Білім беруді дамыту тұжырымдамасы мынадай қағидаттарға негізделген:
1) барлық адамның сапалы білім алу құқықтарының теңдігі;
2) зияткерлік дамуы, психологиялық-физиологиялық және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, халық үшін барлық деңгейдегі білімнің қолжетімділігі;
3) азаматтық және ұлттық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының, жеке адамның еркін дамуының басымдығы;
4) адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу;
5) білім беру деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігі;
6) білім беруді басқарудың демократиялық сипаты, білім беру жүйесі қызметінің ашықтығы.
Жоспарланған траекторияны жүзеге асыру үшін Тұжырымдамада белгіленген жолға жетудің негізгі тәсілдері, стратегиялары мен тактикасы айқындалған 7 негізгі бағыт көрсетілген.
1-бағыт. Тең бастапқы мүмкіндіктер жасау
1-параграф. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қолжетімділікті кеңейту
Білім беру қызметтерінің жоғары сапасына кешенді көшуді жүзеге асыру және 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың сапалы МТО-ға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылданатын болады. Ең алдымен, бұл жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру, қосымша алаңдарды, оның ішінде тұрғын үйлер мен басқа да
үй-жайлардың бірінші қабаттарында пайдалану арқылы қолданыстағы желіні кеңейту есебінен жаңа орындардың ашылуы. Халықтың МТО қажеттілігін барынша есепке алу үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі қайта қаралатын болады. Мектепке дейінгі ұйымға мемлекеттік тапсырысты орналастыруды жоспарлаудың міндетті шарты аумақтық бірліктердің (аудан, шағын учаске) демографиялық көрсеткіштерінің, өңірлік көші-қон ағындарының және туудың болжамы болады.
МТО жүйесіндегі мемлекеттік саясат халықтың әртүрлі әлеуметтік топтары мен топтарындағы балаларға сапалы білім алу үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге және тең бастапқы мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Қалыптасқан әлеуметтік карта негізінде «Әлеуметтік көмек» ақпараттық жүйесінде әр отбасының қиын өмірлік жағдайының деңгейін автоматты түрде көрсетеді. Мемлекеттік әлеуметтік қолдауға жататын балалар санатына
Д, Е санатындағы отбасылардан шыққан балалар жатады (отбасының қолайсыздығының дағдарыстық және шұғыл деңгейі). Отбасының цифрлық картасындағы отбасының әл-ауқат индексі туралы мәліметтер тұрақты негізде жаңартылып отырады. Тегін ыстық тамақты одан әрі ұсына отырып, кезекке қою есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар МТО-ға қол жеткізе алады.
Балалардың мектепке дейінгі ұйымдарда болу қауіпсіздігіне, меншік нысанына қарамастан дамытушы заттық-кеңістік ортаны жарақтандыруға және абаттандыруға қойылатын талаптар артады, сондай-ақ ауыз сумен, санитариямен және гигиенамен қамтамасыз етуді қоса алғанда, қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Осыған байланысты мектепке дейінгі ұйымын қызметін ұйымдастыру тәсілдерінің өзгерістерін ескере отырып, бұдан әрі сәйкестікке келтіре отырып, мектепке дейінгі ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету мониторингі жүргізілетін болады.
Барлық мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалады. Арнайы және инклюзивті білім берудің Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы педагогтерімен бірлесе отырып, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың ЕБҚ балаларды оқытудың үлгілік оқу бағдарламаларын, педагогтерге арналған оқу-әдістемелік нұсқаулықтарды әзірлеу жұмысын жалғастырады.
Ашықтықты қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру және кезекке қою кезінде өңірлік ақпараттық жүйелерді кіріктіру арқылы ҰБДҚ негізінде бірыңғай кезектілік базасы құрылатын болады. Кезекке қоюдың өңірлік ақпараттық жүйелеріне қойылатын талаптар біріздендірілетін және күшейтілетін болады, оның ішінде ҰБДҚ-мен интеграциялау, міндетті аудит, LMS, блокчейн, алғашқы жылы ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу және аттестаттаудан арқылы өту бойынша провайдердің міндетін енгізу. Интеграция баланың бүкіл білім беру траекториясында бірегей цифрлық ізін сақтай отырып, мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау кезінде оған әмбебап ID беруге мүмкіндік береді.
2-параграф. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы мазмұнды Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі шеңберінде жаңғырту
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру шеңберінде Қазақстанда ХҚКО-2011 (ЮНЕСКО, 2013 жыл) сәйкес мазмұнды өзгертуді көздейтін жүйені трансформациялау жүргізілуде. Бастауыш мектепте оқуға және қоғамда әлеуметтенуге қажетті негізгі өмірлік дағдыларды игеруге бағытталған баланың танымдық, физикалық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуын қолдау үшін кешенді тәсіл қамтамасыз етіледі. Мектепке дейінгі ұйымдарды оқу басылымдарымен және қосымша білім беру ресурстарымен, оның ішінде электронды форматта жабдықтау жақсарады.
Білім беру сапасын бағалау өлшемшарттарын анықтау және құралдарын әзірлеу арқылы МТО-ның сапасы артады.
