Мүмкіндігі шектеулі балалармен түзету жұмыстарын ұйымдастыру Дамуында мүмкіндігі шектеулі балалардың білім беру бағдарламаларын игерудегі түзету жұмыстары дене тұрқы мен (немесе) психикалық дамуындағы және әлеуметтік бейімделуіндегі кемшіліктерін түзететін кешенді көмек жүйесін құруға бағытталады.
Бұл санаттағы балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін олардың мүмкіндіктерін дұрыс бағалау және білім алуға деген ерекше сұраныстарын анықтап алу қажет.
Осыған орай:
- мүмкіндігі шектеулі балаларды уақытылы анықтауда;
- баланың жеке психо-педагогикалық ерекшеліктерін анықтауда;
- педагогикалық үдерістер мен түзету шараларын ұйымдастырудың кешенді тәсілдерін анықтауда;
- мектепке дейінгі ұйымда әр баланы жекелей сүйемелдеуді қамтамасыз етуде;
- даму динамикасын және түзету жұмыстарының тиімділігін бағалауда;
- баланың тәрбиелік және оқыту жағдайларын анықтауда;
- баланың ата-анасына кеңес беруде психологиялық-медико-педагогикалық диагностикаға ерекше рөл беріледі.
Түзету жұмыстарының білім беру бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуға деген ерекше сұранысын ескерген, оқыту және тәрбиелеудің даралап және оңтайланған арнайы жағдайларын құруды қарастырады.
Түзету жұмыстары білім алудың вариативтік түрінде де сол сияқты, дамуында мүмкіндігі шектелген балаларды арнайы сүйемелдейтін әртүрлі нұсқаларда да қарастырылады.
Оқыту түрі жалпы топта мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін типтік бағдарламасымен немесе кейбір жағдайда жекелеген бағдарлама бойынша қашықтықтан оқытылуы мүмкін.
Түзету жұмыстарының білім беру бағдарламасын жүзеге асыру жағдайларына қойылатын талаптар Психологиялық-педагогикалық қамтамасыз ету: -сараланған жағдайларда (оқу жүктемелерінің оңтайлы тәртібі, білім алудың вариативтік түрлері және мамандандырылған көмек) психо-медико-педагогикалық кеңестің ұсыныстарына сәйкес қамтамасыз етіледі;
- психо-педагогикалық қамтамасыз ету (түзетуге бағытталған оқу - тәрбие үдерісі; балалардың жеке ерекшеліктерін есепке алу; жағымды психоэмоциялық тәртіпті сақтау; заманауи педагогикалық технологияларды қолдану, соның ішінде ақпараттық, компьютерлік, сондай-ақ, ойын арқылы емдеу, арт-терапия, денеге-бағдарланған емдеу, ертегі арқылы емдеу, психогимнастика және басқалар);
- мамандандырылған жағдайлармен қамтамасыз ету (бала дамуындағы бұзылыстары ескерілген сараланған және даралап оқыту тәсілдері, арнайы әдістер);
- денсаулық сақтау жағдайларымен қамтамасыз ету (сауықтыру және қорғау тәртібі, денсаулығы мен психикалық саулығын нығайту, санитарлық-гигиеналық ережелер мен нормаларды сақтау);
- қалыпты дамыған балалармен қатар дамуында мүмкіндігі шектелген балаларды тәрбиелік, мәдени-ойын сауықтарға, спорттық сауықтыру және басқада шараларға қатысуын қамтамасыз ету;
- денсаулығында және психикасында күрделі бұзылыстары бар балаларды арнайы оқыту және тәрбиемен қамтамасыз ету.