2 -тарау. Білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі
16. Білім алушылар, педагог қызметкерлер, білім алушылардың заңды өкілдері білім беру процесінің субъектілері болып табылады.
17. Қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыларға білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды негізгі орта, жалпы орта білім беретін үлгілік оқу бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар білім беру ұйымдары береді.
18. Педагогтік қызметпен айналысуға тиісті бейіндер бойынша арнайы педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдарға рұқсат етіледі.
Білім беру ұйымдарындағы жұмысқа "Білім туралы" Заңның 51-бабында көзделген адамдарға рұқсат етілмейді.
19. Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.
20. Білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері "Міндетті медициналық қарап тексеруді өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 128 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10634 болып тіркелген) жыл сайын медициналық тексеруден өтеді.
21. Білім беру ұйымдары оқу процесін "Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) жүзеге асырады.
Білім беру ұйымдары меншік түрі мен нысанына қарамастан, үлгілік оқу жоспарын, оның ішінде оқу процесі жүзеге асырылатын қысқартылған оқу жүктемесі бар үлгілік оқу жоспарларын дербес таңдап алады.
22. Бастауыш білім берудің үлгілік оқу бағдарламалары баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң талпынысы мен машықтарын: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, коммуникативтік дағдылардың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған.
23. Негізгі орта білім берудің үлгілік оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылымдар жүйесінің базалық негіздерін меңгеруіне, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке адамның өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталған.
Үлгілік оқу бағдарламасы білім алушылардың бейіналды даярлығын қамтиды.
Әрбір оқу пәнінің мазмұнын зерделеу негізгі орта білім беру деңгейінде аяқталады.
24. Жалпы орта білім берудің үлгілік оқу бағдарламалары бейіндік оқытуды енгізе отырып, дифференциациялау, интеграциялау және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленген.
25. Білім беру ұйымдарында білім алушылардың заңды өкілдерінің мүдделерін ескере отырып, білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларды инклюзивтік білім беру жағдайларында оқыту (бір сыныпта білім алуға ерекше қажеттілігі бар кемінде екі баланың оқуына рұқсат етіледі) және (немесе) дамудағы бұзылулардың түрлері бойынша арнайы сыныптарды ашу көзделген.
Инклюзивті білім беру жағдайларында білім алатын білім алуға ерекше қажеттілігі бар балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы және ұсынымдары бойынша үлгілік оқу немесе жеке оқу бағдарламасы бойынша оқиды.
Инклюзивті білім беру жағдайларында және (немесе) арнайы сыныптарда білім алатын білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін түзету сабақтарын арнайы педагогтар (дефектолог олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог, логопед) жүргізеді.
26. Білім беру ұйымдарында оқу және тәрбие процесі үлгілік оқу бағдарламаларына және жұмыс оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
27. Білім беру ұйымдарында қосымша білім берудің үлгілік оқу бағдарламалары іске асырылады.
28. Білім беру ұйымдарында оқыту процесі үлгілік оқу жоспарының негізінде құрылады, жылдық күнтізбелік оқу жұмыс кестесімен және сабақтар кестесімен регламенттеледі.
29. Меншік нысандарына қарамастан,барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің МЖМС-ге сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің біреуін оқып-үйренуін қамтамасыз етеді.
30. Білім беру ұйымдары үлгілік оқу жоспарының инварианттық және вариативтік компоненттерінің сағаттарын мектептен тыс (мәдениет мекемелерінде, спорт ғимараттарында, әскери объектілерде, зерттеу зертханаларында, өнеркәсіптік кәсіпорындарда, табиғатта) өткізеді.
31. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің оқу жүктемесі, сабақ режимі МЖМС, санитариялық қағидалардың, үлгілік оқу жоспарлары мен білім беру саласындағы денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсынымдары негізінде дайындалған білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады.
32. Білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдерді медициналық қамтамасыз ету "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15681 болып тіркелген).
33. Білім беру ұйымындағы сабақтар кестесін оның басшысы не оны алмастыратын тұлға бекітеді.
34. Сабақ кестесінде оқу сабақтарының күнделікті саны, ұзақтығы және реті көрсетіледі.
Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы мен белсенді демалуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзілістерді көздейді.
35. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларын білім алушылардың игеруін бақылау мақсатында білім беру ұйымдары "Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген) Білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылауды және қорытынды аттестаттауды жүзеге асырады.
36. Білім беру ұйымдары бір күндегі ең жоғары оқу жүктемесін белгілеуде, өздерінің жарғыларында айқындалатын оқыту нысандарын, құралдарын және әдістерін таңдауда дербес болады.
37. Барлық білім беру ұйымдары, меншік нысанына қарамастан, білім алушылардың бойында патриоттық тәрбиені, айналасындағыларға толерантты қарым-қатынасты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, іскерлік қарым-қатынас дағдыларын, тамақтану мәдениетін, оның ішінде теңгерімді дұрыс тамақтануды және табиғи және жаңа піскен өнімдерді тұтынуды насихаттау арқылы қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
38. Білім беру ұйымы ақпаратты автоматтандырылған алмасуды және білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі бар деректерді өзектендіруді қамтамасыз етеді.
Білім беру ұйымы білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен ақпараттық өзара іс-қимыл регламентін бекітуді қамтамасыз етеді.
39. Білім беру ұйымының басшысы "Білім туралы" Заңның 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
40. Білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі "Білім туралы" Заңның 45-бабының 3) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.
41. Білім беру ұйымдарында алқалық басқару органдары құрылады. Педагогикалық, қамқоршылық және әдістемелік кеңестер білім беру ұйымдарының алқалық басқару нысандары болып табылады.
|
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 30 қазандағы
№ 595 бұйрығына 3-қосымша
|
Достарыңызбен бөлісу: |