Мектепке дейінгі ұйымдар оқушылардың жеке ерекшеліктері мен әлеуетті мүмкіндіктеріне сәйкес оқыту әдістемелері мен технологияларын, білім беру процесін ұйымдастырудың инновациялық нысандарын, әдістерін, тәсілдерін пайдаланады. Баланың даралығы мен субъективтілігін қолдауға, өмірлік қажетті физикалық, әлеуметтік, эмоционалдық, коммуникативтік, танымдық дағдыларын дамытуға бағытталған кедергісіз даму ортасы, трансформацияланатын ойын және тақырыптық аймақтар құрылады.
МТО-ның оқу бағдарламаларын іске асыру үшін пәндік-кеңістік ортаны құруға үлкен мән беріледі. Дамытушы пәндік-кеңістік орта балалардың пәндерді, ойындарды, белсенділік түрлерін, бірлескен іс-әрекетке және қарым-қатынасқа қатысушыларды еркін таңдау мүмкіндігіне бағдарланған оқу-тәрбие процесін құру үшін мектепке дейінгі ұйымдардың кеңістігінің және оған іргелес аумақтың білім беру әлеуетін барынша іске асыруды қамтамасыз етеді.
Модельді іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда қолайлы қауіпсіз жайлы жағдайлар қамтамасыз етілуде, бағдарламалық мазмұн жаңартылды, оқу-тәрбие процесін нормативтік құқықтық қамтамасыз етілді.
Нәтижесінде қоршаған ортаға эмоционалды, мұқият қарайтын, табиғи құбылыстар, тірі және өлі табиғат туралы түсініктері бар, қоршаған орта сұлулығын көре алатын, тұрмыстағы және табиғаттағы экологиялық мінез-құлық дағдылары бар баланың тұтас дамуы күтілуде.
Қазіргі заманғы теорияларды ұлттық ерекшеліктермен үйлестіру негізінде баланың ерте даму процесінің тұтастығы қамтамасыз етіледі. Мектепке дейінгі білім берудің ашықтығы және ата-аналарды тәрбиелеу және оқыту процесіне тікелей тарту, балаларды тәрбиелеу және оқыту, олардың денсаулығын сақтау және нығайту бойынша ата-аналарды қолдау, сондай-ақ ата-аналар тарапынан білім беру бастамаларын қолдау маңызды. Білім беру ұйымдары жанынан ата-аналардың қажеттіліктерін ескере отырып, балалары МТО-мен қамтылмаған ата-аналарды психологиялық-педагогикалық қолдау мақсатында консультациялық пункттер құрылатын болады.
МТО-ның МЖС білім беру саласындағы міндеттері қазіргі уақытта өзіне қызықты іс-әрекеті түрлерін өздігінен таңдай алатын қолжетімді заттық-кеңістік ортаны ұйымдастыру арқылы іске асырылуға тиіс.
3-параграф. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласын көшбасшылық негізінде басқару тиімділігін арттыру
Өзгермелі әлемде педагогтің даму қабілеті, балаларды тыңдау және есту, сұрақтар қою, дәлелдер іздеу, оларды сыни тұрғыдан талдау және шығармашылық эксперимент жүргізу қабілеті маңызды. Педагогтер белсенді зерттеушілер және балалармен жұмыс істеудің жаңа түрлерін жасаушылар, жаңашыл және жауапты болуы тиіс.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы менеджмент деңгейін арттырудың маңызды шарты көшбасшылық қағидаттарын кеңінен енгізу болып табылады. МТО моделі шеңберінде озық тәжірибені тарату бойынша жұмыс жалғасады.
Кадрлық әлеуетті қалыптастыру педагогтердің тиісті білім деңгейін қамтамасыз етуге, сыртқы оқыту жүйесі (біліктілікті арттыру курстары) және ішкі – әдістемелік жұмыс жүйесі арқылы арттыруға арналған.
Мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері педагогтерге оның тәжірибесіндегі нақты мәселелерді анықтауға көмектесетін болады, тәжірибе алмасу, МТО мақсаттары мен мазмұнын жаңарту жағдайында біліктілікті арттыру мүмкіндігін беру арқылы педагогтердің кәсібилігін жетілдіреді, баланы дамытатын бағдарламаларды ата-аналармен бірге таңдауды ұйымдастыру үшін балалардың қызығушылықтарын зерделеуге көмектеседі.
Жоғары оқу орындарының және колледждердің қатысуымен мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің сапалық деңгейін арттыру мәселесін шешуде кешенді көзқарас қажет. Педагогтердің білім деңгейі «Педагог» кәсіби стандартының талаптарына сәйкес болуға тиіс, білім беру бағдарламалары оларды қалыптастыруға және дамытуға бағытталуға тиіс.
Жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық факультеттерінің білім беру бағдарламалары қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер бойынша кадр даярлауды көздеуі, тәрбиелеу мен оқыту бағдарламаларын іске асыру үшін әдістемелік базаны қамтамасыз етуі, студенттердің педагогикалық практикадан өтуін қарастыруы тиіс. Кадр даярлаудағы теория мен практиканың бірлігі үшін жоғары оқу орындары мен колледждердің балаларды ерте дамыту мәселелері бойынша мектепке дейінгі ұйымдармен өзара іс-қимылы қамтамасыз етілуі тиіс.