Баянғали Әлімжановтың шығармашылық әлемінің біз бірер тамшысына ғана өз әлімізше
үңіліп көрдік. Өлеңдерінен басқа өзге салаларын қозғағанымыз жоқ. Бұдан әрі қаза берсек,
сыры мен жыры мол мұхит айдынына сүңгігендей болатыны айдан анық. Қай жанрда қалам
тербесе де өзіндік қолтаңбасымен оқшау мәнері айқын аңғарылып тұратын қаламгер өз
шығармаларында өмір шындығын, қоғам бейнесін шынайы әрі көркем кестелейді. Өлеңдерін
оқып отырып бірде күлесің, бірде күрсінесің, бірде ойланасың. Өйткені оның шығармалары
ешкімді бей-жай қалдыра алмайды.
Баянғали – сыршыл да нәзік жанды ақын!
Ақындар көп аты кеткен жыраққа,
Мінген де бар машина мен пыраққа.
Сөз қалды ма айтылмаған солардан,
Сыр қалды ма құйылмаған құлаққа?
Ай – әлемнің бар ақыны керемет,
Мен айтатын жырлар да бар бірақ та[2,18]!
Осы жұмысымда Баянғали ақынның өлеңдерін тақырып бойынша топтарға бөлдім.
Топтарға бөлу өлеңдерді талдап, зерттеуге көмектесті. Әрине, топтарға әлі де бөлуге болар еді,
бірақ осының өзі көп жұмыс істеуге көмектесті. Өлеңдерінен көркем де айшықты бейнелеулер
(теңеу, эпитет, кейіптеу, аллитерация, ассонанс) іздеу, табу – өзіме өте қызықты болды. Өлеңге
тілдік талдау да мені өте баурап алғандай болды. Өйткені осының бәріақын поэзиясының
ерекшелігін тануға мүмкіндік берді. Осындай талдаулар мені ақын жанын түсінуге жақындата
түскендей болды. Бала қиялын, жастар арманын, ата мен әжелер тағдырын, табиғат, ауыл
суреттерін... бәрін-бәрін көз алдымнан, ой елегінен өткіздім.
Баянғали ақынның өлеңдері оқырман көңілінен шығары сөзсіз. Өйткені ол өлеңнен,
өнерден сыр іріккен емес. Өлеңге өз жан дүниесін ашты, өлеңнің сырлы құпияларын жария
етті. Баянғали өлеңдерін әлі де терең зерттеу қажет деп ойлаймыз.
Мұнымен бірге, қаламгердің биыл баспадан шыққан «Өмірдің өзі...» деп аталатын өлеңдер
жинағы да көпшіліктің ықыласына бөленуде. Ақындық қолтаңбасы айқын, нағыз талант
иесінің бұл кітабына соңғы кездері жызған сыршыл жырлары мен бірнеше поэмалары
топтастырылған.
Өмірдің өзі адамға –
Жаратқанның сыйлығы.
Жаралмай кетсең қайтер ең,
Өзгеше болып бұйрығы?
Өмірдің өзі – махаббат,
Сүюден бәрі жаралған.
Бастауы мөлдір бұлақтай,
Жайылып жерге таралған... [2,54].
Бұл – өлең өру мәнері өзгеше ақынның осы кітапқа аты берілген «Өмірдің өзі... »
деген өлеңінен сәл-пәл ғана үзінді. Жаңа жинақтың лейтмотиві, яғни, өзегі секілді тап мұндай
ойлы да шымыр жырлар бұл жинақта қаншама!
Абыз ақын өлеңдерінде жастарды елжандылыққа үндейтін жалынды жыр
жолдарымен қатар, өткір сын да бар. Мәселен, «Жоғалмайды ана тілім» өлеңін оқи отырып,
жанға рух берер отты жолдарды, туған тілге деген ерекше сүйіспеншілікті көреміз:
... Тілім барда күнім де бар, айым бар,
849
Тілім барда иманым бар, ойым бар.
Төрт құбылам түгел менің тіл барда,
Түн ұйқымды төрт бөлмейді уайымдар.
Тіл білмейтін, тіл алмайтын тентектер,
Тілімізге тиіскенді қойыңдар[2,92]!
Тіл мен жер ұлттың ең бір қастерлі қос құндылығы десек, ақын жер тақырыбына да қалам
тербеп, «Жер-Ана, жолдан айныма!» деп жырлайды. Ол басқа ақындардай Жер-Ананың
қасиетін жырлап қана қоймай, қасіретіне де терең үңіледі. Өлеңде Жер-Анаға жалпы адамзат
тарапынан жасалып жатқан қиянат, қатыгездік сәтті қаузалған:
Жер-Ана, жүдеп,
Жұқарып жүйкең тозды ма,
Тұрлаусыз уақыт
Айналымыңнан озды ма?
Опырып, өртеп,
Қиратып,
Жойып,
Жалмаған,
Жындылар енді
Сенің де көрің қазды ма[2,114]?
Өмірдің өзі жеңістер мен жеңілістерден тұрады. Алға биік мақсат қойып, табысқа,
жеңіске жетсең, өмірдің сенің алдыңа тартқан сыйы деп біл. Ал жеңілістерде мойымау,
қасқайып қарсы тұру, жеңіске жетуге ұмтылу – әр адамға берілген өмірлік сынақ. Алайда
жеңілістен сабақ алып, жеңіске қалай, қандай жолмен жетуге ұмтылу қажеттігі ақынның
«Жеңіс пен жеңіліс» өлеңіндегі мына шумақтарда көрініс тапқан:
Жеңілу, жеңу
Ежелден егіз.
Біреуді жеңіп
Сындырып сағын,
Баянды болмас
Қондырған бағың.
Дүние – кезек,
Бүгінде жеңсең,
Бір күні келер
Жеңілер шағың[1,106].
Яғни, ақын өлеңі арқылы күш-қайрат беріп, адамдарды жақсылық жасауға, қайырымды
болуға үндейді.
Ақын қиялы шексіз. Ақындық шабыт бірде жеті қат көк аспанға құстай самғатса, енді
бірде тау аралатып, көк шалғынға, кейде көк теңізге сүйсінтіп, табиғаттың тылсым әлемімен
қауыштырады.
Әдебиеттер:
1.
Әлімжанов Б. Шығармалары: Көп томдық. Б. Әлімжанов. – Көкшетау: Келешек-2030,
2016. – 284 б.
2.
Әлімжанов Б. Көкжиек алда. /Өлең, жыр, поэмалар/Баянғали Әлімжанов. Алматы:
«Алматы-Болашақ» АҚ, 2020. – 368 б.
Достарыңызбен бөлісу: |