Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) сәйкес әзірленген және меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, техникалық және кәсіптік бiлiм берудің (бұдан әрі – ТжКБ) білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.
2. Техникалық және кәсіптік бiлiм "Білім туралы" Заңның 32-бабына сәйкес негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында училищелерде, колледждер мен жоғары колледждерде алынады.
3. ТжКБ мiндеттері:
1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтардың, ғылым мен практика жетістіктерінің негізінде тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;
2) білім алушылармен кәсіби бағдарлау жұмысын қамтамасыз ету;
3) теориялық оқыту, өндірісте оқыту және еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін және әркімге білімге негізделген өзінің жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйелерін дамыту;
4) кәсіптік білім берудің қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне уақытылы бейімделуіне ықпал ететін оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тиімді пайдалану;
5) техникалық және кәсіптік бiлiм беру жөніндегі білім беру бағдарламалары мен өндірісті ықпалдастыру.
4. ТжКБ ұйымдары өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, осы Қағидаларға және олардың негізінде әзірленген білім беру ұйымдарының жарғыларына сәйкес жүзеге асырады.
5. ТжКБ ұйымдары бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыратын және білім алушыларға білім мен тәрбие беруді қамтамасыз ететін заңды тұлғалар болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |