Денсаулық» білім беру саласы
«Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны дене шынықтыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асырылады.
Мақсаты: балалардың денсаулығын нығайту, ағзаны шынықтыру, қимылдың негізгі түрлерін дамыту жағдайларымен қамтамасыз ету.
Міндеттері:
- жүру, жүгіру, өрмелеу, лақтыру, секіру, тепе-теңдікті жетілдіруге мүмкіндік беретін негізгі қимыл түрлерін дамыту және үйлестіру;
- денсаулықты нығайтуға мүмкіндік беретін мәдени-гигиеналық дағдыларды қалыптастыру;
- дербестікті, негізгі қимыл түрлері мен гигиеналық, шынықтыру шараларын орындауға құштарлығын тәрбиелеу.
Дене шынықтыру
1 жастан 1 жас 6 айға дейін
Негізгі қимыл түрлерін дамыту және үйлестіру білік пен дағдыларды қалыптастыруды қамтамасыз ететін ойын үдерісінде қамтамасыз етіледі.
Тура жолдар бойымен (ені 30-25 см, ұзындығы 2-3 м және ені 30 см, ұзындығы 3-5 м) жүру, ересектің көмегімен және көмегінсіз гимнастикалық тақтай бойымен (ені 30-35 см) жүру, ересектің көмегімен жәшікке (биіктігі 10-15 см) шығу және одан түсу, еденде жатқан лентадан (арқаннан, таяқтан) аттап өту.
Орындықтың, үстелдің, арқанның (биіктігі 50 см), доғаның астынан төрттағандап еңбектеп өту; бөренелер арқылы өту, параллель жатқан арқандардың арасынан (жол бойымен) еңбектеу. 2 м қашықтыққа дейін еңбектеу, құрсаудан өту. Шағын саты бойымен жоғары, төмен (биіктігі 1 м) өрмелеу.
Допты бір және екі қолмен ұстау; түрлі көлемдегі доптар мен шарларды, әртүрлі ойыншықтарды жинау, өз бетінше оларды себетке (жәшікке) салу; шарларды домалату; допты екі қолмен алға лақтыру. Допты алға домалату (отырып, тұрып). Допты төменге алысқа лақтыру.
1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін
Орындықтардың, текшелердің, таяқтардың, кеглдердің арасымен, текшелер, құрсаулар, таяқшалар (еденнен биіктігі 5, 10 және 15 см) арқылы жүру; құрсаудан құрсауға өту; жоғары, төмен қойылған көлбеу тақтай үстімен; тәрбиешімен гимнастикалық орындықтың үстімен жүру; қолдарына заттарды ұстап бағытты өзгертіп жүру; допты домалатып артынан жүру; жәшіктің үстіне (биіктігі 20 см) немесе гимнастикалық орындыққа шығып, түсу; еліктеп жүру (сарбаз, тышқан, күшік, құс, аюға еліктеу).
Гимнастикалық орындықтың үстінен астынан өрмелеп еңбектеу; домалаған доптың артынан еңбектеу, жоғары қойылған көлбеу тақтайдың, гимнастикалық орындықтың бойымен еңбектеу. Еңбектеп бөренеден (диаметрі 15-20 см) асып өту, биіктігі 35-40 см жіптің астынан еңбектеп өту. Саты бойымен жоғары, төмен (биіктігі 1-1,5 м) өрмелеу.
Допты (қапшықтағы құмды) жоғары гимнастикалық орындық арқылы баланың кеудесінің деңгейінде бір және екі қолмен лақтыру; допты екі қолмен домалату; допты тәрбиешімен жұптасып домалату; допты белгілі орынға салу; допты көлденең нысанаға лақтыру (50-60 см арақашықтықтағы нысананың диаметрі 50 см); допты (диаметрі 6-8 см) оң, сол қолмен алысқа лақтыру.
Шағын төбешіктен допты домалату, допты тәрбиешіге, басқа балаға домалату және лақтыру; допты алға, жоғары лақтыру, баланың кеудесінің деңгейінде тартылған жіптен допты асыра лақтыру.
Жалпы дамыту жаттығулары: қолды жоғары көтеріп, төмен түсіру; қолды алға созу, қолды арқаға алып бару, бүгу және қайта жазу; қолдың саусақтарын сермеу, айналдыру; алақандарын жоғары төмен бұру; қолдың саусақтарын бүгу, ашу, саусақтарды жұмып, ашу, ұсақ заттарды саусақтарымен іліп алу; заттарды бір-біріне беру арқылы отырып және тұрып оңға, солға қарай бұрылу, алға еңкейіп және түзулену; сүйемелдеу арқылы тізені бүгіп жүру.
Ұйымдастырылатын ойындардың жетекші түрлері – топпен, жұптасып, өз бетінше қимылдық ойындар.
Күрделілік дәрежесіне қарай жоғары, орташа және төменгі қозғалыс дәрежесіндегі ойындар болып бөлінеді. Жоғары қозғалғыштық – барлық топ қатысады, орташа қозғалғыштық – барлық топ белсенді қатысады, бірақ қимыл сипаты жай, төмен қозғалғыштық – қимылдарды баяу қарқынмен орындалады, қарқындылық байқалмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |