2. Балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру Бала өмірінің екінші жылында психофизиологиялық ерекшеліктеріне қарай балалар екі топқа бөлінеді:
- бірінші – 1 жастан 1 жас 6 айға дейін;
- екінші – 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін.
Әрбір жас тобына өз күн тәртібі ұсынылады.
1 жастан 1 жас 6 айға дейінгі балалар күніне екі рет, ал 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейінгі балалар бір рет ұйықтайды. Баланың түнгі ұйқысы 10-11 сағатқа созылады.
Жылдың суық және жылы мезгілдеріне сәйкес топтар бойынша күн тәртібі жасалады.
Ауа-райы жағдайларына байланысты екінші шағын топтың балалары күніне 1-2 рет серуендейді.
Жылдың жылы мезгілінде балалардың барлық топтардағы тәрбиелеу үдерісі балабақшаның арнайы көгалдандырылған жабдықталған алаңында ұйымдастырылады.
Режимдік сәттер: тамақтандыру, ұйқы, гигиеналық және сауықтандыру-шынықтыру шаралары ғимаратта өткізіледі.
Сауықтыру-шынықтыру шаралары табиғи факторларды, яғни ауа, күн, суды қолдану арқылы өткізіледі. Топтық жайларда ауаның температурасы +21-22°С, жатын бөлмесінде +15-16 °С құрайды.
Жаз мезгілінде серуеннен кейін шынықтыру шаралары әр баланың денсаулық жағдайларын ескере отырып қолдарды, аяқтарды жуу арқылы жүргізіледі.
Арнайы шынықтыру шаралары ата-аналардың тілектерін ескеріп, әкімшілік және медицина қызметкерлері ұйымдастырады.
3. Тәрбие мен оқыту мазмұны 1 жастан 2 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу және оқыту олардың дене, ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық дамуына, денсаулығын нығайтуға, білім, білік, дағды негіздерін қалыптастыруға бағытталған.
Үлгілік оқу жоспарына (бұдан әрі – ҮОЖ)
сәйкес ерте жас тобында сабақтар аптасына 7 рет 7-10 минуттан өткізіледі.
Ойын - сабақтар шағын топтармен жүргізіледі.
Сабақтар:
- 1 жастан 1 жас 6 айға дейін сергектену кезеңінің екінші жартысында;
- 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін таңғы және кешкі сергектену кезеңдерінде өткізіледі.
Аталған жастағы балаларды тәрбиелеу және оқыту мазмұнын меңгеру білім беру салаларын кіріктіру және заттық дамытушы ортаны қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.