Тіл дамыту
Бірінші жарты жылдықтың маңызды міндеті ересектердің сөйлеу тілін түсінуді дамыту болып табылады. Екінші жарты жылдықта белсенді сөйлеуін дамытуға баса назар аударылады.
1 жастан 1 жас 6 айға дейін
Бірінші жарты жылдықта балалардың сөздік қорын заттардың атын, тіршілік иелерінің қимыл-әрекетін (ұйықтайды, тамақ жейді, ән айтады, тыңдайды және т.б.), сонымен қатар балаларға таныс заттардың белгілерін білдіретін (үлкен, кіші, қызыл және т.б.) сөздермен молайту.
Балалар:
- өзінің, жақын туыстарының аты-жөнін, киім, жиһаз, ыдыс-аяқтардың, кейбір көлік құралдарының, бірнеше жануарлар мен өсімдіктердің атауларын білуді;
- өзінің (қол, аяқ, бас, ауыз, көз, құлақ) және ойыншық-жануарлардың дене мүшелерін ажыратып, атай білуді;
- құрылымы бойынша қарапайым тіркестердің және фразалардың мағынасын түсіну, тұрмыстық және қызықты жағдайларды суреттейтін,
1-3 көріністен тұратын ойыншықтармен, қуыршақтармен шағын қойылымдардың қарапайым мазмұндарын, өтініштерді орындауды;
- тілді көрнекіліксіз түсіну, заттарды табу және оларды суреттен тану, елеулі белгілері бойынша заттарды іріктеуде, тапсырмаларды орындауды;
- сәйкес суреттерді, ойыншықтарды, іс-әрекеттерді көрсету арқылы, кейіннен көрнекіліксіз мазмұны бойынша шағын, қарапайым әңгімелерді, өлеңдерді, санамақтарды түсінуді;
- шығармаларды тыңдау, оны қабылдау, мазмұнына эмоционалды жауап беруді үйренеді.
Белсенді сөйлеуді дамыту
Белсенді сөйлеу қажетті ақпаратты түрлі жолдармен жеткізу негізінде дамиды: ым, қимыл, вокал, былдыр сөздер және т.б. Бұл жастағы балалар жиі еститін сөз тіркестері мен сөздерге еліктейді, таңдануды, қуанышты, наразылықты, өкінуді және т.б. білдіретін кейбір эмоциялық екпіндерді жаңғыртады.
Сөздік қорды туыс адамдардың атауын (ата, әже, әке, ана, тәте, т.б.), таныс заттар мен ойыншықтарды (шыныаяқ, кереует, үстел, қонжық, қуыршақ және т.б.), кейбір тағам түрлерін (ботқа, сүт), қимылдарды (ал, тұр, жібер, т.б.) білдіретін сөздермен толықтыру.
Ересектердің сөздерін тыңдауға, «Бұл не?», «Не істеді?» сұрақтарына жауап беруге, сұрақ қоя білуге, жеңіл тапсырмаларды орындай білуге, болмайды, рұқсат сөздерін түсініп, дұрыс әрекет жасауға тәрбиелеу.
«Қатынас» білім беру саласы мазмұнын жүзеге асыру басқа білім беру салаларымен кіріктіру арқылы жүзеге асырылады.
Дене жаттығуларын, сауықтыру және гигиеналық шараларды, қоршаған ортамен таныстыруды өткізу кезінде қимылдарды орындау, сурет салу, мүсіндеу, ән салуда баланың ауызша сөйлеуі дамиды, тілдің сөздік қоры толығады.
1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін
Аталған жастағы балалардың сөйлеу тілін түсінуі төменде берілген сөздер есебінен кеңейтіледі:
- бөлмедегі және бөлмеден тыс заттар;
- кейбір жануарлар, олардың қимылдары;
- ойыншықтар (көжек, қонжық, балықтар, құстар);
- заттардың белгілері, жай-күйлері, орны;
- мезгілдік және сандық қатынастар;
- тілегіне байланысты (су ішкісі, тамақ жегісі, ұйқысы келеді) іс-әрекеттер;
- дене күйі, көмек, жанашырлық сезімі;
- жасы мен жынысына сәйкес айналасындағы адамдар.
Балалардың:
- тұрғын үй бөлмелерінің атауын және олардың неге арналғанын, бұл бөлмелерде еркін бағдарлай білу;
- таныс заттарды атауы, түстері, айтылуы бойынша топтастыра білу;
- ересектердің айтқанын мұқият тыңдау, оның нұсқауларын орындау, екі-үш әрекеттен тұратын жеңіл тапсырмаларды есте сақтап, орындау, қосымшалары бар сөйлемдерді түсіну;
- қоршаған ортамен қарым-қатынасты реттеуге және тілектерін білдіруге қажетті сөздерді (алғым келеді, берші, жібер, әрі жылжы) қалыптастыра білу дағдыларын қалыптастыру.
Баламен тілдесу барысында сергек, қуанышты көңіл-күйді, ересектермен әңгімелесу ниетін қолдау, олардың нұсқауларын орындау, олардың әрекеттері мен сөздеріне еліктеу үшін бесік жырларын, әзілді тапқыр сөздерді, ертегілердің күлкілі кіріспесін қолдану.
Мәнерлі сөйлеуді: шығарманың мазмұнына қатысты айтылатын сұраулы, болымды, лепті екпіндерді түсінуді дамытуды жалғастыру.
Белсенді сөйлеу ересектердің сөйлеген сөздеріне еліктеу арқылы жеке сөздер мен тіркестерді жаңғырта білу, ән, өлең, тақпақтарды тыңдай отырып, жекелеген сөздерді дауыстап және әндетіп айту арқылы дамиды.
Белсенді сөздікті байыту, былдыр сөздер мен дыбыстарға еліктеуді біртіндеп жалпы қолданатын тілдік формамен ауыстыру, заттар мен іс-әрекеттерді білдіретін жаңа сөздерді енгізу, енжар сөздік қордағы сөздерді айтуға үйрету.
Табиғи жағдайдағы, суреттердегі жақын ортадағы заттарды атауды жалғастыру.
Ересектер мен құрбыларына жүгіне білу (сұрашы, рақмет айт, қара, кім келді және т.б.) еліктеу бойынша жаңа сөздерді, екі-үш сөзден тұратын сөйлемдерді айту, түсінікті сұрақтарға жауап беру.
Айналасындағы адамдардың сөзін мұқият тыңдау қабілеттерін дамыту, сөз түріндегі талаптарын орындау.
Дұрыс үлгілік сөйлеу дағдыларын, ана тілінің грамматикалық ережелерін ескеріп, сөйлемдерді құруды қалыптастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |