5. Ата-аналармен жұмыс
Мектепке дейінгі кіші жастағы балалар ересектермен қарым-қатынаста бастамашыл, көптеген сұрақтар қояды, шағын таныс ертегілерді шын көңілмен айтады, танымдық қызығушылықтарын көрсетеді. Баланың ересектермен қарым-қатынас жасауда қанағаттандырылмаған сұранысы олардың арасындағы эмоциялық жатырқаушылыққа әкеп соғады. Балабақшаның жанұямен жұмысының басты мақсаты – балалардың отбасыларымен жауапты және өзара тәуелді қарым-қатынасты дамыту үшін балабақшада қажетті жағдайларды жасау, балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың рөлін көтеру.
Осы жастағы ата-аналармен жұмыста мектепке дейінгі ұйымдардың алдында тұрған міндеттер:
- балаларды тәрбиелеудегі балабақша мен жанұяның жұмысының ортақтығы;
- мектепке дейінгі ұйымның қызметіне белсенді қатысуға ата-аналарды тарту;
- педагогика мен балалар психологиясы саласында ата-аналарды ағарту;
- педагогтар мен ата-аналардың арасындағы өзара қарым-қатынаста бір-біріне сенушілік, баланың қажеттіліктері мен қызығушылықтарын және өзінің міндеттерін түсіну.
Ата-аналармен жұмыстың негізгі түрлері:
- жанұямен танысу: кездесулер-танысулар, жанұяларға бару, сауалнама жүргізу;
- білім беру үдерісінің барысы туралы ата-аналарды ақпараттандыру: ашық есік күндері, жеке және топтық кеңестер, ата-аналар жиналыстары, стендтерді, көрмелерді және басқаларды безендіру;
- әртүрлі тақырыптық кештерді, байқауларды, жанұялық бірлестіктерді (клуб, студия, секциялар), мерекелерді, серуендерді, балалардың зерттеу және жобалау әрекеттеріне қатысуды ұйымдастыруға ата-аналарды тарту.
Дені сау баланы балабақша мен отбасының тәрбиелеу, сауықтыру, күн тәртібі, қозғалыс белсенділігі, гигиеналық іс-шаралар, мәдени гигиеналық дағдылар сияқты мәселелер де біртұтас талаптар сақталған жағдайда ғана дұрыс тәрбиелеуге болады. Сондықтан ата-аналарға қажетті көмек көрсету, оларды бірлескен жұмысқа баулу өте маңызды.
Ата-аналармен жұмысты жоспарлау кезінде балаларды тәрбиелеу мен оқыту міндеттерімен және мақсаттарымен таныстыру, отбасылық тәрбиелеудің озық тәжірибесін қарастыру, талдау мен тарату мәселелері айрықша орын алуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |