1-параграф. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, баланың қауіпсіз өмір cүру жағдайын қамтамасыз ету
Қауіптің алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары (мектептер, колледждер, мектепке дейінгі ұйымдар) баланың мектептен келуі мен кетуін бақылау, ішкі істер органдарының жедел басқару желісіне қосылған бейнебақылау, дабыл беру және құлақтандыру жүйелерімен және мамандандырылған күзетпен жарақтандырылды.
Балаларды мектепке дейін және үйге қайту кезіндегі тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасады. 2023 жылдың соңына дейін лизинг арқылы сатып алынған 396 автобус еліміздің барлық өңірлеріне жеткізіледі.
Бұл автобустардың техникалық сипаттамалары қолданыстағы заңнамада көзделген талаптарға сәйкес келеді: қауіпсіздік белдіктері бар балалар орындықтарымен, көліктің артқы жағындағы апаттық шығу жолымен, арнайы маяктармен және тану белгілерімен жабдықталған. Мектеп автобусында балаларды мектеп директорының бұйрығымен бекітілген арнайы қызметкер алып жүреді. Осы автобустар мектебі жоқ шалғай елді мекендерде тұратын балаларды тасымалдауды ұйымдастыру кезінде барынша қауіпсіздікті, жайлылықты қамтамасыз етеді.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында олардың арасында зорлық-зомбылық және білім алушылардың құқықтық қорғалу деңгейін айқындау үшін жыл сайын әлеуметтік зерттеулер жүргізілетін болады.
Мейірімді және қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету және жанжалды жағдайлардың алдын алу мақсатында мектептегі татуласу қызметтерін құру жұмыстары жалғасады.
Білім беру жүйесінің психологиялық қызметін реттейтін нормативтік құқықтық база жетілдіріледі, педагог-психологтардың әдістемелік құралдарының бірыңғай стандарттары әзірленеді.
Әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек әр баламен жеке жүргізіліп, мектепішілік есеп, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссиялар тарапынан жасалатын профилактикалық көмек арқылы жүзеге асырылатын болады, бұл «тәуекел тобындағы» балаларды ерте анықтауды және оларға уақтылы көмек көрсетуді, тұтастай алғанда, балалар ортасындағы жағымсыз құбылыстардың жолын кесуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Психологиялық қызмет пен мектептегі татуласу қызметтерінің моделін әзірлеу және енгізу жоспарлануда. Педагогтердің, педагог-психологтардың, әлеуметтік педагогтердің, мектеп әкімшілігі мүшелерінің біліктілігін арттыру жүйесінде мектептің психологиялық қызметін және мектептің татуласу қызметін ұйымдастыру мәселелері бойынша оны ұйымдастырудың қазіргі заманғы нысандары қолданылатын болады.
Педагог-психологтардың жүктемесінің артуының мәселесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыру, оларға мамандандырылған кабинеттер беру шеңберінде шешіледі.
Жүргізіліп жатқан жұмысқа ата-аналар жұртшылығы, мүдделі органдар мен ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері де белсенді тартылатын болады.
Барлық өңірлерде балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істейді. Министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен өзара іс-қимыл жасай отырып, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер балалардың қоғамда қауіпсіз болуы үшін жағдайлар жасауға жәрдемдесетін болады.
2-параграф. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау
Баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын іске асыру мақсатында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық орналастырудың тағы бір балама нысаны – асырап алушы кәсіби отбасы енгізілетін болады.
Балаларды кәсіптік отбасына беру тәртібі, кәсіптік тәрбиешілерге қойылатын талаптар, психологиялық даярлық бағдарламалары, әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдер тізбесі және басқалар заңнамалық тұрғыдан регламенттелетін болады.
Қиын өмірлік жағдайға тап болған балалары бар отбасыларға әлеуметтік-құқықтық және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету бойынша балаларды қолдау орталықтары мен психологиялық қызметтер желісін (балалар үйлерін трансформациялау) дамыту, сондай-ақ асырап алушы ата-аналар мектептерін дамыту бойынша ата-аналарға немесе оларды алмастыратын адамдарға құқықтық және консультациялық көмек көрсету жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Орталықтың тәрбиеленушілері мен өмірлік қиын жағдайдағы балаларды психологиялық және құқықтық қолдау қызметтерін құру және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерін отбасылық орналастыруға жәрдемдесу, асырап алушы ата-аналарды сүйемелдеу және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының түлектерін интернаттан кейінгі сүйемелдеу жоспарлануда.
Балаларды асырап алушы кәсіби отбасыларға табысты бейімдеу үшін жағдай жасау, сондай-ақ осы отбасыларға баланы тәрбиелеу және дамыту мәселелерінде психологиялық, педагогикалық және өзге де көмек көрсету мақсатындағы қызметтерді жетілдіру бойынша әдістемелік ұсынымдар, асырап алушы отбасыларды сүйемелдеу стандарттарын әзірлеу, кейс-менеджментті енгізу (баланы жеке сүйемелдеу) жоспарлануда.
Балаларды қолдау орталықтарын психологтермен, әлеуметтік педагогтермен және қызметкерлермен кезең-кезеңімен жасақтау жүргізіледі.
3-параграф. Білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету
Балалардың денсаулығын қорғау және нығайту құқығын қамтамасыз ету мақсатында білім алушыларды 2021 – 2023 жылдарға арналған сапалы теңдестірілген тамақпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын іске асыру жалғастырылатын болады, оның шеңберінде бірыңғай өңірлік мәзірлер бекітіліп, енгізіледі. Зерттеу жүргізіліп және оның нәтижелері бойынша МДҰ тәрбиеленушілерінің, балалар үйлерінің және ТжКБ ұйымдарының білім алушыларының тамақтану нормалары мен рационы қайта қаралады. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балалар білім беру ұйымдарында тегін тамақпен, ал барлық бастауыш сынып білім алушылары бірреттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Барлық қалалық мектептер кезең-кезеңімен қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшетін болады, мектептегі ас блоктары бейнебақылауымен қамтамасыз етіледі, бракераждық комиссиялардың қызметі жандандырылады. Мектеп асханаларының МТБ, оның ішінде МЖӘ есебінен жақсарады. Қызмет көрсету сапасын онлайн-бағалау кезең-кезеңімен енгізіледі.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жекеменшік мектептерде оқитын балалар оқулықтармен, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар мектеп формасымен, тамақпен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілетін болады.
Қала сыртындағы балалар демалысын ұйымдастыру басым бағытқа ие болады. ЖАО әлеуметтік осал, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, «Тәуекел тобындағы» балаларға, девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған жазғы лагерлердің арнайы ауысымдарын ұйымдастырады. 2027 жылдың соңына дейін 18 мың орындық 50 балалар сауықтыру орталығы құрылып, 340 мыңнан астам немесе әлеуметтік осал, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың жалпы санының 70 %-ы демалыспен және сауықтырумен қамтылатын болады.
Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың балалардың туғаннан бастап кәмелетке толғанға дейінгі өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, қауіпсіз және жайлы оқу ортасын қаржыландыру және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру мақсатында «Балалар бюджеті» есептеу әдістемесі әзірленеді. Балаларға арналған бюджет әдістемесін енгізу орталық мемлекеттік және ЖАО-ға балалардың мемлекеттік қаржыландыру көлемін, осы шығыстардың басымдылығын және олардың тиімділік деңгейін айқындауға мүмкіндік береді.
4-параграф. Балалар мен олардың ата-аналарының құқықтық сауаттылығын арттыру
Білім алушылардың құқықтық мәдениетінің деңгейі олардың әлеуеті мен дамуының көрсеткіштерінің бірі, сондай-ақ қоғамдағы балалардың құқықтық қорғалуының маңызды өлшемшарты болып табылады.
10 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың құқықтық қорғалу деңгейін айқындау бойынша социологиялық зерттеу жүргізу жалғасады, оның шеңберінде балалардың өз құқықтарын, міндеттерін және оларды іс жүзінде қолдану деңгейінің ағымдағы жай-күйін анықтау, сондай-ақ ата-аналардың, мұғалімдердің, тәрбиешілердің және басқа бала тәрбиесіне қатысатын адамдардың БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының негізгі ережелерін орындауы зерделенеді.
Әртүрлі салада балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін қадағалау және балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету саласында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалау үшін ұлттық мониторинг әзірлеу жоспарланған.
ЮНИСЕФ техникалық қолдауымен бюджеттен тыс қаражат есебінен балалардың әл-ауқатының интерактивті картасы әзірленетін болады.
Әртүрлі ведомстволарда: білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін мамандардың қызметін бірыңғай ұйымдық құрылымға біріктіретін кешенді ведомствоаралық тәсілді ұйымдастыру жоспарлануда.
Балалардың құқықтарының бұзылуына жедел әрекет ету мақсатында мониторингтік топтардың қызметін жандандыру жоспарлануда.
Балалар бірлестіктері мен «Балалар өкілі» балалар әлеуметтік бастамаларын дамыту жөнінде шаралар қабылданады. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Көшбасшылық пен қадір-қасиет» ұйымдарының өзін-өзі басқару көшбасшылары кеңесінің мүшелері үшін іс-шаралар циклі өткізілетін болады.
Білім беру ұйымдарын басқарудағы қамқоршылық кеңестердің рөлі нығая түседі. Сапалы құрам жасақтау және сайлау рәсімдерінің ашықтығына қол жеткізу мақсатында Қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына және оны білім беру ұйымдарында сайлаудың өкілеттіктерін кеңейту және кандидаттарды сайлауды регламенттеу бөлігінде сайлау тәртібіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу жоспарлануда. Қағидалар білім беру деңгейлері бойынша әзірленетін болады.
«Өркен» ұлттық балалардың әл-ауқаты ғылыми-практикалық институты қазақстандық балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге ықпал ететін қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізетін болады (психологиялық денсаулық, өмір сапасы, әлеуметтік теңсіздікті төмендету үшін мүмкіндіктер іздеу, білім беру ортасында тәуекелдердің алдын алу); балалардың құқықтарын қорғау саласын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету және ақпараттық-ресурстық сүйемелдеу жүзеге асырылатын болады; балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың педагогтері мен қызметкерлерінің, сондай-ақ ата-аналар жұртшылығының біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады.